Классификациясы. Сүліктер класы екі класс тармағына бөлінеді: ежелгі немесе ертедегі сүліктер - Archihirudinea және нағыз сүліктер - Euhirudinea.
ЕЖЕЛГІ СҮЛІКТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ARCHIHIRUDINEA Денесінің алдыңғы сегменттерінде қылтандары бар. Целом метамерлі бөлшектерге бөлінген, қан айналу жүйесінің қан тамырлары жақсы жетілген. Бұған бір отряд жатады - қылтанды сүліктер - Acanthobdellida.
Қылтанды сүліктер отряды - Acanthobdellida Албырт (лосось) балықтарының сыртқы паразиттері, солтүстік өлке көлдерінде, Сібір және Камчаткада кездеседі. Бір ғана тұқымдасы (Acanthobdellidae) бар. Денесі 30 сегментті, ұзындығы 30 мм, жуандығы 3 мм. Негізгі түрлері: Acanthobdella peledina және Acanthobdella livanovi.
НАҒЫЗ СҮЛІКТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - EUHIRUDINEA Қылтандары жоқ. Целом қуысы редукцияланып лакуна, синус түрінде қалған. Қан жүйесі де редукцияланып, оның қызметін лакуна жүйесі атқарады. Бұларға екі отряд жатады: тұмсықты сүліктер - Rhynchobdellida және жақты сүліктер -Gnathobdellida.
Тұмсықты сүліктер отряды - Rhynchobdellida Бұл отрядқа еркін жүзетін және паразиттік тіршілік ететін сүліктер жатады. Тұмсықтарының болуымен ерекше. Ол ауыздан уақытша сыртқа шығып қорегіне қадалуға қабілетгі. Branchellion туысының өкілдерінде желбезектері болады. Негізгі тұқымдастары: Ichthyobdellidae, Glossiphonidae.
Балық сүліктері - (Ichthyobdellidae) тұқымдасының өкілдері балық шаруашылығына көп зиян келтіреді. Бұлар теңіздерде, тұщы суларда кең тараған. Негізгі өкілдері: балық сүлігі - Piscicola geometra, сүйекті балықтардың желбезегіне жабысып қанын сорады. Ұзындығы 20-50 мм, алдыңғы сорғышы жақсы дамыған, диск тәрізді, денесінен айқын бөлініп тұрады. Көл, өзен, тоспа суларда кездеседі. Pescicola caspica - Каспий теңізінде мекендейтін, сүйекті және бекіре балықтардың паразиттері, ұзындығы 8 мм шамасында. Cystobranchys fasicatus - жайынның, C.mammillatus - налимнің паразиті. Trachelobdella turkestanica Орта-лык Азияда (Іле өзенінде) кең тараған қаяз бен маринканың паразиті.
Жалпақ сүліктер (Glossiphonidae) тұқымдасының өкілдері әр түрлі омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың паразиттері. Protoclepsis туысының өкілдері құстардың жұтқыншағы мен кеңірдегінде паразиттік тіршілік етеді. Haementeria costata - тасбақалардың, Batracobdella algira - қосмекенділердің, Glossiphonia complanata - ұлулардың паразиттері.
Кейбір сүліктер өз ұрпағының дамуына қамқорлық жасайды. Жұмыртқаларын денесімен жауып немесе жас ұрпақтарын денесінде алып жүреді. Ондай түрлеріне Glossiphonia және Haementeria туыстары жатады.