Курстық ЖҰмыс пәні: мемлекет және қҰҚЫҚ теориясы



бет3/4
Дата31.12.2021
өлшемі97,03 Kb.
#23755
1   2   3   4
Курстық жұмыстың мақсаты – құқық бұзушылық және олардың түрлері, ұғымы және түсінігі тақырыбы бойынша жеке зерттеу. Құқық бұзушылық мәселесі бойынша жаңа бағыттар жасау.

Курстық жұмыстың міндеттері – құқық бұзушылықтың қоғамда алатын орны, құқықбұзушылықтың құрылымы мен негізгі белгілері және түрлері туралы толық мағлұмат беру.

Курстық жұмыстың құрылымы – курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімімінен тұрады.

Құқық бұзушылық проблемасы, біздің ойымызша, әрқашанда өзіне қызығушылық туғызып отырады, себебі қандай да бір құндылықтарға, адамдар қоғамының басымдығына қол сұғатын іс-әрекеттер болды. Қазіргі кезеңде құқық бұзушылық проблемасының өзектілігі Қазақстанны қоғамдық өмірінің барлық саласындағы түбегейлі өзгерістермен байланысты саяси, мүліктік, қаржылық және басқа да қатынастардың айтарлықтай күрделенуімен түсіндіріледі. Жыл өткен сайын Қазақстан Республикасындағы құқық бұзушылықтың саны арту үстінде. Құқықтық күзетке алынатын қоғамдық қарым-қатынастардың жаңа түрлері пайда болуда және осының салдарынан құқық бұзушылықтың да жаңа түрлері пайда бола бастайды. Құқық ғылымы бұған бей-жай қарай алмайды. Бірде-бір құқық бұзушының заңды жауаптылықтан бұлтартуына жол бермеу және сонымен қатар бірде-бір кінәсіз адамның негізсіз жазаланғанына да жол берілмеуі керек, ал оған қол жеткізу үшін «құқық бұзушылық» түсінігінің нақты анықтамасын және ең алдымен жалпы құқық теориясының аясында әр түрлі құқық бұзушылықтар арасындағы ара-жікті айқындап алу керек.

1. Құқық бұзушылықтың қоғамдағы орны
1.1 Құқық бұзушылықтың түсінігі мен белгілері

Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы да: «Тәртіпке бас иген ел құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп қоғамдағы құқық бұзушылық пен тәртіпті өзінің өткір сөзімен жеткізе білген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен, керісінше қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да аз емес.

Қандай да бір құбылысты немесе терминді зерделеуге кіріспес бұрын бірінші кезекте оның түсінігін айқындап алу керек. Сонымен, құқық бұзушылық дегеніміз не? Осы мәселе бойынша қандай көзқарастар мен ұстанымдар қалыптасқан? Соған тоқталып өтейік.

Құқықбұзушылық өзіндік пайда болу, даму және жойылу заңдылықтарына ие белгілі бір қоғамдық құбылыс ретінде көптеген жекелеген құқық бұзушылықтардан құралады, олардың барлығы да ортақ қасиетке ие болады. Белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздіктің әлеуметтік табиғаты мен заңды нысанын бейнелейтін осындай қасиеттердің жиынтығы құқық бұзушылықтың түсінігін береді.

Ең алдымен құқық бұзушылық теориясының жалпы құқық теориясының элементі ретінде салыстырмалы түрде кешірек қалыптаса бастағанын атап өткен жөн. ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңында 60-жылдарының басында құқық бұзушылықты зерделеу заң ғылымдары саласының құзыретінде болды. Жалпы құқық теориясы аясында құқық бұзушылықтың жекелеген аспектілері заңдылықты, құқықтық қарым-қатынасты, заңды жауаптылықты және басқа да проблемаларды зерттеу үдерісінде талқыланды. Алайда соңғы уақытта құқық бұзушылықтың жалпы теориясын жасауда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді.

Заң нұсқамаларына ауытқудың қоғамда едәуір кең таралған сипаты бар. Себептердің және оларға жәрдемдесетін жағдайлардың көп болуына, субъектілер мен жасалатын және құқыққа қарсы әрекеттер сипатының алуан түрлі болуына қарамастан, олардың көпшілігінің (объективті құқыққа қарсыларын қоспағанда) бірқатар ортақ белгілері бар, солардың негізінде заң ғылымы оларды әлеуметтік құбылыстың біреуіне жатқызады. Бұл құбылыс “құқық бұзушылық” деген ұғыммен белгіленеді.

Сонымен, «құқық бұзушылық дегеніміз – адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке адамға зиян келтіретін, заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі.». Бұл түсінік адамгершілік, діни, дәстүрлі сипаттағы нормаларды бұзатын іс-әрекеттердің заңға қайшылығын қамтымайды.

Құқық бұзушылық – құқыққа және оның талаптарына қарсы бағытталған мінез-құлық. Әрбір құқықбұзушылық – нақтылы құбылыс. Оны нақты адам, белгілі бір жерде, мезгілде және жағдайда жасайды немесе жүзеге асырады.

Құқық бұзушылықтың мәні — басты өзіне ғана тән, оны басқа жүріс-тұрыс ережелерін бөліп көрсететін ерекшеліктерінен тұрады. Алдымен барлық құқық бұзушылықтың мәні ретінде қоғамдық құрылыстың, қоғамдық қатынастар жүйесіне келтіретін қауіптілігі, зияндылығы сөз болады. Демек, тек бір ғана әрекеттің қоғамға қауіптілігі мен зияндылығы емес, оның таралуы қоғамдық қатынастарға айтарлықтай залал келтіретін адам әрекетінің белгілі бір түрі ескеріледі. Ал қоғамдық өмірдің бекітілген тәртібін, олар қоғамда кең таралған жағдайда ғана жекелеген әрекет-әрекетсіздік қоғамдық тәртіптің қаупіне айналады. Тиісінше, қоғамға қауіпті деп жекелеген әрекет-әрекетсіздік бағалануы мүмкін. Ол зиян келтіретіндіктен емес, өзі тектес әрекет-әрекетсіздіктің көптеп орын алуына байланысты. Олар өз жиынтығында қоғамның қалыпты өмір сүру жағдайын, қоғамдық құрылыстың реттілігі мен тәртібін бұзады, сондықтан да құқық бұзушылықпен күресудің мемлекеттік ұйымдасқан қызметін қажет етеді.

Құқық бұзушылық өз жиынтығында қоғамның қалыпты өмір сүру жағдайын, қоғамдық құрылыстың реттілігі мен тәртібін бұзатындықтан, оған мемлекет атынан шара қолданылып, жауапкершілік тағайындалады. Құқықтық жауапкершілік негізгі үш белгімен сипатталады:

- мемлекеттік мәжбүрлеу;

- құқықбұзушыны жауапқа тарту;

- құқық бұзушының өзіне жағымсыз жағдай туындату.

Мәжбүрлеу шарасын, әрине, мемлекет белгілейді. Құқық нормаларының қағидаларын бір ауыздан қорғау қажет болған жағдайда, мәжбүрлеу арқылы олардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Егер құқықтық норманың қағидалары бұзылатын болса, мемлекет органдары тиісті шаралар қолдануға құқылы.

Құқық бұзушылық – заңды, оның қағидаларын, құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың қылығы, мінезі, іс-әрекеті немесе әрекетсіздігімен сипатталады. Адам өзінің
іс-әрекеті, қылығы арқылы басқа адамдармен, қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынасқа түседі. Заң бұзушылық адаммен мінез-құлық арқылы байқалады. Адамның ой-желісін заңмен реттеуге болмайды. Алайда, қандай да болсын іс-әрекет пен мінез-құлық ойдың және сана-сезімнің қатынасуынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Олардың барлығы ойдың елегінен өтіп, бақылауында болады. Ақыл-есі дұрыс адамның іс-әрекеті ерік пен ойдың арқасында жүзеге асырылады. Бұдан шығатын тұжырым: заңды бұзушылық қоғам мен жеке тұлғаларға зиян келтіретін және құқықтық нормаларға қарсы әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады.

Құқықбұзушылық құқықтық нормалар қорғайтын мүддеге нұқсан келтіре отырып, қоғамның, жеке адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқықтық нормалардың талаптарын орындамау нәтижесінде тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян келтіреді.

Құқық бұзушылық ең алдымен әлеуметтік құбылыс болып табылады, себебі субъекті оны жасауда қоғамда қалыптасқан тәртіп пен қоғамдық өмірдің әр түрлі саласындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастардың нормаларына қол сұғушылыққа жол береді. Бұл пікірді ғалымдардың бір тобы ұстанып отырғаны мәлім, олардың пайымдауынша, егер де құқық бұзушылықтың нәтижесінде тауар жойылса, онда оның меншік иесі де, қоғам да зардап шегеді, себебі бұл тауар саудаға түспейді және оған мұқтаждардың қажеттілігін қанағаттандырмайды, ал егер қылмыстың нәтижесінде адам өлсе, онда ол да, экономика да (ол енді еш уақытта тауар өндірмейді), күйеуінен, әкесінен, бауырынан айырылған отбасы да зардап шегеді. Құқық бұзушылықты әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеу бізге оның мән-мағынасын түсінуге көмек береді, ал ғалымдардың екінші бір тобы: «....құқық бұзушылықтың әлеуметтік мән-мағынасын зерттеу осы құбылыспен байланысты заң мәселелерін анағұрлым терең және дұрыс шешуге қызмет етуі керек....» дейді. Осылайша, құқық бұзушылықтың әлеуметтік аспектісін, мән-мағынасын зерделеу қазіргі уақытта бірінші кезекте тұр деп қорытынды жасауға болады.

Ғалымдар құқық бұзушылықты әлеуметтік құбылыс ретінде сипаттайтын оның бірқатар әлеуметтік белгілерін атап көрсетіп отыр. Соларды атап өткен жөн деп санаймыз:

біріншіден, құқық бұзушылық ең алдымен қоғамда қалыптасқан құқықтық тәртіпке, адамдардың күн өткен сайын өздерінің қажеттіліктерін іске асыратын қоғамдық қарым-қатынастарға қол сұғушылық болып табылады. Осының салдарынан, ғылым құқық бұзушылықтың объектісін оның маңызды белгісі ретінде көрсетіп отыр. Ғалымдардың көзқарасынша, қоғамдық қарым-қатынас құқық бұзушылықтың объектісі болып әрекет етеді, ал олардың жиынтығы түпкілікті есепте ол әлеуметтік ағзаны қалыптастырады.

екіншіден, пайда болған тәртіпке қол сұғушылықтың ерекше әдісі құқық бұзушылыққа тән. Онымен қалыптасқан әлеуметтік байланысты объективті түрде бұзатын немесе бұза алатын іс-қимылдар қамтылады. Құқық бұзушылықты жасау әдістері олар қол сұғатын қоғамдық қарым-қатынастың ерекшеліктерімен негізделеді.

үшіншіден, құқық бұзушылықтың субъектісі дараландырылған және қоғамның ырқына сай келмейтін өзінің ырқын білдіруге қабілетті болуы керек. Яғни, құқық бұзушы құқық бұзушылық жасау кезінде өзінің қандай да бір қызығушылығын қанағаттандыра отырып, ол қоғамда қалыптасқан тәртіпке қол сұғатындығын түсінуі тиіс. Демек, бұл белгі құқық бұзушының тұлғасын сипаттайды.

төртіншіден, құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі немесе қоғамдық зияндылығы оған тән белгі болып келеді. Бұл белгі алғашқы үш белгінің нәтижесі болып табылады, себебі оған субъекті қол сұғатын қоғамдық қарым-қатынастың түрі, қол сұғудың түрлері мен субъектінің өзіндік ерекшеліктері тікелей әсер етеді.

Аталған белгі субъекті қол сұғатын қоғамдық қарым-қатынастардың маңыздылығын байқатады. Қоғамдық қарым-қатынас маңыздырақ болса, оған қол сұғушылықтың қоғамдық қауіптілігі де жоғары болады және субъект анағұрлым ауыр жаза арқалайды. Шындығында да, қоғамдық қауіптілік, мысалы адамды өлтіру қандай да бір мүлікті ұрлаудан анағұрлым жоғары тұрады. Зиянның көріну формалары әр түрлі болып келуі мүмкін: айтарлықтай және айтарлықтай емес, материалдық және моралдық, т.б.

Сонымен, әлеуметтік көзқарас тұрғысынан құқық бұзушылық – қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынас тәртібіне қауіп төндіруші қоғамдық қауіпті іс-әрекет болмақ.

Құқық бұзушылықтың әлеуметтік сипаты құқықтық сипаты үшін алғышарт болып табылады, ол негізінен құқықтық әдебиеттерде де айрықша аталып өтеді. Құқықтық сипатты қалыптастырушы ғалымдардың айтуынша: «...құқықтық сипат әлеуметтік сипатты толықтырады және нақтылайды, ол талданатын құбылыстың ерекшелігін жарыққа шығарып көрсетеді, оған құқықтық теория тұрғысынан басқа қырынан қарайды...».

«Құқық бұзушылық» түсінігінің көптеген анықтамасымен бірге оның өзіндік белгілері де бар. Олардың бәрі толықтай талданған күйде құқық бұзушылық құқыққа қабілетті тұлғалардың қоғамдағы құқыққа қайшы, кінәлі зиян келтіретін немесе құқықтық жауаптылыққа әкелетін тұлғаның іс-әрекетіне келіп саятынын көрсетеді.



Құқық бұзушылық – адамның биологиялық, физиологиялық, технологиялық ерекшеліктерге сай іс-әрекетінің әлеуметтік көрінісі. [5, 250б]

Құқық бұзушылық аса маңызды белгілер қатарына ие, олардың ішіндегі ең негізгілеріне мыналар жатады:




ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІЛЕРІ




Құқыққа қайшы келушілік

Жазаланушылық




Кінәлілік




Қоғамға зияндылығы және қауіптілігі




Әрекеттілік немесе әрекетсіздік түріндегі әрекет



Енді құқық бұзушылықтың осы аталған белгілеріне қысқаша тоқталып өтейік:

1) құқыққа қайшы келушілік – әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігін, зияндылығын заң атауы арқылы білдірілуі. Құқыққа қайшы (қарсы) келудің және ол үшін жауапты болудың шегін, мөлшері мен шамасын мемлекет анықтайды әрі оны бекітеді;

2) қоғамға зияндылығы және қауіптілігі – құқық бұзушылықтың негізгі объективтік нышаны, айырымдық белгісі және оның заңнан құқыққа қайшы болу шегін ажыратуға негіз болатын объективтік тұғыры. Құқық бұзушылықтың қоғамға келтіретін зияны мен оның қауіптілігі қоғамға маңызды құндылықтар мен оның тіршілік ету жағдайларына қол сұғулардан тұрады;

3) кінәлілік – былайша айтқанда, құқық бұзушылыққа бару – ешбір ықпалсыз-ақ құқық бұзушының еркінен тыс өзінің ерік ықтиярына қарай білдірілуі, ал мұның өзі кінәлі іс-әрекет (мінез-құлық). Егер де жеке адамда таңдау еркі (ықтияры) болмаса, егер ол өзінің іс-әрекетінің құқыққа қайшы келетінін жете түсінуге қабілетті болмаса, онда оның кінәлі әрекеті құқық бұзушылық болмайды да, ол объективті түрдегі құқыққа қайшы әрекеттілік болып шығады. Сондықтан мұндай адам заң алдында жауаптылыққа тартылмайды;

4) әрекеттілік немесе әрекетсіздік түріндегі әрекеттер – тұлғамен құқық бұзушылық заңдық талаптарды орындауға міндетті бола тұрып, оларды орындамаған жағдайда болады;

5) жазаланушылық – мәжбүрлеу шараларының мемлекет тарапынан қолданылу мүмкіндігі.

Сонау ерте заманнан бері, құқық пен құқық бұзушылық пайда болғаннан бері теориялық құқықтық ойлар құқық бұзудың себебін, соның ішінде қылмыстың жасау себебін анықтау мәселесіне жауап іздеуде. Неліктен іс қимыл пайда болды, не себепті ол ережелерді және құқықтық принциптерді бұзады? Осы құқық бұзушылықтарды қоғамдық өмірден қалай ығыстырып шығара аламыз? Бұл сұрақтарға жауап іздеу ғасырлар бойы жалғасып келеді, әлі күнге дейінгі шешімін тапқан жоқ.

Сонымен, құқық бұзушылықты сипаттайтын белгі-нышандарға мыналарды жатқызуға болады:

1. Құқық бұзушылық — құқықты, құқық жүктеген міндеттерді және оның қағидаларын бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Яғни, адамдардың іс-әрекеті, қылығы немесе әрекетсіздігі. Адам өзінің іс-әрекеті, қылығы арқылы қоғаммен, мемлекетпен, басқа адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Демек, құқық бұзушылық адамның мінез-құлқы арқылы байқалады. Мінез-құлқы,


іс-әрекеті арқылы көрінбеген адамның ой-тұлғасы, сезімдері құқық бұзушылық болып табылмайды. Мәселен, адам өзінің ойын, сенімін күнделік пен таспаға жазуы, суретке түсіруі мүмкін. Бұл дегеніміз, ерік пен ойдың арқасында ақыл-есі дұрыс адамның іс-әрекеті жүзеге асырылады деген сөз. Яғни, құқық бұзушылық саналы түрде жасалатын ерікті іс-әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады.

2. Құқық бұзушылық құқық нормалары қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп, қоғамның және адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқық нормаларының талаптарын орындамау нәтижесінде қоғамдық қатынастарға кесел келеді, құқықтық тәртіп бұзылады, белгілі бір құнды зат, игілік жоғалады, адамның құқықтарына, денсаулығына, өміріне, рухани сезіміне зиян келтіреді. Зиянның көлемі, мөлшері түрлі болуы мүмкін.

Құқық бұзушылықтың маңызды белгілерінің бірі – кінәлілік болып табылады. Қасақана немесе абайсызда жасалғанды, басқаша айтқанда адамның кінәсінен болғандарды қоспағанда, кез келген құқыққа қарсы іс-әрекетті құқық бұзушылық деп санауға болмайды.

Кінә адамның онымен жасалатын құқыққа қарсы іс-әрекетіне, сондай-ақ осындай іс-әрекеттің салдарының нәтижесінде туындайтын әрекеттілігіне немесе әрекетсіздігіне қатынасы мен психикалық жай-күйін көрсетеді. Ол адамның өзінің тәртібімен және бұл ретте туындайтын салдарлардың құқыққа қарсылығын түсінуі немесе сезінуін білдіреді. Сондықтан да құқық бұзушылықты кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалардың немесе сотпен ақыл-есі кем деп танылған тұлғалардың іс-әрекеті деп тануға болмайды, тіпті ол құқыққа қайшы келсе де, себебі олар өздерінің іс-әрекетінің құқыққа қарсылығын түсінуге және сезінуге қабілетті емес.

Сонымен, кінә – құқық бұзушының өзінің құқыққа қайшы әрекетіне қатысты психикалық қарым-қатынасы. Кінәнің екі түрі белгілі:


  • Жанама ниетпен немесе тікелей жасалған қасақаналық. Егер адам өз
    іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе болмай қоймайтынын алдын ала білсе және осы зардаптардың болуын тілесе, әрекет тікелей ниетпен жасалған қасақаналық деп танылады.

Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін алдын ала білсе, осы зардаптардың болуын тілемесе де, бұған немқұрайлықпен қараса немесе оған саналы түрде жол берсе, әрекет жанама ниетпен жасалған деп танылады.

  • Абайсыздық. Ол немқұрайлық және менмендік арқылы жасалады.

Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіп туғызуы мүмкін екенін алдын ала білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілдікпен болғызбау мүмкіндігіне сенсе, бұл менменшілдік деп танылады. Мәселен, жүргізуші жолға көлігінің техникалық акалықтарын біле отырып шығады, жеңілтектікпен жол апатын болдырмаймын деп ойлайды, ал нәтижесінде жол апатына кезігеді.

Егер адам қажетті ұқыптылықпен сақтық болғанда ол зардаптарды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екенін болжап білмесе, әрекет немқұрайдылықпен сипатталады. Мәселен, жүргізуші көлігінің техникалық жағдайын жолға шығар алдында тексермейді. Ал ол көліктің техникалық ақаулығы болған еді. Осының салдарынан жол апаты орын алады.


1.2 Құқық бұзушылықтың түрлері

Құқық бұзушылықтың себептері төңірегінде ежелден осы күнге дейін сан түрлі пікірлер айтылуда. Айтылған ойларды тұжырымдасақ, адамдардың құқықтық нормаларды бұзуына, ең алдымен әлеуметтік және биологиялық жағдайлар әсер ететінін байқаймыз.

Әлеуметтік жағдайлар: отбасы, қызмет істейтін ұжым, мектеп, жалпы қоғам өмірінің әсері. Бірақ бұлар әр адамға әртүрлі ықпал етеді. Тұрмысы ауыр, қиын жағдайда тәрбиеленіп, өмір сүретіндер де, сонымен біреуге уайымсыз, тоқтықта өскендер де заңды бұзуы мүмкін. Бұл жағдайды бабаларымыз ежелден-ақ байқаған. Оған: «Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туар, бір ауыз сөзге алғысыз» - деген мақал соның айғағы болса керек.

Биологиялық жағдайлар: бір отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленіп, өскен балалардың ой-өрісінің сапасы әр түрлі болатыны белгілі. Біреуі мейірімді, салмақты, жігерлі болса, екіншісі қатыгез, жеңілтек, жігерсіз болуы мүмкін. Әрине, балалардың жаратылысының әр түрлі болуы, бұзақылық – адамның тегіне байланысты деген сөз емес. Бұзықтық тұқым қуаламайды, бірақ, адамның жаратылысына тән жаман мінездерді өсіп-өнетін кезеңге тап болса, адам әдепсіздік бастау алатын заң бұзушылық қылықтан тайынбайды.

Маңызды мәселенің бірі – заңдар туралы мәліметтердің жеткіліксіз болуы да олардың талаптарын орындамауға себебін тигізетіні сөзсіз. Шынында да мемлекетімізде жүздеген заңдар қабылданған. Оларда азаматтарға сан алуан құқықтар беріліп, көптеген міндеттер жүктелген. Азаматтар ол заңдардың бәрін біле бермейді. Әрине, заңды білмей бұзғанмен, біле тұрып қасақана немесе абайсызда бұзғанның салдары арасында өте үлкен айырмашылық бар. Конституция бойынша қандай да болмасын қабылданған заңды құжаттар баспасөз бетінде жариялануы қажет. Егер жарияланбаса, оның күші болмайды. Ондай құжаттың талаптарын орындамаған адам жауапқа тартылмайды. [1]

Құқық бұзушылық қашан да жекелік сипатта болады. Жеке тұлғаның қабылдаған және оның қажеттілік мақсаты арқылы анықталатын құқыққа қайшы шешім, құқық бұзушылықтың тікелей себебі болып табылады. Бірақ құқық бұзушылық себебін белгілі бір әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыру жеткіліксіз.

К. Маркс былай деген болатын: «...қоғам тек адамдардан ғана тұрмайды, олардың ара байланысы мен қарым-қатынасын бейнелейді» (К.Маркс, Ф,Энгельс) [3, 3б] .

Сондықтан да құқық бұзушылықтың себебін жекелеген құқыққа қайшы әрекеттер арқылы түсіну мүмкін емес.

Ғылыми зерттеу нәтижелері құқық бұзушылықтың себебі жеке адамның қажеттіліктері мен оны қанағаттандырудың әлеуметтік мүмкіндігінің арасындағы қайшылықта деп түсіндіреді. Демек, бұл өз кезегінде қоғамдық жағдайдың сипатына тәуелді болады. Бұл дегеніміз қоғамдық қатынастар жүйесінде өндіріс, саясат, мәдениет, шаруашылық, тұтыну салаларында белгілі бір орынға ие болу. Ал қалыпты өмір сүру жағдайда бұлар бір-бірімен сәйкес келіп отыруы тиіс. Қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесіндегі белгілі бір орынды иелену адамның кәсіпқойлық дәрежесін, білімін және мәдени мәртебелігін айқындайды.

Жеке адамның әлеметтік мәртебелерінің бір-біріне сәйкес келмеуі оны қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелейді. Ал саяси-экономикалық үстемдікке әлеуметтік саладағы жағдай сәйкес келмесе, жеке адамдардың білім мәртебесіне экономика, мәдениет саласында тиісті орынды қамтамасыз етпеген жағдайда, олар заңсыз әрекеттерге барады. Кейбір саяси қызметкер өзінің жағдайын мемлекеттегі рөлімен теңестіру үшін, билікті теріс мақсатта пайдаланады. Ең арысы жалданбалы жұмысшы да жұмыс күшінің ақысы оның қоғамдық қажеттігін өтемесе, қолайсыз мүмкіндіктерді пайдалануға бет бұрады.

Жоғарыда айтып өткен құқық бұзушылықтың негізгі себептерін тұжырымдай келе байқайтынымыз құқықтық сана, заңды мінез-құлық, құқықтық мәдениеттің бұл тұрғыда алатын орны ерекше.

Заңды мінез-құлық – құқық нормаларының нұсқауларына сәйкес келетін жеке тұлғаның мінез-құлқы. Ол арқылы заң орындалады, жүзеге асырылады. Егер адамдардың мінез-құлықтары құқық нормаларының талаптарына сәйкес келсе, онда құқықтық тәртіп нығаяды.

Азаматтар құқық нормаларының талабын белсенділікпен немесе енжарлықпен орындайды. Соған сәйкес мінез-құлық екіге бөлінеді:

  1. Белсенді заңды мінез-құлық – азаматтардың, лауазымды тұлғалардың өз бастамасымен белгілі мақсатқа бейімделеген заңды әрекеттері, оның түрлері сан алуан.

  2. Енжарлы мінез-құлықтың көрінісі де сан алуан. Азамат өзіне жүктелген міндеттерді салақтықпен сапасыз орындайды, өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға енжарлықпен, немқұрайлықпен қарайды. Әрине мұндай мінез-құлық, құқық нормаларына қайшы келмесе де, адамның ең алдымен өзіне зиян келтіреді, себебі адамның игілігі үшін берілетін заңды мүмкіндіктер іске аспай қалады. Мұндай мінез-құлық қоғамда да ештеңе ұтпайды. Демек, екі тарапта да ұтылыста болады. Егер де енжар мінез-құлық басым болса, мемлекетке зиян келеді. Теріс ниетті лауазымды тұлғалар азаматтардың енжарлығы мен немқұрайлығын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметін халықтың бақылауынан тыс қоюға әрекет жасауы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандарды саралай келе, құқық бұзушылықтар зиян келтіру дәрежелеріне қарай және әлеуметтік қауіптілігіне байланысты екі топқа бөлінеді:

  1. Қылмыс

  2. Теріс қылық

Қылмыс – қоғамға қауіпті және заңмен жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты әрекет-әрекетсіздік. Қылмыстар қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Ол қоғамның қалыпты өмір немесе мемлекеттік құрылыс, шаруашылық жүйе, меншік және азаматтардың саяси, еңбектік, мүліктің және басқа да құқықтары. Қылмыстың заңды сипаты – оларға қылмыстық заңмен тыйым салу мен жазалау шараларын қолдану болып табылады. Қылмысты заңда көрсетілген, қылмыстың барлық нысандық белгілерін иеленуші құқық бұзушылық өзінің жеңіл мәңділігіне байланысты қоғамға қауіпті болмаса, қылмыс болып саналмайды. Олай болатын себебі: кейбір жағдайларда әлгі қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі мен зияндылығының маңызы мардымсыз болып келеді.

Қылмыс – қоғам үшін мейлінше қауіпті және қылмыстық заңмен тыйым салынған құқық бұзушылықтың түрі. Жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірмеген және зиян келтіру қаупін туғызбаған іс-әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып табылмайды. Бұл анықтамада қылмыстың формальды белгісі де (құқыққа қарсылық), материалдық белгісі де (қоғамдық қауіптілік) қамтылады. Сондай-ақ қылмыстың қажетті белгісіне айыптылық пен жазаланушылық та жатады.

Қылмыс дегеніміз – жаза мен қауіп төндіру арқылы тыйым салынған қоғамға қатерлі жасалған әрекет не әрекетсіздік. Бұл қылмыс анықтамасы көптеген Европа елдерінде формальды түрде қолданылады. Ал отанымызда қылмыстық құқық материалды – формальды анықтамаға ие, яғни формальды анықтамада әрекеттің құқыққа қарсы екендігіне баса назар аударылса, ал материалды – формальды анықтамада әрекеттің құқыққа қарсылығымен бірге оның қоғамға қауіптілігіне көңіл бөлінеді. Жоғарыда айтылған сөздерден байқайтынымыз – қылмыстың өзіне тән міндетті бірнеше белгілерінің бар екендігі. Оларға тоқталып кететін болсақ, қылмыс анықтамасының мәні ашылады.

Сонымен, қылмыстың өзіне тән 4 белгісі бар:

1. қоғамға қатерлі әрекет;

2. құқыққа қайшылық, яғни қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттер;

3. кінәлілік;

4. қылмыстық жазалылық.

Қоғамдық қатер дегеніміз – қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға шынайы түрде зиян келтіретін не сол зияндарды жоюға кедергі келтіретін әрекет не әрекетсіздік. Жасалған әрекет не әрекетсіздікке жаза тағайындау үшін, оның қоғамға қатері ақиқат екеніне тура көз жеткізуіміз керек.

Қоғамдық қатері бар әрекетті тек қана қылмыс деп тану қате көзқарас. Сонымен бірге ол әкімшілік құқық бұзушылық болу да әбден мүмкін. Бұнда да тұлғаға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келеді. Бірақ олардың қоғамға қауіптілігінің мөлшері анағұрлым төмен болады. Егер әрекет салдарынан тұлғаға, қоғамға ауыр не орташа ауыртпалықтағы залалдар келтірілмесе, ол әрекетке әкімшілік тәртіпте жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, адам денсаулығына жол қозғалыс ережелерін бұзу салдарынан жеңіл түрдегі зиян келтірілсе.

