Коммерциялық емес ашық акционерлік қоғам
ҒҰМАРБЕК ДӘУКЕЕВ АТЫНДАҒЫ
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ
Әлеуметтік пәндер кафедрасы
№ 1 Өзіндік жұмыс
Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәні
Тақырып: ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қазақ қайраткерлерінің ағартушылық және саяси қызметі
Мамандығы: 6В06201-«Радиотехника, электроника және телекоммуникация»
Орындаған: Естемес Аян Тобы: РЭТк 21-6
Тексерген:
_____________ ______________ «_____» ______________2020__ж.
(бағасы) (қолы)
Алматы, 2022
ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тəуелсіздік күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқақ білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Ғұмар Қарашев, Ғабдұлғазиз Мұсағалиев, тағы басқалар, бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
Шын мəнінде олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен, əрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айырықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан- жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман болды.
Бірақ жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орын толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап, дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға «байшыл», «кертартпа», «діншілдер» деп ойдан шығарылған, цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тəуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке «қажетсіз» санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.
ХХ ғасырдың басында орталық Қазақстанда туып, ұлтының тəуелсіздігі үшін күрескен қазақ зиялылары — Ə. Бөкейханов, Н. Нұрмақов, Ж. Сəдуақасов, Ж. Ақбаев, тағы басқалардың еңбегінде қазақ халқының тəуелсіздігі, жерінің азаттығы, азаматтық құқығының жоқ болуы туралы ой-пікірлер, ұсыныстар, азаттыққа жету жолдары туралы терең тұжырымдар жасалған.
Тарихшы-ғалым ретінде Бөкейханов халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісінің орасан зор маңызын түсінді. 1926 жылы ол орыстың тарихшысы, профессор Шестаковпен бірігіп, көтерілістің 10 жылғы мерейтойына арнап, «1916–1926» атты еңбек жазып шығарды. Онда қазақ көтерілісінің Ресей Империясының қоластындағы башқұрт, өзбек, қырғыз сияқты халықтардың да бас көтеруіне үлкен себеп болғандығына назар аударады, көтерілістің 1917 жылы патшаны тақтан құлатудағы елеулі ролін айтады, ол қазақ көтерілісінің қаналушының қанаушыға қарсы «таптық» сипатта емес, отаршылдарға қарсы ұлт-азаттық бағытын көрсетеді. Қарусыз бейбіт халықты қырған, патша əскерінің қинаяттық іс-əрекеттерін сынайды.
Ə. Бөкейханов қазақ халқының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері мол мəдениетін, тұрмыс-салтын, əдет-ғұрпын, сенім-нанымын, өнерін зерттеп жазып, айтарлықтай мұра қалдырған. Ол қазақ ұлтының жүздік, рулық-тайпалық құрылымын зерттеген, қазақтың шежіресін жазған. Ол Павлодар мен Қарқаралы уездерін мекендеген қазақтардың жəне төле мен төлеңгіттердің шежіресін жазып, оны Ф.А. Щербина экспедициясы «Материалдарының» IV (1903) жəне IV (1905) томдарында жарияланған.
Ə. Бөкейханов жазған «Аңқау елге — арамза молда», немесе «О киргизских поминках», атты мақаласы өте қызық. «Би һəм білік» атты мақаласында қазақтың заң мен билік мəселелері баяндалады. Қазақ халқының тəуелсіздікке қол жеткізуінің бір жолы — ол Мемлекеттік думаға қатысуы арқылы қазақ халқының құқығын қорғауға болады деп сенді. Ол Орыстың география қоғамының Батыс-Сібір бөлімі мүшесі ретінде қоғамның ғылыми мəжіліс-жиналыстарында қазақтың мəдениеті, тұрмыс салты, өнері жайында баяндамалар жасап, дəрістер оқыған. Сол арқылы өз ұлтының басқа ұлттармен қатар тəуелсіз өмір сүруге болатындығын дəлелдеуге ұмтылған. Ол орыстың ғалымы Г.Н. Потанинге қазақ халқының əн-күйін, ою-өрнегін, тұрмыстық құрал-сайманын жинасып, Томск, қаласында қазақтың өлкетану музейін ашуға көмектеседі. Оның əрбір іс-əрекеті Қазақстанның дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру мақсатына арналады.
Ə. Бөкейханов Ф.А. Щербина бастаған «Жер жөніндегі министрліктің ғылыми экспедициясына» қатысады. 1896–1901 жылдары аралығында бұл экспедициясы сол кездегі Қазақ өлкесінің Ақмола жəне Семей облыстарының 12 уезіне жұмыс жүргізді. Əлихан Бөкейханов бұл экспедицияға дейін Тобыл губерниясында жүргізілген санақ жұмыстарына қатысып, тəжірибе жинақтаған. Сондықтан да Щербина экспедициясына жеке зерттеу тобын басқарған. Экспедицияның негізгі мақсаты — ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресей үкіметінің қоныстандыру саясатының объектісіне айналған қазақ даласын жан-жақты зерттеу. Қазақ шаруашылығын үйді-үй қора-қора басымен есепке алу, жайлау, қыстау, егіндік, шабындық жерлердің көлемін анықтау арқылы, қазақтың жер-суын, орман тоғайын, шөл-даласын есепке алу керек болды. Экспедиция жұмыстары біткеннен кейін жиналған бай материалдарды іріктеп, белгілі тəртіпке келтіріп өңдеп, ғылыми қорытындысын жазысады. Қажетті деген ғылыми есеп кестелерін жасайды. Жер-судың карталарын сызады. Қазақтың шаруашылығына, егіндік, шабындығына, қыстау, жайлауына ғылыми сипаттама береді. Жиналған деректерге сүйене отырып, Павлодар, Қарқаралы, Семей, Омбы уездеріндегі «байырғы тарихи аудандарын» анықтап, оны картаға түсіреді. Қазақ шаруашылығының экономикалық тиімділігін есептеп шығарады. Экспедицияның қорытындылары 1903–1905 жылдары аралығында 13 том болып жарыққа шыққан. Ғалымның «Павлодарский уезд», «Родовые схемы киргиз Каркаралинского уезда», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Осы еңбектерінде Ə.Бөкейханов қазақ халқының мүддесін қарапайым мысалдар келтіре отырып қорғағаны байқалады.
Ə. Бөкейхановпен қатар қазақ халқының тарихында саяси ұйымның белсенді көсемдерінің бірі Ə. Ермеков болды. Ол Алаш партиясының мүшесі болып, өмірінің соңына дейін қалады. Оның еңбектерінде ұлт жандылығы, өз принципіне берікті, езілген қазақ халқының қамын ойлап, тек соның азаттығы үшін жұмыс атқарғандығы сезіледі. Ол Кеңес үкіметіндегі басқа партияға мүше болмайды.
«Қазақ» жəне «Сарыарқа» газеттерінде Алаш партиясының негізгі бағдарламасын насихаттап, қазақтың нағыз жанаршылары осы партияның төңірегіне топтасу керек дейді. Ақпан революциясынан кейін барлық қазақ зиялылар сияқты, Ə. Ермековте қазақ үшін бостандық, теңдік күні туды деген рухани серпіліс болады. Ендігі мақсат — автономия алу, оның қаншалықты қажеттігін жан-жақты дəлелдеу мен ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласады. Оның пікірінше, Ресей мемлекетінің шет аймақтарындағы өмір салты, даму дəрежесі өзінің ұлттық негізінде болу керек. Қазақ халқы үшін шаруашылығына сəйкес, тұрмыс тіршілігіне, əдет-ғұрпына лайықтап, заң шығару тек қазақ халқының өз үкіметінің міндеті дейді. Ə. Ермеков бастаған семейлік Алаш төңірегіндегі топтасқан ұлт зиялылары құрылтай жиналысына, депутаттар сайлау жұмысына да айналысады. Ол қазақ халқының өзінің басты мақсаты — ұлттық мемлекеттігін қайта қалпына келтіруге тиіс деген ойды өмірінің соңына дейін насихаттайды. Ə. Ермековтың қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасуы, дамуы, əсіресе оның Алаш партиясындағы саяси қызметі, оның қазақ жеріндегі отарлық езгіден азат ету жолындағы саяси күресінің нақты айғағы. Отаршылдық саясаттың ауыр зардабы, ашаршылық пен күйзеліс Уақытша үкіметтің жалған уəделері, қазақ ұлтына теңдік алу жолындағы күресінде кедергі болды. Ə. Ермековтың көзқарасында Қазақ төңкерісінің жеңісімен байланысты жаңа бағыт байқалды. Оның пікірі бойынша, «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы» (1917 ж. 2 қараша) мен Кеңес үкіметінің «Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне үндеуінде» (1917 ж. 20 қараша) жарияланған негізгі бағыттардан үлкен үміт күтті. Сол үміттің арқасында ол 1920 жылы Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Уақытша əскери революциялық комитет қатарына өтеді. 1917 жылы 17 тамызда Мəскеуде өткен Халық комиссарлары Кеңесінің мəжілісінде Ə. Ермеков қазақтар мен орыс қоныстанушылардың қазақтардан тартып алған жерлерін ежелгі иелеріне қайтаруды талап етіп, жер реформасын жүргізу жəне қазақ жерін, оның орыс отарлауына дейінгі шекарасы белгілеуді талап еткен баяндама жасайды. Ə. Ермековтың қазақ халқы үшін атқарған қоғамдық-саяси қызметінің бір маңызды кезеңі Алаш үкіметі тарихынан кездеседі. Алаш қозғалысының жетекшілерімен бірге ол да қазақ жерінде ұлттық автономия құру туралы шешімді қолдайды. Ақпан революциясы əкелген жалпы демократиялық федерация мен Құрылтай жиналысын қолдап, ел ішіне бүлік салған большевиктердің саясатын сынайды. Ə. Ермеков, басқа қазақ зиялылары сияқты, антибольшевиктік күштерді қолдау арқылы, ең алдымен халықтың амандығын, елдің тұтастығын сақтауға ұмтылады. 1918–1919 жж. бүкіл елді қамтыған шиелініске толы уақытта зиялыларымен бірге Ə. Ермековте Қазақстанның екі топтың ортасындағы қантөгіс майданынан құтқаруға, қазақ елінің дербестігін қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктерді қолданады. Сол кездегі қазақ күрескерлерінің басында болған Ə. Ермеков ел тəуелсіздігін жоғары қойып, бірін-бірі күшпен алмастырған əр түрлі орыс үкіметтерімен жүргізген келіссөздерге араласып отырды. Ұлттық мүдде үшін туған халқының игілігі үшін күрескен Ə. Ермеков, тағы басқа қазақ зиялылары Кеңес үкіметтінің құдалау саясатына тап болды.
1921 жылы РКП (б) Х-ші съезінде ұлт мəселесі туралы проблема көтерілді. Осы съезде қосымша баяндама жасаған Ə. Ермеков қазақ даласының жалпы əлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайына тоқталды. Ол былай деді: «Каспий теңізі теріскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақырымға, Нарын құмына дейін созылған, шаруашылыққа тиімді шығанақ-бұғазды орыс помещиктеріне, алпауыт- тарына əперілген, басқаша айтқанда, П.А. Столыпиннің Мемлекеттік думада «қазақ жерін игеру» деуінен кейін «Миллионный фонд» деп аталған өңірді жəне Ертістің қазақ жерінде ағатын өне бойының екі жағын, он шақырымнан қатарлыстыра кесіп алып, сібірлік казак-орыстарға тартып əперген жерлерді болашақ Қазақ республикасына қосу керек» деп айтады [10; 134]. Бүгінгі Қазақ- станның тəуелсіздігін алу жолындағы күрес тарихында Ə.Ермековтей тұлғалардың еңбектері өте зор.
Орталық Қазақстаннын тарихи тұлғаларының бірі — Ж. Садуақасов. Ол 1924 жылдың қыркүйек айынан 1925 ж. мамыр айына дейінгі аралықта Қызылорда қаласында Қазақ автономиясының Халық Комиссариатының орынбасары болып қызмет атқарады. Осындай қызметте жүргенде Қазақ мемлекетінің өз алдына дербес басқару жүйесін қалыптасуына мəдени-шаруашылық құрылысының дамуына көп еңбек сіңірді. Əсіресе оның 1928 ж. Юстиция Халық Комиссариаты жəне Республика прокуроры болып қызмет атқарған кезінде Қазақстанда заңдылықты нығайтуға, заң кадрлерін тəрбиелеуге халықтың мүддесіне қажетті заңдарды қабылдауға, мемлекеттік заңдылықты сақтау жолында зор еңбек сіңірді. Оның пікірінше, Қазақстаннын заң органдары Орталық əкімшілік органдарға тəуелділігі Қазақстанда тəуелсіз мемлекет ісін алға бастыруға кедергі келтіреді. Кеңес үкіметінің байларға қарсы ашық күресі, қазақ халқының сайлау құқығынан айырудың бір жолы деп түсінді. Қазақстандағы байлардың малын тəркілеу туралы іс-əрекеттің барысында халықтың наразылығы туралы арыздарды талқылай келе, жергілікті билік органдарының, билікті шектен тыс орынсыз пайдалануы болып жатқандығын дəлелдейді. Əсіресе ол ел ішінде орнаған заңсыздықтарды жоғарғы органдарға хабарлауды өзінің мақсаты санайды. Сөйтіп, 1924 ж. 3 қазанда Қазақстан атқару комитетіне жіберген хабарында ол былай деп жазды: «Кеңестік аппараттың жекеленген адамдарының тəркілеу процесінде қылмыстық істер жасағандығы анықталып отыр». Осылайша Кеңес үкіметінің Қазақстан даласындағы жүргізген саясатының өрескел қателіктерін ашық білдіріп, өз басын қатерге тігеді. Ж.Садуақасов қазақтың басқа зиялыларымен бірге Қазақстандағы мəдени құрылыстың дамуына үлкен үлес қосады. Əсіресе ұлттық баспасөзді күшейті, ғылыми-мəдени мекемелерді ұйымдастыру, қазақ əдебиетінің болашағы туралы жəне жастарды оқыту мəселесіне, аштықпен күрес жұмыстарына белсене араласып, ХХ ғ. басындағы тəуелсіз Қазақ автономиясының дамуына өз үлесін қосады.
Орталық Қазақстанның саяси тұлғаларының бірі, қазақтың алғаш заң магистрі Ж.Ақбаев.
Өзі заңгер болғандықтан, қазақ даласындағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, патша үкіметінің ХХ ғ. басындағы қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатын сынап, қазақ халқының атынан атақты «Қарқаралы петициясын» жазып, сол арқылы қазақтың жерін, құқығын, рухани дамуын тежеп отырған фактілерді анықтап, патша атына хат жолдады. Соңғы кездері ғана қазақ зиялылары, соның ішінде Ж.Ақбаевтың өмірі мен қызметі туралы алғашқы зерттеулер шыға бастады. Ол 1905–1907 орыс революция жылдарындағы қазақ даласындағы азаттық қозғалыстың басында болды. Қазақтардың арасында сайлау, жер мəселесі, рухани бостандық, саяси теңдік мəселелер жөніңде заңгер ретінде ашық үгіт-насихаттын жүргізді. ХХ ғ. басында қазақ зиялыларының еңбектерінде тəуелсіздік идеясы басты мақсат болып қойылды. Солардың ерен еңбектерін іс жүзінде шындыққа айналдырып, бүгінгі тəуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын тарихи белеске көтерген, сол жолда барлық өмірі мен қызметін арнаған ел Президенті де Орталық Қазақстанның өнеркəсіпті, мəдени, тарихи өлкесінде саяси күрескер, тарихи тұлға ретінде қалыптасты. Оның танымдық, тəрбиелік, теориялық мəні жоғары еңбектерінде тəуелсіздік үшін бейбіт замандағы күрес жолдары, асыл арманға жету мақсаттары көрсетілген. Олай болса, бүгінгі Орталық Қазақстан жерінде өмірге келіп, қызмет атқарған тарихи тұлғалардың еңбектерін жас ұрпаққа оқытып үйрету, сол арқылы тəуелсіздікті нығайту — бүгінгі қазақ зиялыларының басты міндеті.
Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейі мен рухани парасатымен танылған алаш азаматтары ұлт болашағы үшін күресін, бостандық пен бақытты өмір сүруге шақырған отансүйгіш азаматтар шықты. Солардың қатарында Павлодар облысы Баянауыл ауданында 1893 жылы туған ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1912–1914 жылдары Троицк қаласында Рахманқұлидың медресесінде оқиды. «Айқап», «Абай» журналдарында, «Сарыарқа» газетінде қызмет атқарды. Ақын көптеген лирика, философиялық толғау, дастан, роман жазды. Қазақ халқының өткен тарихынан мол хабар беретін еңбектер жазды. «Адасқан өмір», «Айтыс», «Кедей», «Кім жазықты», «Қамар сұлу» поэмалары мен романдарды жазып қалдырған. Ақын шығармаларына, оның ішінде «Адасқан өмірге» талдау жасағанда оның қоғамтану көзқарасын пайымдауға болады, яғни Сұлтанмахмұт дүниетанымының қалыптасуының бастауы қазақ халқының рухани қазынасы, төл тарихы, далалық ауызша тарихнама болып табылады. Осы еңбегінде əділдік, адамды адам қанамайтын қоғамдық құрылыс қажет деген пікірде болады. Қазақ қоғамында болып жатқан саяси процестерді бақылай отырып, олардың мəнін өз шығармаларында сипаттап, өзіндік баға беруге ұмтылған. Əсіресе ол «əділдік» жолы оқу, ағарту, тəрбие арқылы келеді деген ұстанымда болды. Өз халқының бойына əділдікті сіңіріп, сол арқылы еркін болуы адамның ары мен рухани дүниесінің егіз екендігін көрсетуге ұмтылған. Қазақ қоғамындағы теңсіздік, оның ішінде əйел құқығының болмауы, би-болыстар халық арасындағы қатынаста теңдіктік, əділеттіліктің жоқтығына қиналып, оны жою жолдарын өнер, ғылым, оқу, мəдениетті дамыту арқылы жетуге болатына сенеді. Ақын өз еңбектерінде «əділдікті» жырлағаны бүгін күнгі «адамға тұлға» деп қарау керек деген ұғыммен үндесіп жатқанын көруге болады. Адам еркін болуы əділетті демократиялық қоғамда орнаған жағдайда ғана іске асады, осыны ақын ХХ ғ. басында түсіне білді, ХХ ғ. басындағы өтпелі кезеңде, əсіресе Ақпан төңкерісі нəтижесінде «Бостандық, теңдік, əділеттілік» деген ұрандардың шығып, ел қандай бағытқа бет бұрарын білмей тұрған уақытта қазақ зиялылары ел болып Құрылтай съезін өткізіп, халықтың болашағын қарастырып жатқан уақыт ықпалында Сұлтанмахмұт «Таныстыру» атты поэзиялық тарихи мəні мол еңбегі жарық көрді. Бұл шығарма қазақ елінің алдында тұрған сол кездегі «Кімнің соңынан ереміз, елін бастайтын көшбасшы бар ма?» деген жанды сұраққа жауап бергендей, сол сұрақты шешуде үлес қосқандай болды.
Ел бол, есінді жи, оян, қазақ, деген өміршең ойлар арқылы тəуелсіз ел болуды үміттеген қазақ зиялыларының еңбектерінде тəуелсіздік идеясы айқын көріне бастады. Оны поэмасындағы мына жолдардан көруге болады:
Туғанда құдай иіп мұндай заман
Сұрайтын бір сөзім бар сенен балам.
Тап біздің осы Семей облысының
Көшбасшы адамдарын айтшы маған...—
деген сұрақ қою арқылы тəуелсіздік жолына бастайтын тарихи тұлғаны көрсетуге ұмтылады. ХХ ғасырдың басында саяси күрестің ортасында жүрген, ұлтының тəуелсіздігі үшін күрескен Ə.Бөкейханов жайлы былай деп жазды:
Ешкімнің Əлиханға барма сөзі,
Демейді қандай қазақ оқ қөзі.
Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,
Талассыз жеке жара тұр ғой өзі.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір бас үшін жалданбаған.
Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,
Басқа ойды өмірінде малданбаған.
Заманда басқан аяқ кері кеткен,
Жасымай алашына қызмет еткен.
Болсада қалын тұман қаранғы түн,
Ататын бақ жұлдызына көзі жеткен...
Поэмадағы осы жолдар арқылы тарихи тұлғаны сипаттай отырып, қазақ қоғамындағы өзгерістің басталуын, қазақ халқының басынан өткен азапты өмір, құдалау, түрмеге жабылу сияқты қиындықты көрсете отырып, Уақытша үкіметтің берген жоғарғы лауазымды қызметіне алданбай, кезінде қазақтарға тəуелсіздік беру идеясына қарсы болған кадет партиясынан Бөкейхановтың шығып кетуі, оның жеке басы үшін емес, елі үшін бейнет көруі баяндалады. «Түймеге жарқылдаған алданбаған» деген өлең боларлық мəні де жоқ емес, халыққа берген уəделерін ұмыт жүрген депутаттарға да осы поэманы бір рет оқып шықса, артық болмас еді. Сұлтанмахмұт Ə. Бөкейханов, Ə. Ермеков, Х. Ғаббасұлы, тағы басқаларды таныстыру арқылы тəуелсіздік жолындағы күресті көрсете білді.
Қазақ халқының тəуелсіздігі үшін күрескен М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ə. Бөкейхановтарды қазақ халқының айы мен күніне теңеген. Осы шығармасында ұлт мақсаты — тəуелсіз болу, сол жолда жүрегін, жанын аямай жүрген Алаш азаматтарының бейнесін жасайды. Олардың еңбектерін көрсете білген ақын сол арқылы өзі де сол тəуелсіздік алу жолында күрескеннін көруге болады. Қазақ даласында құрылған «Алаш» партиясы құрылып, оның бағдарламасы қабылданған шақта қазақ зиялыларының ел бірлігі, жер жайы, болашақ тəуелсіз мемлекет кұру туралы идеялары ақын жырларында жан-жақты берілген. Мемлекеттің болашағы жастар, олардың іскерлігі, білімділігі деп Президент Н. Назарбаев көрсеткендей, өз заманында елдің тағдырын шешетін, істерге білімді, ұлтжанды жас қазақ азаматтарының саяси сахнаға шығуы, олардың атқарған ерен еңбектерін көріп бағалай білді.
Сұлтанмахмұт Торайғыров еңбегінде тəуелсіздіктің берік тұғыры, ұрпақтар сабақтастығы деген қағида өз орнын тапқан. Мысалы, Шəкəрім Құдайбердіұлы туралы, онын қазақ еліне, жастарына жөн сілтеп, ұлт тіршілігіне араласып оқу, білім алудын қажеттігін көрсеткен еңбегінде былай айтылады:
Ерте оянған кісінің біреуі осы,
Бұл жұрттың түзеймін деп атұрғанын.
Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға
Ақсақал бола алғандай осы кəрің.
Қазақ деп жекелеме азамат де
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Шəкəрім қажының ел тілегі татулық, бірлік екенін қазақ зиялыларының съезінде сөйлеген сөзінде көрсетті, ақын содан сабақ алып, өзі осы ойды жалғастыра білді. ХХ ғасырдың басындағы аласапыран уақытта ақын өзі сипаттаған, жырлаған қазақ зиялыларының ұлтының емес, руының мүддесін ойлаған (Бүгіндегі зиялыларда бар емес пе?), ел арасына ірткі салған істер де баяндалады. Олай болса, тəуелсіздік жолындағы күрестің тарих ғылымында əлі объективті бағасын алмай жатқанын ақын еңбегі аңғартады.
Ұлттық тұтастық жəне түрікшілдік идеяны дауылдата, тасқындата жырлаған ақындардың санында Сұлтанмахмұт Торайғыров ерекше орын алады. Оның өлеңдеріндегі ең өзекті мəселе, мақсат — түрік тарихы əлеміндегі тұлғалардың ерлік пен қайсарлыққа толы іс-əрекеттерін Батыс пен Шығысқа саяси билік жүргізген ата-бабаларының рухын жырлап, таныту арқылы ұлттық патриотизмді жандандыру, адамзат цивилизациясының, дамуының мешеу қалған қазақ халқын ұлы күреске шақыру еді. Сұлтанмахмұт Торайғыров түрікшілдікті былайша жырлайды:
Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Европаны тітір еткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып
Күн батыс, күн шығысқа өмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тəжім еткен.
Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
Бүгінгі күнде Қазақстан халқының алдында 50 алдыңғы қатарлы ел қатарына қосылу мақсаты тұр. Оған жету тек бəсекеге қабілетті, білімді, өнерлі халқы бар елдің қолынан келеді. Жастарды оқу- білімге, ғылым үйренуге, жаман əдеттен аулақ болуға шақырады.
...Тағы да қазақ байдың жастарына,
Əулекі, ішпей болған мастарына,
Білім өнер табуды керек қылмай
Мəз болдың ырғақ-ырғақ басқанына.
Тимеді сол себептен жалғыз, топшы
Ғаламға еркіндік нұр Тас қонында.
Қарасақ басқалардың жастарына,
Өнер, ғылым толып тұр бастарында.
Өзіне от, жел, суды жолмен қылып
Алланың сайран етер аспанында.
Ол заман неде болса өтті, кетті.
Біздерді мұндай пейіл тентіретті.
Өткендер қақсағанмен қайта келмес,
Көз ашып, сөз қосатын уақыт жетті.
Өткеннен сабақ алып, оқып, білім-ғылымды игеріп, адамзат тарихының прогресті жолына, оның ішінде ұлтының дамуына өз үлестерінді қос деп жырлаған. «Бір адамға» деген өлеңінде:
Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бəрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,»
Біздерде мынандай бар, мынадай бар!...
Кесені қолыма алып қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?»
деген өлең жолдарынан оның халықтың еңбегімен — жинаған байлықты берудің именденуі əділетсіздік деген ой жатыр. Қоғамдағы əділетсіздік сынау ақын шығармаларының басты мақсаты болған.
Ақын өмір сүрген кезең — ХХ ғасырдың бас кезі азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Қазақ жеріндегі отаршылдыққа, əлеуметтік езгіге қарсы күресте халықтың азаттыққа, рухани жаңғыруға ұмтылуы С.Торайғыровтың еңбектерінде көрніс тапты. Ол елдің дербес, тəуелсіз жолмен дамуына мəдениет пен прогреске ұмтылуын жақтады. Туған халқын феодалдық кертартпа салт-сананың, қараңғылықтың салдарынан ашып көрсетер өткір, сыншыл өлеңдер жаза отырып, халықты, ілгері ұмтылуға, өз тағдырын өзі жасауға қатысуға шақырды, өнер мен білім жолына үгіттейді, оқудың пайдасын əңгімемен, мəдениетті елдердің тіршілігін үлгі етеді. Үмітті жастарға артып, олардың ел, қоғам алдындағы міндетін түсіндіреді. Оның «Оқып жүрген жастарға», «Талаптарға», «Оқуда мақсат не?» деген шығармаларында оқып білім алып, халқына қызмет ету идеясын, осы салада бірігіп күш қосу керек дейді.
Халқының прогреске жетуі тек оқу, білім деп түсінген ақын «Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп алға ұмтылады, білім алып, халыққа қызмет етуді арман, мақсат тұтады.
Ақын өлеңдерінде патшаның отаршылдық саясатын, ел əкімдерінің екі жүзді қылықтарын əшкерелейді.
Қорыта келе, осы шағын мақалада қазақ зиялыларының еңбектеріндегі ұлттық идея: əділеттік, бірлік, ұлттық тілді-мəдениетті дамыту, оқу, білім алу, басқа елдер мен терезесі тең болу деген мəселелерге талдау жасай отырып, олардың ұлы шығармаларынан қазақ халқының тарихы туралы ой-пікірлерін терең зерттеудің қажеттілігін көрсеттік.
Əдебиеттер тізімі
Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. — Алматы, 1998.
Бөкейханов Ə. Шығармалар // Сайлау. — 116 б.
Бөкейханов Ə. Шығармалар // Сайлау. — 5 б.
Бөкейханов Ə. Шығармалар. Алаш партиясы программасының жобасы. — 251 б.
Нұрпейісов К. Алаш һəм Алашорда. — Алматы, 1995; Абжанов Х.М. Интеллигенция Казахстана: история, теория, современность. — Алматы, 1992.
Қойгелдиев М.К. Қазақ демократиялық интеллигенциясының 1905–1907 жж. қоғамдық-саяси қызметі. — Алматы,
Бөкейханов Ə. Шығармалар // Қазақ депутаттары. — 241 б.
Бөкейханов Ə. Шығармалар // Алаштың Əлиханы. — 90 б.
Əбдіразақов Т. Ғибратын ұмылтымас, Əли аға... // Орталық Қазақстан. — 1992. — 1 мамыр.
Өскембаев Қ.С. Ə.Ə. Ермековтың қоғамдық-саяси жəне ағартушылық қызметі (1891–1970 жж.) — Қарағанды,
Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. — Алматы, 1977; Əбсеметов М. Жарқыраған Жанайдар // Білім жəне еңбек. — 1988. — №
Зиманов С. Владимир Ильич Ленин жəне Қазақстандағы советтік ұлттық мемлекеттілік. —
Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. — Алматы,
Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. — Алматы,
Торайғыров С. Шығармалар жинағы. — 2 т. — Алматы,
Ысқақұлы Д. Əдеби алыптар. — Астана,2004.
Достарыңызбен бөлісу: |