5 лекция: ҚАЗАҚСТАН КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ МӘДЕНИЕТІ
1. Ежелгі Қазақстан аумағындағы архаикалық мәдениет: материалдық мәдениет ескерткіштері.
2. Көшпелілік мәдениет.
3. Қазақстан аумағындағы ежелгі тайпалар мәдениеті: салт-дәстүрлері, культтері, наным-сенімдері.
Қазақстан жерінде ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге кездесе қоймағанына қарамастан олардың мекен еткен аудандарының бірі-Қаратау жотасы болғаны анықталып отыр. Арыс өзені жағасындағы Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ертедегі адамдардың еңбек құралдары болып табылатын ірілі-уақты шақпақ тастардың табылуы осыған айқын дәлел бола алады.
Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген. Олар аңдарды аулаумен, тамақ болатын өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Орталық Қазақстан жеріндегі қазбаларға қарағанда осы маңда орналасқан ежелгі адамдар еңбекке тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірлеп, үлкен-үлкен қырғыштар, әр түрлі дөңгелек құралдар жасап, қажеттеріне жарата білген.
Тас дәуірінің тарихында мезолит пен неолит біздің заманымыздан бұрынғы 12-5 және 5 – 8 мың жылдықтардың арасын қамтиды (мезолит-орта тас дәуірі, неолит-соңғы тас дәуірі). Ол кезде табиғат осы заманғы бейнеде болды. Жануарлар дүниесінің құрамы өзгеріп, енді аңшылардың аулайтыны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян, үйрек болды. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен жетістік еді және осы тұста микролиттер-үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды.
Біздің заманымыздан бұрынғы 5 мың жылдықта басталған неолит тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір болды. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары дүниеге келген. Сонымен қатар керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі аналық рулық қауым дәуірі еді. Онда бірігіп еңбек ету және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар туыстық жағына және шаруашылықтың түріне қарай құрылды. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен , егіншілікпен және кен өнеркәсібімен шұғылдана бастады.Сөйтіп, өндіруші шаруашылық пайда болды. Бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына – жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді. Қазіргі уақытта Қазақстан жерінде 600-дей ескерткіш қалдықтары сақталған. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықта ежелгі Қазақстан аумағында мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарына да жиі қолданылатын болды. Қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайының, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқыту температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қазақстан жеріндегі ертедегі адамдар түсті металдар өңдеуге, әсіресе мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында – I мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталды.
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі - Қазақстан жері. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениеті дәуірінде халықтың басым көпшілігі отырықшылықта өмір сүрген. Өзендердің, көлдердің жағасындағы жайылымы мол жерлерге орналасқан патриархаттық отбасылардың үйлері мен үлкен жер төлелері болған. Олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткені, бұл кезде мал бағу кәсібі басымырақ еді. Тайпалар малшылық-егіншілікпен аралас шұғылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |