Пысықтауыш. Тұрлаусыз мүшенің бірі болып табылатын пысықтауыш сөйлемде, негізінен, етістіктен болған мүшеге қатысты болып, сол мүшені мезгіл, мекен, мақсат, орындалу амалы жағынан нақтылап, пысықтап тұрады.
Ескерткіштер тілінде пысықтауыш мүше болатын сөздер — үстеулер. Сонымен қатар кейбір мезгіл, мекен мағынада айтылатын сөздер де пысықтауыш бола алады. Пысықтауыштар мағынасына қарай төмендегідей беске бөлінеді:
Қимыл-сын пысықтауыш.
Мезгіл пысықтауыш.
Себеп пысықтауыш.
Мақсат пысықтауыш.
Мекен пысықтауыш [6].
Қимыл-сын пысықтауыш. Өртче қызып келті — Өртше қызып келді. Қытан өңденйен тег —Қытан шығыстан тиіңдер.
Мезгіл пысықтауыш. Түн қатдымыз Болчуқа таң үнтүрү тегдіміз — Түн қаттық Болшыға таң ата жеттік. Ол оқ түн будунын сайу ытымыз — Сол түні халық сыйын елші жібердік.
Себеп пысықтауыш. Анта кісре теңрі біліг бертүк үчүн өзүм өк қаған қысдым — Содан соң тəңрі білік бергені үшін өзімше оны қаған еттім.
Мақсат пысықтауыш. Түрк будун қанын болмайын табғачда адырылты, қанланты — Түркі халқы ханы болмай табғаштан бөлінді, ханданды.
Мекен пысықтауыш. Мезгіл пысықтауыштары мезгіл үстеулерінен жəне мезгіл мəнді зат есімдерден, олардың барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде келуі арқылы жасалады. Өңрекі ер йуғуру тегүріп ы бар бас асдымыз — Алдағы ер жоғары шығып бұталы (биік) басынан астық. Бенің будунум анта ерүр тіміс — Менің халқым да сонда болар деді. Табғачғару Қуны сеңүнүг ыдмыс — Табғашқа қарай Құны сеңүнді жіберді.
Көне түркі тілінде сөйлемнің бірыңғай мүшелері де кездеседі.
Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері — тіліміздің грамматикалық құрылысында ертеден келе жатқан синтаксистік құбылыс. Бұған көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін фактілер айқын айғақ бола алады. Мысалы, Орхон-Енисей жазуларында сөйлемнің тұрлаулы да, тұрлаусыз да мүшелері бірыңғай түрде кездеседі [7].
Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, тіл дамуының көнерек заманында сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын, қазіргі дəнекерлер, тəсілдер болмаған. Сөздер бір-бірімен көбінесе тұрған орындарына, мағыналарының жақындығына қарай қабыса байланысқан [8].
Ескерткіштер тілінде бірыңғай мүшелердің жалғаулық арқылы байланысқан түрлеріне қарағанда, жалғаулықсыз түрлері жиі кездеседі. Сіз еліме, қунчуйма, оғланыма, будунума, сізіме алтмыш йашымда адырылтым — Сізден, елімнен, ханымнан, ұлымнан, халқымнан, сізден алпыс жасымда айырылдым. Жалғаулықтар арқылы да байланысатын түрлері ұшырасады. Іл йеме будун йеме йоқ ертечі ерті — Ел де, халық та жойылар еді.
Бірыңғай бастауыштар. Сөйлемде екі не одан да көп бастауыштар бірдей синтаксистік қызмет атқаруы арқылы ортақ бір баяндауышқа бірдей қатысты келіп бірыңғайлық тізбек туғызады. Олар əр түрлі сөз таптарынан жасалады.
Бірыңғай бастауышты сөздер зат есімдер болып келеді. Қаны сүсі тірілміс — Ханы, əскері жиналды. Ілтеріс қаған Білге Тоникуқ қазқантуқ үчүн Қапаған қаған түрк есір будун йорыдуқы — Елтеріс қаған, Білге Тоникуқ қызметтері үшін Қапаған қаған түркі есір халқы жасады. Сабымын түкеті есітгіл: улаиу іні-йігүнім, оғланым, бір-екі оғушым, будуным, бірійе шад апыт беглер, йырайа— тарқат буйруқ беглер, отуз… — Сөзімді түгел есіткін: іні-жиенім, ұлым, бір-екі жақын руым, халқым, оңымдағы уəзір ұлық бектер, солымдағы тарқан бектер, отыз… [9]. Бірінші сөйлемдегі Елтеріс қаған, білге Тоникуқ жалқы есімдері, екінші сөйлемде іні-йігүнім, оғланым, оғушым, будуным (іні-жиенім, ұлым, руым, халқым) тəуелдік жалғаулы бірыңғай зат есімдер берілген.
Бірыңғай бастауыштар жалғаулықтар арқылы жəне жалғаулықсыз байланысады.
Бірыңғай баяндауыштар.
Түрк будун өлті, алқынты, йоқ болты — Түркі халқы қырылды, алқынды, жоқ болды. Қарлуқығ өлүртіміз, алтымыз — Қарлұқты өлтірдік, жеңдік. Етістікті бірыңғай баяндауыштар қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан мезгілдестігін білдіреді.
Бірыңғай анықтауыштар. Заттың сындық сапасын білдіретін сын есімдер заттанып бірыңғай бастауыштық қызметте жиі жұмсалады.
Едгү білге кісіг, едгү алып кісіг йортмаз ерміс — Жақсы білгіш кісіні, алып (батыр) кісіні қозғамады. Сүчіг сабын, йумчақ ағын ерүр, ырақ будунығ анча йағытур ерміс — Тəтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді. Мұндағы білге (білгіш), алып (батыр), сүчіг (тəтті), йумчақ (жұмсақ), ырақ (алыс) бірыңғай анықтауыштар анықтайтын сөздерінің алдында келіп, олар мағыналық, грамматикалық белгілері жағынан ыңғайлас болып тұр. Сол сияқты ескерткіштерде бірыңғай туынды сын есімнен болған анықтауыштар да ұшырасады. Ічіре ашсыз, ташра тонсыз, йабыз, йаблақ будунта үзе олуртым — Іші ассыз, сырты тонсыз, əлсіз, нашар халыққа отырдым.
Бірыңғай толықтауыштар.
Берійе табғачығ, өңре қытанығ йырайа оғузуғ өк өлүрті — Түстікте табғашты, шығыста қытанды, терістікте оғызды көптеп өлтірді. Келігме беглерін будунын ітіп йығып азча будун тезміс еді — Келген бектерін, халқын жиып жатқанда аздаған халық қашқан еді. Бұл жерде бірыңғай тура толықтауыштар жалғаулықсыз байланысқан. Он оқ оғлыңа, татыңа тегі буны көрү білің, беңгү таш тоқытдым — Он оқ оғлыңа, татыңа дейін бұны көре білің, мəңгі тас тоқыттым (қалаттым). Сөйлемдегі оғлыңа (ұлыңа), татыңа (туыстық атау) жанама толықтауыштары да өзара жалғаулықсыз айтылып тұр. Бұлардың жалғаулықты түрлері көп кездеспейді.
Бірыңғай пысықтауыштар.
Қапаған қаған …түн удыматы күнтүз олурматы — Қапаған қаған үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Ілгерү күн тоғсыққа, біргерү күн ортусығару, қуырғару күн батсықыға, йырғару түн ортусыңару — анча ічрекі будун қоп маңа көрүр, анча будун қоп ітдім — Ілгері күн шығыста оң жақта күн ортасында, кейін күн батыста, сол жақта түн ортасында — соның ішінде халықтың көбі маған бағынды, халықты сонша көп еттім. Мысалдардан бірыңғай пысықтауыштарды байқаймыз.
Көне түркі тіліндегі сөйлемнің тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерінің жасалу жолдары, олардың сөз таптарына қатысы қазіргі қазақ тілінен алшақтамайды. Бұдан қазіргі қазақ тілі мен көне түркі тілінің синтаксистік құрылымының дамуында сабақтастық бар деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |