37-дәріс Ауыр тіл кемістіктері бар оқушыларға арналған арнайы мектепте (сыныптағы) оқыту ерекшеліктері Білім беру үдерісі білім беру деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады: - бастауыш білім беру – 1-4-сынып; - негізгі орта білім беру - 5-10-сынып. Мектепке дейінгі арнайы дайындықтан өтпеген балалар дайындық (0) сыныпқа қабылданады. Ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп (сынып) қызметі сөйлеу тілі бұзылыстарын және соның салдарынан болған психикалық даму ерекшеліктерін жою мақсатымен жүзеге асырылады. Мектепте оқушыларға арналған бөлімшелер ашылуы мүмкін: - ауыр деңгейдегі жалпы сөйлеу тілі дамымаған (алалия, дизартрия, ринолалия, афазия), сонымен қатар, тұтықпаның көрінісі бар жалпы сөйлеу тілі дамымаған балаларға; - сөйлеу тілінің қалыпты дамуындағы тұтықпаның ауыр түріне. Логопедиялық сабақтар оқу сабақтарының мазмұны мен формасын қайталамай түстен кейін өткізілуі керек. Оқушылар логопедиялық көмекті жеке, шағын топтық, топтық сабақтарда алады. Шағын топтар сөйлеу тіл кемістігінің көрінісі мен біркелкілігін ескере отырып құрылады. Жеке сабақтар сөйлеу тілінің жүйелі бұзылысы бар және артикуляциялық аппаратының құрылысы мен қозғалысы бұзылған (ринолалия, дизартрия) балалармен өткізіледі. Жеке сабақтардың өткізілуі аптасына екі реттен кем болмауы тиіс. Жеке сабақтың ұзақтығы 20-25 минут. Шағын топтық сабақтар ауыр тіл кемістігі бар балаларға арналған мектепте логопедиялық жұмыстың негізгі түрі болып табылады. Топқа сөйлеу тілінің бұзылысы біркелкі балалар қабылданады. Логопедиялық сабақтар 5-10 сынып оқушыларына шағын топпен ұйымдастырылатын жетекші жұмыс түрі болып табылады. Сабақтың ұзақтығы 40-45 минут. Фронтальды сабақтар сыныптарда (0, 1-4-сыныптарда) баланың дыбыс айтуы мен фонетикалық-фонематикалық түсініктерін қалыптастыру бойынша сөйлеу тілі тәжірибесін кеңейтуі, меңгерген дыбысын дұрыс айтуы, дыбыс айтуы мен естуінде дыбыстарды саралай білуі бекітіледі. Лексикалық-грамматикалық категорияларын дамыту бойынша фронтальды сабақтар лексикалық-грамматикалық категорияларды қолдануға бағытталған тренингтерден, сондай-ақ, байланыстырып сөйлеуіне бағытталған жаттығулардан құрылады. Фронтальды сабақтардың ұзақтығы дайындық сынып пен бірінші сыныптың алғашқы жарты жылдығында 35 минутты, ал жоғарғы сыныптарда 45 минутты құрайды. Негізгі орта буын оқушыларына қазақ тілін және орыс тілін қосымша оқыту үшін факультативтер ұйымдастырылуы мүмкін.