Книга посвящена памяти Жакии Сарсенова нашего



Pdf көрінісі
бет2/18
Дата06.03.2017
өлшемі20,78 Mb.
#8193
түріКнига
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Үйге  келген  адамдардың  қас-қабағына  қарайды.  дастарқан 

басында отырғандардың  түсі суықтау көрініп жатса, дәмге қол созбай 

өзімен өзі отыра беретіні де есінде.

ол кіп-кішкентай күнінен-ақ ешкімге өкпелемеуді, ренжісе де 

ренішін сыртқа шығармауды үйренген еді. мұның бәрі уақыт өте келе 

үлкен жүректі азаматқа ғана жарасар мінезге айналды.

осылайша қуанышынан мұңы басым бір күн бір күнді жетелеп 

өтіп  жатты.  осындай  күндердің  бірінде  үйге  қой  көзді,  дөңгелек 

жүзді  бір  кісі  келген.  мұң  торлаған  жүзі  мұндай  жылы  болар  ма! 

кейін білді, келген кісі сералы нағашысы екен. анасының туған інісі. 

ресейде,  ресей  болғанда  да  қазақтар  Жаманқала  деп  атайтын орск 

жақтағы домбарск дейтін қалада тұрады екен.

сералы нағашысы Жақияны алып кетуге келіпті.

«неге әкетесің, тастап кет!» деген пенде жоқ. тек бірді-екілі 

кейуана  көздеріндегі  жасын  жаулығының  ұшымен  сүртіп,  үнсіз 

кемсеңдегені  есте.  кім  екенін  ұмытыпты,  бір  қарияның  сералы 

нағашысына  қаратып,  «ер  жігіт  түбі  туған  жерін  табады,  құдеке, 

құдай өмір берсе, Жақия да ер жетер, тектінің тұқымы ғой. Жылқы 

баласы  құрлы  бар  шығар,  туған  жерін  түптің-түбінде  әлі  де  іздеп 

табар.  кер  заманның  қаһарына  ілініп  отырғанымыз  ғой,  әйтпесе, 

«мұның не» дер едік. сен де тектінің тұқымысың, Жақияның тегін 

ұмытып қалмауы өзіңе аманат!» – дегені әлі есте.

сөйтіп, тұз-дәм Жақияны домбарскіге алып келді. бала жүрек 

қателеспепті, сералы нағашысы шынында да мейірімді жан болып 

шықты.  Өте  балажан.  Әлдебір  себептермен  Жақия  ас  ішпей  қалса,  

20


ішкен асы бойына тарамайтын. Өзінің екі қызынан бір кем көрмеді. 

балаға мейірімнен артық не керек, жетімдік те ұмытыла бастаған еді, 

ол кез. оның үстіне сералы нағашысы Жақияны мектепке берді. күн 

ұзақ мектепте болады, өзі қатарлы балалармен асыр салып ойнайды, 

алысады-жұлысады, бірге сабаққа дайындалады, мұңаюға уақыт та 

жоқтай... 

алайда, Жақия баланың бұл қуанышы ұзаққа бармады.Үшінші 

сыныпты тәмәмдаған тұста, соғыс басталды. 

* * *

елде  маза  жоқ.  күніне  екі-үш  үйге  әскери  комиссариаттан 



шақыру  қағазы  келеді.  ағайын-туыс,  көрші-қолаң  түгел  жиылып, 

қимас жандарын майданға шығарып салып жатады. сол көріністер 

Жақия ағаның жадынан өле-өлгенше өшкен жоқ десе де болады. бұрын 

аңғармайды  екен,  сол  тұстары  бала  көңілі  «адам  мұнша  көп  болар 

ма?!»  деп  пікір  түйген.  құдайдың  құтты  күні  қызыл  вагондар  лек-

легімен болып батысқа аттанып жатады. бос кетіп бара жатқан вагон 

көрмейсің. бәрі адамға лық толы. бүгінгі оқиға ертең де қайталанады. 

арғы күні де солай... қимастарын шығарып салып жатқан қазақ-орыс. 

станса  басы  у-шудан,  айқай-сүреңнен,  жылап-сықтаудан  теңселіп 

тұрады. иін тірескен халықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. майданға 

кеткендер бүгінгі шығарып салумен таусылған шығар деп ойлайтын. 

Жоқ, ертеңіне бұдан да көп адам аттанады. арғы күні одан да көп... 

бала Жақияның жер бетінде адам мұнша көп болар ма, бұрын не ғып 

білмегенмін,  қалай  аңғармағанмын  деп  жиі-жиі  ойлайтыны  да  осы 

кез. бала көңіл, аңқау қиял, аңғал сенім.

елдің бәріне келіп жатқан шақыру қағазы сералы нағашысына 

да келді. Әскери комиссариаттан сұс пен сес ала келген шақыру қағаз 

сералының көк дарбазалы үйін қиналыссыз-ақ тауып алды.

аз  ғана  уақыттың  ішінде  әке-шешесінің  жоғын  білдірмеген, 

қолынан келгенінше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, 

жетім  демей,  бала  демей  қас-қабағына  қарай  білген  сералы 

нағашысының  екі  қызы  бар  еді.  «қас-қабағына  қарады»  демекші,  

21


баланы  еркелетіп,  әлпештейтінін  Жақия  осы  нағашысының  үйіне 

келгенде алғаш сезіп, білген. 

сол асыл нағашысының да майданға аттанар күні келіп жетті. 

аз  ғана  ағайын,  көрші-қолаңның  басын  қосып  құран  оқытты  да, 

нағашысы стансаға аттанып кеткен. Жақия ол кезде оннан асыңқырап 

қалған,  бәрін  біледі.  нағашысының  екі  қызының  егіліп,  тоқтаусыз 

ұзақ жылағанын ол көпке дейін ұмыта алмай жүрді. мұның да өксігіне 

тас тығылғандай...        

бала  болып  енді  мейірім-шапағат  көре  бергенде,  жүрек 

жылуына енді шомылам дегенде басталып кеткен мына соғыс оның 

өміріне тағы да қасіретті күндерді әкелді.

сералы нағашысы сол кеткеннен қайтып оралмады.

сөйтіп,  тағдыр  сәске  мен  түстің  арасына  ғана  созылғандай 

болған балалық шаққа бояуы баттасқан қалың қара нүктені осылайша 

қойып еді.

* * *


сералы  нағашысының  шаңырағы  осылайша  ортаға  түскен 

соң, Жақия тағы да жалғыз қалды. ашқұрсақ күндер тағы басталды. 

аштықтан  кейде  көзі  қарауытып,  орнынан  тұра  да  алмай  қалатын. 

ойын жасындағы баланың бір өзі иесіз үйде қалай күн кешкені ешбір 

ақылға сыймайды-ақ. Өзі де көп нәрсені есіне түсіре алмайды.

домбарскіде  сол  кезде  балалар  үйі  болатын.  бір  күні  қараса 

осында  жүр.  мұнда  кім  әкелді,  қашан  әкелді,  әлі  күнге  беймәлім. 

бәлкім көршілер, бәлкім сералы нағашысының жамағайындары...

* * *

Әлі есінде, балалар үйі жалғыз қабатты жатаған үйге орналасқан 



еді.  тәрбиешілердің  бәрі  орыс.  ұлы  да,  қызы  да,  тәрбиешісі  де, 

тәрбиеленушісі де орысша сөйлейді. 

соғыс  кезі,  кейінірек  ойлап  қараса  сол  тұста  балалар  үйінде 

де жағдай мәз емес. азық-түлік мөлшері шектеулі. балалар үйі деген 

22


аты ғана. Әйтеуір, аш қалмай, жан сақтау керек. бір сөзбен айтқанда, 

нағыз өмір үшін күрес!

ашқұрсақ  жүрген  күндердің  бір-бірінен  айырмашылығы 

болмайды,  әрине.  дегенмен,  естен  кетпейтін,  адамның  өміріне, 

болашақ  тағдырына  кәдімгідей  өзгеріс  енгізген  сәттер  болады. 

адамның ғұмыры сәттерден тұрады дейтініміз де содан.

сондай бір сәт балалар үйінде жүргенде Жақияның да басынан 

өтті. 


күндегі  әдетімен  бүгін  де  базар  аралауға  шыққан.  базар 

аралағанда әрине, балалар үйіндегі өзге балалар секілді базардан бұл 

да  таныс  іздейді.  бәлкім,    елден  біреулер  базаршылап  келіп  қалар, 

бұған көзі түсер, көзі түссе бүгінгі күйін көріп аяр, қолына бір нәрсе 

ұстатар... деген дәме.

базарға бұл танитындардан  ешкім келмеді.

бүгін сол базарға көзі қарауытып, ілби басып әрең жетті.

Әрең  жететініндей  де  бар,  балалар  үйінің  асханасы  екі-үш 

күннен бері тоқашты күнжіттен дайындап жатқан. қай жетіскеннен 

дейсіз?! бар болса ұннан-ақ пісірмей ме?! Әйтеуір ауыз қимылдатудың 

қамы, өлмеудің амалы да.

содан мазасы қаша бастады. ауру баланың жағдайын ойлайтын 

балалар үйінде кім бар дейсіз?! осыны бала Жақия сезіне білді. Өз 

тірлігін өзі жасамаса өліп қалатынын түсінді. сана түкпіріндегі сол 

түсінік қой мұны базарға әкелген.

одан әрі ештеңе де білмейді. бір қалтарыста бүк түсіп жатып 

қалыпты. есін жиса бір қария мұның жүзіне барлай қарап тұр екен...

– сен бұқарбай марқұмның ұлы емессің бе? анық солсың ба, 

жауап берсеңші. сені нағашыларының қолында деуші еді ғой, мұнда 

неғып  жүрсің?  тоймағамбеттің  мырзалары  түгел  ұрысқа  кетті  ме? 

қайтпады ма? – деп бастырмалатып сұрап жатыр.

барлық сұрағына жауап беретін шамасы қайда? Әйтеуір, басын 

изей береді. бастысы, бұқарбайдың баласы екендігін түсіндіргендей 

болды.


кейін  білсе,  бұл  қария  елдегі  ізтілеу  атасы  екен.  атасы 

болғанда алыстау жамағайын. елден, ырғыздан шығып, орск жақты 

бетке алыпты.

23


– Шырағым, жол жүріп бара жатыр едім. Жолдағы ауылдардың 

бірінде  бәтіш  дейтін  апаң  тұрады.  Әкеңмен  немере.  сол,  бәтіш 

апаңның ауылынан түсіріп кетейін, арбаға отыр, – деді ізтілеу атасы.

* * *


ырдуан  арба  баяу  қозғалып  келеді.  ұмытпаса,  бұл  көктем  

болуы керек, бетін жылы жаңбыр жуғаны естен кетпейді.  сол кездегі  

бар ойы «шіркін-ай, бір тоя тамақ жесем – ау» деген арманда болды.

Әлден  уақытта  бір  кемер  сайға  келіп  жетті.  анадай  жерде 

мөлдіреп тас қайраң жатыр. ізтілеу атасы «аттарды шешіп, кішкене 

тынықтырайық, өзіміздің де ептеп дамылдап алғанымыз жөн болар», 

деді.

бұл сол баяғы ашқұрсақ жүрген күйі. көзі қарауытқан күйі әлгі 



тас  қайраңға  келді.  Әншейін  түйсіктің  ғана  күшімен  қолымен  жер 

тіреп, еңкейіп су ішпекші болды. еңкейіп, су түбіне қараса..., жүзген 

майда шабақтар.

Жақияның  ары  қарай  ойланып  тұруға  төзімі  де  жоқ  еді. 

Шалбардың балағын түріп жіберді де қайраңның түбіне қол салды. 

ұстаған шабақты ұстаған күйі... тірідей ауызға сала берді, сала берді, 

тіпті  кейбіреулерін  шайнап  та  жатпады,  сол  күйі  қылғыта  салды. 

Әлден уақытта барып есін жиды. Өзінің не істегенін енді-енді түсіне 

бастағандай. пісіріп, не қайнатып жеуге де болар еді, оған жететін 

шыдам қайда?! 

сол бес-алты тірі шабақ көрер жарығын ұзартып, бүгінгі күнге 

жеткізді... сол жолы ізтілеу атасын кездестірмегенде... сол тас қайраң 

болмағанда...  сол  шабақтар  болмағанда...  сіз  бен  біз  көрген,  көріп 

қана қоймай, парасатқа толы әңгімесін тыңдаған, өмірінің соңында 

мәуелі  тамырын  тереңге  жайған  бәйтеректей  үлкен  әулеттің  атасы 

болған кейіпкеріміз де болмас еді.

кейінірек есейген шағында «Өлмегенге өлі балық жолығады», 

– деген сөзді талай естіді. естіген сайын көңілін мұң торлап, жаны 

біртүрлі жүдеп қалатын...

24


 

Үміт артып кеЛер кҮнге...

бәтіш  апаның  ауылы  бұл  ойлағандай  жақын  болмай  шықты. 

