«Философия дегеніміз не?»
Энтони Кеннидің ойынша философия – ғылым емес, оның өнерге де таласы жоқ. Философия – білім мәселесі де емес. Философия түсінік мәселесі. Яғни бұрыннан таныс нәрсені жинақтау мәселесі. Алайда философия өте ауқымды әрі әмбебап. Сондықтан ол талап ететін білімнің күрделілігі соншалық, оны тек кемеңгер ақыл иесі ғана игере алады. Ал қарапайым жан үшін, философияны меңгерудің бір ғана жолы бар. Ол – көне замандағы ұлы философтардың ойлау деңгейіне қол жеткізу.
Кенни осы тұрғыда батыс философиясының тарихын байыптағанда екі негізге сүйенеді. Біріншіден «Батыс философиясының жаңа тарихының» әрбір томында қарастырылып жатқан кезеңнің тарихи-философиялық оқиғаларына хронологиялық шолу жасайды. Екіншіден, эпистемология, физика, метафизика, әдеп сияқты тақырыптық бөлімдер аясында ойшылдардың көзқарастарын тереңірек қарастырады. Өз кітабының осындай құрылымда қалыптануы оған қызығушылық танытқан оқырманның екі түрлі типінің қажеттіліктеріне теңдей жауап береді деп санайды. Оқырманның алғашқы типі – өткенге сәуле түсіретін философия тарихына қызығушылық танытатындар болса, ал екіншілері – қазіргі заманның өзекті мәселелеріне жауап іздеген философияның өзіне қызығатын оқырман болмақ.
Фалестен бастап Дерридаға дейінгі философия тарихын жазудағы мақсат – антика, орта ғасыр, қазіргі заман философиясының бастауы және қазіргі заман философиясының дамуын бір арнаға салып, ой әлемін тұтас көзқарас тұрғысынан қарастыра отырып қорытынды шығару болатын. Автор зерттеудің осы бағытын негізге ала отырып, оқырманға – өмірден өткен ғұламалар философиясының қазіргі таңда да өзектілігін ұғындырып, ұлы туындыларды тыңғылықты оқу арқылы, философиялық танымға қол жеткізе алатынымызды көрсетуді көздейді.
Энтони Кенни еңбегінде философиялық білімнің табиғатын ‒ бір жағынан оның ғылымға да, өнерге де ұқсастығын ескергенмен, екінші жағынан, Мартин Хайдггер бағамдағандай, оның ешқандай ғылым да, өнер де еместігін шегелеп көрсетеді. Философияның мәні түсінуде екенін пайымдайды. Себебі өз ілімін іргелі онтология деп атаған неміс философы Мартин Хайдеггердің пікірінше, болмыс пен мән бір нәрсе емес. Болмыс дегеніміз бар нәрсені қамтыса, мән ол жекелеген заттар мен құбылыстарды білдіреді. Сондай-ақ болмыс дегеніміз – экзистенция. Яғни Хайдеггер үшін болмыстың ішіндегі ең маңыздысы адам болмысы, адамның ғұмыр кешуі, өмір сүруі, тіршілік етуі болмақ. Сондықтан да неміс ойшылы болмыс туралы сұрақтың, айналып келгенде адам дегеніміз не? деген сауалға келіп ұласатынын айтады. Сонымен бірге, адамнан тысқары әлем, дүние заттарын жоққа шығармаса да, оларды адамнан бөлек өз алдына қарастырудың да еш мәні жоқтығын түсіндіреді. Ол әлемді – адам үшін өмір сүретін, ол тіршілік ететін әлем не адамдағы әлем деп қарастыруды ұсынады. Себебі әлем – ондағы тіршілік ететін адамның оған деген қызығушылық, қамқорлық сияқты адамшылық қарым-қатынасының арқасында ғана болмыстық мәнге ие болмақ. Басқаша айтқанда, Хайдеггерше болмыс дегеніміз тұтастай алғандағы тірлік және тірлік сол болмыста. Оның сөйлегені жинақтаумен тең. Яғни болмыс дегеніміз тірлік болғанда, философияның зерттейтіні ғылымдағы мен өнердегі дүние жайындағы пайымдауларды біріктіру арқылы, болмыстың сырын, адам өмірінің мәнін, яғни не нәрседе болсын, мәселенің мәнісін түсіну болып шықпақ. Және де тірлік болмыста болғандықтан, Энтони Кеннидің ойынша, философиялық мәселелер де мәңгілік. Көне Грекия ойшылдарын толғандырған сауалдар бүгін де өзекті. Дүние, тіршілік барда, бұл тұрғыдағы пікірталастар да ешқашан толастамақ емес. Сондай-ақ Кеннидің пайымынша, көне заманалар мен орта ғасырларда философияның бір бөлігі саналған көптеген ілім-білімдер бүгінде дербес ғылымға айналғанына қарамастан, тұжырымдамасы айқындалмаған және тәсілдері қарама-қайшы пәндер қай заманда да философиялық болып қала бермек.
Cебебі ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің: «Бұрын ғылым көп тарауға бөлінбей тұрған уақыттағы айтылған шын деген жолдар философияның шын, шын емес деуіне байланушы еді. Себебі: тапқан жолын қолға ұстатып, көзге көрсетіп, дәлелге сүйей қоярлық дәлшіл ғылым жоқ болатын; ол күнде философия бар ғылымның қазысы болып тұрды. Бұл уақытта ғылым көп тарауға бөлінді. Әрқайсысы өз ізденген жолындағы хақиқатын өзі таппақ. ...Бірақ сонда да философияның керегі мол. Себебі өзге ғылымдардың бәрі де бірбеткей болып өзді-өз жағына кеткенде, әр қайсысы өз алдын ғана көретін аудансыз тар соқпақтың үстіндегі ғылымдар болып табылмақ. Бұлардың тапқанының бәрін жиып, қорытып жаңадан жөн тауып, жол салып адамның ақылын тәрбиелейтін бір ғылым тағы керек. Ол ғылым – философия», – деп жазғанындай, философия қай заманда да, «кейде оның әр ғылымның тапқанын қорытам деп жүріп, өзінің жеке ғылымдығынан айырылып, бірбеткей бір-ақ ғылымның жетегінде кетіп қала жаздаған кездері болғанына» қарамастан, ғұлама ғалым бағамдағандай, сол жөн тауып, жол сілтерлік әдістемелік маңызын жоғалтпай, «кең ақыл, терең қиял шығарған, адамның жанын тәрбиелейтін, жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып, ақтылыққа сүйрейтін ғылым», «адамшылық жолында қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ» болып келе жатыр.
«Батыс философиясының жаңа тарихы» атты төрт томдық еңбегінің бірінші томына кіріспесінде Энтони Кенни өз зерттеуінің мақсаты мен міндеттерін айқындаудан бұрын философияның ерекше табиғатына тоқталғысы келгенін айтады. «Философия» сөзі әр адамға әр түрлі әсер етеді, тиісінше философия тарихы да әртүрлі түсіндірілуі мүмкін. Терминнің қандай мағына беретіні, ойшылдың философияда нені маңызды санайтынына байланысты болады. Бұл әйгілі философия тарихшылары – Аристотель мен Гегельге де тән. Философия табиғатына деген көзқарас екі ойшылда да екі түрлі. Дегенмен, олардың философиялық білім прогресі жөніндегі түсініктері бірдей. Тарих толқынында философиялық мәселелер ұдайы айқындалып, жетілумен келеді. Және оларға нақтырақ жауап беруге деген мүмкіндік те артуда. Аристотель өз «Метафизикасының» алғашқы кітабында, Гегель «Философия тарихы дәрістерінде» дүниені түсіндірудегі алғашқы философтардың түсіндірмелері турасында жазады.
Аристотель мен Витгенштейн философиясын жақсы білген Кенни ойдың дамуына олардың тұрғысынан қарау екі түрлі көзқарастан туындағанын көрсетеді. Философия бір жағынан ғылым, екінші жағынан өнер ретінде қарастырылады. Ғылымға ұқсас деуіміздің себебі, философия ақиқатты іздейді. Екінші жағынан өнердегі классикалық туындылар көнермейді. Философия – шын мәнінде, жекелеген кемеңгерлердің жұмысы. Шекспирдің Гомерді алмастыра алмайтыны сияқты Кант та Платонның орнын баса алмайды – дейді Кенни. Яғни, философия ақпарат көлеміне үнемі дерек қосып отыру арқылы дамымайды. Әрине, қазіргі заманғы философтар көне замандардағы ұлы ойшылдар білмеген кейбір нәрселерден хабардар; бірақ олардың білетіні – философиялық мәселелер емес, философия туындатқан ғылымдардың ашқан ақиқаттары. Дегенмен алдыңғы буынның ең ұлы ойшылының өзіне түсіну қиынға соққан, ал қазіргі философтар жақсы түсінетін кейбір нәрселер де бар. Мысалы, философтар тілді көптеген сөздердің мағынасын ажырату арқылы түсіндіреді; ал осындай айқындау жасалған соң, болашақ философтарға мұны өз талқылауларында ескеруіне тура келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |