Әдеби KZ
барды. Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың
жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді...
Көш айлы түнде сырғып, бұлдыр белестен өтіп жоқ болып кетсе де, ауыл әлі
де осы арада тәрізді. Дәйекші жігіттер жаққан оттар жыпыр-жыпыр етеді. Қалың
ауыл осы араға жаңа келіп қонып ас-суын дайындап жатқанға ұқсайды.
Жоламан қалған жауынгерін екіге бөліп, бірін тапал қарағаш тоғайлы
ойпаттау келген сай бойына орналастырды. Екінші бөлегін қырқа тасасына
қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері
естілді. Сарбаздар елегізе қалды. Тынық түнде шыққан дыбыс қандай үрейлі!
әсіресе дәл қазіргідей жау күткен шақта.
Көп кешікпей күнгей жақтағы белесті бауырлай ай астынан бір топ салт атты
көрінді. Найза, сойылдарын көлденең ұстаған. Бұл Табын руының салты.
Өздерінің арғы бетке қойған ертәуіл
1
жігіттері екен. Олар орталарындағы
біреулерді қоршай шауып келеді. Әне-міне дегенше түнгі даланы қақ жарып
батырлар тұрған төбеге жетіп қалды. Иә, бұлардың қоршап келе жатқандары үш
салт атты. Түрлері де анық көріне бастады. Біреуі қыз тәрізді. Ал қалған екеуінің
киімдері тіпті өзгеше. Жайық қазақтарының киіміне ұқсамайды. Аласа төбелі екі
елідей-ақ тері ұстаған бөрік, үстерінде мұжықтардың киетіндері тәрізді тоқыма
қара шекпен. Аяқтарында мәсі ме, әлде жіңішке қоныш етік пе, айырып
болмайды. Кім болса да жат адамдар, үшеуінің де қару-жарағы жоқ. Аттары да
әбден болдырған. Тек жан-жағындағы жігіттердің сүйемелдеуінің ар-қасында
ғана келе жатқан тәрізді. Шапты деген құр атағы. Төбе етегіне жетер-жетпестен,
дәл бір салы суға кеткен адамдардай, бастарын жерге салбыратып, төрт
тағандап тұра қалды. Гүрс етіп құлап түсуі де ғажап емес.
Ертәуілдер бастығы алып келгендерінің кім екенін түсіндіргенше Байтабын;
1
Е р т ә у і л, е р т ө л е — барлаушы.
48
Әдеби KZ
— Япырмау, мынау Ақбөкен емес пе, — деп дауыстап жіберді.
Қыз да таныды.
— Байтабынсың ба? — Ол енді өзгелерге иіле сәлем берді. — Армысыздар
ағалар?
Жоламан жауап қайтарды.
— Барсың ба, қарағым.
Расында да бұл Ақбөкен еді. Ақбөкен десе ақбөкендей әдемі екен! Ат
жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота
көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған. Көтеріңкі қос алмалы кеудесі
сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі
кәмшат бөркі, қыпша беліне мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы пешпенті
жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп
кетіп, арқасынан төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы. Мұндай да ұзын
шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін
төңкеріле түсіп тұр.
— Қарағым, жол болсын, — деді Жоламан.
— Қол бастаған кемеңгер аға, — деді Ақбөкен тағы да басын иіп, — біз бір
қара құзғыннан шошып ұясын тастап ұшқан әлсіз көгершін...
— Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер! — деп Жоламан әмір берді.
Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен Ақбөкенді ат үстінен
жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара
санына тигізер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды.
Ақбөкеннің шашының кереметтігін жұрт енді көрді. Нағыз қара толқын
тәрізді төгіліп жерге тиіп жатыр. Қыз шашын бір қолымен ортан белінен ұстап,
аш беліне орай салды. Ол енді әдепті үнмен Жоламанға бастан кешкен
хикаясын айта бастады.
49
Әдеби KZ
Жанындағы серіктері патша қысымдарынан қашқан әшірап, Дәулетші деген
башқұрт жігіттері екен. Серғазының төлеңгіт аулында бас паналап жүреді.
Осыдан үш күн бұрын Серғазы күйеу жігіт ретінде ұрын келеді. Ханның
нөкерлері ауылда тығылып жүрген әшірап пен Дәулетшіні ұстап алып, таңертең
Орынборға қарауылмен жүргізбек боп, Жантемірдің үйінің жанындағы арбаға
қыл шылбырмен байлап қояды. Бір-екі айдан бері бауырларындай болып
кеткен қашқын жастарды ауылдың қыз, бозбаласы жаман аяйды. Бірақ
қолдарынан ештеңе келмейді.
Түн ортасы ауған кезде қыздың жеңгелері Серғазыны Ақбөкеннің отауына
алып келеді. Қазақ дәстүрін мүлтіксіз орындап, «күйеу балаға» қалыңдығының
қолын ұстатып, аларын алып кетіп қалады. Ауру тазыдай имиген, қансыз-сөлсіз
қатып қалған рабайсыз Серғазыдан қалай құтыларын білмей аласұрып отырған
Ақбөкенге, төсекке жатар алдында:
— Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, — деп
Серғазы әзілдеген болады.
Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі.
Келе жатып, әнеукүні тісі ауырғанда басқан күшәланың бір бөлегі қалтасында
екені есіне түседі. Ойланбастан сол күшәланы алады да тостағанның ішіне
тастай салады. Бүкіл халыққа бүйідей тиетін, қатыгез Серғазыны ашу үстінде
«өлмесе өлем қапсын» дейді.
әбден сусаған Серғазы қалыңдығының өзі оң қолымен берген қымызды
жұта береді. Сырлы аяқты босатып үф деп демін алып, екінші бір сырлы
тостағанды сындырмақ ойымен киімін шешпек болады. Бірақ қымызға еріген
күшәла басын айналдырып құстыра бастады. Қалыңдығына барған ханзаданың
қызығын көруге ешкімге рұқсат етілмеген, нөкерлері бірен-саран желіккен
бала-шағаны отау маңынан бағана қуып жіберген. Өздері де әрірек барып
50
Әдеби KZ
тұрған. Нөкерлер де тірі адам ғой, алпысқа таяп қалған қарт он алты жасар
қызбен, өрге қарай тас көтерген кісідей әуре боп жатқанда бұлар қалай
шыдасын, күзетке саңырау, дүлей біреуін тастап, өзгесі өз қамын ойлап
төлеңгіттердің алтыбақаннан қайтқан қыз-келіншектерін аңдып кетіп қалған.
Серғазының халінің қиындағанын көріп, Ақбөкен әшірап пен Дәулетшіні
күзетіп отырған екі нөкерге хабар берген. Сөйтіп Серғазы үй ішінде домалап, ал
әлгі нөкерлер не істерін білмей әбігер болып жатқанда, Ақбөкен арбаға
байланған арқанды пышақпен кесіп екі қашқынды босатып алып сайға түсіп
кеткен. Сайда қыз аңдып жоғалған нөкерлердің жайылып жүрген ерттеулі үш
атын үшеуі мініп алып, қараңғы түнді пайдаланып Жоламан көшінің соңынан
зытып отырады. Ақбөкен Табын руының қалай қарай көшкенін бұрын естіген.
Бала жастан үйренген даласы емес пе, дұрыс тауыпты.
— әттең не керек, күшәла аз болған секілді, — деді Ақбөкен сөзін аяқтап, —
мен шығып бара жатқанда Серғазы көзін ашты...
Жоламан ақырын басын шайқады.
— Серғазы өшін әке-шешеңнен алады деп ойламадың ба?
— Олардың қандай айыбы бар?
«Иә, олардың қандай айыбы бар? Бірақ бұл заман айыпсыз жанның айыпты
болатын заманы емес пе? әйтпесе соңымыздан қол шығарар біздің қандай
айыбымыз бар? Жерімізге, елімізге тиме дегеніміз бе?» Жоламан ауыр күрсінді.
Енді ол қатар тұрған дембелше, мығым башқұрт жігіттеріне бұрылды.
— Сендер енді қайда бармақсыңдар? — деді.
— Егер алсаңыз, сіздің сарбаздарыңыздың қатарында қалғымыз келеді, —
деді қазақ тілін әбден біліп алған ақ сары әшірап.
Жоламан екі жігіттің бетіне сынай қарады.
— Қолдарыңнан не келеді?
51
Әдеби KZ
— Құрыш табылса зеңбірек құя аламыз, — деді бағанадан бері үндемей
тұрған қалың қабақты қара торы Дәулетші, — кенді топырақтан қорғасын
қорытып оқ та жасай аламыз.
— Рас айтасыңдар ма?
— Рас болғанда қандай! Бұрын екеуміз де Оралдағы Димитриевтің қару-
жарақ заводында жұмыс істегенбіз.
— Жақсы, — деді Жоламан ойын ашып айтпай, — әзірге біздің көшпен бірге
болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз — бір жігітке бұрылып —
жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп
сал, — деді. Енді ол Ақбөкенге көз тастады, — қарағым, сен де әзірге біздің
үйде бола тұр.
— Мақұл, аға.
Байтабын сәл қозғалып:
— Көке, бұл кісілерді мен апарып келейін, — деді.
— Болады. Бірақ тез орал.
— Құп.
Байтабын қайтып келгеннен кейін Жоламан сарбаздарының қалғанын ертіп,
алдыңғы жақтарында сұлай созылған белестің үстіне шығып бекінді. Арт
жақтарында әр жерде жылтылдаған от көрінеді, қалың ауыл қонып жатқан
тәрізді. Ай сәулесі жүдей, күншығыстан таң білініп келе жатқандай...
Жоламан сарбаздарын әбден жайғастырып болды. Күнгейден Терістікке
қарай созылған қатпар тасты, ойлы-қырлы қырқада екі жүздей сарбазы
орналасқан. Жігіттердің бәрі жерде жатыр, аттары қырқа тасасында... Бұл
қырқадан күншығысқа қарай кең құшақты сай кетеді. Жазғытұрым оны қуалай
шалшымақ су ағады. Түбі құмайт, уақ тас, жағасы сирек ши. Осы сай
күншығыстағы бір шақырымдай жердегі тарам-тарам жылғалы, қараған,
52
Әдеби KZ
жыңғыл қалың біткен, ойдым-ойдым талды ойпатқа барып тіреледі. Онда
Жоламанның екі жүз жауынгері тұр... Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды
Қара Бура, ақкөз ЖәбірЎйіл, Маңқа әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен
айқаспақ (оның жүзі ортадағы сай бойында), содан кейін екі жақ әбден
қалжырады-ау деген кезінде артында тығылулы ұшқыр атты екі жүз жігітін
жауып жібермек! Алдыңғы шепті өзі, артқы шепті Байтабын басқармақ. Өз
тобының сарбаздары дені садақпен, біразы хиуа мылтықпен қаруланған.
Байтабын тобы кілең сойыл, найза, шоқпармен сайланған. Бұл топ жауға атой
беріп, қоян-қолтық шабуылға арналған. Екі топ бағанағы Қанат, Қайрат деген
егіз жігіттер арқылы байланыс жасап тұрмақ...
— Сұңқарларым, — деді Жоламан бір тізерлеп отырып, — іштегі болмашы
жара дертке айналған заман болды ғой. Қара бастың қамын жесек, дәулетім де,
шен-шекпенім де бар, бір бүйірге жантая кетер едім. Өйткенде жерінен, елдік
деген атынан айрылғалы тұрған қыруар Табынның қамын кім жейді? Сол Табын
деп атқа қондық, сол Табын деп жан қиярмыз. Кеше Хиуа ханына сатылып хан
деген атаққа ие болып, бүгін таулы жердің қу түлкісіндей ақ патшаға құйрығын
жылмаңдатып астына кіріп отырған Серғазы иттің жігіттері мен Эссен
жанаралдың солдаттарына кездескелі тұрмыз. Дауды ақыл жеңеді, жауды
батыл жеңеді.
— Сөз бар ма! — деп жігіттер қозғалып қойды.
— Мылтық даусы зор болса да бір-ақ адамға тиеді. Бұл зеңбірек емес. Ал
келе жатқан қолдың зеңбірегі жоқ көрінеді.
— Онысы дұрыс болған екен.
— Карабін мен іштесердің оқталуының өзі бір қауым уақыт. Ал садақ
дегеніңіз...
— Уа, бұл шіркіннің несін айтасың! Тек тарта біл.
53
Әдеби KZ
— Екі туып бір қалмақ жоқ, мылтықтың даусынан құттарың қашпасын, жауға
садақпен қан жұтқызып алайық та, содан кейін найза, сойылға жол берейік.
Өздерің көріп тұрсыңдар, олар тек бізге жазық жермен ғана келе алады. Ең
мықтағанда ши түптерін қалқан етеді. Садақ оғы әбден мазасын алған кезде,
мен ақ орамалымды найза басына көтерермін. Сонда бәрің бірдей атқа
қоныңдар.
— Құп, батыр.
— Ал енді орындарыңа барыңдар. Анау ақ тастан бастап, мына шоқ
тобылғыға дейін біріңнен бірің алыстамай қатарласа жатыңдар. Тәңірі жар
болсын!
— Айтқаныңыз келсін!.. Олар да біз секілді анадан туған, болар. Көрерміз!
— Уа, алла, ақсарбас жолыңа!
Жігіттер орындарына жете бергенде, Жоламанның құлағы тағы бір дүбірді
шалып қалды. Ынтыға тыңдап еді, ат дүбірі алыстап бара жатқан секілді. Және
екі жақтан шыққан тәрізді ме, қалай. Бірі алдыңғы тұсынан, ал екіншісі
солтүстіктен...
Расында да Жоламан қателескен жоқ-тын. Бағана көш көзден жоғалған
кезде, Карпов пен Серғазы жасақтарының ертәуілдері де жеткен. Олар ойпатта
жылтыраған көп отты көрді. Көш осы жерде екен, енді бізден құтылмайды,
жарық түсе тиісеміз деп құр алыстан бақылаумен болды. Жасақтарына да
осылай хабар берді. Шұғыл жүріспен әбден қалжырап келгендіктен жау таң
атқанша ылдидағы бұлақ жағасында аттарын шалдырып, бір мезет көз
шырымын алдырып алған соң, тыныш жатқан ауылды таң сәріден баспақ
болды.
Жол соғып әбден қалжыраған ертәуілдері де кезектесе тыныға бастады. Енді
біраздан соң құланиектене таң сыз берді. Олар сонда ғана барып өздерінің
54
Әдеби KZ
алданғандарын
білді.
Сарбаздар
бұлар
жатқан
жерден
бұрыстау
орналасқандықтан, қара-күңгірт таңда қырқаның бергі қойнауындағы тұсалған
аттарды көрмеген еді.
Жоламан жаңағы дүбір жау барлаушыларының дүбірі екенін айтпай түсінді.
Ол енді қанын ішіне тартып қатты да қалды. Таң әбден атты. Күн де шығуға
жақын екенін сезіп, бозаңда бір топ қара торғай әнге сала жөнелді. Оған шөп
арасында жүгірген бытпылдықтың да бырылдай шыққан үні қосылды.
Ақселеулене көгеріп келе жатқан аспанда жем іздеп қалықтаған бірен-саран
қара лашын, ақ тұйғын да көрінді. Шығып келе жатқан күнді құттықтап құстар ән
салып, оған шегірткелердің шырылдағаны дем беріп, жер-жиһан біртүрлі
ғажайып шаттық үніне бөленді... Бұл шаттық қазіргі қан төгілгелі тұрған айқастан
мүлде қаннен-қаперсіз, бар әлемді тек қана тыныштық, бейбітшілік қуанышы
әлдилеген!
Аздан кейін қызғылт жалқынын көкке атып күн де шықты. Дәл осы мезетте
Жоламанның қырағы көзі төменгі жақтан топтанған салт аттыны шалды. Сірә
көштен айырылып қалдық, тез қуып жетейік деген ынта да болуы керек, олар
үш бөлек боп жедел жүріп келеді. Алдарында сарт етіп қапқалы тұрған қақпан
бар екенін сезбеген тәрізді. Жоламанның да күткені осы еді.
— Жігіттер, садақтарыңды дайындаңдар, — деді Жоламан, — тек таямай
атпаңдар!
Сыпайлардың
жемге
байланған
аттары
оңалып
қалған
тәрізді,
ауыздықтарын керіп, бастарын шұлғып тастап, алға қарай тарп-тарп ұмтылады.
Көтеріле түскен күн сәулесімен шағылысып сары ала қылыш, көк темір мылтық
ұштары оқтын-оқтын жарқ ете түседі. Бұл Карпов жасағы болып шықты. Шолақ
құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр. Ат үстінде қопақ-
қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді.
55
Әдеби KZ
— Қара Бурадан өзгесін көздеңдер, — деді Жоламан. — Ол менікі!
Долы, бір сөзге келмей тарпа бас салатын Карповке Жоламан аса кекті.
Былтырғы бір ұрыста ол жалаң қылышпен ұрып, оң қолын жаралап кеткен.
Жазылғаны да жаңада. Сондағы өшін қазір алмақ.
әскер садақ оғы жететін жерге келіп қалды. Жоламан білтелі мылтық пен
семсер жұмсауға үйренбеген. Ұрыс қаруының ішіндегі ең қолайлы көретіні
шоқпар, сойыл. Найзаны да сирек қолданатын. Ал садақ тарту қазақ
батырларының үйреншікті өнері. Жоламан да садақты жақсы тартады. Ол енді
өзінің жас қайыңның бүртікті ағашынан иіліп жасалған, адырнасы тоғыз қабат
түйе таспадан өрілген, «Қайың ажал» дейтін садағын қолына алды. Ұшы оқ
жыланның уымен суарылған, біз тұмсық «Тау тесер» сегіз қарыс ақ жебесін
салып, сол қолымен садақ ағашының жебемен түйіскен жерінен айқара ұстап,
адырнаны тарта бастады.
Көздеген жері Қара Бураның өкпе тұсы. Жау жасағы үзеңгілерін сартылдата
тебініп, аттарын ауыздығымен алыстыра келіп қалды.
— Атыңдар! — деп бұйрық берді де, Жоламан садағын шірене тартып
жіберді. Бірақ сәл кешіккен екен, жебе ентелей ұмтылып келе жатқан шолақ
құйрық тор атымен Қара Бураның алдын көлегейлей берген жай сыпайлардың
бірін жер қаптырды.
— әттеген-ай! — деді ызаланған Жоламан тепсініп қалып.
Дәл осы сәтте жау жасағына садақ оғы қардай жауды. Тура тартылған жебе
кеудесіне кірш еткен кейбіреулері аттың жалын құшты, енді біреулері әр
жерден жеңіл жараланған сияқты. Бірен-саран білте мылтықтың да шаңқ-шұңқ
еткен даусы шықты, ана бір құлаған солдат қорғасын пытырадан мерт
болғандай, бозаң шөптің үстінде аунап-аунап түсті...
56
Әдеби KZ
Ойда жоқта жасалған шабуыл әрқашан да қауіпті. Әп-сәтте Карпов
жасағының быт-шыты шықты. Бірақ соғысқа үйренген тәртіпті солдаттар Қара
Бураның әмірін тез орындап, он шақты өлігін далада қалдырып, кейін шегінді
де, садақ оғы жетпейтін жерге келіп аттарынан түсті. Енді олар қалың шиді
қорғалай, қатар түзеп, мылтықтарын бытырлата атып, жер бауырлай жылжып,
алға ұмтылды.
Екі жақтан оқ қардай борады. Мылтықтың күшейе түскен гүрсілі жер жарып,
сарбаздардың құтын қашырып барады. Жоламан қатарынан талай қыршын жас
оққа ұшты. Бірақ ер жүректі жігіттер әрі-беріден соң мылтық дауыстарына да
құлақтары үйреніп, табан тіресіп атыса берді. Аңдысып атқан садақ пен мылтық
қоя ма, екі жақтан да адам шығыны көбейе түсті. Осындай қызу ұрыстың үстінде
кенет Жоламанның оң қол жағынан;
— Ойбай, келіп қалды! — деген қатты дауыс шықты. Батыр жалт
қарағанында қия тасты өрмелей, оқ жетер жерге жетіп қалған топ әскерді көрді.
Бірден білді, бұл Серғазы адамдарының жасағы. Ішінде солдаттары да бар, ана
бір қақырайған қалпақты ақ көз Жәбірәйіл, ана бір жатаған сарысы маңқа
әлексалды. Жоламан бірден таныды, бәрі өзіне таныс сұмырайлар.
Қара Бурамен атысып жатып, бүйірден келген жасақты аңғармай қалған
Жоламан енді тез қимылдады. «Келіп қалды!» деген сөзді естіп дір ете қалған
жасағына «Тез атқа қоныңдар!» деп, ақ жалау байланған сойылды басынан
асыра әлсін-әлсін былғады. Бұл Байтабынға берген әмірі еді. Сөйткенше болған
жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып «Табын!
Табын!», «Тіленші! Тіленші!» деп ұрандай ат қойды.
Бұл кезде Серғазы жігіттері де бекінісіп үлгерген-ді. Ойпатта қаптап келе
жатқан сарбаздарға мылтық пен садақ аралас оқ жаудырды. Хорунжий
Карповтың әскері шилерді тасалап қырқа басына таяй түсті. Бірақ Жоламан
57
Әдеби KZ
тобы көп шығынға ұшырамай аттарына қонып алды. Енді бұлар Байтабын
жасағына қосылды. Қырқа төбенің басына бекініп алған Серғазы жігіттері мен
Карпов солдаттары шыдатар емес, амал жоқ Жоламан бытырай ат қойған
сарбаздарын жинап, сап түзеп шабуылға шығу үшін кейін шегінуге әмір берді.
Лапылдап шауып келе жатқан жігіттер көзді ашып-жұмғанша аттарын бұрып
алып жыралы ойпатқа кіріп жоқ болды.
Сарбаздарын сапқа тұрғызып, Жоламан тобы бірнеше рет жауға қарсы
майданға шықты. Бірақ сәл тыныстың арасында мылтықтарын қайта оқтауға
мүмкіндік алған жау жағы, қырқа төбелердің басында отырып алып,
беттеттірмейді. Сойыл соғар жерге жете алмай Табын жігіттері әлсін-әлсін кейін
шегінді. Әр шегіністе бес-алты адамы оққа ұшты.
Сойылшылардың ұрысқа деген әдеттенген тәсілі бар. Лап берген
сойылшылар жұбын бұзбай жау шебіне тұтас кіріп, сойылдарын оңды-солды
сілтеп, қарқындарын бәсеңдетпестен, сол шапқан қалпында қарсы шепті
жайпап өтеді де, тоқтамастан орағыта шауып, жұбын жазбай тағы лап қояды.
Мұндайда тасыған судай қалың қолға қандай жау болса да төтеп бере
алмайтын. Соққан құйындай шауып өткен топқа қарсы келе алмай қалатын, ал
жау кейін қарай орала шапқан жігіттерінің соңынан түре тиіскенше, Жоламан
сарбаздарының алдыңғы тобын ұрысқа қайта салатын.
Көп мылтықты жау жағы, биігірек бекіністе отырып алып, сол жағдайға бір
жеткізбеді. Бар қолдарынан келгендері, әлсін-әлсін шабуылдап, таяй түсіп садақ
атып кейін шегіну болды. Мұнда да бірен-саран жау оққа ұшады, бірақ
шабуылшы жақтың тастап кететіндері көбіректеу. Осындай бірнеше айқастан
кейін, жау жағы өзінің күшінің басым екеніне көзі жетті ме, тегіс атқа қонды.
Бірақ, орын тепкен адыр, төбелерін тастамай, бөлектене топталып, оқ жаудыра
берді. Дәл осы сәтте Жоламанның есіне бағанағы Байтабын айтқан арбадағы
58
Әдеби KZ
оқ-дәрі түсті. Сірә ол қырқаның арғы бетінде болуы керек. Егер сол күбіні көкке
ұшырса, оқ-дәрісіз қалған Қара Бура жасағының жеңілгені. Бетпе-бет сойылға
түсуге солдаттарда қайрат жоғы өзіне мәлім.
— Байтабын, осы шабуылда бағанағы арбаның қайда екенін байқап қал, —
деді Жоламан жиеніне тағы да жау шебіне ат қоярында.
Жоламан аналардың да атқа қонғанын көріп тұр, егер бұлар енді атой салса
олардың да қарсы шабатынын біледі. Бұл ұрыс заңы. Осыны ескерген Жоламан
қайтадан ұран тастап, сарбаздарын бастап лап қойды. Бұ жолғы ойы таяп келіп,
садақ тартып кейін шегіну емес, қарсы топты бір жайпап өту. Лақылдап келе
жатқан қалың сарбазға хорунжий Карповтың атты әскерлері де қылыштарын
жалаңдатып қарсы шыға шапты. Бірақ Жоламанның әдісімен таныс Гаврилло
мен Александр урядниктер өздерінің солдаттарын тырп еткізбей, ат үстінен оқ
жаудырып орындарында тұра берді. Жоламан сарбаздары Карпов әскерлерін
бір жайпап өтіп, қырқаны бауырлай орағыта кейін бұрылғанында, арбалы оқ-
дәріні көремін деп өздері тұрған төбешікке шапқылай көтерілген Байтабынды
қоршап қалды.
Осы сәтте қайтадан сап түземек боп кейін шегініп бара жатқан Жоламанның
құлағына жау қоршауында қалған Байтабынның;
— Көке, көке! — деп айқайлаған даусы жетті.
Сарбаздарының көбі жыңғылды ойпатқа кіріп те үлгірген еді. Сап түзеп қайта
шапқанша Байтабынның мерт болуы кәміл. Ал кейін шапса өзінің сау қайтары
екіталай. Осы кезде Байтабынның;
— Қош, қош! — деген даусы тағы естілді.
Жоламан атының басын қалай кейін бұрып алғанын өзі де сезбей қалды.
«Аруақ! Аруақ!», «Тіленші! Тіленші!» деп Байтабынның даусы шыққан жаққа
астындағы қамыс құлақ, бота тірсек талай-талай топ жарған атақты күреңін
|