Темірбетонды плиталардан құрама аражабындар.Көпқуысты темірбетонды плиталардың ұзындығы 2,4 – 6,3 м (300 мм-ге қысқарумен), ені 1; 1,2; 1,5; 1,8 м, қалыңдығы 220 мм (8 – сурет) және В15, В25 класты бетоннан орындалады.
Тұтас жазық темірбетонды плиталардың ұзындығы 3,6 – 6,3 м, ені 2,4 –7,2 м, қалыңдығы 120 және 160мм. Төселінген плиталарды сыртқы қабырғалармен және өзара болат байланыстармен анкерлейді.
8- сурет. Аражабындардың көпқуысты плиталары:
а – шеңберлі қуыстармен; б – бетондайтын комбайнды қондырғыларда орындалатын плиталар; в – сопақ қуысты плиталар; 1 – жоғарғы қабат; 2 – ортаңғы қабат; 3 – төменгі қабат
Тұтас құймалы аражабындар. Құрылыс алаңында қалыптарда тұрғызылатын аражабындар тұтас құймалы деп аталады. (9–сурет). Тұтас құймалы темірбетонды аражабындардың қарапайым түрі, күштер мен аралық шамасына байланысты 70–80 мм қалыңдықты етіп орындалатын және 3 м–ден үлкен емес аралықтарда қолданылатын, тегіс тұтас құймалы плита болып табылады.
9–сурет. Тұтас құймалы темірбетонды аражабындар:
а – қырлы; б – кессонды; в – арқалықсыз; 1 – плита; 2 – қосымша арқалықтар; 3 – негізгі арқалықтар (прогондар); 4 – ұстындар; 5 – қиылысқан арқалықтар; 6 – капительдер
Арқалықсыз тұтас құймалы темірбетонды аражабындар, капительдер деп аталатын жоғары бөлігі қалыңдатылып орындалған ұстындарға сүйенетін, қалыңдығы 150–250мм плита болып табылады.
Үлкен аралықтарда арқалықты аражабындар (қырлы және кессонды) орнатылады. Қырлы аражабындар негізгі және қосымша арқалықтардан тұрады. Егер өлшемі 8х18м бөлмені жабу керек болса, 6м қадаммен 8м аралықты арқалықтар орнатылады. Бұл арқалықтар негізгі деп аталады. Олардың үстіне 1,5–2 м сайын 6 м аралықты қосымша арқалықтар төселінеді. Жоғарғы жағында қалыңдығы 60–100 мм плитаны бетондайды.
Егер негізгі және қосымша арқалықтардың биіктігі бірдей етіліп қабылданса, онда аражабындардың мұндай түрі кессонды деп аталады. Едендер. Еден – келесі элменттерден тұратын, көп қабатты конструкция: жабындысы (таза еден) – пайдалану әсерлеріне ұшырайтын еденнің жоғарғы қабаты; төсенгіш қабаты (дайындау) – таза еденнің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және негізгі күштерді тең бөледі: дайындау қабаты мен таза еден арасына аралық қабат орналасқан – жабынды мен тегістегіш қабаттары арасындағы аралық байланыстырғыш қабат; тегістегіш қабаты – төсенгіш қабатының бетін тегістеуге арналған, сонымен қатар жабындыға қажетті еңісті беретін қабат.
Еденге негіз ретінде қабат аралық жабындар немесе табиғи топырақ қызмет етеді.
Аражабындар бойынша едендерде төсеніш қабаты болмайды. Едендер конструкциясында қосымша – жылу – және дыбысизоляциялық қабаттары болуы мүмкін.
Едендер конструкцияларының топталуы: орнату орны бойынша – аражабынға немесе топыраққа төселінген (топырақ жертөлелерде немесе жертөлесіз ғимараттардың бірінші қабаттарында болуы мүмкін); жабындысының материалы бойынша – ағаш, бетонды, керамикалық, синтетикалық материалдан; жабындысының түрі бойынша – тұтас (жіксіз), түйірлі; рулонды; еден асты конструкциясы бойынша – негіз бен таза еден арасындағы желдетілетін саңылауымен қуысты, еден асты кеңістігі жоқ қуыссыз.
Ғимараттардың тағайындалуына және бөлмелерде өтетін функционалды процестің сипатына байланысты едендер келесі талаптарды қанағаттандыру қажет: берік болуы, яғни сыртқы әсерлерге (қажуға және соққыларға) жақсы қарсыласа алуы; сырғанамайтын және жүргенде дыбыссыз болуы; аз жылу сіңіруінің болуы; гигиеналық, яғни жеңіл тазалануы, пайдалануда ыңгайлылығы (шаң жинамауы, женіл жөнделуі); сәндігі – ғимараттың ішкі әрленуімен үйлесуі; индустриалды – тұрғызғанда өте үлкен еңбек шығындарын талап етпеуі; экономикалық үнемді – аз құнымен, еңбек сиымдылығымен, пайдаланудың ұзақ мерзімімен ерекшеленуі. Бөлмелердің тағайындалуы мен сипатына байланысты едендер дымқыл бөлмелерде су өткізбейтін, өртке қауіптілерде - жанбайтын болуы қажет.