Алтын Орданың қоғамдық құрылысы. Алтын Орда мемлекетінің құрылысы толығымен Шыңғыс хан енгізген мемлекет үлгісін қайталады. Мемлекет Жошы хан әулетінің меншігі болып саналды. Маңызды мемлекеттік істі шешу үшін билік басындағы әулет мүшелері бастаған ақсүйектер жиналысы — құрылтай шақырылды. Армияны және өзге мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды бешербек басқарды. Қаржы, алым-салық мәселесін, мемлекеттің ішкі істерін жүргізетін орталық аткарушы орган — диванның басында уәзір тұрды. Қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық, сыбаға жинау міндетін атқаратын даругтер, баскақтар тағайындалды. Хан отбасының мүшелері маңызды қызметтер атқарды. Ірі нояндар, бектер, әмірлер, баьадурлер түмендерді, мындық, жүздіктерді басқаратын әскербасылары болып сайланды.
Алтын Ордада жаулап алынған жер мен халықтарды басқару үшін ұлыс жүйесі енгізілді. Батый хан тұсында Жошы ұлысында екіге — оң және сол қанатқа, негізінен екі мемлекетке бөліну процесі жүргізілді. Оң қанат (ұлыстың) басында Батый ханның өзі мен ізбасарлары тұрды. Ал сол қанатты Жошының үлкен ұлы Орда Ежен биледі. Қазақстан жерінің көп бөлігі сол қанат құрамына кірді.
Батый мен Орда Еженнің ұлыстары өз ішінде тағы да кіші ұлыстарға бөлініп, олардың басында Жошының өзге ұлдары отырды.
Ұлысты (үлесті жер) билеуге өкімет басындағы әулет мүшелерінің барлығы құқықты болды. Ал өзге монғол ақсүйектеріне үлесті жер ханға еткен еңбегіне карай бөлініп берілді. Біртіндеп ақсүйектер құқығы арта түсіп, олар қарамағындағы жерді ұрпағына мұра етіп қалдыра алатын дәрежеге жетті. Екінші жағынан Алтын Ордада көшпелілердің ру-тайпалық ұйымдары да сақталды.
Алтын Орданын гүлденуі мен кұлдырауы. Алғашында Алтын Орда Монғолиядағы ұлы ханға тәуелді болды. Алайда 1260 ж. Монғол империясы бірнеше тәуелсіз ұлыстарға ыдырап кетті.. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256 — 1266 жж.) тұсында-ақ тәуелсіздікке қол жеткізген. Одан кейінгі Мөңке хан (1266 — 1280 жж.) өз атынан теңге шығара бастады.
Алтын Орданың тарихы ішкі қайшылықтарына қоса, орыс князьдіктерімен, Ирандағы Кұлағу ханның әулетімен, Ақ Орданын және Хорезмнін билеушілерімен үздіксіз соғыстарға толы болды. Алтын Орданың XIV ғ. алғашқы жартысында, әсіресе Өзбекхан (1312 — 1342 жж.) мен одан кейінгі Жәнібек ханның (1342 — 1357 жж.) тұсында құдіреттілігі арта түсті. Ханның дара үстемдігі орнап, құрылтай шақыру аяқсыз қалды, билік бір адамның қолына жинақталды.
1312 ж. Өзбек хан исламді Алтын Ордадағы мемлекеттік дін деп жариялады. Далалық түркі-монғолдық мәдениет Еділ бойы (бұлғарлар) және Орта Азия (Хорезм) мұсылмандық салт-дәстүрлерінің әсерімен исламді қабылдай бастады.
XIV ғ. екінші жартысында Алтын Орда алауыздықтан әлсірей бастады. 1357 жылдан 1380 жылға дейін таққа 20-дан астам хандар отырып, бірін-бірі өлтіріп, орнын тартып алып жатты. 1380 ж. Алтын Орданың билеушісі, түменбасы Мамай Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен Куликово даласында тас-талқан боп жеңілді. Жошы ұрпағы Тоқтамыс хан осы жағдайды пайдаланып, Алтын Орданың билігін тартып алды. Өз билігін соғыс жеңістерімен бекіте түспек болған ол 1382 ж. Мәскеуді өртеп жіберді, Мәуереннахр мен Закавказьеге бірнеше рет жорық жасады. Тоқтамыстың соңына түскен Әмір Темір Алтын Ордаға қайта-қайта шабуыл жасап, халқын қырып, байлығын тонап, енді қайта көтеріле алмастай етіп тұралатты.
XV ғ. ортасына карай бірнеше үлкен ұлыстар өз алдына хан сайлап, Алтын Орда біржола қүлады. Бұл ұлыстардың ең ірісі XV ғ. 30-жылдары Еділ мен Днепрдің аралығында құрылған Ақ Орда болды. 20 — 60-жылдары Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары бөлініп шықты.
1251 ж. Үгедей ұлысы жойылды. Жері Мөңке ханның (Шыңғыс ханның кіші ұлы Төленің баласы) жақтастарына таратылып берді. Шағатай ұлысында да билік қолдан-қолға өтті. Әсіресе Мөңке өлгеннен кейін феодалдар тартысы күшейе түсті. 1260 ж. Арығ-Бұғы мен Кұбылай екеуі де өздерін ұлы хан деп жариялады. Үздіксіз шайқастардан жергілікті қалалар мен егіс алқаптары зардап шегіп, тозуға айналды. Рашид ад-Диннің айтуынша, XIII ғ. 60-жылдарында «Арығ-Бұғының тағылық әрекеттерінен іле алқабында аштық болып, қаншама халык қырылып калған».
1269 ж. ұлт ханнан тәуелсіз Хайду мемлекетінің құрылуы жергілікті халықтан шыққан феодал билеушілердің бас көтере бастағанынын куәсі еді. Осы жылы Талас бойында шақырылған құрылтайда олар отырықшы-егінші аудандарды құрып кетуден қорғау әрекеттерін жасады.
Алайда Шыңғыс әулетінің арасындағы толассыз талас-тартыс пен Хайдудың ұлы хан армиясымен ұзаққа созылған соғысы кұрылтай шешімін жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Хайду ізбасарлары арасында басталған өзара тартыстар XV ғ. алғашқы жартысында Жетісудың экономикалық құлдырауын шегіне жеткізді. Махмуд ибн Уәли Хайду ұлдары мен Шағатайдың шөбересі Доба арасындағы қақтығыстар туралы былай деп жазды: «Біздің аталарымыз өзара соғысып жатқан кезде көптеген адамдар жазықсыз қырылды, аудандар қаңырап калды, иелігіндегі жерлер сағымға айналды, егістік қурап қалды... қалалар мен құрылыстар адамдар жылы орнын тастап, кезбе кайыршыға айналды».
Монғолдар келгенге дейін дамудың жоғарғы сатысында тұрған Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы — Баласағұн, Тараз, Алмалық, Алмату, Қаялық, Ілебалық, Екі оғыз, т. б. үлкенді-кішілі қала мен елді мекендер жер бетінен жоғалып кетті.
Моңғол хандарының арасында жергілікті ел басшыларына арқа сүйей отырып, отырықшы-егінші және қалалық мәдениет негізіндегі бір орталықтан басқарылатын билік жүйесін жақтаушылар да болды. Олардын ең көрнектісі жоғарыда айтылған Добаның ұлы Кебек хан (1318—1326 жж.) еді. Ол көшпелі тұрмыстан қол үзіп, Жетісудан Мәуереннахрға барып қоныстанды, ақша және әкімшілік реформасын жүргізді, Орта Азиядағы қираған қалалардың қалпына келтіріліп, жаңадан қала салынуына ықпал жасады. Оның қамқорлығы арқасында Шағатай ұлысындағы Онтүстік Қазақстандық қалалар қалпына келтірілді. XV ғ. ортасында Хайду мемлекетінен Моғолстан бөлініп шықты.
Ақ орда 14-15 ғғ. Орта Азия мен Қазақстан монғол шапқыншылығы зардабынан арыла бастады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар түзеле бастады. Көптеген ұлыстар мен елдер тәуелсіз бола бастады. Осындай тәуелсіздікке ие болған мемлекеттердің бірі - Ақ Орда. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты.
Ақ Орданың халқы - қыпшақтар, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар т.б.
Ақ Орда хандары - Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасық-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Орыс хан, Қойыршак, Барақ т.б.
Ақ Орданын күшейген кезі 14 ғ. 2 жартысы. 1361 ж. Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жж. Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханьды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 ж. Орыс хан қайтыс болды.
Ақ Орда иелігі Орыс ханның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды. Ақ Орда әмірлерінің қолдауына ие болған ол, 1380 жылы Сарайды, хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 ж. Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі себебінен мүмкін болды.
Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ, 1380, 1391, 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан 14 ғ. соңы мен 15 ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.
1423-1424 жж. Орыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Орда да хандықты өз қолына алды. Алайда, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, т.б. Сырдың орта ағысындағы аудандар Темір әулетінің қолында еді. 1425-1426 жж. Барақ Ақсак Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сыр бойындағы басқа да қалаларды босатты.
Жорықта жүріп Барақ қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтың билігі Шайбан әулетіне көшті. Барақ өлген соң олар Ақ Орданың елеулі бөлігін жаулап алды.
Сөйтіп, 1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде пайда болған Ақ Орда екі ғасыр өмір сүрді. Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Мал шаруашылығы да дамыды. Жер иеленушіліктің інжу, милк, сойырғал сияқты түрлері және тархандық сый тарту болған. Ақ Орданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күпір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп тұрды. Ақ Орданың ресми тілі қыпшақ тілі болды.