ырдуан  арба  ырғалып  жетер  емес.  бүкіл  арманы  бәтіш  апасын 

тезірек көру, тезірек дидарласу. «апам қандай екен, мына кісі айтып 

отырғандай шынымен мейірімді ме, қалай қарсы алады, мені жақсы 

көреді ме, әлде жақтырмай ма, келгеніме расымен қуана ма, ренжи ме 

екен, айналып-толғанып сөйлер ме екен?».

міне,  он  екі-он  үштегі  баланың  қазіргі  бар  ойы  осы.  ұзақ 

жолда  қиялына  қаншалықты  қанат  бітірсе,  соншалықты  таң  қалып 

та келе жатыр. бұл сералы нағашысынан кейін өзінде туыс бар – ау 

деп ойламаған. сөйтіп жүргенде мына  қарт та «шырағым, біз бөтен 

емеспіз, еліміз бір, жеріміз бір, руымыз бір, ағайыншылығымыз да 

алыс емес», – деп отыр. ол аз болса «жолдағы ауылда бәтіш дейтін 

апаң бар, ең жақындарың сол» дейді.

бір жарым жаста әкеден, үшке толар-толмаста анадан айрылған 

бала не біледі?

алайда, осы «мен кіммін?» деген сауал бала Жақияны анда-

санда болса да мазалап қоятын.

осылай ой жетегімен біраз жер өндіріп тастапты. кенет бала 

қиялға өз елімнің, руымның кім екенін, істің мән-жайын осы ізтілеу 

атадан сұрап алсам қайтеді деген ой келеді. 

ақыры көп созбай өз сауалын ақсақалға қойып тынды.

«ата, осы мен кіммін, әке – шешем кім еді, руым кім?»

мүшелге  толар-толмас  баланың  мына  оқыс  сауалы  ізтілеу 

қартты ойландырып тастады. бір жағы шынашақтай Жақияның тегін 

іздеп отырғанына іштей разы болды. ішінен «тіл-көзден аман болса, 

бұқарбайдың мына жалғызы болайын деп-ақ тұр екен» деп ойлаған. 

«ақыл  қосар  үлкендер  болып,  жастайынан  жетімдік  көрмегенде, 

маған мұндай сұрақ қоймас еді ғой», – деп іштей жаны да ашып кетті.

25


бала Жақияның тосын сауалы ұзақ жолдағы сүбелі әңгіменің 

басы болды. содан ізтілеу атасы шежіренің тиегін ағытты. ұққаны, 

есінде қалғаны – ешкімнен ұялмайтындай тегі-түбі бар екен. қарияның 

көп  айтқанынан  ойында  қалғаны,  бұлар  –  кіші  жүздің  ішіндегі 

Әлім,  оның  ішіндегі  төртқара,  төртқараның  ішіндегі  құламаны, 

құламаннан Жантайлақ, Жантайлақтың ішіндегі кенжебай көрінеді. 

«Өз  әкеңнің  аты  бұқарбай»,  –    деді.  бұл  «білемін»  деді.  «білемін» 

дейтіні, осыдан бәлкім бес-алты жыл бұрын, бәлкім жеті-сегіз жыл 

бұрын  Жалғасбай  атасынан  естіген.  баяғыда  бұл  бақытжан  әженің 

үйінде  жүретін  кезінде  Жалғасбай  атасы  келіп,  мұны  бауырына 

басып,  өксіп  отырып  «әкеңнің  аты  бұқарбай»  деген.  «бұқарбай» 

деген ат құлағында содан қалып қойды.

* * *

күн  көтерілмей  жолға  шыққан  бұлар  сәскеде  бір  жылқылы 



ауылдың  шетіне  іліккен.  неге  екені  белгісіз,  ізтілеу  атасы  ауылға 

апаратын  айдау  жолға  бұрылмады.  бәлкім  уақыт  ұтқысы  келді, 

бәлкім басқа себебі бар шығар, әйтеуір мұны арбадан түсірді де, көз 

ұшындағы ауылды  нұсқады.

– бәтіш апаңның ауылы «Жылқы ауылы» деп атайды. кірбастың 

қызы бәтіш апам еді десең кез-келгені қолыңнан жетектеп апарады. 

ал, енді қайда жүрсең де аман жүр, шырағым. Әлі-ақ заман түзелер. 

сол кезде арқа-жарқа қауышуға жазсын, – деп делбені қағып-қағып 

жіберді.

осыдан  қайтып  ізтілеу  атасын  көрген  емес.  бірақ,  бала 

көңілінде қыдыр атадай болып мәңгілікке қонақтап қалған. кейінірек 

үлкендерден қыдыр ата таныс, бейтаныс адам болып жолыға береді 

деген  әңгімені  талай  естіген.  соған  қарағанда  ізтілеу  атасы  өзіне 

кезіккен қыдыр ата болуы әбден мүмкін.

ауылға келген бойда: «осында апам бар еді, руы – құламан, 

оның  ішіндегі  –  Жантайлақ,  оның  ішіндегі  кенжебай»,  –  дейді 

алқынып.  «Шырағым-ау,  апаңның  атын  айтсаңшы»,  –  дейді 

сұрасқандар. қапелімде апасының аты есіне түсе қоймайды. Әлден 

уақытта барып бір кексе әйел: «ой, құдай-ай, бағанадан бері бәтіш 

десеңші», – деп мұны апасы отырған үйге кіргізіп жіберді.

26


бәтіш  апасы  үйіне  жасқана  кірген  жүдеу  өңді  балаға  әрі 

таңырқай,  әрі  сұраулы  жүзбен  қараған.  «сен  кімсің?»  дегені  ойлы 

жанарынан-ақ  аңғарылған.  бұл  кәдімгі  ересек  адамдарша  мән-

жайды  түсіндіре  бастады.  осылай  да  осылай,  мен  бұқарбай  деген 

бауырыңыздың баласымын дегені сол екен, бәтіш апасы көз жасына 

ерік берді.

Шағын  ғана  қараша  үйге  лезде  ауыл  адамдары  толып  кетті. 

бәтіш апасының оқыстан шыққан дауысына көрші-қолаңның ентіге 

жеткен  беті  осы.  «тыныштық  па,  тыныштық  па?»  дегеннен  кейін 

мән-жайға  қаныққан  олар:  «бәтіш-ау,  жылайтын  емес,  шаттанатын, 

той  жасайтын  орның  ғой,  өлгенің  тіріліп,  өшкенің  жанды,  қайта 

қуанбайсың ба?» –десіп жатыр.

бәтіш  апасының  жаны  осының  үстінде,    аз  күнде-ақ  оңала 

бастады.  бір  мүшелден  енді  асқан  Жақия  оңала  бастаған  соң  өзі 

қатарлы балалармен колхоз жұмысына жегілді. «бәрі де майдан үшін, 

бәрі де жеңіс үшін!» – деген ұранның шарықтап тұрған кезі, таңның 

атысы, күннің батысы өңкей бала  масақ тереді. Өгізге соқа жегіп, жер 

айдайды, тырма тартады. ылғи, орыстың балаларының арасындағы 

жалғыз  «погональщик»  қазақ  бала  –  Жақия.  майдангер  бригадир 

шалдың заты орыс демесең, бұған келгенде мейірімді-ақ. бұл да бір 

дәурен екен, ол күндер де артта қалды.

бәтіш апасының мұхамеджан атты жалғыз ұлы бар еді. сол 

мұхамеджан әскерден оралысымен-ақ апа-жездесі оның аяғына тұсау 

салды. бет біткеннің ажарлысы ажар қызды құда түсіп, алып берді. 

алайда, ажардың көркі ажарлы болғанмен жан-дүниесі аса көрікті 

емес  еді,    Жақияның  бұрынғы  күйі  қаша  бастады.  Әйтеуір,  тірлігі 

жаңа түскен жеңгесіне жақпай қойды.

бәтіш  апасы  осының  бәрін  сыртынан  байқап  жүріпті.  қатты 

айтуға жалғыз ұлдың әйелі. ақыры бір күні Жақияны шақырып алып, 

әңгімені қысқа қайырды.

–  Шырағым,  бұл  жерде  енді  жайың  бола  қоймас,  мен  сені 

қазақстанға апарайын, сонда өзіңмен бір туған даража дейтін апаң 

бар, Жантөре деген жездең бар. естуімше, қазалы жақта тұрады, – 

деді.


араға  ұзақ  жыл  салып,  Жақияның  табаны  қазақстан 

топырағына алғаш рет осылайша тиіп еді. бұл – 1949 жылдың күзі 

болатын.

27


мекен-жайды  білмесе  де  әркімнен  сұрастырып  жүріп, 

қазалыдағы  Жантөре  жездесінің  үйін  ақыры  тауып  алды.  Жантөре 

жездесінің соғыстан енді оралған кезі, перзенттен жалғыз гүлмарам 

бар, ол да екіге енді толған. алайда, тұрмыстары нашарлау. Өз бетінше 

шешім қабылдау және де қателеспеу үшін оны сан қайтара жан-жақты 

сараптайтын қасиеті сол кезден-ақ қалыптасқан еді. «Жақындарыма 

артық  салмағымды  салмайын,  ізденіп,  әрекет  жасайын»,  –  деген 

шешімге  тоқтаған  ол,  орскіні  қайта  бетке  алды.  мақсаты  –  бәтіш 

апасын үйіне қайта жеткізу, әрі жұмыс істеп, қаражат табу.

Әрекетке берекет келетінін бала Жақия сол кезде-ақ түсініп еді. 

Әр түрлі кәсіптің басын шалса да, орск төңірегінде өткен бір жылы 

жаман болған жоқ. Әжептәуір қаржы жинап алды.

орскіде қалатындай мүмкіндігі бар еді. тұрмысы оңалып, ел-

жұртпен кәдімгідей теңеліп-ақ қалған. бірақ, ол райынан тез айныды. 

«тойғаныма  риза  болып  жүре  берсем,  уақытым  босқа  өтер.  ес 

кіргенде жалғыз апамның қасына барайын. бұйырған жұмыстың реті 

ол жақтан да табылар», – деп әпкесінің үйіне жол тартады. 

бұл соңғы да байлаулы шешімі еді.

араға  жыл  салып,  қазақстанға,  яғни  1950  жылы,  қазақ 

жұртының  құтты  қонысы  қазыналы  қазалыға,  даража  апасының 

қасына түпкілікті тоқтайды.

Жантөре жездесі малға бай болмағанымен, мінезге бай болып 

шықты. «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ», – десіп жатады ғой жұрт. 

Жантөре жездесі жақсы әкеден бір кем болған жоқ. мұны оқытқысы 

келді,  оқытайын  десе  Жақияңызда  бір  түйір  құжат  жоқ,  айналасы 

бір-екі  айдың  ішінде  бүкіл  құжатын  түгелдеп  шықты.  Жақияның 

төлқұжатта «1934 жылы туылған», – деп жазылып кететіні содан.

құжаттары  реттелген  соң,  жездесі  сөзінде  тұрып,  Жақияны 

қазалыдағы малдәрігерлік техникумына оқуға түсірді. сол бір жақсы 

күндер  қалай  естен  шыға  қойсын.  Жездесі  шарапатым  тиді-ау  деп 

қуанса, Жақия менің де көрер жарқын күнім алыс емес-ау деп қуанды.

Жақия оқуға алғыр болып шықты. алғырлығының арқасында 

техникумды  бір жылда өте жақсы бітіріп шықты. Жүрген аяққа жөргем 

ілінетіні рас екен, техникумды бітірген соң жұмыс іздеп сабылған жоқ. 

28


даража апасы Жақияны баяғы Жұмаш атасының баласы абдоллаға 

жіберді. себебі, даража апасы Жұмаш атасының бауырында өскен. 

демек,  Жақиямен  қандай  туыс  болса,  абдолламен  де  сондай  туыс. 

біздің  қариялардың  қандай  әулие  болғандығын  осыдан-ақ  аңғара 

беруге болады. осылайша, қызылорданың түбіндегі бір ұжымшарда, 

абдолла  Жұмашев  ағасының  қолында  Жақияның    алғашқы  еңбек 

жолы басталды да кетті.

абдолла ағасының қолында бірер жыл жұмыс істеген соң, 1954 

жылы әскер қатарына шақырылып, семейден бір-ақ шықты. семей – 

оңтүстік емес, қысы қатал. оқудың кәдеге асқанын, сауаттылықтың 

пайдасын Жақия семейде көрді. Штабтағы офицерлер қағілез қара 

баланы «писарь» етіп тағайындады. Өзгелер жаздың аптабы, қыстың 

суығы далада жүргенде ол штабта қызмет істеді. 

сол кезде де «бағымның жанғаны осы шығар» деген ой қылаң 

берген.

* * *


Үміті  ақталды.  Жақияның  бағы  шынында  да  дәл  сол  кезден 

бастап ашылғандай... тұз-несібенің сол күндерден бастап көтерілгенін 

өмірінің соңғы күндерінде де жиі айтып жүрді.

1956  жылы  әскерден  оралған  соң,  қызылордаға  емес, 

Шымкентке  келді.  Шымкентке  тоқтауының  да  өзіндік  себебі  бар. 

Әскерде  жүргенде  абдолла  ағасы  Шымкентке  қоныс  аударған. 

бүгінгідей  емес,  ол  мезгілде  байланыстың  жалғыз  құралы  –  хат. 

Әскерде жүргенде абдолла ағасынан хат-хабар алып тұратын. соңғы 

хаттарының бірінде абдолла: «Жақия, мен Шымкентке көшіп келдім. 

сен  әскерден  қайтқанда  қызылордаға  өтпей-ақ,  Шымкенттен  түсіп 

қал, мекен-жай мынау», – деп ескерткен.

абдолла ағасының жылы орнын тастап, Шымкентке не үшін 

көшіп  келгенін  әскерден  келген  соң  білді.  тыңдап  отырса,  ол  өз 

алдына бір хикая.

сол  жылдары  абдолланың  жақын  нағашыларының  бірі 

байұзақ  ермекбаев  қызметі  көтеріліп,  Шымкент  педагогика 

институтына  ректор  болып  тағайындалады.  ол  кезде  жоғарғы  оқу 

29


орны басшыларының пәрмені облыстық партия комитетінің бірінші 

хатшыларының  беделінен бір мысқал да кем емес заман. абдолла сол 

нағашысын паналап көшіп келеді. бұл әрекеттен абдолла ұтылмайды, 

көп ұзамай институттың шаруашылық жағына жұмысқа ілігеді.

Әскерден  қыста  оралған  Жақия  Шымкентте  үш-төрт  ай  бос 

жүріп  қалды.  абдолла  ағасы  шақырып  алғанымен  дайын  тұрған 

жұмыс жоқ. қызметке өзінің де енді іліккен уақыты. бөтен жер, бөтен 

орта.


Жақия кеш те болса, бұлай жүре беруге болмайтынын түсінді. 

Әрекет  етіп,  тіршілік  жасаған  абзал.  Уақытты    ұтымды  пайдалану 

керек.  Әскерден  келгелі  жан  дегендегі  жалғыз  бауыры,  даража 

апасын да әлі көрмепті. Өткен әруақтар разы болсын, десе алдымен 

даража  апасына  амандасып  қайтуы  керек.  құдай  қолдап,  әруақтар 

разы болса, сосын жұмысы жүруге тиіс деп ойлаған.

осы  ой  оны  жолға  шығарды.  қыс  бітіп,  көктем  басындағы 

ызғарлы күндердің бірінде қазалыны бетке алды. барар жері – даража 

апасы мен Жантөре жездесінің үйі.

Жақияның әскери борышын өтеп жүрген кезі.

Семей қаласы. 1955 жыл

30


аЛған Жары ЖігіттіҢ Жақсы боЛса...

сірә,  Шымкенттен  қазалыға  дейінгі  қасқа  жол  кешегі  бала, 

бүгінгі жас  жігіт Жақияның тағдырын жаңа арнаға бұрған  жол болды 

десек, бұл сөзімізді теріс дейтін жан бола қоймас. 

Шымкент  пен  қазалының  арасы  бүгінгі  күні  жақын.  ал,  ол 

кезде сатылап барсаңыз екі-үш күніңізді жәй жоғалтатынсыз. алайда, 

көк дөненнен көңілдің жүйрік болатыны рас екен, ой үстіндегі Жақия 

қазалыға қалай тез жеткенін өзі де аңғармай қалды.

ерте  көктемнің  салқын  күнінде  жүрегін  солдат  шинелінің 

ішкі  төс  қалтасындағы  үшбұрышты  хат  жылытып  келеді.  даража 

апасының  хаты.  Әскердегі  өмірінің  соңғы  күндерінің  бірінде 

алған.  амандық-саулықтан  кейінгі  «Жақияжан,  сен  менің  жалғыз 

бауырымсың.  ендеше,  менің  айтқан  тілімді  аласың,  тілегімді 

орындайсың. мына Жантөре жездеңнің күлпатша дейтін қарындасы 

бар, менің қайынсіңілім. сол қайынсіңілімнің бой жетіп келе жатқан 

өрімталдай изада деген қызы бар. Әскерден келген соң  сені изадамен 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет