Мейірбек ОРАЗОВ
КӨМЕКШІ СӨЗДЕР
( Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарына, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде)
2-КІТАП
ТАШКЕНТ. «Наурыз». 1997
Жауапты редактор Ақан Ташметов
Филология ғылымының докторы, профессор Мейірбек Оразовтың қолыңыздағы «Көмекші сөздер» кітабы – тілді зерттеушілер әлі де тереңдеп бойлай қоймаған соны тақырыпқа жазылған елеулі туындылардың бірі. Жалпы қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, филология факультеттерінің студенттеріне, тілді сүйетін барлық оқырмандарға арналған бұл шығармада көмекші сөздердердің тілдегі грамматикалық қызметіне, сөйлемде иелейтін орнына, олардың дамуы мен қалыптасуына байланысты заңдылықтар нақты мысалдармен дәлелденіп, жан-жақты талдау жасалады. Пайдаланылған әдебиеттер аясының кендігі кітаптың мазмұнын тереңдетіп, көмекші сөздердің зерттелмеген қырларын айқындай түскен.
Оразов М.
Көмекші сөздер (Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарын, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде) /Жауап ред: А. Ташметова /. –Т.: «Наурыз», 1997. -?б
ББҚ 81.2 Қаз – 923
№ 384-97
Алишер Навойи номидаги Узбекистон
Республикасининг давлат кутубхонаси
Нусуха 2000
Карт. Нусухаси 4000
С «Наурыз» баспасы, 1997 ж.
КІРІСПЕ
Қай елдің сөздік құрамындағы сөздерді алып қарамайық, олардың барлығы да белгілі бір орын алатындығы анық. Бірақ, тіл элементтернің өзара қатынасы өте күрделі және бірнеше қатпарлы байланыстан тұратындығы да тілшілерімізге мәлім. Сондықтан сөздерді мағынасына қарай да, тұлғасына қарай да, түрлену ерекшелігіне қарай да, сөйлемдегі синтактистік қызметіне қарай да бірнеше жолмен топтастыруға болады, осы негіздерде топтастырылып та жүр. Кейде жоғарыдағы белігілердің бірнешеуінің басын қосып, күрделі бір категория етіп, сөздерді жинақтау дәстүрі де кездеседі. Мысалы, қазіргі тіл білімінде тән алынып, көпшілік грамматика авторлары мойындаған сөз табы осы бірнеше белгілерге сүйенген сөздердің күрделі тобын қамтитын лексикаграмматикалық категория болып саналады.
Түрік тілдерінде сөздерді сөз тобына топтастырудың дәстүрлі принциптері, ұзақ тарихы барлығы анық (50,100). Осы топтастырудың барлығында да, қазірше түркі тілдері бойынша жарияланған оқулықтардың көпшілігінде сөздерді атауыш сөздер және көмекші сөздер деп екіге бөлу үрдісі бар. Жалпы төл тілдеріндегі көмекші сөздерді бар екендігін мойындау көне үнді, грек тілшілерінің еңбектерінде де кездеседі. Түріктаным тарихында көмекші сөздерді, барлық тілші ғалымдарының бір ізді тән алмағандығы анық. Мысалы, О.Сенковский түрік тілдеріндегі көмекші сөздердің қатарына үзре, гиби, ашыры, дейин, бери, башқа сияқты шылау сөздермен бірге сиз, декі сияқты қосымшаларды да енгізген (226). М.А. Қазамбек те түрік тілдеріндегі көмекші сөздерге арнайы тоқталып, оларға уәре, учин, иле, биле сияқты сөздермен бірге –ча, -дый, -дыг және септік жалғауларын да қосады (106). Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірлерде жасаған орыс ориенталист ғалымдарының көмекші сөздердің ғылыми негізіне терең талдау жасай алмайтындығы өз-өзінен мәлім болатын. Біріншіден, ол кезде тіл білімі пәнінің даму деңгейі өте жоғары болмайтын. Екіншіден, түрік тілдерінің грамматикалық құрылымын зерттеу енді-енді қолға алына бастаған кезең еді. Үшіншіден, ол кездегі түркі тілін зерттеген ғалымдардың алдында түрған мақсат мүлде басқа болатын.
Көмекші сөздердің табиғатын анықтауға молжалданылған зерттеулер Қазан төңкерісінен кейін де жасалынды. Бұл салада еңбек еткен бірнеше көрнекті ғалымдардың аттарын атауға болады: В.А. Гордлевский, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, А.Ысқақов, Ш.Шаабдурахманова, Ф.Зейналов, М.И.Кыдыров, Р.Әміров, В.А.Исенгалиева, Н.Оралбаева, И.Е.Маманов, Ф.Кенжебаева т.б. Көмекші сөздердің зерттеліну тарихы қанша ұзақ болғанымен, олардың табиғатын ғылыми негізде анықтау үшін біршама еңбектер жазылғанымен, олардың басы ашылмай жатқан мәселелері, анықталуы қажетті болған проблемалары жоқ емес. Мысалы, көмекші сөздердің басын қосып, оларды бір топқа топтастырып тұрған негізгі белгісі не? Көмекші сөздердің лексикалық, грамматикалық мағыналарын, қалыптасуын қалай анықтауға болады? Көмекші сөздердің дамуын қалыптасуын қалай анықтауға болады? Бұл сияқты сұраулардың тізімін соза беру мүмкін. Н.Оралбаева қазақ тіліндегі көмекші сөздерге байланысты жазған бір еңбегінде мына мәселелердің шешілуі қажетті деп санап көрсетеді: «1. Қазақ тіл білімінде грамматикалық қызметіндегі көмекшілері толық анықталмаған. 2. Қазақ тілінің грамматикалық құрамындағы көмекшілердің ортақ белгілері, жалпы қасиеттері ашылмаған. 3.Көмекші сөздердің мағынасы жалпы тіл білімінде даулы мәселелер қатарына жатады. Ғалымдардың біразы көмекші сөздердің лексикалық мағынасын, енді бір тобы грамматикалық мағынасын таниды, кейбір ғалымдар көмекші сөздер ешбір мағына бермейтін, бос сөздер (пустые слова) деп санайды. 4.Көпшілік тілдерде толық мағыналы сөз бен көмекші сөздердің тіркесінің грамматикалық» (142). Н.Оралбаева-көмекші сөздердің табиғатын анықтауда біршама еңбек еткен ғалым (191;192), сондықтан оның пікірімен санаспауымызға болмайды.
Көмекші сөздерді жеке сөз ретінде қарап, оның лексика-семантикалық сипатын анықтауға болады. Бұл жөнінде пікір айтқанда, біріншіден, көмекші сөздерді сөз деп атауымызға бола ма? Олар жеке сөз болса, онда олардың лексикалық, грамматикалық мағыналарын қалай анықтауға болады, ара жігін қалай ашуға болады? Атауыш сөздер мен көмекші сөздердің арасындағы айырмашылықты нақтылы мысалдармен санап көрсетуге бола ма? Көмекші сөздердің дамуы, қалыптасу процесі кезінде семантикалық заңдылықтар ықпал ете ме, деген сияқты қырау мәселелерді анықтау қажет. Сондай-ақ кей көмекші сөздерді морфология аясында қарап, аналитикалық форманттың бір сыңары деп танып, грамматикалық категориялардың көрсеткіші ретінде де зерттеуге болады. Н.Оралбаева көмекші етістікті нақ осы жоспарда зерттеген. Бұл жағдайда аналитикалық форманттың құрамындағы көмекші сөздердің мағынасы неге тең? Грамматикалық категорияның көрсеткіші құрамында болғандықтан оның қосымшалардан айырмашылығы неде? Аналитикалық форманттардың мағынасы сол форманттың құрамындағы элементтердің жиынтығы, қосындысы ма? Жоқ, әлде олар жаңа мағынада қолданылады ма? Аналитикалық фоманттардың түбір сөзбен тіркесе (қосылуын) қолданылуын тек грамматикалық заңдылықтармен түсіндеруге бола ма? деген сияқты сұрауларға жауап іздеу керек болады. Көмекші сөздер тек морфологияның аясында ғана қалып қалып қоймастан, онда сөз бен сөзді , сөйлем мен сөйлемдерді байланыстыру үшін де, сөйлемге түрлі модель, мағына үстеу үшін де қолданылады. Тіпті кейбір көмекші сөздер таза синтаксистік қызмет атқаратындығы да анық. Сондықтан олар синтасисті зерттейтін ғалымдарымыздың да зерттеу объектісіболғанда мына мәселелерге қатысты сөз болатын сияқты. Біріншіден, көмекші сөздердің сөздерді өзара байланыстырудағы қызметі неде? Құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстырғанда олардың мағынасына ықпал ете ме? Кез-келген көмекші сөз кез-келген сөйлемді, сөйлемді байланыстыра бере ме? Жоқ әлде, көмекші сөздер өздерінің мағынасына қарай сөйлем мен сөйлемді, сөз бен сөзді байланыстыра ма? Көмекші сөздердің сөйлем мүшесімен байланысы қандай? Сөйлемнің құрамында қолданылған көмекші сөздердің сөйлемнің түріне, құрамына ықпалы бар ма? т.б. Бұл саналып етілген мәселелер етілген қазақ тілі білімінде болсын, түріктанымда болсын, жалпы тіл білімінде болсын, түрлі дәрежеде сөз болып келе жатқан мәселелерден саналады. Бірақ онда әр жерде, өз алдына сөз болып, бірі екіншісімен байланыспай, бір жобаға, ғылыми-теориялық жалпылауға түспей жүрген болатын. Енді бұларды жинақтап жалпылаудың күні, сағаты туған сияқты. Бірақ ұсынылып отырған кітап бұл мәселелерді толық қамтуды мақсат етпеді. Автордың бұрынан қызығып жүрген, біршама пікірлерін жариялаған, тарихи-салыстырмалы грамматикамен байланысты жазып жүрген, біршама пікірлерін жариялаған, тарихи-салыстырмалы грамматикамен байланысты жазып жүрген еңбегінің жалғасы ретінде, соның көлемінде ғана бұл мәселелер сөз болмақ. Көптеген көмекші сөздердің мағынасына, сөйлемдегі қызметіне талдау жасалынбай, үлгі ретінде бірнешеуіне ғана талдау жасадық. Сондықтан автор мәселені толық қамтуға дауагер болмай-ақ, кейінгі зерттеулерге қозғау салып, сілтеме берсе өз мақсаттары орындалады деп есептейді. Егер оқушы қауым пікір айтып, ұсыныс жасаса, автор өз ризашылығын алдын ала білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |