Өте, тым, аса, тіптідеген сөздердің өте жақсы, тым биік, аса сұлу, тіпті ұзын сияқты тіркестерде қолданылғанда дербес лексикалық мағына білдірмейтіндігі, өздері қатысты болған сын есімдерге тек күшейту, асыра көрсету мағынасы қосылып тұрғандығы анық. Сондықтан бұл сөздерді көмекші сөздердің қатарына қосу керек болады. Бірақ оларды шылау көмекшілерге де, функционал (атауыш) көмекшілерге де қоса алмаймыз. Себебі, функционал көмекшілер де, шылаулар да толық мағыналы екінші бір сөздің жетегінде келіп, оның белгілі бір грамматикалық формада тұруын талап етеді. Ал асырмалы шырай формалары керісінше өздері қатысты болған сөзден бұрын келеді де, олардың тұлғасына қатысы болмайды. Осы қасиетіне байланысты көмекші сөздерді, индоевропа тілдеріндегі сияқты, алды (сөздердің алдынан келетін) және сөз алдынан қолданылатын көмекшілер деп екіге бөлуге болады. Сөз соңынан қолданылатын көмекші термині де, сөз алдынан қолданылатын көмекші термин де өзбек тіл білімінде қолданылған болатын (238;103), бірақ соңғы кездерде (ре, ең сияқтыларды үстеу қатарына қосқандықтан, тек сөз соңындағы көмекшілер туралы ғана сөз болып жүр.
Түркітанымда көмекші сөздердің бір тобы ретінде модаль сөздер де алынады. Қазақ тілішілері модаль сөздерді жеке топ ретінде бөліп алса да, оларды көмекші сөздердің қатарына қоспайды. Тіпті қазақ тілінің кей оқулықтарында модаль сөздер жеке бөлініп те алынбаған. Дегенмен де, қазақ тілінің материалының көрсетуінше, модаль сөздер семантикалық, синтаксистік қызметі жағынан жеке топ ретінде бөліп алуға болатындай ерекшелікке ие. Басқа түркі тілінің мамандары модаль сөздерді бөліп алып дұрыс қылып жүр. Модаль сөздердің мағына дербестігін анықтауда бір ізділіктің болмауы оның зерттелінбеуінен емес, модаль сөздердің өздерінің бір типті болмауынан. Мысалы, керек сөзі модаль сөз деп есептелінеді. Текстегі қолданылуына байланысты бұл сөздер де анықтауыш та, толықтауыш та бола алады. Керек заттың ауырлығы жоқ дегенде анықтауыш қызметінде қолданылып тұр. Керек іс бозбалаға – таланттылық, Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық(Абай). Ақыл керек, іс керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек (Абай). Келтірілген мысалымыздың біріншісінде керек анықтауыш болса, екіншісінде сөйлемнің баяндауышы болып тұр. Бірақ бұл сөз көмекші сөз сияқты екінші бір сөздің жетегінде келіп, сонымен бірге сөйлемнің бір мүшесі болуы, мәжбүрлік, болжамдық, белгісіздік мағына білдіруі де мүмкін. Салыстырыңыз, Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық, – Бұл қайраттан шығады білсең керек (Абай). Керек сөзі, кейде сөйлемнің оңашаланған мүшесі ретінде де қолданылады. Мысалы, Жолдан қорқып айнымас шегінісіп, Қайтпас өлсе де бір сөзбен не керек (Абай). Бұл сияқты көп функционалдық модаль сөздердің көпшілігіне тән (82,87). Сондықтан да модаль сөздерді көмекші сөздердің қатарына жатқызу үшін әр сөзді жеке-жеке талдау мағынасын анықтау керек. Біздіңше, модаль сөздерде көмекші сөздерге тән қасиет барлығын жоққа шығаруға болмайды.
Түркі тілдеріндегі шылау сөздердің лексикалық мағынасы тіпті зерттелінбеген десек те болады. Айтылып жүрген пікірлер, негізінен, дұрыс болғанымен, арнайы зерттеуді талап ететіндігі анық. Шылау көмекшілердің лексикалық мағынасының дерексіздену дәрежесі мүлде жоғары болғандықтан да оны шылаулардың сөйлемдегі қызметімен байланысты анықтаған жөн. Ең алдымен, шылау көмекшілерді қызметімен байланысты ажыратып алу керек сияқты. Мысалы, септеулік шылаулар жеке сөздермен байланысты қолданылып, оның мағынасын толықтырып, сонымен бірге бір синтаксистік байланысқа түссе, жалғаулық шылаулар таза синтаксистік қызмет атқарады. Нәтижеде септеулік шылаулар сөз формасы ретінде қаралып, септік жалғауын толықтырады, мағыналарын тиянақтайды. Мағыналық дербестік дәрежесіне қарайтын болсақ, септеулік шылаулар сөз формасы ретінде қаралып, септік жалғауын толықтырады мағыналарын тиянақтайды. Мағыналық дербестік дәрежесіне қарайтын болсақ, септеулік шылаулар функционалды көмекші сөздерге жағын, сыбайлас тұрады. Ал жалғаулық шылаулар лексикалық мағынасын дерексіздендірген. Осы қасиетімен байланысты септеулік шылауларды өздері тіркесіп келген сөздердің тұлғасымен байланысты топтастыру, жалғаулық шылауларды байланыстырған сөздер мен сөйлемдердердің арасындағы семантикалық қатынас негізінде іштей кіші топтарға бөлу дәстүрге айналып қалған.
Тілшілеріміз арасында, әсіресе көмекші сөздерде лексикалық болсын сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыру үшін қолданылатын болғандықтан, олардан лексикалық мағына іздеп жатуымыздың өзі дұрыс па деген сұрау туатындығы анық. Шындығында да септеулік шылаулар да, жалғаулық шылаулар да байланыстырушы қызмет атқаратындығы даусыз. Біз жоғарыда септеулік өзініңалдындағы зат есімнің, не орнында қолданылған есім сөздің белгілі бір септік жалғауында тұруын талап етеді де, өздері сол септік жалғауының мағынасын толықтырады, нақтылайды дедік. Ал септік жалғауының негізгі қызметінің өзі – сөз бен сөзді байланыстыру. Демек септеулік шылаулар да осы байланыстырушы қызмет атқарады. Бұны атау септікті сөздермен тіркесіп қолданылатын үшін, сайын, арқылы, туралы септеулігімен байланысты анық дәлелдеуге болады. Бірақ бұл шылауларда мүлде лексикалық мағына жоқ деуге негіз бола алмайды. Кез келген септеулік шылау өздері тіркескен сөзді екінші бір сөзбен байланыстырғанда да, септік мағынасын нақтылағанда да өз дербестігін сақтайды. Мысалы, үшін, дейін, қарай септеулігінің мағынасын талдап көрейік.