Бастауыш. Тұрлаулы мүшелердің ең басты, негізгі мүшесі — бастауыш. Бастауыштар əр түрлі сөз таптарынан жасалады. Бастауыштардың жасалу жолдарына қарағанда, олардың негізі көне түркі тілінен бастау алатындығын аңғару қиын емес.
Зат есімдерден болған бастауыштар. Атау септігіндегі зат есімдер жекеше, көпше жəне тəуелді тұлғада тұрып бастауыш болады. Мысалы: Сүсі үч бың ерміс — Əскері үш мың екен. Іл йеме іл болты — Ел тағы да ел болды. Йағымыз тегіре учуқ тег ерті — Жауымыз айнала жыртқыш құстай еді. Ескерткіште күрделі бастауыштар да кездеседі. Түрк будун қанын болмайын Табғачда адырылты, қанланты — Түркі халқы ханы болмай Табғаштан бөлінді, ханданды. Білге Тоникуқ бен өзүм Табғач іліңе қылынтым — Білге Тоникуқ мен өзім Табғач елінде тəрбиелендім.
Сын есімнен болған бастауыштар. Сын есімдер заттанған кезде, бастауыш қызметін атқарады. Ондайда сын есімдердің сапалық мағынасы жойылып кетпей, əрі заттық, əрі сапалық мағынада жұмсалады. Йуйқа қалың болсар топлағулығ алп ерміс — Жұқа қалыңдаса, таптайтын алып болар. Сүңүгліг қантан келір йана елтді? — Сүңгілі қайдан келіп айдап кетті?
Сан есімнен болған бастауыштар. Заттық мағынаға ауысып бастауыш қызметін атқаратын сөз таптарының бірі — сан есім. Сан есімнің есептік, реттік, жинақтық секілді топтары бастауыш қызметінде тұрады [1; 633]. Көне жазбаларда жинақтық сан есімдер мен есептік сан есімдер тіркесіп келіп күрделі бастауыштар жасаған. Бу үчегү қабысар қалтачы біз өз ічі — тасыш тутмыс тег біз —Бұл үшеуі біріге қалса, біз өз іші-сыртымызды ұстап қана қаламыз. Екі үлүгі атлығ ерті — Екі бөлігі атты еді.
Есімдіктен болған бастауыштар. Көне түркі тілінде көбінесе жіктеу, өздік есімдіктері бастауыш қызметінде жиі жұмсалады. Бен йырдантайан тегейін — Мен терістіктен тиісейін. Өзүм қары болтым улуғ болтым — Өзім қартайдым, үлкен болдым.
Есімшеден болған бастауыштар. Есімше бастауыш болғанда, қимылдық сапаның үстіне заттық мағына жамап тұрады. Йағмысы мен едім — Ілескені мен едім.