І тарау Оқыту принциптерінің ғылыми-теориялық негіздері
1.1. Оқыту процесінің принциптерінің ғылыми тарихы
Оқыту принциптерінің жүйесін тұңғыш ұсынған Я.А.Коменский. Ол адам табиғаттың бір бөлігі болғандықтан, оқыту да табиғат пен адам тәуелді болатын заңдарға байланысты екенін дәлелдейді. Сондықтан оның пікірінше, оқытудың ең басты принципі – табиғатқа сай болу принципі. И.Г.Песталоции оқытудың көрнекілік принципін ерекше бағалап, оны логикалық ойлауды дамытатын маңызды құрал деп санаған. К.Д.Ушинский оқытудың халықтық сипатына баса назар аударып, оқытудың принциптерін психологиялық тұрғыдан қараған. Ы.Алтынсарин оқыту ережелерін қазақ мектептеріндегі білім берудің ерекшеліктеріне байланысты қолдану керектігін айтқан.
1927 жылғы педагогикалық энциклопедияда педагогика ғылыми мен мектептің жетістіктері жинақталып, «принцип» сөзіне анықтама берілді: мақсаты, құралды таңдауға негіз болатын ой.
А.П.Пинкевич ұсынған принциптер: оқытудың өмірмен және қоғамдық еңбекпен байланысы: жас ерекшелігі принципін сақтау; оқытудың белгілі бір жас кезеңіндегі оқушылардың даму деңгейіне сәйкес болуы (оқушылардың күш жігерін дамуға жұмсау, жұмыстың жүйелілігі, шығармашылық – қызығушылықтың басты негізі); пән мазмұнының ерекшеліктерін, әдістерін анықтау. Ол «Оқыту принципін дидактикалық тұғырлы ережелері, оқыту процесіне қойылатын негізгі талаптар» - деп тұжырымдалады.
Н.Медынский ұсынған принциптер: ғылыми негіздерін жүйелі меңгеру; білімді саналы меңгеру; теорияның тәжірибемен байланысы; тәрбие беретін оқыту; оқыту әдістерінің алуан түрі; жалпы және политехникалық білімі.
В.Е.Гмурман ұсынған принциптер:оқытудың саналылығы және белсенділігі:оқытудың көрнекілігі:оқытудың жүйелілігі:ғылым негіздерін берік меңгеру.
Талданған оқытудың принциптері оқушыларға берік, жүйелі білім беруге бағытталды.
Оқыту принциптерін аталған педагогтардан басқа М.Н.Скаткин зерттеді.
Зерттеу қорытындылары бойынша И.П.Подласый,Т.Сабыров,т.б.оқыту принциптерінің шарттарын анықтады.
Қазіргі оқытуда саналылық, белсенділік, көрнекілік, жүйелілік, бірізділік, беріктік, түсініктілік, ғылымилық, теория мен тәжірибе бірлігі сияқты принциптер кең қолданылады. Принциптердің талаптары мұғалімнің түрлі ережелерді қолдануы арқылы орындалады.
Ережелерде мұғалімге нақты нұсқаулар беріледі. Оларды ғылым жетістіктеріне,өмір талабына сай толықтыруға және түзетуге болады. Принциптер педагогикалық процесті реттеп отырады. Олардың талаптары ережелер арқылы жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |