«Философия тарихы – даналық тарихы»
«Философия тарихшысының міндеті»
«Философия тарихы Аристотельден емес, оның тарихнамасынан басталады» дейді Кенни. Алғаш болып ғылым классификациясын жасаушы, метафизика, яғни бірінші философияның, сондай-ақ көптеген гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының негізін қалап, зерттеу саласын анықтап берген Аристотельдің, өзіне дейінгі грек философтарының ілімдерін жүйелеп, хатқа түсіріп, оларға қатысты сын айтқан да тұңғыш философ болғанын айтады. Сонымен бірге Аристотель еңбектерінің грек философиясына қатысты ең сенімді де нақты деректердің қайнар көзі екенін түсіндіреді. Философия тарихындағы тіл не ерік-жігердің еркіндігі сынды әр түрлі мәселелерге көз жүгірткен Кенни философиялық прогресстің айқын формасын философиялық сараптама прогресінен көреді. Өткен заманның ұлы туындылары философияда өз маңыздылығын жоғалтпаған. Дегенмен олардың зияткерлік үлесі тұрақсыз. Әр дәуір философиялық классиканы өз проблемалары мен ұмтылыстарына теліп, өзінше талдайды.
Философияға не тарихқа көбірек қызығушылық танытқан философия тарихшысы бір мезетте философ та, тарихшы да болмауы мүмкін емес. Көркемөнер тарихшысына міндетті түрде суретші болу қажет емес. Медицина тарихшысы да дәрігерлік қызметпен айналыспайды. Философия мен оның тарихы арасындағы байланыс өте тығыз. Философия тарихшысы өткен дәуір ойшылдары өз еңбектерін жазған тарихи контексті білуі керек. Кенни тарих пен философияны бірегей ағартушылыққа деген өзара ізденісінің етене байланысының жарқын мысалы ХІХ ғасырдағы ұлы неміс философы және математигі Готтлоб Фрегенің «Арифметика негіздері» атты еңбегінде тамаша көрсетілгенін айтады. Фреге кітабының жартысына жуығы басқа философтар мен математиктердің көзқарастарын талқылауға және олардың пікірлерін теріске шығаруға арналған. Алайда оның ұзаққа созылған пікірталасының басты мақсаты – өзі кейін шешімін тауып беретін проблемалардың байыптылығына оқырмандарды сендіру. Бұл преамбула болмаса, бізде бір нәрсені зерттеуге бағытталған бастапқы алғышарт та, өзіміздің білместігімізді түйсіну де болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |