Білімді жалпылау және жүйелеу сабақтарындағы өзіндік жұмыс: Оқушыларда әртүрлі дағдыларды қалыптастыру дәрежесі жалпылау сабағында анықталады. Бұлар – эксперименттерді қою, оларды құра білу, микропрепараттарды дайындау жұмыстары. Мұнда әртүрлі жұмыс түрлерін ұсынуға мүмкіндік беріледі. Жазбаша тексеру жұмыстарында дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары; мәтінге жетіспейтін сөздерді енгізу; «сәйкестікті табу»; тірек конспект жасау; ұсынылған сұрақтарға жауап беру; сұлбаны, кестені толтыру; биологиялық есептерді шешу қолданылады. Оқушы бақылау жұмысының деңгейін өзбетінше таңдай алады. Өз бетімен ешнәрсені жасай алмаса да, іс жүзінде басқа оқушының жұмысын бағалай алады. [25].
Экскурсиялар: - мұнда теорияның практикамен байланысы орнатылады, оқушылардың назары табиғат құбылыстарына аударылады, оқушылар жаңа білім алады, өзіндік жұмыс дағдылары қалыптасады;
- жұмыс оқушылар бақылауды өздері жүргізетіндей, табиғат құбылыстарын көріп, қорытынды жасайтындай және экскурсия бойынша есеп беретіндей етіп құрастырылған үлестірмелердегі тапсырмалар бойынша топтарда жүргізіледі.
Үй тапсырмасы: - бұл таңдау бойынша шығармашылық тапсырмалар беру мүмкіндігі: хабарламалар, рефераттар дайындау, кроссвордтар жасау. Биологияға қызығушылық танытатын оқушыларға сабақтан тыс уақытта эксперименттер қоюды, өсімдіктердің тіршілігіне бақылау жүргізуді, қиындық тудыратын сұрақтарға жауап беруді т.б. ұсынуға болады.
Баяндамалар: -мұғалім студенттерге өсімдіктер, жануарлар, адам ағзасы туралы танымал және көркем әдебиеттерді оқуды ұсынады, олардың назарын ғылыми-көпшілік журналдарға аударады. Оқушылар ғылыми-көпшілік әдебиеттер негізінде баяндама жасайды. Осылайша, оқушылар қосымша әдебиеттерден өз бетінше білім алуға үйренеді. Мұғалімнің міндеті – оқушыларда бұл шеберлікті ояту.
Жазда орындайтын тапсырмалар: - жазғы тапсырмаларды орындау кезінде де оқушылар дербестік таныта алады. Таңдау үшін тақырыптар ұсынылады.
- тапсырмаларға оларды орындауға қойылатын талаптар қойылады. Оқушыларда байқау, зерттелетін объектілерді талдау, салыстырулар жүргізу және ең бастысы жалпылау мен қорытынды жасау, проблемалық мәселелерді шешу қабілеті дамиды, бұл тек жүйелі түрде өзіндік жұмыстарды орындау арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. [13].
Сабақтан тыс жұмыстар - оқу-тәрбие процесінің құрамдас бөлігі, сондай - ақ оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың бір түрі болып табылады.
Бұл әлеуметтік, мәдени және кәсіби тұрғыда өзін-өзі тануға, баланың жеке басының шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасауға мүмкіндік береді [23].
Зерттеу қызметіне қатысу да оқушыны оқу іс-әрекетінің субъектісіне айналдырудың бір тәсілі. Танымдық мотивтерді, зерттеу дағдыларын, оқушылар үшін субъективті түрде жаңа білім мен іс-әрекет тәсілдерін қалыптастырудың барлығы оқушының іс-әрекетінің қызметтің нәтижесі [1].
Сабақтан тыс жұмыстардың арқасында оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер жұмысқа тартылады. Ол отбасымен жұмыс істеуге, балалар мен ересектердің қарым-қатынасына, олардың өзін-өзі тануына және өзін-өзі мақұлдауына жағдай жасайды. Оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамиды, демалуға және өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беріледі.
Мета-пәндік байланыстардың да маңызы зор [35].
Нәтижелерді бақылау және бағалау өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың маңызды педагогикалық шарты болып табылады. Оқушыларға өз жұмысын және жолдастарының жұмысын бағалауға мүмкіндік беріледі [41].
Әлемдік тәжірибеде білім алушының өз бетінше жұмыс жасауды ұйымдастыру әдістері іздестірілуде, мұнда әрбір оқушы белсенді танымдық қызметке тартылады. Осындай өзіндік жұмыстардың бір әдісі – ынтымақтаса отырып оқыту әдісі. Жаппай жұмыс жасаудың орнына көбіне жеке, жұптық, топтық жұмыстар келіп түсуде. Ақпараттық-қатынастық технологиялар құралдарын пайдалана отырып, оқушылардың жұптық немесе топтық жұмыс жасау нәтижесі түсіндіру-көрнекілеу және көшірмелі әдістерге қарағанда едәуір тиімді болып шығады.
Мектеп оқушылары топпен жұмыс жасау арқылы бірлескен іс-әрекеттер жоспарын өңдейді, ақпарат көзін табады, мақсатқа жету тәсілдерін іздейді, рөлдерді үлестіреді, ортаға ой салып, оны талқылайды. Барлық оқушылар танымдық қызметке тартылады. Бірлесе білім алу ұжым ішіндегі қарым-қатынас мәдениетінің элементтерін және басқару элементтерін (ортақ тапсырманы орындау барысында міндеттемелерді үлестіру шеберлігі, бірлескен жұмыстың нәтижесіне және серіктестің жетістігіне жауап бере отырып, толығымен мойындау) меңгеріп алуға мүмкіндік жасайды.
Оқу үрдісінің негізі ретінде оқушының қызметін қарастыруға болады, яғни, оның зияткерлік, ерік жігері күшін жұмылдыру. Мұғалім осы қызмет түрін бағыттап, реттеу қажет. Маңыздысы, оқу материалының мазмұны, формасы, әдісі, оқу құралдары оқушылардың шынайы және әлеуетті мүмкіншіліктеріне сай болуы және оқытуда ынталандыру факторы ретінде алға шығады.
Педагогикалық тәжірибеде оқушының танымдық қызметін ұйымдастыру әдістері өте маңызды орын алады. Себебі, олар белгілі бір білімді меңгеруді, іскерлік және дағдылық шеберлікті қалыптастыруды қамтамасыз етеді, соның ішінде, өмірлік мәні бар қиын мәселені шешу барысында оқушының алған білімін, іскерлігі мен дағдыларын тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Оқытуда жобалау әдісі тұлғаның шығармашылығын дамытудағы әдістердің бірі болып табылады.
Ақпараттық-қатынастық технологиялар құралдарын пайдалана отырып оқушыларды оқытуда жобалау әдісін қолдануға қойылатын басты талаптарға төмендегілер жатады:
- зерттеу, бұл шығармашылық тұрғыдағы мағыналы тапсырмалардың болуы, яғни, олар интеграцияланған білімді және оның шешімін табу үшін зерттеу ізденістерін қажет етеді;
- болжанатын нәтижелердің тәжірибелік, теориялық, танымдық мағынасы;
- оқушының дербес (жеке-дара немесе жұптық) жұмыс жасауы;
- жобамен жұмыс атқару үшін қажетті түпкі білімін анықтау;
- жобаның мазмұнының құрылымын жасау;
- зерттеу әдістерін пайдалану;
- зерттеу тапсырмаларынан туындайтын мәселелерді анықтау;
- оларды шешу тұжырымдамаларын алға шығару, зерттеу әдістерін талқылау;
- алынған мәліметтерді сараптау;
- соңғы нәтижелерді рәсімдеу;
- қорытынды жасау, тұжырымдау, шығармашылық есеп беру және т.б.
Жобалау әдісі әрдайым қандай да бір нақты мәселені шешуді түсіндіреді. Бұл мәселе бір жағынан – түрлі әдістерді пайдалану, екінші жағынан – білімді, ғылымның, техниканың, технологияның түрлі салаларының шеберлігін, шығармашылық саланың білімін интеграциялауды қарастырады. Жобалау әдісі бойынша жұмыс қандай да бір мәселені тауып, оны ұғыну ғана емес, сонымен қатар оны ашу, шешу үрдісі де жатады.
Жобалық тапсырманы орындау мүмкіндік туғызады:
- базалық білім мен шеберлік жүйесін қалыптастыру және оларды ары қарай толықтырып, дамыту;
- тұрақты ынтасын қалыптастыру және жобамен жұмыс жасау кезінде қажет болатын жаңа білімдерді тауып алу қажеттілігін сезіну;
- оқушылардың танымдық қызметін белсенді ету, әсіресе, олар жобалық-компьютерлік зерттеулер орындаған кезде байқалады;
- өзіндік болжамға сәйкес жобалық тапсырманы іске асыруға мүмкіндік беретін шығармашылық қабілеттерді дамыту;
- жаңа білімдерді алуда бастамашылыққа тәрбиелеу және олардың қолданылу аясын кеңейткен жағдайда дербестігін жетілдіру;
- оқушылардың өздерін білім жаратылысы ретінде ұғыну.
Жобалау әдісі әрдайым оқушылардың өз бетінше жұмыс жасауына бағытталған, яғни, жеке, жұптық, топтық тапсырманы білім алушылар белгілі бір уақыт мерзімінде орындап бітіруі тиіс. Бұл қызметтің барысында ақпараттық-қатынастық технологиялар құралдарын пайдалану тиімді болады. Бұл әдіс оқытудың топтық тәсілімен үйлесімді болады.
Шынымен де, іс жүзінде жобалау әдісін оқытуда пайдаланған жағдайда оқыту жүйесінің төмендегідей қосымша артықшылықтары мен ерекшеліктері пайда болуы ғажап емес:
- топ оқушыларының желілік серіктестермен жұмыс жасауы;
- жалпыға бірдей мәдениет білімін игеру, телебайланыстық арналар арқылы алынған мультимедиа-ақпараттық негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру;
- ақпараттық-қатынастық технологиялар жаңаша құралдарын пайдалану;
- оқушылардың жазбаша қатынастық тілін дамыту.
Сонымен қатар, осы тәрізді педагогикалық технологияларды пайдалану бірнеше оқытушылардың бірлескен жұмыс ұйымдастыруына септігін тигізеді. Атап айтқанда, оқу және оқудан тыс жұмыс формаларын біріктіру, білім алушылардың әлемдік ақпараттық ресурстарға жаңаша сапалы түрде қолжеткізілуі салдарынан жалпы орта білім жүйесінің мазмұнын өзгерту, ақпараттық-қатынастық технологиялар құралдарын құрал-жабдық ретінде, жалпы айтқанда, барлық мектеп пәндерінде қолдану.
Жобалау әдісін іске асыру барысында жобалау қызметі тек оқушыға бағытталған. Мұнда, оқушы жобамен үйде немесе мектепте жұмыс жасайма ол жағы маңызды емес. Оқу тізбегін өзбетінше таңдау оқушының жаңа, жоғары деңгейде ақпараттық және қатынастық технологиялармен жұмыс жасауына жол ашады және оларды танымның және өздігінен дамудың құрал-сайманы ретінде қарастырады. Бұл дегеніміз, өз кезегінде, оқушының әлеуметтік белсенді болуына мүмкіндік туғызады [1].