Шағатай ұлысы, Моғолстан және Әмір Темір мемлекеті. Моғолстанның құрылуы, жер аумағы. XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, Шағатай ұлысының шығыс бөлігі - Оңтүстік шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылады. Ал ұлыстың келесі бөлігі - Мауараннахрдың батысында Әмір Темір мемлекеті құрылған. Моғолстан аталу себебі, Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» әрпі түсіп қалып, «моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен.
Мемлекетті кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқы болмағандықтан, өздерін тыңдайтын, Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы шонжарларының жаңа құрылған бұл өкіметте беделдері бұрынғыдан да күшейген. Жалпы, дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. Атақшы тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде, өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінғі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай кезінен бері өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласқан.
Халқының этникалық құрамы. Моғол хандығының тағына негізінен Шығыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине, монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезінде өздерінің басымдылығын көрсеткенмен, уақыт өткен сайын жергілікті түрік тілдес тайпалар басымдылық алып, монғолдарды өздеріне сіңіре бастаған. Ал қалғандары Шығыс Түркістанға, ұйғырларға қоныс аударып, соларға араласып, өздерінің монғол атынан мүлде айырылған.
Моғолстанның солтүстік-шығыс жағын алып жатты. Ал бұл аймақтағы түркі тілдес үйсін, каңлы тайпаларының біздің дәуірімізге дейінгі III - II ғасырлардан өмір сүріп келе жатқандығын білесіндер. Одан кейін V-VІ ғасырларда да бұл аймаққа түркі тілдес тайпалар келіп қоныстанды. Сондықтан да орта ғасырдан дамыған кезінде құрылған Моғолстанның негізгі халқы түркі тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы, т.б. ертеден осы өңірді өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленІп кеткен монғол тайпалары да болды. Мемлекеттің ұлттық құрамы онда қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ру-тайпалардың басым болғанын, сөйтіп бұл мемлекеттің қазақ халқының мемлекеттілігінің бастауында түрған елдердің бірі екендігін көрсетеді.
Моғолстанның ішкі-сыртқы жағдайы. Саяси тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде билік басына келген Тоғылық-Темір хан елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсартып, XVI ғасырдың басына дейін билік еткен әулеттің негізін қалады. Хандықтың бүкіл аумағын біріктіріп, бір орталыққа бағындырады. Мемлекеттің орталығы Алмалық қаласы болады.
Хан өзінің билігін бұрынғы қалыптасқан жүйемен жүргізеді. Оны ұлыстық басқару жүйесін сақтауынан көруге болады. Дулат тайпасының мұралық лауазымы жоғары ұлысбегі деген атағын сол қалпында қалдырады. Салық жинауда кейбір жаңа шаралар қолданылады. Мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Тоғылық-Темірге дейін моғол билеушілерінің ислам дініне енуі баяу жүріп келсе, енді хан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген. Мырза-Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, бір күнде 160 мың адам ислам дінін қабылдайды. Ханның бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. Сөйтіп хан ел ішінде қатал тәртіп орнатады.
Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысының кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекет жасайды. 1360-1361 жылдары Мауараннахрға екі рет сәтті жорық жасап, баласы Ілияс-Қожаны Мауараннахрдың хан тағына отырғызып қайтады. Моғолстанға оралған Тоғылық-Темір хан қаза болады. Өзінің мұрагерлік құқығын реттеп қайту үшін Ілияс-Қожа Моғолстанға кеткен кезде Орта Азиядағы жағдай күрт өзгереді. Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелдікті амалсыздан мойындап жүрген Әмір Темір енді Мауереннахрдағы билікті өз қолына алу үшін, Ілияс-Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс -Қожа ханның арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс-Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. Ташкент қаласының маңында 1365 жылы 22 маусымда екі жақтың арасында шешуші "Батпақ шайқасы" болады. Жазба деректердің хабарына қарағанда, кескілескен шайқас болғаны соншалықты, екі жақтан 10 мыңға жуық адам құрылған. Шайқаста Ілияс-Қожа хан жеңіске жетіп, Әмір Темір қашып құтылады.
Батпақты жеңісінен кейін Моғол ханы Самарқанға қарай аттанып, оны қоршауға алады. Бірақ халық қаланы жан аямай қорғайды. Қаланы ұзақ уақыт қоршаудан қалжыраған моғол әскерлерінің мініс аттары жаманат індетінен қырыла бастайды. Қаланы алудың мүмкін еместігіне көзі жеткен хан Моғолстанға қайтуға мәжбүр болған. Сөйтіп, Шағатай ұлысы кезіндегі билікті қайта қалпына келтіру ісінің алғашқы кадамы сәтсіздікпен аяқталады. Бұл сәтсіздіктің басты себебі, билеушілер арасындағы алауыздық, саяси феодалдық батыраңқылық еді. Ақыр аяғында Ілияс-Қожа хан да осы феодалдық талас-тартыстың кұрбаны болады.
Бұдан кейін де Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Қамар ад-дин мен оның інісі Шамс ад-диндер жүргізген. Қамар ад-дин де өзін тыңдайтын, жас Тоғылық-Темірдің соңғы ұрпағы Қызыр-Қожа Оғланды хан тағына отырғызып, дулат тайпасының әмірлері мен шонжарларының жағдайын жақсартуға күш салады.