Адамның теріс қылығы ғана қылмыс деп танылады. Сырттай көрініс таппаған, қоғамдық қауіп тудырмаған ой-пікір, ниет-пиғыл қылмыс деп танылмайды. Іс-әрекет екі нысанда көрініс табуы мүмкін, олар: әрекет


(субъектінің белсенді ісі) немесе әрекетсіздік (адамның жасауға міндетті және жасай алатын әрекетті жасамаған енжарлығы). Әрекеттің қандайын қылмысқа жатқызу, қандайын жатқызбау әр мемлекеттің өз еркіндегі іс. Бір елде қылмыс ретінде жазаланатын әрекет өзге мемлекетте қылмысқа жатпауы мүмкін. Мысалы, ішімдік ішу не зинақорлық жасау — ер мен әйелдің некесіз жақындасуы ислам мемлекеттерінде қылмыс ретінде жазаланса, батыс елдерінде бұл әрекеттер қылмысқа жатпайды. Тек әйел адамның еркінен тыс болған жыныстық қатынас қана қылмыс болып есептеледі. Ал ислам елдерінде бұл әрекеттер ер мен әйелдің өз қалауымен іске асса да қылмыс болып саналады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабында қылмыс ұғымына мынадай анықтама берілген: «Жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады». [2]

Қылмыс қоғамның мемлекет қорғайтын ең елеулі мүдделеріне қол сұғады. Жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес қылмысты әрекеттердің объектілері жеке адам, адам мен азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтары, бейбітшілік және адамзаттың қауіпсіздігі, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздері мен қауіпсіздігі, меншік, қоғамдық тәртіп, денсаулық пен адамгершілік, мемлекеттік қызметтің мүдделері, сот әділдігі мен жазаларды орындау тәртібі және басқалар болуы мүмкін.

Криминологияда және құқықтық статистикада қылмыс дегеніміз — әрқайсысы үшін қылмыстық жазалау қарастырылған, іс жүзінде жасалған барлық құқыққа қарсы әрекеттердің жиынтығы. Сонымен бірге қылмыс — жекелеген қылмыстардың тек қана саны (немесе жиынтығы) ғана емес, бұл белгілі бір заңдылықтарды иеленген құбылыс.



Жекелеген қылмыстың тікелей себебінің пайда болуына әкеп соққан мән-жайлар кешенін криминологтар мынадай үш топқа бөледі:

  1. Жеке адамның адамгершілік жағынан қалыптасу жағдайлары;

  2. Қылмыс жасалған кездегі нақты жағдай, қылмыстың дәлелдері;

  3. Қылмыстық нәтиженің болуына себепші болған мән-жайлар.

Тежеу бағыттары мен қылмысқа қарсы күрестің әдістері қоғамда осы құбылысты туғызатын жағдайлардың себептері мен ерекшеліктердің сипатымен анықталады.

Қылмыстардың қоғамдық қаупі жоғары болғандықтан, оларды жасағаны үшін мемлекет мейлінше қатаң жазалау шараларын белгілейді. Қылмыстық әрекеттердің Қылмыстық кодексте көзделген тізбесі толық сипатта жасалған және кең көлемде түсіндірілмеуге тиіс.

Қылмыскерлік – адамзат қоғамының серігі және сондықтан да оның себептері индивид мінез-құлқының табиғатында және әлеуметтік қайшылықтардың өзінде жатады. Индивид пен әлеуметтік ортаның өзара іс-қимылында қайшылықтардың шиеленісуі, бірқатар жағдайларда қылмыскердің жеке басының психикалық-биологиялық және әлеуметтік ерекшеліктері, құқықтық сананың төмен деңгейі, субъективтік қажеттер мен мүдделер қанағаттанбауының өрши түсуі қылмыскерліктің өсуін туғызады. Осыдан қылмыскерліктің себептерін объективтік (әлеуметтік) және субъективтік (жеке басылық) деп шартты түрде саралауға болады.

Қылмыскерлік қылмыстық көріністердің жиынтығы ретінде үнемі бір деңгейде тұра бермейді. Оның кез келген сарындары – деңгейінің өсуі, тұрақтануы немесе төмендеуі жағдайында қылмыс «әлеуметтік құбылыс» болып табылады, солай болған және бола береді.

Қылмыскерлікті сипаттау үшін пайдаланылатын криминологиялық санаттарға қылмыскерліктің құрылымы, жай-күйі, серпінділігі және географиясы ұғымдары пайдаланылады.

Қылмыскерліктің жай-күйі – белгілі бір аумақта белгілі бір уақыт ішінде жасалған қылмыстардың сан тұрғысындағы сипаттамасы.

Халқының саны бірдей емес әртүрлі аймақтардағы қылмыскерлік деңгейін салыстыру үшін қылмыскерлік коэффиценті пайдаланылады. Ол белгілі бір аумақта тұратын халықтың 1000, 10 000 немесе 100 000 адамға шаққандағы қылмыс санын негізге ала отырып анықталады.

Қылмыскерлік коэффицентін есептеп шығарған соң қылмыскерлік деңгейі жоғары немесе төмен аймақтарды анықтауға, уақыт өте келе бұл деңгейдің өзгеруін анықтауға болады.

Қылмыскерлік құрылымы – қылмыстардың қауіптілік дәрежесіне және олардың жалпы қылмыскерліктегі үлесіне қарай қылмыскерліктің түрлері бойынша сапалық сипаттамасы (кісі өлтірушілік; бұзақылық; ұрлық; қызметтік қылмыстар және т.б.).

Қылмыскерлік құрылым абайсызда және қасақана жасалған; ашкөздік және күш қоладанылған; айқын және патенттік; қылмыскерлердің жынысы мен жасы бойынша; қылмыстың жасалған уақыты мен орны бойынша қылмыстар болып бөлінеді.

Қылмыскерлік серпінділік –қылмыскерлікке қозғалыс үстінде, белгілі бір уақыт кезеңі ішінде болған сан және сапа өзгерістері арқылы заңдардағы және халық санындағы өзгерістерді ескере отырып берілетін сипаттама.

Қылмыскерлік қоғам мен жеке адам өмірінің мейлінше сан алуан жақтарымен байланысты. Сондықтан қылмыскерліктің жай-күйіндегі қоғам үшін ойдағы немесе керексіз бағыттағы өзгерістерді туғызатын себептер немесе факторлар да мейлінше әртүрлі болуы мүмкін. Мұндай факторлар көп, бірақ олардың қылмыскерлікке әсер ету дәрежесі бірдей емес. Оларға мыналарды жатқызуға болады:

  • көшіп-қону, халықтың жыныстық жас құрылымының өзгеруі, аймақтардағы еңбек молшылығы сияқты демографиялық сипаттағы факторлар;

  • тұрмыс деңгейінің төмендеуі, өндірістің құлдырауы, жұмыссыздықтың өсуі сияқтыэкономикалық сипаттағы факторлар;

  • жеке мінез-құлыққа әлеуметтік бақылау жасаудың дәстүрлі нысындарының әлсіреуі, ажырасулар мен отбасыларының ыдырауы санының өсуі, балалардың бақылаусыздығы, халықтың білім және мәдени деңгейінің төмендеуі, маскүнемдіктің, уытқұмарлық пен нашақорлықтың өсуі сияқты әлеуметтік және әлеуметттік-психологиялық сипаттағы факторлар;

  • мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес жөніндегі органдарының ұйымдастарылуы мен қызметінің деңгейі, тәрбие алдын-алу жұмысының сапасы мен тиімділігі, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару заңдары жүйесінің қоғамдағы қылмыскерліктің жай-күйіне дәлме-дәл келуі, мемлекеттің кешірім жасау туралы актілер қабылдауының оңтайлылығы және басқалар сияқты ұйымдық-құқықтық сипаттағы факторлар.

Жалпы ел бойынша қылмыскерліктің жай-күйіне талдау жасау қалалық және ауылдық жерлердегі, үлкен және шағын қалалардағы, белгілі бір аудандар мен облыстардағы қылмыскерліктің деңгейі мен құрылымында елеулі айырмашылықтар бар екенін әрқашан көрсетіп келеді. Мұның қылмыскерліктің әр түрлі, белгілі бір аймақта басым факторларының әрекет етуіне байланысты екені айқын. Елдің нақты жерлеріндегі қылмыскерліктің жай-күйіне ықпал жасаудың ерекшеліктері қылмыскерліктің географиясы деп аталады.

Қылмыстардың себептерін олардың жасалу жағдайларымен және дәлелдерімен теңестіруге болмайды. Қылмыстардың себептері қылмыстық нәтиже туғызады, яғни салармен қажетті байланыста болады. Қылмыстардың жағдайлары салдардың басталуына жәрдемдеседі, белгілі бір себептердің әрекетін күшейтіп немесе әлсіретіп, оларды тікелей туғызбауы мүмкін. Қылмыстардың дәлелі субъектіні құқыққа қарсы нақты әрекеттер жасауға тікелей итермелейді.

Айыптылық түріне қарай қасақана жасалған және абайсызда жасалған қылмыс болады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көзделген іс-әрекеттің сипатына және қоғамдық қауіптілік деңгейіне қарай барлық қылмыстық әрекеттер қазіргі уақытта төрт санатқа бөлінеді:

- жеңіл қылмыстарға (2 жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет);

- ауырлығы орташа қылмыстарға (2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет);

- ауыр қылмыстарға (5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет);

- ерекше ауыр қылмыстарға (10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе неғұрлым қатаң жаза қолданылатын қасақана іс-әрекет). [2]

Қылмысы үшін айыпты адам лауазым иесі болса, ал ол жасаған қоғамдық қауіпті әрекет (әрекетсіздік) оның қызмет жағдайымен байланысты болса, оны лауазымдық қылмыстар дейді. Оған мыналар жатады: лауазымдық өкілетті теріс пайдаланушылық, лауазымдық өкілетті асыра пайдаланушылық, пара беру, пара алу, қызмет бабын пайдаланып жалған құжат жасау, салдыр-салақтық, т.б.



Теріс қылық дегеніміз – қылмыспен салыстырғанда әлеуметтік зияндылығы мен қоғамдық қауіптілігі біршама төмен дәрежеде болатындығымен ерекшеленетін және қоғамдағы құқықтық тәртіптің жекелеген жақтарына нұқсан келтіруші құқық бұзушылық.

Бұлардың нұқсан келтіретін объектілері мен заңдық салдары да түрлі-түрлі болып келеді және де олар қоғам болмысының әр түрлі салаларында кездеседі. [10, 89б]

Теріс қылықтардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауда төмендегідей айырмашылық белгілері ескеріледі:

  • нұқсан келтірілген қоғамдық қатынастардың объект түріндегі маңыздылығының дәрежесі;

  • келтірілген зиянның мөлшері;

  • құқыққа қарсы (қайшы) әрекеттің жасалу тәсілі, уақыты мен орны;

  • құқық бұзушының өз басы.

Теріс қылық қоғамға зиян келтіргендіктен әлеуметтік қауіпті болып табылады. Теріс қылық қоғам өмірінің қай саласына жасалуы, келтірген зиянның сипаты және тиісті құқықтық санкциясының ерекшеліктеріне байланысты әкімшілік, тәртіптік, азаматтық құқық бұзушылықтар деп жіктелінеді.

Теріс қылықтардың жіктелуі:

  1. Мүліктік және кейбір жекелік мүліктік емес қатынастар аясындағы құқық нормаларын бұзу – азаматтық құқықтық нормаларды бұзушылықтар деп аталады.

Азаматтық құқық бұзушылық азаматтық құқық нормаларымен реттелетін және онымен байланысты жекелеген қатынастарға зиян келтіретін, әлеуметтік қауіпті әрекет, әрекетсіздік. Ол шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді: шартты – азаматтық құқықтың артқа қатысушы субъектілерінің әрекетінен туындаса, шартсыз азаматтық құқықтың нормаларының талаптарын сақтамау және орындамаумен байланысты болады.

Азаматтық құқық бұзушылықтың қылмыстық әрекеттерден айырмашылығы олардың заңды тізімі берілмеген. Яғни, азаматтық құқық бұзушылыққа тән ерекшелік оларға мүліктік және мүліктік емес санкциялармен тыйым салынуы болып табылады. Мұнда және бұзылған құқықтың қалпына келтірілуі көзге түседі: заңға қайшы келетін мәмілені өзгерту, келтірілген мүліктік зиянның орнын толтыру және т.б. құқықты қалпына келтіруші санкциялар азаматтық құқық бұзушылық келтірілген зиянды салдарын бағалау және азаматтар мен ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерінің қалпына келтіруін көздейді.

Әскери қызметшінің тәртіптік теріс қылығы – әскери қызметшілердің оларға жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, толықтай орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, әскери тәртіпті, қызметтік этика ережелерін бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасауы, сондай-ақ заңдармен белгіленген әскери қызмет өткеруге байланысты шектеулерді сақтамауы.



  1. Заң белгілеген қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқару-орындау саласындағы қатынастарына нұқсан келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар деп аталады.

Жеке адамның құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасаған) іс әрекеті әрекет не әрекетсіздік немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады. [4]

Мұндай құқық бұзушылықтар атқару және билік етудің қалыпты қызметіне кедергі келтіреді, жалпы қоғамдық тәртіпті (жол ережесін бұзу, өндірістегі қауіпсіздік ережесін бұзу және т.б.) бұзады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді.

Әкімшілік құқықтық нормаларды талдау барысында барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға тән жалпы белгілерді анықтауға болады және осы белгілері арқылы заңсыз мінез-құлықты, заңды мінез-құлықты, сонымен бірге басқа да құқық бұзушылыққа тән (қылмыстық, тәртіптік қылықтар және т.б.) ерекшеліктерді айыруға болады.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар тек объектілерінің жалпы сипаты және мемлекеттік басқарудың құқық тәртібіне қарсы бағытталғандығымен ғана емес, жазалау сипатында қолданылатын санкциялармен де ерекшеленеді.

Мәселен, ескерту, айыппұл, жүргізу куәлігін алып қою және т.б.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілерін оның заңдылық құрамынан айыра білу қажет. Әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы мынадай элементтерді құрайды:

  1. Құқық бұзушылық объектісі (қандай да болмасын аядағы қоғамдық қатынастардың тұрақты жетілуіне құқық бұзушының қол сұғуы);

  2. Объективтік жағы (белгіленген ережелерді бұзуға байланысты нақты әрекет);

  3. Құқық бұзушылықтың суъектісі – ақыл-есі дұрыс 16 жасқа толған жеке тұлға.

2 Құқық бұзушылықтың құрылымы


2.1 Құқық бұзушылықтың объектісі мен объективтік жағы

Құқық бұзушылықтың құрамы — бұл құқық бұзушылық жасаған тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін заңмен қажетті және жеткілікті түрде белгіленген белгілердің жиынтығы. Егер осы заңды құрамның барлық белгілері болғанда ғана әрекет құқық бұзушылық деп танылады. Ол мынадай


4 элементтен тұрады:

1) құқық бұзушылық субъектісі;

2) құқық бұзушылық объектісі;

3) құқық бұзушылықтың объективтік жағы;

4) құқық бұзушылықтың субъективтік жағы.

Құқық бұзушылықтың субъективтік себебі бұл – мемлекеттік идеологияға, адами құндылықтар мен қоғамдық мүддеге қарама-қайшы құқықтық сананың төмен деңгейлігі.

Ал объективтік себебі – өмірдегі, экономикалық және әлеуметтік қатынас саласындағы нақтылы қайшылықтар. Құқық бұзушылықты тудырушы объективтік жағдайға оның субъективтік және объективтік себептерінің орнын алуына жол беретін, ұйымдастырушылық және техникалық тәртіптің жеткіліксіздігін айтуға болады.

Іс жүзінде жүзеге асырылмаған ой-өріс, сезім, болжам заң бойынша объектіге кірмейді. Кей жағдайда құқық қорғайтын мүддеге әдепсіздік, белсенділік (балағаттау, жалған сөз) арқылы да зиян келеді.

Құқық бұзушылықтың объектісі – қоршаған ортаның құқыққа қарсы және қоғамға зиянды әрекет бағытталған құбылыстары.

Объект үшке бөлінеді: текті объект, онда қоғамдық қатынастардың барынша үлкен тобы қарастырылады; түрлі объект (адам өмірі, денсаулығы, мүлкі, намысы т.б.) және тікелей объект болады (ол қылмыс нақты бағытталған құбылыс).

Объект – құқық нормалары қорғайтын бұзылған мүліктік немесе мүліктік емес игілік. Құқық бұзушылықтың объектісі – қандай затқа құқық бұзушылық бағытталып, оған нұқсан келтірілсе сол зат аталған объект болып табылады.

Атап айтқанда, құқық бұзушылықтың объектісі әкімшілік жауапкершілік шараларымен қорғалатын және құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар. Оның 4 түрі бар:

1) жалпы объект –бұқаралық құқық салалармен реттелетін және мемлекеттік басқару саласында туындайтын қоғамдық қатынастар;

2) текті объект – пайда болу және жүзеге асырылу саласы бойынша бір текті жақын қоғамдық қатынастар тобы. Мысалы: жеке меншік, қоғамдық тәртіп, табиғатты қорғау, тұрғындардың денсаулығы, басқару тәртібі, т.б.;

3) түрлі объект – бір текті құқық бұзушылықтар үшін ортақ қоғамдық қатынастар тобы. Мысалы: жол жүру ережелерін бұзу, паспорттық режимді бұзу, кеден ережелерін бұзу.

4) тікелей объект – әкімшілік жауапкершілік шараларымен қорғалатын, нақты қоғамдық қатынастарға зиян келтіру. Мысалы: кедендік бақылау зонасының режимін бұзу.



Құқық бұзушылықтың объективтік жағы құқыққа қайшы деп саналатын әрекет-әрекетсіздікті жасау немесе құқық нормаларында көрсетілген құқыққа сай әрекетті жасамаудан туды. Қай жағдайда болмасын құқыққа қайшы әрекет-әрекетсіздік саналы түрде жасалып, әлеуметтік зиянды салалардың тууына әкеліп соғады. Ол құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастарға тікелей зиян келтіруі немесе осындай зиян келтіруге байланысты қауіп төндіреді.

Құқық бұзушылықтың объективтік жағы – құқыққа қайшы (қарсы) әрекеттің (әрекетсіздіктің) сыртқы көрінісі. Құқық бұзушылықтың объективтік жағынан элементіне әрекет-әрекетсіздікпен келтіретін зиянның арасындағы себепті байланыс және келтірілген зала жатады. Заң территориясында себепті байланыс дегеніміз – келтірілген зиянның басты және тікелей себебі құқыққа қайшы әрекет-әрекетсіздік болып табылатын, зиянды әрекет-әрекетсіздікпен пайда болған нәтиже арасындағы объективтік байланыс болып табылады. Мұнда зиян құқық бұзушылықтың теріс нәтижелерінің жиынтығы ретінде көрінеді. Қандай да бір игіліктің немесе құндылықтың жойылуы, оларды пайдалануға шек қою, азаматтардың бостандығына қол сұғу, олардың субъективті құқықтарын бұзу т.с.с.

Құқық бұзушылықтың объективтік жағы құқыққа қарсы және қоғамға зиянды әрекеттің анықталған актісі ретінде сипаттайтын элементтерінен құралады. Оған үш түрлі элемент кіреді:

- әрекет немесе әрекетсіздік;

- зиянды нәтиже;

- әрекет немесе әрекетсіздіктің зиянды нәтижемен себеп салдарлы байланысы.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың объективтік жағы — бұл әкімшілік құқық бұзушылықтың сыртқы жағын білдіретін белгілердің жиынтығы. Оған мыналар жатады:

1) құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік;

2) құқық бұзушылықтың сипаты (әлденеш рет жасау, қайталану);

3) құқық бұзушылық уақыты (күндіз, түнде);

4) оның тигізген зиянды салдарлары (зиянның мөлшері кейде әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық шараларын қолдануды анықтайды);

5) құқық бұзушылық істеген кезде пайдаланылған құралдар (көлік құралы, ішімдік заттары, есірткі заттары, қару-жарақ).

Әлденеше рет жасау – бұл бір текті әрекетті немесе әрекетсіздікті бірнеше рет жасауды білдіреді.

Қайталану – бұл тұлғаның 1 жыл ішінде біртекті құқық бұзушылықты жасап, сол үшін алдында ғана әкімшілік жазаға тартылған болса. Бұл жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болып табылады. Құқық бұзушылықты әлденеше рет жасаудың қайталанудан айырмашылығы – бірнеше құқық бұзушылық емес, тек бір ғана құқық бұзушылық болып саналады.
2.2 Құқық бұзушылықтың субъектісі мен субъективтік жағы

Құқық бұзушылық фактісін бекіту үшін барлық себепті байланыс айтарлықтай мәнге ие бола бермейді. Субъектінің кінәсі оның қоғамға зиянды салдарын болжаумен байланысты болады. Ал сол әрекеттен міндетті түрде келетін зиянды ғана болжау мүмкін болмақ, Демек, әрекет-әрекетсіздікпен қоғамға зиянды салдардың арасында қажетті себепті байланыс болады. Басқаша айтқанда, келтірілген зиян жасалған әрекеттің тікелей нәтижесі екендігі анықталуға жатады. Әрекет-әрекетсіздікпен оның нәтижесі арасындағы байланыстың қажетті немесе кездейсоқ сипаты істің барлық фактілік жағдайын жан-жақты зерттеудің негізінде ғана бекітіледі.

Субъект – әрекет қабілеттігі бар заңды бұзушы тұлға. Құқық бұзушылықтың субъектісі – кінәлі, құқыққа қайшы (қарсы) әрекет жасаған адам. Мұндай субъект деликт қабілеттілігі бар адам және заңды тұлға танылады. Егерде субъект құқық бұзушылық кезінде өзге құқыққа сай жолды таңдау мүмкіндігіне ақыл-есінің кемдігі, жасының толмауы, физикалық немесе психикалық жетіспеушілігінің салдарынан жол берсе, әрекет-әрекетсіздік зиянды нәтижеге әкеліп соқса да құқық бұзушылық деп саналмайды. Құқыққа қарсы әрекеттерді құқық бұзушылық деп тану үшін заң оның субъектісіне белгілі бір талаптар қояды. Ең алдымен белгілі бір жасқа толуы керек. Айталық, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, кейбір қылмыс түрлері үшін 14 жас, әкімшілік жауапкершілік 16 жас, азаматтық жауапкершілік 15 жастан есептеледі.

