38-дәріс. Психикасының дамуы тежелген (ПДТ) оқушыларға арналған арнайы мектепте (сыныптағы) оқыту ерекшеліктері Білім берудің түзете-дамыту бағыты оқушылардың жалпы білім беру кезеңінің пәндері, сондай-ақ, коррекциялық пәндер аясында және қосымша білім беру жүйесі бойынша білім беру үдерісінде жүзеге асырылады. Коррекциялық пәндерге келесі пәндер жатады: «Қоршаған ортамен таныстыру және тіл дамыту» (0–2- сыныптар) баланың мектеп жасына дейін толық қалыптаспаған қоршаған орта туралы білімдері мен түсініктерін кеңейтуге, сөздік қорын, байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға бағытталған. «Түзету ырғағы» (0-4- сыныптар) психикалық дамуы тежелген балалардың жалпы моторикасы мен қимыл үйлесімдігінің ақаулықтарын жоюға бағытталған. «Әлеуметтік тұрмысқа бағдарлау» (ӘТБ) өмірлік компетенция дағдыларын қалыптастыруды, қоғамда және тұрмыста дербес өмір сүре білуіне тәжірибелік дайындығын қамтамасыз етеді. Сабақ арнайы жабдықталған бөлмеде өткізіледі. Сабақ барысында оқу бағдарламаны меңгеруде қиналатын оқушылар үшін жалпы дамытушылық және пәнге бағыттаушы жеке және топтық түзету сабақтары ұйымдастырылады. Сабақтың ұзақтығы 20-25 минут. 6-10-сыныптарда жеке, топтық сабақтарға бөлінген сағаттар пән мұғалімдері арасында бөлінеді. Бұл сабақтарда күрделі материалдарды меңгеруге дайындық жүргізіледі, біліміндегі олқылықтар жойылады.
39-дәріс. Зияты зақымдалған (ақыл ой кемістігінің жеңіл және орташа түрі) оқушыларға арналған арнайы мектепте (сыныпта) оқыту ерекшелігі Зияты зақымдалған оқушылар екі бөлім бойынша білім алады: 1 бөлім – зиятында бұзылысы бар нің жеңіл дәрежесіндегі оқушыларға арналған; 2 бөлім – зиятында бұзылысы бар нің орташа дәрежесіндегі оқушыларға арналған. Білім беру және еңбекке баулу тәсілдерімен олардың даму ақаулықтарын түзету, сондай-ақ, түлектерді болашақта қоғамға біріктіру үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту мақсатымен жүзеге асырылады. Бірінші сыныпқа 7-9 жастағы балалар қабылданады. Білім беру үдерісі білім беру деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады: дайындық, бастауыш сыныптар (0, 1-4); жоғары сыныптар (5-9). Мектепте сәйкес жағдайдың болуына қарай тереңдетілген кәсіби-еңбекке дайындықпен 10-шы өндірістік сынып ұйымдастырылады. 0, 1-4- сыныптарда білім беру үдерісін ұйымдастыруда ақыл ойы кем оқушының тұлғасын жан-жақты психологиялық, медициналық, педагогикалық зерттеу түрлері мен әдістерін әзірлеу мақсатында, оның мүмкіндіктері және жеке ерекшеліктері анықталады. Оқушылардың білім алуға қызығушылығы оянады, оқу әрекетінің дағдылары мен дербестігі қалыптасады және жалпы сөйлеу тілін дамытуға, моторика бұзылыстарын түзетуге, балалардың тәртібіндегі зият және ерік-жігер сферасының ақаулықтарын жоюға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. 5-9-сыныптарда балалар еңбектің түрлі профильдері бойынша тәжірибелік бағыттылығы мен психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес дағдылығы бар жалпы білім беру пәндері бойынша білім алады. Жалпы білім беру пәндері бойынша білім мазмұнының көлемін меңгере алуына байланысты оқушылардың әлеуметтік бейімдігі мен кәсіби-еңбекке дайындығына аса назар аударылады. Мектептің бірінші бөлімінде дайындық (0) және 1-сыныптарда баллдық бағалар қойылмайды. Оқушылардың білім алудағы даму деңгейінің нәтижесі, олардың өнімді әрекеттерінің негізінде, яғни сөйлеу тілінің даму деңгейімен, жазба жұмыстарымен, сурет салуымен, жасаған жұмыстарымен анықталады. 5-9-сыныптарда математика сабағының 1 сағатын геометрия элементтерін оқытуға бөледі. Кезеңдегі сабақтар: «Коррекциялық технология»: «Түзету ырғағы», «Сөйлеу тілі дамуының кемшіліктерін түзету (логопедиялық сабақтар)», «Таным әрекеттерін түзету», «Емдік дене шынықтыру» түске дейін және түстен кейін өткізуге болады. Жеке және шағын топтық түзету сабақтарының ұзақтығы 20–25 минут. Шағын топтар сөйлеу тілі бұзылыстарының және психофизикалық бұзылыстарының ескерілуімен құрылады. Емдік дене шынықтыру сабақтары үшін топтар дәрігерлердің ұсынысымен құрылады. «Түзету ырғағы» топтарға бөлінбестен фронтальді түрде өткізіледі. Түзету компоненттерінің пәндері бойынша бағалау жетістіктері баллдық көрсеткіштермен белгіленбейді, сипаттама түрінде беріледі. «Жалпы еңбек дайындығы» 4-сыныптан 6-сыныпқа дейін енгізіледі. Мақсаты: кәсіби-еңбекке оқуына және болашақта сәтті әлеуметтік бейімделуіне дайындау.