10. الجَبَّارُ Әл-Жәббар – Аса өктем. Билік пен қуат Иесі. Нені қаласа, соны кімге де болсын істете алады.
11. المُتَكَبِّرُ Әл-Мутәкәббир – Паң, ұлылық және биіктік Иесі. Кім бұл көркем есімді зікір етіп жүрсе, халық арасында құрметті болады.
12. الخَالِقُ Әл-Халиқ – Жаратушы. Мақұлықтарын Өз еркімен жаратады. Ол әр нәрсені көркем түрде жаратады.
13. البَارِىءُ Әл-Бари – Жаратушы, жоқтан бар етуші. Жаратқан мақұлықтарына әр түрлі пішін және бейне береді. Алла әрдайым жаратуда. Егер бала таба алмаған әйел 7 күн ораза ұстап, «Әл-Бари, Әл-Халиқ, Әл-Мусаууир» деп 21 рет айтып суға дем салып аузын сол сумен ашып, шынайы ықыласпен жалғыз Алла Тағалаға дұға етсе, оған Жаратушы нәресте береді.
14. المُصَوِّرُ Әл-Мусаууир – Келбет беруші. Өзінің қалауымен әрбір жаратқан нәрсесіне өзгеше келбет және әр түрлі пішін береді. Миллиардтаған келбет жаратқан Алла Тағалаға ешкім теңесе алмайды.
15. الغَفَّارُ Әл-Ғаффар – Аса жарылқаушы. Күнә және жаман істерді кешіруші. Бұл дүниеде құлдарының жамандықтарын жасырып, қияметте күнәларын кешіріп, жарылқайды. Кім осы әдемі есімді жұма намаздан кейін 100 рет қайталаса, оған Алла Тағала ғафу етеді. Ал кім екінті намазынан кейін «Иә Ғаффар ғфирли» деп айтып жүрсе, Алла Тағала оны кешірім еткен құлдардың қатарына қосады.
16. القَهَّارُ Әл-Қаһһар – Өте үстем, Қаһарлы. Өзіне қарсыларды қатты азаппен қорлайды, өлтіреді не болмаса көпшіліктің алдында беделін түсіреді. Оның жазасынан ешкім аман қалмайды. Дүние сәнін жақсы көретін пенде Алланың бұл есімін қайталап Оған мойынсұнып жүрсе Алла Тағала ол адамның иманын күшейтеді.
17. الوَهَّابُ Әл-Уаһһаб – Өте жомарт, Береген. Адамдарды Өз нығметтерімен ризықтандырады. Берем деген нәрсесін береді. Кімде-кім дұғада бұл есіммен Аллаға жалбарынса, ол ешқашан қайыршы болмайды.
18. الرَّزَّاقُ Әр-Раззақ – Ризық, тамақ беруші. Алуан түрлі ризықтарды жаратады және сол ризықтарымен мақұлықтарын ризықтандырады.
19. الفَتَّاحُ Әл-Фәттах – Жақсылық жасаушы. Асқан мейірімінен құлдарына төгіп беріп, жақсылық істейді. Шындықты әшкерелеп, өтірікті өрге асырмайды. Кімде-кім өзінің оң қолын кеудесіне қойып Алла Тағаланың бұл әдемі есімін таң намазынан кейін 70 рет қайталаса, жүрегі нұрланады, көңілі шаттанып жәй табады.