Көне түркі шешендігі. Орта ғасырлық түркі шешендігі «Түркі шешендік өнері»


Біз өзіміз зерттеп отырған тақырыпқа орай, қадым дәуірдің шығармаларын шешендік өнердің тұрғысынан қарастыр



бет3/3
Дата26.09.2022
өлшемі48,18 Kb.
#40258
1   2   3
Біз өзіміз зерттеп отырған тақырыпқа орай, қадым дәуірдің шығармаларын шешендік өнердің тұрғысынан қарастыратын болсақ, ең алдымен ойға «Алып Ер Тоңға» дастаны оралады.Эпостың бас қаһарманының Тоңға деген атына «Алып», «Ер» деген эпитеттердің қосылып айтылуының өзі оның ирандық емес, түркі халқынан шыққан батыр екенін аңғартып тұр. «Алып» деген сөз қазіргі қазақ тілінде де өте ірі, мықты, батыр, қаһарман деген мағынада айтылады ғой, көне замандарда «алып» деген сөз әскери атақ та болған сияқты. «Ер» деген сөз де біздің Ер Қосай, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Көкше деген сияқты дастандарымызда кездеседі, әрі осы кезде де сол бұрынғы мағынасында айтылады. Сондықтан, кейбір ғаламдардың Тоңғаны ирантілді халықтың батыры етіп көрсетуге тырысуы шындыққа сай келмейтін тәрізді. Жалпы, түркілердің беделін түсіруге бағытталған көне дәуірде Орта Азияны ирантілді тайпалар мекендеген деген тұжырымдаманың өзі түбегейлі қайта қаралуы тиіс.
Алып Ер Тоңға тарихта болған тұлға. Ол Жетісу, Талас, Шу, Испиджаб, Сауран, Шаш (Ташкент), Мауераннахр өңірлерін билеген атақты сақ патшасы. Ұлы шайыр Фирдоуси өзінің «Шахнама» атты дастынында Алып Ер Тоңғаны Афрасиаб деп атаған, бұл көне парсы тілінде «дүлей қара күш иесі» деген мағынаны білдіреді. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында Алып Ер Тоңғаны түріктердің басқа билеушілеріне үлгі етіп, былай деп жырлайды:
Түрік бектері ішінде атын асырған,
Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған.
Білімі – даңқы ұлы, көптің сарасы,
Білімді, ойлы әрі халық ағасы.
Зерек, дана, көңілі сара, сері еді,
Жұтты жалған елге тұтқа ер еді.
Тәжіктер оны Афрасийаб атаған.
Елдерге ол көп ізгілік жасаған
Алып Ер Тоңғадан көп ғасыр кейін өмір сүрген Ж. Баласағұнның осылай жырлауына қарағанда оны түркі халқының есінде мәңгі қалған қалған, түркі билеушісінің өзіндік бір үлгісіндей болған аса ірі тарихи тұлға деуге болады.
Алып Ер Тоңға туралы дастанның толық мәтіні бізге жеткен жоқ, қазір оның жалпы сюжеті мен кейбір үзінділері ғана белгілі.Ғалым Н. Келімбетов әрқилы дереккөздерді пайдаланып осы дастанның сюжеттік желісін қалпына келтіруге күш салды. «Біз «Алып Ер Тоңға» дастанының көне тарихи шежірелерде сақталған жұрнақтарын да, Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» пайдаланған жеке-жеке үзінділерін де, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» кітабындағы Алып Ер Тоңғаға қатысты бәйіттерін де, кейінгі кездегі зерттеулерде мысал ретінде келтірілген жеке жыр шумақтарын да жинақтау арқылы осы дастанның жалпы сюжеттік желісін айқындай түсуге әрекет жасадық» деп жазады ол.
«Алып Ер Тоңға» дастанында Туран аймағында өмір сүріп жатқан түркілердің Иран патшалығымен соғыстары суреттеледі. Иран әскерлері түркі елін қайта-қайта шауып, адамдарын қырып, мал-мүлкін, сұлу қыздарын тартып әкете береді. Ер Тоңға түрік жерінен көп әскер жинап, иран басқыншыларына қарсы шығады. Дехистан деген жерде қиян-кескі шайқас болады. Түркілер мен ирандықтар үш күн, үш түн соғысады. Өлген адамдардың денелері тау-тау болып үйіліп қалады. Ең соңында түрік әскері жеңіп шығады. Сол шайқастан кейін халық Ер Тоңғаны құрметтеп, «алып» деп атай бастайды. Бүкіл ел Алып Ер Тоңға деп атаған батыр, Туран патшасының тағына отырады.
Бұдан кейін де иран елімен түріктердің арасында талай қанды шайқастар болады. Дастанның басты кейіпкері бүкіл ғұмыры бойы өзінің елі, жері үшін жаумен арыстандай айқасады. Бұл шығарманың өзегіне айналған —елді сыртқы жаудан қорғау, оның ішкі бірлігін сақтау, туған халқының абырой-беделін асқақтату сияқты идеялардың бәрі кейінгі елге әйгілі түркі-қазақ дастандарының тақырыптарымен үндесіп тұр. Дастан Алып Ер Тоңғаның өмірден өтуімен, оны бүкіл ел-жұрттың қайғырып, жоқтауымен аяқталады. Біздің халқымызда өлген адамға жоқтау айту салты сонау ықылым замандардан басталып, осы кезге дейін жалғасып келеді.Халқы үшін күрескен ұлы батырды бүкіл ел ерекше есіне алып, қатты қайғырып жоқтайды.Адамның сезіміне қатты әсер етіп, толқытатын, эмоциялық қуаты мол бұл ұзақ жоқтауды көркем шешендік сөздің аса жоғары үлгісі деуге болады:
Алып - Ер Тұңға өлді ме?
Опасыз дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар...
Бектер атын болдырып,
Қайғы оларды солдырып,
Меңді жүзі сарғайып,
Запыран рең сүртілер.
Бөрідей жұрт ұлысып,
Айқаймен жаға жыртысып,
Өкірген үнін өшіртіп,
Жылаған көзден жас өрер.
Көңілім ішті жандырды,
Жазылған жара жаңғырды.
Кешкен күндер көзге ұрды,
Күн-түн демей ізделер.
Тағдыр кезін келтірді,
Ұры тұзағын ілдірді.
Бектердің бегін ап кетті,
Қашса қалай құтылар.
Тағдырдың күнін тербетер,
Пенденің күшін меңдетер.
Пәниді жұрттан тазартар,
Қашсаң тағы артылар.
Тербетер салты мұндай-ақ,
Бұдан да басқа сыр көп-ақ.
Заман атса кезеп-ақ,
Таулардың басы күйрелер.
Оған атса дәл кезеп,
Кім тоқтатар көлбеу кеп.
Тауды атса көздеп кеп,
Шың шатқалы қарқырар.
Замана түгел күйреді,
Білімді жақсы сиреді.
Жаман-жәутік түптеді,
Ізгі бектер шертілер.
Білімді батыр жүнжіді,
Замана аты жаншыды.
Ізгілер тәні жидіді,
Жерге тиіп сүртілер. [35, 6]
Қайғыдан іші жанған жұрт бөрідей ұлып, айқаймен жаға жыртысып жатады. Запырандай қайғыдан жүздері солған елді басқарып жүрген бектердің дәрменсіз хәлі «Бектер атын болдырып, Қайғы оларды солдырып» деген жыр жолдарымен беріледі. Алып Ер Тоңғаның тірі кезіндегі шаттық өмір «Кешкен күндер көзге ұрды» деген жыр жолдарында жатыр. Түркі-қазақ жыр-толғауларына тән дүниенің баянсыздығы, тұрақсыздығы, өтпелілігі «Опасыз дүние қалды ма? Заман өшін алды ма?», «Тағдыр кезін келтірді, Ұры тұзағын ілдірді» деген сөздер арқылы баяндалады. Құдайдан бұйрық келсе ешкімнің қарсы тұра алмайтыны «Оған атса дәл кезеп, Кім тоқтатар көлбеу кеп. Тауды атса көздеп кеп, Шың шатқалы қарқырар» деген жыр шумағымен өрнектелген. Алып Ер Тоңға өлгеннен кейінгі халықтың екіұдай күйі, «батырынан, қорғаушысынан айрылған елдің алдағы өмірі қайғы-қасіретке толы бола ма» деген қорқынышы «Замана түгел күйреді, Білімді жақсы сиреді.Жаман-жәутік түптеді, Ізгі бектер шертілер.Білімді батыр жүнжіді,Замана аты жаншыды. Ізгілер тәні жидіді» деген сияқты сөздер арқылы баяндалып отыр.
Осы айтылған ой-толғамдардың бәрі дерлік кейінгі түркі-қазақ қазаны есіттіртулерінде, жоқтауларында, толғауларында үнемі қайталанып отырады. Бұқар жырау Абылай ханға Бөгенбай батырдың дүниеден өткенін былай хабарлайды:
Батырың өтті — Бөгенбай!
Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті — Бөгенбай!
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жылап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті — Бөгенбай! [36]
Бұл аса көркем тілмен айтылған жоқтау талай ғасырлар бұрынғыбүкіл елдің Алып Ер Тоңғаны жоқтауындағы туған жерді қорғау, халқына қызмет ету тәрізді жәйттерді қайталап тұр. Бұның өзі халықтың ой-дүниесінің тарихи сабақтастығын көрсетеді.
Көне сақ дәуірінен кейін, одан соңғы Еділ (Атилла) батырдың бастауымен Европаға барып, көп елдерді жаулап алып, империя құрған айбарлы ғұндардан соң, тарих сахнасына тағы бір қаһарман халық – түріктер шықты. Түріктер адамзат тарихындағы ең үлкен мемлекеттердің бірі Түрік қағанатын құрды. Түрік империясы өзінің ең дәуірлеп тұрған кезінде (553 – 603 жж.) Шығысында Алтай тауларынан батысында Қара теңізге дейінгі орасан зор аумақты алып жатты. Иран және Қытай түрік қағандарына алым төлеп тұрды. Мұндай алып мемлекетті бір орталықтан басқару қиын еді. Оның үстіне, билікке таласқан түрік билеушілері де қағанатты іштей әлсіретті. 603 жылы түрік империясы Батыс қағанаты және Шығыс қағанаты деген екі бөлікке бөлініп кетті.
Түркі халықтарының ұлы ескерткіштері саналатын «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары сол дәуірлердің қиян-кескі оқиғаларын сурттейді. Бұл ескерткіштер тасқа жазылған поэма, көне дәуірдің шежіре-дастаны! Мұндай тасқа жазылған дастандар әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс.
Бұл дастандарда түркі халқы тарихының көп оқиғалары қамтылған. Түркі қағанының дәуірлеп тұрған кезіндегі бағындырған жерлері туралы, «Күлтегін» дастанында былай жазылған (Бірінші жыр):
Ілгері – күн шығысында,
Оң жақта – күн ортасында
Кейін – күн батысында,
Сол жақта – түн ортасында
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды,
Халықты осынша көп еттім.
Ілгері – Шаңтүң жазыққа дейін жауладым,
Теңізге сәл жетпедім.
Түстікте – Тоғыз Ерсенге дейін жауладым,
Тибетке сәл жетпедім,
Батыста – Інжу өзенін кеше
Темір қақпаға дейін жауладым.
Терістікте – Байырқы жеріне дейін жауладым,
Осыншама жерге дейінжорыттым... [37, 7-8].
«Күлтегін» дастанын шешендік өнер тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда шешендік шығармаларға тән сипаттарды көптеп кездестіруге болады. Бұл ең алдымен қағанның ел-жұртты өз сөзін ден қойып тыңдауға шақыруы.
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым,
Оңымда шад, апа, бектер,
Солымда – тархан, бұйрық бектер,
Отыз.Тоғыз оғыз бектері,
халқы,
Бұл сөзімді мұқият тыңда,
Терең ұқ.
Шешеннің шаршы топтың назарын өзіне аударуы үшін аудиторияға арнап сөз сөйлеуі шешендік сөздерде жиі кездесетін құбылыс. Халықтың ар-намысын оятып, оның сезімін қозғауға, сол арқылы елді-жерді қорғауға, бірлікшіл болуға, аяр жаудың алдауына түсіп қалмауға, өз еліңе сатқындық жасамауға шақырған осы тасқа жазылған көне түркі шежірелерін ежелгі шешендік өнердің жарқын үлгілері деуге болады. Алдамшы, аяр жау табғаштар алтынын, күмісін, жібегін беріп алдайды, тәтті сөзімен арбайды: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді». Бірақ, түркі халқының ақыл-парасатты адамдары олардың алдауына түскен жоқ: «Ақылды кісілерді, батыл кісілерді табғаштар қозғай алған жоқ».Себебі жаудың дүниесіне қызықсаң, тәтті сөзіне ерсең құрисың: «(Егер) бір кісі алданса,(онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді».Шынында да сыртқы жаудың алдауына түскен, билікке таласушылардың кесірінен іштей ыдыраған түркі халқы көп қырылды:
Тәтті сөз, асыл дүниесінекөп алданып,
Түркі халқы, қырылдың,
Түркі халқы, жойылдың,
Түстікте Шұғай қойнауытүгіл,
Түн жазығына қоныстансақ десуші ең.
Түркі халқы, жойылдың. [37, 9].
Халқының бірігіп, іргелі ел болуға ұмтылған басты мақсатын түсінбей азған нәрсеге алданып, адасқандар туралы қаған: «Ашсың ғой сен,Аштықта тоқтықты түсінбейсің,Бір тойсаң аштықты түсінбейсің.Соның үшін алдандың,Қағаныңның тілін алмадың» деп күйіне жырлайды. Ақыры түркі жұртының көбі «өлімші босқын» болып, жер-жерге қаңғып кетеді.Дегенмен, есті халық есесін бермейді, әу бастан жауынгерлік рухы берік түркілерқайтадан жиылып ел болып, жауларына соққы береді.
Жалпы, Орхон Енисей дастандарының түркі халқының өткенінен өте бағалы мәліметтерді беретін аса құнды тарихи естелік, шоқтығы биік көркем батырлық эпосы болуымен қатар, патриотизмге, елді-жерді сүюге, оған қызмет етуге үндейтін шешендік өнердің ғажайып туындылары екені де анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993..




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет