Биологиялық эксперимент жүргізу (тәжірибелер және зертханалық жұмыстар): - оқушылардың тәжірибенің мақсаттарын анықтау, оның нәтижелерін жалпылау және талдау, практикалық және теориялық тұжырымдар жасау, өз бетінше ойлау қабілеттерін қалыптастыру үшін биологиялық эксперимент қолданылады. Осы мақсатта осындай жоспар ұсынылады:
1. Тәжірибенің мақсаты (нені білгіміз келеді?)
2. Тәжірибе барысы (бұл үшін не істейміз?)
3. Тәжірибе нәтижелері (не алдыңыз?)
4. Қорытындылар (не білдіңіз?)
Биологиялық эксперимент зертханалық және практикалық жұмыстармен байланысты. Зертханалық жұмысты орындау кезінде нұсқаулық карточка ұсынылады, онда жұмыс барысы, оқушылардың іс-әрекеттерін орындау реттілігі көрсетілген, қорытынды тұжырымдау, сұрақтарға жауап беру, кестені, схеманы толтыру көзделеді. Зертханалық жұмыстарды оқушылар жұмыс дәптерлеріне рәсімдейді [43].
Оқу әдебиеттерімен жұмыс және көрнекілік: - оқушыларға сабақтағы тапсырманы және үй тапсырмасын дайындаудағы жүктемені азайтуға, білім деңгейін арттыруға, биологиядан қосымша әдебиеттерді оқуға қызығушылықты оятуға мүмкіндік береді. Мұнда әртүрлі өзіндік жұмыстарды ұсына аламыз: мәтінді дауыстап оқу, ішінен оқу, таңдамалы оқу, мәтінге сұрақтар қою, мәтін соңындағы немесе бөлім соңындағы сұрақтарға жауап беру, құбылыстардың түсініктемесін іздеу. Сондай-ақ сөздікпен жұмыс, жоспар құру (қарапайым, кеңейтілген), жоспар бойынша қайталау, тезистер мен синквейндер құрастыру, оқулықтағы иллюстрациялармен жұмыс істеу, зертханалық жұмыстар мен практикалық сабақтарға арналған нұсқаулықтармен жұмыс істеу, жоспар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді [25].
Жұмыс дәптерлерін пайдалану: - оларда жаңа материалды меңгеру кезінде оқулықпен жұмыс істеуге, үй тапсырмаларын бекітуге және орындауға арналған көптеген түрлі тапсырмалар бар. Сонымен қатар жаңа ұғымдармен жұмыс, кестелер, схемалар бар. Жұмыс дәптерлерінде негізгі зертханалық жұмыстар да бар. Оқушылар өсімдіктердің негізгі мүшелерін, жануарлардың мүшелері мен жүйелерін танитын, бейнеленген процестерді немесе объектілерді салыстыратын, ағза мен тіршілік ету ортасының өзара байланысын орнататын, оған бейімделу ерекшеліктерін табатын, суреттер бойынша әңгімелер құруды және хабарламалар жоспарын құруды үйренетін жұмыстар берілген [14].
АКТ құралдарымен жұмыс:
- дайын электрондық ресурстар;
- мультимедиялық презентациялар;
- интернет желісінің ресурстары;
- интерактивті тақта мен SMART Board бағдарламалық жасақтамасын қолданған жөн [24].
Зерттелетін материал кең ауқымда қарастырылатындықтан оқушылардың білімін тереңдетуге АКТ-ның әртүрлі формаларын қолдану, биологиядан сабақтары жүйесіне жобалық әдіс пен модульдік оқытуды енгізу ықпал етеді [33].