Теория мен практикада құқықбұзушылықтың субъектісі жайлы мәселелердің барлығы біркелкі шешілмеген, құқық бұзушылық субъектісінің түсінігіне келгенде қылмыстық және азаматтық құқықта алшақтық байқалады. Азаматтық құқық жеке құқық бұзушыларды (жеке адамдар) да, ұжымдық құқық бұзушыларды (заңды тұлғалар) да құқық бұзушылар деп таниды. Қылмыстық және әкімшілік құқық тек қана жеке құқық бұзушыны сондай деп таниды, өйткені істелген әрекеттің ауырлығына және кінәнің нысанына қарай құқықтық жауапкершілікті дараландыру мен саралауды міндетті түрде қажет етеді (дегенмен, жанама түрде, қылмысқа қатысу институты арқылы құқықтың бұл салаларында ұжымдық субъектілерді де бөлу мүмкін).

Субъективтік жағы – бұған өзінің жасаған әрекетіне және оның салдарына сол тұлғаның субъективтік қатынасын (қарауын) сипаттайтын үлгілердің (нышандардың) жиынтығы жатады. Бұл жерде кінә, себеп және мақсаттар басты категориялары болып табылады. Құқық бұзушылықтың субъективтік жағын адамның құқық бұзушылықты жасауға жол берген әлеуметтік-психологиялық механизмін сипаттайтын, элементтерді құрайды. Субъективтік жағынан алып қарағанда барлық құқық бұзушылық, алдымен кінәнің болуымен болады. Бұл тұрғыдан қарағанда құқық бұзушылық – құқық бұзушының еркі және санасы арқылы жол берген кінәлі әрекет болып табылады.

Субъекті кінәсінің деңгейі оның өз іс-әрекетінің әлеуметтік зиянды – нәтижесін алдын-ала болжағандығы немесе болжамандығына қатысты анықталады және қасақаналық немесе абайсыздық нысанында бейнеленеді. Қасақаналықта адам өз іс-әрекетін қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе болмай қоймайтынын алдын-ала біледі және осы зардаптардың болуын тілейді. Ал, абайсыздықта адам өз іс-әрекетінің қоғамға қауіп туғызу мүмкін екенін білмеу, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтелікпен болғызбау мүмкіндігіне сенеді немесе қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда, ол зардаптарды болжап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екендігін болжай алмайды. Яғни, кінә (қасақаналық немесе абайсыздық) адамның еркімен байланысты болатын, ішкі психологиялық жай-күй болып табылмақ.

Дегенмен, мұнда құқық бұзушыллыққа жол берген психологиялық факторлар да ескеріледі. Барлық ерікті әрекет іштей реттелген және белгілі бір мақсатты көздейді. Осыған байланысты құқық бұзушылықтың субъективтік жағына әрекет-әрекетсіздіктің ниеті мен мақсаты да кіреді. Мұндағы ниет деп отырғанымыз - құқық бұзушылықты жасауға түрткі салатын, ең басты негіз, ал мақсат – құқық бұзушы жетуге тырысатын нәтиже. Сондықтан осы элементтерін тани білу әрекет-әрекетсіздіктің барлық психологиялық ерекшеліктерін ашу және құқықты қорғалатын қоғамның, мемлекеттің және азаматтардың мүдделерін зиян келтіруші құқық бұзушылықтың субъективтік жағын айқындауға мүмкіндік береді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сонымен, құқық бұзушылық – заңдарға немқұрайлықпен қарау, олардың талаптарын орындамау. Құқықты бұзушылық – құқыққа қарсы қылықтан көрініс табады. Қылықтың екі түрі бар: іс-әрекет және әрекетсіздік. Адам заңды әрекет жасау арқылы да, ешқандай әрекет жасамай да бұзуы мүмкін. Егер адам біреудің денесін жарақаттандырса немесе мүлкін ұрласа – бұл әрекет, заңды бұзатын қылық. Егер де поиция қызметкері қызмет орнында тұрғанда бейбастақтықты тоқтатуға әрекет жасамаса, бұл әрекетсіздік – заңды бұзатын қылық. Сондықтан заңның талабын әрекет арқылы немесе әрекетіздік арқылы бұзатын қылық үшін жауаптылық белгіленеді. Егерде заң қандай да болсын әрекетке тыйым салмаса немесе әрекетсіздік үшін жауаптылық белгілемесе, онда құқық бұзушылық та болмайды. Мысалы, адамды оның ойы үшін, нанымы үшін заң бойынша жауаптылыққа тартуға болмайды.

Құқық бұзушылық өзіндік пайда болу, даму және жойылу зандылықтарына ие белгілі бір қоғамдық құбылыс ретінде көптеген жекелеген құқық бұзушылықтардан құралады, олардың барлығы да ортақ қасиетке ие болады. Белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздік әлеуметтік табиғаты мен занды нысанын бейнелейтін осындай қасиеттердің жиынтығы құқық бұзушылықтың түсінігін береді.

Қандай да болсын құқық бұзушылықтың маңызды белгісі – оның зиянды салдары. Зиян нақты адамға, ұйымға, қоғамға, мемлекетке келтірілуі мүмкін. Зиян – құқықты бұзушылықтың теріс салдары. Құқық бұзушылықтың нәтижесінде құнды зат жойылады, адам қаза болады, ар-намысқа нұқсан келеді, қоғамдық тәртіп бұзылады, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер туады т.с.с. Құқықты бұзушылықтың ауырлығына байланысты оның салдары да түрлі болады. Сондықтан оның салдарына байланысты заң жазаның әр түрін белгілейді.

Құқық бұзушылықтың алдын алу басты - міндет. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет.

Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнаманы қалыптастыру және дамыту жұмысы қолға алынған. Бұл «Неке және отбасы туралы», «Отбасылық үлгідегі балалар деревнялары және жасөспірімдер үйлері туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Еңбек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Дене тәрбиесі және спорт туралы» заңдары, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиялардың, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ішкі істер органдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер және т.б.

Жоғарыда айтылғандай, құқық бұзушылық жасауының себептеріне істері жөніндегі комиссияның, прокурорлық қадағалау, полиция, сот-тергеу органдарының қызметін жетілдіру шаралары көзделіп, құқық бұзушылығының алдын алудың тиімділігін арттыру үшін барлық құқық қорғау, мемлекеттік басқару органдарының өзара ықпалдасуын, қызметтерін үйлестіру жөнінде кешенді шараларды әзірлеу қажет. Осы мақсатта үйлестіруші орган, балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алу іс шараларын жүзеге асыру кезінде жинақталатын ақпарат, тәжірибе, білім мен мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде алмасуды жандандыруға тиіс.

Осы орайда айта кететін бір жағдай жөніндегі комиссиялар ішкі істер органдары жалпы әлеуметтік нормалар мен құндылықтарға сай келмейтін мінез-құлқы, көп жағдайға байланысты болатындығын және мінез-құлқы өзгеретіндігін, ал тәртіп, құқық бұзушы немесе бастап келе жатқан құқық бұзушы деп анықтау көп жағдайда жастардың бойында тұрақты жағымсыз мінез-құлық қалыптасуына әкеліп соғатындығын да терең ескерілуі қажет деп ойлаймын.

Құқықтық мемлекетте соттың алатын орны ерекше. Құқық бұзуға байланысты даулар негізінен сотта қаралып, шешілуі керек, сондықтан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы соттардың қызмет істеу принциптеріне ерекше көңіл аударған. Әрине, бұл принциптер тек сот қызметіне ғана арналмаған. Сонда да сот үшін сол принциптердің маңызы зор. Конституцияда аталған принциптер негізінен қылмыстық істерді сотта қарағанда қолданылады.

Сонымен, қорыта келгенде, құқыққа қарсы әрекет ол кінәлі болғанда құқық бұзушылыққа айналады. Құқық бұзушылық – қоғамның, мемлекет пен жеке адамның мүдделеріне зиян келтіретін субъектінің кінәлі, құқыққа қарсы, қоғамға қауіпті әрекеті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет