1. Диалогтік оқыту технологиясы Диалогтік оқыту технологиясы ( технология грек тілінен аударғанда – шеберлік, өнер және заң, ғылым дегенді білдіреді) — оқушылар мен мұғалімнің шешімді бірге іздеуін, оқыту процесінде өзара белсенді тілдік қатынаста болуын, бір-бірінің пікірін, ойын, көзқарасын сыйлауды, құрметтеуді қажет ететін жаңа инновациялық амал-тәсіл.
Диалогтік оқыту амал-тәсілін, оқыту процесінде диалогтік оқыту амал-тәсілін қолданудың әдіс-тәсілдері туралы орыс және шетел педагогтары мен әдіскерлері арасында түрліше көзқарастар, пікірлер қалыптасып, осы мәселеге қатысты бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, біздің пікірімізше диалогтік оқыту технологиясының белгілеріне:
1. Бір тақырыпқа қарай түрлі көзқарастар, пікірлерді ұйымдастыру;
Мұғалім мен оқушының арасында ерекше қарым-қатынасты орнату;
Оқушының өзіндік ойлауы мен өзіндік көзқарасын, оқушының жеке басын құрметтеу;
Оқушылар арасында өзара пікірталастық көзқарастардың көп болуына жағдай жасау;
Диалог арқылы сөйлеудің әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Диалогтік оқыту технологиясы – оқушылар мен мұғалімнің шешімді бірге іздеуін, оқыту процесінде өзара белсенді тілдік қатынаста болуын, бір-бірінің пікірін, ойын, көзқарасын сыйлауға, құрметтеуді қажет ететін жаңа инновациялық амал-тәсіл. Диалогтік оқыту технологиясында мұғалім мен оқушылар арасында тілдік қатынас бүкіл сабақ бойы жүреді. Бұл оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын жетілдіреді, ойлау қабілеттерін арттырып, білімдерін толықтырады.
Диалогтік оқыту технологиясы – оқыту жүйесін тыңдау мен сөйлеуге құру. Бұл технология қарым-қатынас ұстанымдарымен негізделеді, реттеледі. Диалогтік оқыту технологиясы айтылымды игеру үшін қолданылады. Айтылым – көпаспектілі және күрделі құбылыс. Біріншіден, айтылым адам өмірінде қарым-қатынас қызметін атқарады. Екіншіден, сөйлеу әрекеті. Үшіншіден, айтылым нәтижесінде тіл – ойды жеткізудің басты жолы, құралы. Диалогтік оқыту технологиясы арқылы тілдік әрекеттің барлық түріне жаттықтырылады. Мысалы, сұрақ қоя білу, сұраққа жауап беру, көрген, білген жайларды әңгімелеп айтып беру, кинодан көргенін әңгімелеу, суреттің мазмұнын әңгімелеу, өз қиялын, арманын айта білу, экскурсияларда көргенін әңгімелеу, оқылған әдеби шығарма мазмұнын әңгімелеу, жолдас балалармен, мұғаліммен әңгімелесу тағы басқа сөйлеу әрекеттеріне мектепте диалогтік оқыту технологиясы арқылы үйретіледі.
Іскерлік ойындар – оқушылардың сөйлеу қабілеттерін жетілдіретін, дамытататын тиімді тәсіл. Сабақ барысында іскерлік ойындарды қолдану арқылы оқушыларға сөйлеу үлгілері, сөйлеудің әдеби нормалары меңгертіледі. Мұндай ойындар оқушылардың жасқаншақтық, ұяңдық қасиеттерін жойып, оның қиялына ерік береді. Белгілі бір рольге енген оқушы сол кейіпкерге тән қимылдар көрсетіп, кейіпкерлерге тән сөйлеу нормаларын игеруге тырысады. Диалогтік сөйлеудің негізгі ерекшеліктеріне, біріншіден, диалогтің екі немесе одан да көп адамның арасында өрбуі; екіншіден, диалогке қатысушы адамдардың бірде тыңдаушы, бірде сөйлеуші болып кезекпе-кезек олардың арасындағы рольдердің алмасып отыруы; үшіншіден, диалог барысындағы ақпараттардың жеткізілу жағдайы және оларды қабылдау ерекшеліктері; төртіншіден, пікір алмасушылардың алынған ақпаратқа, хабарға деген көзқарасқа деген реакциясы және оны жеткізудегі бет-әлпеті, қимыл-қозғалысы жатады. Сонымен қатар жеткізілетін ақпараттық хабардың аяқ асты туындап, тілдік қатынасқа түсуі де диалогтік сөйлеудің негізгі белгілерінің біріне жатады.
Ал, монологтік – сөйлеу бір адамның өз ойын, көзқарасын білдіруі. Монологтік сөйлеу жүйелілікті талап етеді. Мұнда сөйлемдер толық ойды білдіріп, құрылысы жағынан күрделі болып келеді. Монологтік сөйлеуге оқушылардың белгілі бір тапсырманы түсіндіруі, мұғалімнің жаңа тақырыпты баяндауы, хабарлама, баяндама жасауы жатады. Монологтік сөйлеуді дамыту үшін алдын ала белгілі тақырыпқа жоспар құрып, сол жоспар бойынша сөйлеу үлгісі жасалады.
Монологтік сөйлеу мен диалогтік сөйлеу өзара тығыз байланыста болады. Сөйлеуші мен тыңдаушы бір-біріне сұрақтар қойып, хабар айтып тұрса, ол диалогтік сөйлеу түрі болады. Ал диалогтік сөйлеуде сөйлеуші өз сөзін ұзақ, түрлі фактілермен дәлелдей сөйлесе, онда ол диалогтік сөйлеудің монологтік сөйлеуге ауысуына жатады. Диалогтік сөйлеу мен монологтік сөйлеуде іскерлік ойындардың атқаратын қызметі ерекше.
Бастауыш сыныпта жүргізілетін ойындардың түрі өте көп. Солардың бірі – рольдік ойындар. Рольдік ойындар арқылы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын монолог және диалог арқылы қалыптастыруға болады.
Рольдік ойындар – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың жаңашыл ойлар мен тұжырымдар жасау қабілетін жетілдіруге арналған ойын түрі. Рольдік ойындар оқушылардың елестету, қиялдау қабілеттерін ұштауда ерекше қызмет атқарады. Бұл ойын барысында оқушылар мәтін мен өлең құрастыруға, өз пікірін айтып, дәлелдеуге, тілдік қарым-қатынасқа еркін түсуге үйренеді. Рольдік ойындар оқушылардың сөздік қорымен тілін дамытады, оқушыларға айтар ойын жоспарлауға, автор ойын жалғастыруға, өзге адамның пікірін бағалауға үйретеді.
Оқу үдерісінде рольдік ойындарды пайдалану оқушылардың ойын өзгеге әсерлі жеткізу қабілетін, сөйлеу дағдысын жетілдіріп, танымдық қызығушылығын күшейтуде зор роль атқарады. Ойынға қатысушы сөйлеуге мәжбүр болады, дұрыс жауап беру үшін басты назарын әңгіменің мазмұнын толық түсіндіруге аударады. Оқушының әсерлі сөйлеуге деген қызығушылығы қалыптасады. Мұғалім мен оқушының арасында қарым-қатынас орнайды.
Ойын барысында оқушылардың бойында мынадай қабілеттер дамиды:
жағдаятты бағдарлау және талдау жасай білу;
жағдаят кезінде өзінің атқаратын ролін сезіну, орындай білу;
рольге қатысушылар арасында байланыс орнату;
қарым-қатынас жасаудың теңбе-теңдік жағдайын және қарым-қатынасты ой-ниетін таңдап, жүзеге асыра білу.
Дидактикалық ойындарды оқыту барысында қолданудың маңызы зор. Себебі оқушылар, біріншіден, қазақ тілінің заңдылықтарын меңгереді, екіншіден, дұрыс сөйлеу дағдылары қалыптасады, үшіншіден, шығармашылық қабілеттері жетіледі, төртіншіден, сабаққа қызығушылықтары артады, бесіншіден, оқыту барысында жаңа материалдарды белсенді түрде талдайды, алтыншыдан, тілдік қатынасқа еркін түседі. Бір сабақ барысында әрі интеллектуалдық, әрі ізденімпаздық, әрі тәрбиелік мәні бар ойындарды орындау барысында оқушылар оқудан шабыт алып, шынайы қызығушылық танытады.
Интерактивті сөзінің өзі (латынша іntегасtіоn — интеракция, яғни өзара әсер ету) өзара әсер етуді білдіреді [70]. Бірінші сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын интерактивті әдістер арқылы қалыптастыруда – оқушылар сабақта белсенді іс-әрекеттер жасап, өтілген материалдарды және алдарында тұрған тапсырмаларды ұжым болып шешеді, бірін-бірі оқытады, бір-біріне үйретеді.
Интерактивті әдістің түрлері Н.К. Ахметов, Н.Р.Юсуфбекова, М.В. Кларин, Г.К. Селевко, В.М. Коротков, М.С.Керимбаева т.б. жаңашыл әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты айтылған [75]. Біз, бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту эксперименті барысында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда оқыту процесінде қолданылатын интерактивті әдістерді ғана пайдаландық. Бірінші сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда төмендегі интерактивті әдістер арқылы өткізілген сабақ үлгілері мен онда пайдаланылатын тапсырма, мәтін үлгілерін келтіруге болады.
Интерактив технологиясы бойынша жаңа мәліметтер оқушы санасына әсер етіп, оның белсенді әрекетін туғызады, ол мәлімет енді оқушыдан оқытушыға бағытталады. Осы мәліметтер ағымы оқушы пен мұғалім арасында қайталанады. Бұл туралы Г.К.Селевко «Энциклопедия образовательных технологии» деген еңбегінде былай дейді: «Интерактивными технологиями являются такие, в которых ученик выступает в постоянно флуктуирующих субъектно-объектных отношениях относительно обучающей системы, периодически становясь ее автономным активным элементом» [76]. Оқушылардың сөздік қорын мақал-мәтел, қанатты сөздер арқылы дамытуда пікірлесім осы технология арқылы жүргізілді. Өйткені жұмыстың бұл түрінде интерактив технологиясы бойынша жұмысқа қатысушылар: мұғалім+оқу мәліметі+оқушы+оқу тобы.
Оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін күрделі әрекеттің түрі – жазылым да оқушының сөздік қорын байытуда жетекші роль атқарды.
Пікірталас сабақтарында берілетін тапсырмалар оқушыларды қызықтыруға, олардың диалогтік және монологтік сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Оқушыларға тәрбиелік мағынасы жоғары ұлттық педагогика элементтері бар шешендік сөздер, мақал-мәтелдер үйретілді.
Кейс-стади амал-тәсілі немесе оқытудың нақты жағдаяттар әдісі XX ғасырдың басында америка Құрама Штаттарының Гарвард университетінің бизнес мектебінде пайда болған. Кейс-стади амал-тәсілі термині алғаш рет америкалық ғалым Коплендтің еңбектерінде пайдаланылған. Копленд 1921 жылы оқытудың нақты жағдаяттар жинағын шығарып, кейс-стади амал-тәсілін қолдану жолдарын көрсеткен [77].
Кейс амал-тәсілінде басты назар оқушылардың ұсынылған реальді немесе қиялдық (алдын-ала құрастырылған) жағдаяттарды талдауы және осы жағдаятқа өзіндік баға беруі, өзінің ой-пікірін нақты әрі толық айтып беруі т.б. шәкірттің жеке тұлғалық қабілеттерін жетілдіруге аударылады.
Бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда кейс-стади амал-тәсілін қолдану – қазіргі білім беру талабына сай мұғалім мен оқушының өзара тығыз белсенді әрекетінен тұратын, оқушының сабаққа деген қызығушылығын туғызатын және оның жеке тұлғалық қабілеттерін дамытатын, нәтижені алдын-ала жоспарлайтын педагогиканың жаңа инновациялық жүйесі.
Бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда кейс мынадай кезеңдер бойынша дайындалды:
1-кезең. – бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың мақсатын айқындау;
2-кезең. – кейсті түзуге материалдар жинау. Сыныптағы оқушылар саны және олардың қазақ тілі пәнінен білім деңгейлері мен сөздік қорының көрсеткіші;
3-кезең. – бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмаларды жинақтау;
4-кезең. – сабақтың қай кезеңінде кіргізуге болатынын болжау;
5- кезең. – оқушылардан күтілетін нәтижені болжау;
6-кезең. – нәтижеге қол жеткізу үшін кейсте кеткен кемшіліктерді жою;
7-кезең. – бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмаларды қазақ тілі сабағына енгізу.
Ақпараттық - қатынастық технология құралдарын оқыту үрдісінің барлық кезеңдерінде, атап айтқанда, жаңа тақырыпты түсіндіруде, алынған білімді бекітуде, қайталауда, білім, білік, дағдысын бақылау барысында қолдануға болады.Сондықтан оқытудың ақпараттық - қатынастық технология құралдарын интерактивті деп атайды, себебі мұғалім мен оқушының іс-әрекетіне араласып, онымен сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ол келесі қызметтерді атқарады:
1.Оқу үрдісіне қолдану барысында:
– оқыту құралы;
– көрнекілік құрал;
– дидактикалық құрал;
– диагностикалау және бақылау құралы.
2.Жұмыс жасау барысында:
– тесті дайындау және оны сақтау құралы;
– графикалық ақпараттарды өндеу құралы;
– пікірді дайындау құралы;
– есептеу құралы.
Ауызекі сөйлеу әдістемесін суреттеуге келгенде ауызекі тілде ойдағыдай сөйлеудің төмендегі негізгі шарттарын ескергеніміз жөн: 1.Ауызекі тілде сөйлеудің монологті және диалогті формалары оқытудың барлық кезеңдерінде қатар жүреді; 2. Тілді меңгеруге кешенді түрде ықпал ету жүзеге асырылады. Яғни, бұл ауызекі тілде сөйлеу мен оқытуға бір мезетте үйрету, тілдік және сөйлетуге арналған дайындық жаттығуларының жүйелі түрде орындалуы; 3.Қосымша оқыту құралдарының жиі-жиі қолданылуы; 4. Лингафонда, компьютерлі кабинеттерде ауызекі тілде сөйлеуге бағытталған жаттығуларды кең көлемде қолдану.
Ауызекі тілде сөйлеу ептілігін дамытуға үйретудің қажеттілігі, әсіресе диалогті құрастыра білуге үйрету, өзімізге белгілі болғандай, түсіне отырып тыңдауға үйретудің барлық торабымен тығыз байланысты.