Кіріспе. Мәдениет морфологиясы


Ахмет Яссауидің тұлғасы мен қызметі



бет17/39
Дата20.02.2023
өлшемі232,96 Kb.
#69553
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   39
Байланысты:
лекциялар мәдениеттану

Ахмет Яссауидің тұлғасы мен қызметі. Қожа Ахмет Яссауи (XII ғ.) -сопылық ақын, философ (1103/1105) қазіргі Қазақстан аумағында Сайрамда туып, 1166 жылы Түркістан қаласында дүниеден өткен. Шығу тегі жағынан түркі саналады. Ата-анасынан жастай жетім қалып, көптеген тауқыметтерді басынан өткерген Ахмет Яссауи Йасы қаласына қоныс аударып, туыстарының қолында тәлім-тәрбие алады. Оның есіміндегі қосымшаның шығу тарихы осы қалаға байланысты еді.
Ахмет Яссауи алғашқы білімін Түркістаннан 50 шақырым жердегі Отырарда тұратын атақты шейх Арыстанбабтан алады. Ана тілінен бөлек ол араб және парсы тілдерін меңгерген. Арыстанбаб дүние салғаннан кейін Ахмет Яссауи Бұхарадағы сопы Жүсіп Хамаданидің жетекшілігімен білімін жалғастырады. Жүсіп Хамадани 1140 жылы қайтыс болып, Яссауи оның мектебін өз қолына алады. Алайда біршама уақыттан кейін ол мектепті қалдырып, туған еліне оралады да, кедей тұрмыс-тіршілігіне қарамастан, сопылық идеяларын уағыздаумен айналысады. Сопылар үшін ең бастысы – Құдай мен адам деген кім, Құдайды тану мүмкін бе, адам өмір сүруде нені басшылыққа алуы тиіс және т.б. сауалдарға жауап іздеу еді.
Сырдарияның орта және төменгі ағыстарын мекен еткен қаңлы, қыпшақ, қоңырат және өзге түркі тайпаларының ішінде ислам енді ғана тарала бастаған кез болатын. Осы уақытта халық арасында жаңа діннің рухани
көшбасшысы санала бастаған Ахмет Яссауи «Қасиетті әулие» деген атқа ие болады.
Исламды уағыздаған өзге шығыс авторларынан А. Яссауидың ерекшелігі – оның өз идеяларын халыққа мейлінше жақын түркі тілінде жазып, насихаттауында болды. Өз еңбектерінде ол үнемі қыпшақ мақал-мәтелдері мен сөз тіркестерін қолданатын.
Оның мейірімділік пен зұлымдық, әділеттілік пен қатігездік, білімділік пен надандық туралы ой-толғамдары «Диуани хикмет» (Даналық кітабы) атты поэзиялық туындысында көрініс тапқан. Даналық кітабы тек түркі халықтарында ғана емес, дүниежүзінде жоғары бағаланып, зерттелетін өлеңдер жинағы болып табылады. ХІХ ғасырда бұл жинақ Стамбул, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше рет басылып, жарық көрген.
Шығармаға Ахмет Яссауидің өмір тарихы өзек болған. Бірақ мұндағы басты ой – барша тіршіліктің өткіншілігі мен мына дүниедегі қандай да бір материалды құндылықты о дүниеге алып кетудің мүмкін еместігі. Озбырлардың дүниеқоңыздығы мен билік құмарлығын сынай отырып, ол аскеттікті уағыздап, адамның рухани әлемін дамытуға шақырады. Халық ішінде А.Яссауидың көптеген қанатты сөздері мен нақылдары сақталған. «Даналық кітабында» қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетіне, тарихы мен этнографиясына қатысты көптеген деректерді кездестіруге болады. Ақынның жоғарыда аталған қолжазба кітапта жинақталған өлеңдері сахарада кеңінен танымал болды, оларды Дешті-Қыпшақтан тыс жерлерде де жатқа
айтатындар көп болатын.
Қожа Ахмет Яссауи өз өмірін, барша күш-жігерін туыстас халықтардың басын біріктіруге, көптеген діни ағымдар ортасында рухани бірлік орнатуға арнады.
Көзі тірісінде Қожа Ахмет Яссауи қарапайым адамдардың ортасында ерекше танымал тұлға болды. Себебі оларға дәруіш-ойшылдың мейірімділікке шақыратын ізгі мұраттары етене жақын болды, ол ашкөздік пен сараңдықты жеккөріп, Жаратушыны ең жоғарғы ар ретінде шексіз сүюге шақырды.
Ол тек діни қайраткер ғана емес, сонымен бірге тамаша ақын әрі философ болатын. Ол өзін қоршаған ортаның қыр-сырын барынша қырағылықпен аңғарып отыратын. Ол дүние тыныс-тіршілігі, билеушілер тағдыры, халық тағдыры – барлығына алаңдаумен болды. Ол өмірдің барша көрініс-сипатын – сыртқы келбетін – ойшыл ретінде, ішкісін – жаратылыстың жоғарғы рухымен сабақтас діндар адам ретінде асқан данышпандықпен жан-жақты танып-түсіне білді.
Қожа Ахмет Яссауи Орталық Азияны мекендейтін барша түркі халықтардың ұлттық қасиетті тұлғасы деп есептеледі. Қараханидтердің жарлығымен оның бейітінің басына тұрғызылған мазар монғол шапшықшылығы кезінде күйреген. Ал оның өлімінен 223 жыл өткен соң, Әмір Темірдің (1336-1405) жеке жарлығы бойынша бейіт басына «Хазірет сұлтан» кесенесі тұрғызылды. Бұл Әмір Темірдің оны мойындағандығының белгісі және көшпенді дала халқы арасында өзінің билік тұғырын нығайту мақсатындағы саяси қадамы еді.
Қожа Ахмет Яссауи қалыптастырған діни мектеп білімге құштар жандардың орталығына айналды. Оның бедел-абыройының арқасында Түркістан Қазақстан жеріндегі ең маңызды ортағасырлық ағартушылық орталыққа айналды. Сондай ақ, мұсылман әлемінде – Шығыста ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша жаппай құлшылық ететін орын белсенді сауда, қолөнер мен рухани мәдениет орталығына айналды. Қазақтың барша әйгілі қайраткерлері – хандар, билер, сұлтандар, батырлар осы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің іргесінде жерленген.
Халық жадында Қожа Ахмет сахараға ислам нұрын әкелген адам, тақуа әрі айрықша данышпан адам ретінде сақталып қалды. Ол дүниеден өткен соң оның бейіті мұсылман түркілердің құлшылық орнына айналып, Қожа Ахметке деген тағзым мен табынушылық осы аймақтың дала өміріндегі, барша түркі әлеміндегі мән-маңызын арттыра түсті. Йасы – Түркістан екінші Меккеге айналды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет