Тақырыбы: Прозалық шығармалардағы ұлттық құндылықтар мәселесі (Ә. Кекілбаев, О. Бөкей, М. Мағауин, Ә. Тарази т.б. шығармалары бойынша) – 1 сағ.
9 апта 60–80-жылдардағы қазақ прозасына зер салып қарап отырсақ, қазақ прозашылары өз шығармаларында ұлттық рухани байлығымыздың алтын арқауы – күй өнерін жасаушылардың өмір-тағдырына жиі-жиі ат басын тіреп отырған. Күйші бейнесін көркем әдебиетімізде сомдаудың мән-мағынасын қазақ қаламгерлері терең түсінген. Сонау алты алашьың ардақтылары: Қорқыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Абылдың, Сейтектің, берідегі Динаның, Сүгірдің, Төлегеннің, Әбікеннің, Дәнештің және тағы басқа күйшілердің образын бейнелеуге қазақ қаламгерлері халқымыздың осы бай дәстүрлі күй, күйшілік өнер тарихын терең танып, таразылап, ұзақ жылдар зерттеп алып барып ат басын тірегендігін аңғарамыз. Қазақ күйшілерінің қайшылықты тағдыры мен олар өмір кешкен заманның, әлеуметтік ортаның қыр-сырына терең бойлауды мақсат еткендерін байқаймыз. Осы мақсатта олар туралы халық жүрегінде, ел жадында сақталып қалған, болмаса аңыз-әңгімелердің, жыр-өлеңдердің, тағы басқа сол сияқты дәстүрлі халық мәдениетіміздің сирек үлгілерінің арқауында жатқан әдеби, рухани нұсқалардың, барлығының қазақ прозасында ұтымды, шебер, ең бастысы көркемдік тұрғыдан үлкен талғаммен, терең таныммен пайдаланылғанын пайымдаймыз.
Айталық «Телқоңыр» әңгімесінде сөз зергері Т.Әлімқұлов атақты күйші Сүгір өміріне соғып, Сүгір жайын сөз етеді. Өте тартымды, шымыр әңгіме бір күйдің тарихынан сыр шертеді. «Нар идірген» күйінің шығу төркіні туралы осы аңызды шебер пайдалана отырып жазушы Т.Ахтанов терең, тартымды көркем туынды жасады. Қаламгер шығармасында күй аңызының ежелгі желісі толық сақталған. Ондағы әр сетті, психологиялық ахуалды суреткерлік зердемен пайымдап, күй аңызын келісті көркем шығармаға айналдырады. Күй аңызы мен күй сазын әдеби шығарманың мазмұны мен мәнін анықтайтындай, әрі оны күллі сюжеттік арқауды тұтастырып ұстап тұратын негізгі көркемдік арна ретінде суреткерлік мақсатта ұтымды пайдалануда Т.Әлімқұлов артқан көркемдік әдіс-тәсілдерді Т.Ахтанов та өзіндік қолтаңбасына орай сәтімен жүзеге асырып отырады. Әнес Сараевтың «Домбыра» әңгімесінде күй сазы, күйші өнерінің адамдар өміріндегі мәні мен маңызы, атқаратын қызметі автордың ұстанған шығармашылық тұрғысына сай ерекше сырлы таныммен таразыланады. Бұл жерде күйдің қызығынан, тамашасынан әлеуметтік-эстетикалық қызметі, адамның ойы мен танымын, дүниеге көзқарасын байытушы, өзгертуші күші басым көрінеді.
№10 лекция.