Байланысты: Кіші жаста ы мектеп о ушыларын диалогтік, монологтік с зге йрет
2.2 Ауызекі сөйлеу тілінің (диалог, монолог) лексикалық, синтаксистік және стилистикалық ерекшеліктері
Қазақ тіл білімінде диалог мәселесін көтергендер алғаш рет қазақ тілтанымының негізін салушылар А.Байтұрсынұлы [14] мен Қ. Жұбанов [57] болды. Жазба тілде ой әр стильдің өзіне тән, оған телінді сөздермен жүйеленіп, бір беткей баяндалып отырса, сөйлеу тілінде тыңдаушыларға лайықтанып, жазба тілдік үлгіден ауытқып отырады. Сөздердің күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде қолданылуы мен жазба түрінде қолданылуы бірдей емес.
Ауызекі сөйлеу тілінде коммуникативтік функциясы аса айқын көрінеді. Сөйлеу тілі негізінен үш түрлі шартта жүзеге асырылады:
Біріншіден, қатынас жасаушылар арасында ресмилік болмайды.
Екіншіден, қарым-қатынас кезінде сөйлеушілер арасында еркіндік болуы тиіс.Мұнда адамдар өзара емін-еркін сөйлеседі.
Үшіншіден, ауызекі сөйлеуде сөз бұрын дайындалмайды, табан астында суырып салғандай айтылады.
Ауызекі қатысымда коммуниканттар тек ой алмасып қана қоймайды, өз сезімдерін білдіреді. Диалогтің психологиялық-семантикалық сипатын ашатын, сөйлеушілердің сөйлесім арқылы білдіретін эмоциясының көрінісін ашады. Диалогке хабарлаудың тиімділігін арттырудың, фактіні баяндағанда әңгімелесушінің көңіл қоюына қызмет ету мақсатының құралы болып табылатын семантикалық молшылық тән.
Сөйлеу диалогі айтарлықтай әртүрлі сипаттаулармен анықталады. Сөйлеу диалогінде бейтарап лексика кеңінен қолданылады. Бұл құбылысты біз ауызекі диалог кезінде жазылып алынған үнтаспаны талдау барысында көз жеткіздік. Сөйлеу диалогінің әрқайсысы әртүрлі таңдамалы бейтарап лексиканың шамамен 92 % құрайды.
Құрмаш: (сырттан) Шай ма? Жоқ, мен кешірек ішемін, өздерің іше беріңдер. Кәшкен: Шай емес, өлең! Ораз: (мысқылдай): Тез,тез! Дүниеге өлең келіп қалыпты. Кәшкен: Тезірек тыңдадыңдар,өлеңмен миларың жаңарсын. Құрмаш: Жақсы. Кәшкен: Достарым, бұл өлеңнің аты «Арман».
Ораз: ОҺо! Егер ауызекі сөйлеуде жай қарапайым сөздер, жаргон сөздер лексикасы зерттеу әдебиетінде қарастырылған болса, тілдік ойындардың артықшылықтарына байланысты әдеби лексика сөйлеу диалогінде өте аз зерттелген.
Сонымен ауызекі сөйлеу диалогінің лексикалық мінездемесі бір түрлі емес. Ауызекі диалог – қысқа. Сөйлемдері көбінесе күрделі емес, сондықтан тіл біліміндегі тіл бірліктерін үнемдеу заңдылығы үлкен көрініс табады. Қазақ тілі – грамматикалық ережелері орныққан, қалыптасқан тіл. Бірақ сөз өнерінің шеберлері оларға өз тараптарынан өзгерістер де енгізіп отыратыны сөзсіз. Кейбір морфологиялық тұлғалардың, грамматикалық амал-тәсілдердің өзіндік қолдану ерекшеліктері болады және оларды түрлі стильдік мақсаттарда эмоционалдық-экспрессивтік мәнін арттыра түсіріп қолдану да мүмкін.Сөйлеуші өзі үшін ғана емес, басқалар үшін сөйлейді. Ол белгілі бір мәліметті хабарлап тұрып, өз тыңдаушысын сол мәліметпен таныстырады да, оған жауап беруге ықпал жасайды.
Р.Әмір ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыратын қатысымдық жағдайлардың басты-басты жақтарын атап өтеді. Олар: 1. Ауызша пікір айту сөйлеуші мен тыңдаушының жүзбе-жүз отырып қатысуы; 2. Пікір айту диалог түрінде, яғни екі немесе бірнеше адамның қатысуы; 3. Пікір айту ешқандай дайындықсыз, емін-еркін әңгіме үстінде құралады. Осы үш шарт ауызекі сөзге тән болғанмен, оның лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін қалыптастыруда соңғы екеуінің мәні ерекше [78].
Сөйлеу тілінің ерекшеліктері, әсіресе, синтаксистік құрылым деңгейінде анықтала түседі. Сөйлеу тіліндегі синтаксистік құрылымға тән бірден-бір белгі: сөйлемнің толымсыздығы.Сөйлем диалогке құрылғанда бірқатар мүшелері түсіп қалады, бірақ сөйлемнің синтаксистік байланысы үзілмейді, мағыналық қисыны бұзылмайды. Бастауышсыз, анықтауышсыз, толықтауышсыз, баяндауышсыз, толымсыз сөйлемдердің құрылымдық түрлері диалогтің басты ерекшеліктерінің бірі болатынын Ж.А.Жақыпов өз зерттеуінде дәлелдейді [47].
Ауызекі сөйлеу тілдік қолданыстың негізгі және жалпыға ортақ тіл формасы болып табылады. Ауызекі сөйлеу мәселесі К.Еңсебаеваның зерттеуінде де қарастырылды [79]. Ол ауызекі сөйлемнің 2 түрін анықтады: әдеби ауызекі сөйлем, ауызша ауызекі сөйлем. Ауызша ауызекі сөйлемнің әдеби ауызекі сөйлемнен ерекшелігі – тұрмыстық қатынаста қолданылуында: ойында, қызметте, көшеде және басқа да орындарда. Ауызекі сөйлемнің басты формасы диалог болып табылады. Жеке диалогте өз бетінше «жүйе» болмайды. Диалог кейіпкер бейнесін сомдауда, стильдік жүйе қалыптастыруда маңызды категория болып саналады. Диалогтік сөйлем бейне және стиль жасаушы ретінде бір кейіпкерді әр қырынан көрсете алады.
Ауызекі сөйлеу диалогінің стилистикасы өте бай, себебі, ол мәселе эмоциямен, экспрессиямен байланысты: диалогтің осы түрінің (ауызекі стиль) стиларалық екенімен байланысты. Жалпы тіл біліміндегі стилистика мамандарының зерттеулеріне сүйенетін болсақ, онда эмоционалды – экспрессивтік, стилистикалық реңктің 20-30 түрі анықталған.
Монологте кейіпкердің өзімен-өзі іштей сөйлесуі, өзіне-өзі сұрақ қойып, оған жауап іздеп бас қатыруы оның психологиялық - рефлексиялық процесті басынан кешу сәтін дәл бейнелейді. Монолог сұраулы сөйлемдерге толы, сөйлемдердің көлемі шағын, қысқа берілген.
Монологтік сөйлеудің өзіндік ерекшелігі – байланыстырып сөйлеу болып табылады. Қазақ бастауыш сыныптары үшін тіл дамыту жұмысының тұтас ғылыми жүйесін жасаған ғалым С.Рахметова өз еңбектерінде ауызша, жазбаша сөйлеу тілін дамытудың ең жоғарғы деңгейі байланыстыра сөйлеуге (монологті түрде) үйрету керек екенін анықтап берген. Н.Сламбекова: «Ауызша, жазбаша монологті байланыстыра сөйлеу жеке-жеке сөйлемдер құрастыруды емес, бірнеше сөйлемнің басын құрап, әрі грамматикалық, әрі мағыналық жағынан байланыстырып, тұтас мәтін түрінде сөйлеуді талап етеді. Демек, байланыстырып сөйлеудің түпкі нәтижесі шығарма, әңгіме, яғни мәтін болуы тиіс» деген [35]. Монологтік сөйлеуге: лектордың сөзі, оқушының баяндау сөзі, мұғалімнің түсіндіру сөзі, оқушының ғылыми жобасын қорғау сөзі, түрлі орындарда айтылатын тілек сөздері, құттықтау сөздері, жұрт алдында сөйлеу және белгілі бір тақырып бойынша сөйлеуді жатқызуға болады.
Көпшілік алдында айтылар сөзге дайындықтың басты кезеңі – материалдар жинау. Сондай-ақ сөздің нәтижелі шығуы үшін төмендегі материалдар:
ортаның ықылас, талабына, қажеттігіне қарай материалдарды іріктеу.
Жұрт алдында сөйлеу өте жауапты, әрі қиын жұмыс. Тыңдаушыларды еліктіре білу, олардың назарын сөйлеп тұрған сөзіне аудара алу – дикторға, баяндамашыға, үгітшіге жүктелген міндеттің нәтижелі болуының басты шарты. Жұрт алдында мүдірмей, жақсы сөйлеу үшін мына қағидаларды ескеру керек:
Өз сөзін қадірлейтін кісі тыңдауышысын да қадірлейді.
Сөйлегенде, әрбір сөзің анық, дәл, айқын естілетін болсын.
Сөзің тартымды болсын десең, оған аздап болса да, бет- аузыңның, қолыңның қимылын қатыстыр.
Айтайын деген ойыңды әбден ығыр болған, үйреншікті сөздерден бастама.
Айтқан сөзің қысқа, әрі тұжырымды болсын.
«Жүйелі сөз жөнін табады». Лектордың, баяндамашының сөзінде жүйе болмаса, онда ешқандай береке болмайды.
Бұлар – жұрт алдында сөйлеу шеберлігінің басты шарттары. Көпшілік алдында жақсы сөйлеудің ең негізгі шарттары – дайындық. Сөйлеуші немесе баяндаушы өзінің сөйлейтін сөзінің жоспарын құрып, алдын ала дайындалса, сонда ғана оның жұмысы нәтижелі шықпақ.
Әрбір стильдік қолданыстың артында автордың мақсаты, ойы жатады. Өйткені олар автордың «қолдаушы» және «қолдамаушы» позицияларын жеткізетін тәсілдер. «Қолдау» позициясы – әсер ету, иландыру, сендіру, үгіттеу түрінде көрінсе, сонымен қабат бас тарту, бойды аулақ ұстауға шақыру арқылы «қолдамау» позициясы қатар жүреді [80].
Ғалымдардың зерттеулерінде диалогтің типологиясына және оның жіктелуіне қатысты нақты орныққан пікір жоқ. Диалог түрлерінің саны да әр ғалымда әртүрлі көрсетіліп жүр. Орыс тіл біліміндегі бұл мәселені зерттеген А.В.Чичерин, А.К.Соловьева, Е.М.Галкин – Федорук, К.Мегаева т.б. ғалымдар диалогтің: диалог – қайшылық, диалог – жинақтау, диалог – айтыс, диалог – дау, диалог – түсінісу, диалог – үндестік немесе қоштау, диалог – тергеу, сыршыл диалог, ғашықтық диалогі, жекпе-жек диалог, аралас диалог деген көптеген түрлерін көрсетеді [81]. Диалогтің бұл түрлерін анықтауда ғалымдар мәтіннің формалық емес, мазмұндық ұйымдасуын негізге алады. Г.С.Иманғалиева аталған диалог түрлерін жинақтай келе, негізгі деп таныған 15 түрін (жоғарыдағыларға қосымша диалог–сәлемдесу, диалог–қоштасу, диалог–ойтүрткі, диалог–ұсыныс, диалог–өтініш, диалог–ойталқы, диалог– хабарлама деген түрлерді қосады) ақпараттық, прагматикалық, модальдық диалог деген үш топқа жіктейді [47].
Сөйлеу тілі стилі түрлі қарым-қатынас актісімен іске асады. Тіл иелерінің өзара сөйлесу актісімен байланыс жасауы қарым-қатынас актісі болып табылады. Осы акт барысында тіл иеленушілер қарым-қатынасқа түсіп мағлұмат,ақпарат алмастырады. Сөйлеу арқылы қарым-қатынасқа түсу ол үнемі ақпарат алуға немесе беруге негізделеді, – дейді Е.В. Клюев [82].
Сөйлеу стилінің монологтік түрі мен диалогтік түрінің интонациялары өзара ерекшеленеді. Монологте бір коммуниканттың сөзі берілгендіктен, оның интонациясы да соған сәйкес безендіріледі. Ал диалогте сөйлеушілер саны (адресант, адресат) екі немесе одан да көп болғанықтан, олардың әр қайсысының өзіндік сөйлеу сазы болады да, диалогтің ауызша сөзінің бедері көп сарынды болып шығады. Мұндай мәтінде сөйлеуші маңызды деп тапқан кез-келген сөзіне ой екпінін түсіре алады.