Ладживерт яинджылык Мәдениет Министрлігі Баспасы Сертификат №1206-34-00356 Батыс классикалық әдебиеті -21


Ярвинен, Окунен және Гульбенің патшалық хикаялары



бет15/17
Дата07.01.2022
өлшемі183,54 Kb.
#16891
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Ярвинен, Окунен және Гульбенің патшалық хикаялары

Ярвинен сөзін былайша сабақтады:

«Мен бір кездері көше кезген қарасирақ кедей баласы едім. Қазір болса, көпшіліктің алдына шығып, Отанымның көркеюі үшін қосып жатқан үлесімді мақтана, ауыз толтырып айтатын жағдайға жеттім. Осындай жетістікке жеткенім үшін, бала күнімде ойда – жоқта қатысып, тыңдаушысы болған семинарға алғысымды білдіремін. Сіздерге түсінікті болу үшін, бәрін басынан бастайын:

Сөзімнің басында айтып өткенімдей, базардың бір бұрышынан сатып алған кішкентай дүкенім бар болатын. Осы дүкенде күні бойы тоқаш пен тәттілер сатам. Күндердің күнінде, айны қатесіз қайталана беретін саудагерлік өмірімнен жалығып, не істерімді білмей, рухани күйзеліске түсе бастадым. Дәл осы тұста біздің қыстақ тұрғындарының басын қосып, пайдалы кеңестер беретін семинар ұйымдастырып жүрген көзі ашық, көкірегі ояу бір адам келіпті деп естіп, елең ете қалдым. Ол жер-жерге өз жарнамасын да асып үлгеріпті. Жарнамада былай жазылған:

«Жас демей, кәрі демей, сауатты, сауатсыз деп бөлмей, баршаңызды басқосуға шақырамын! Бар өмірімді біздің сүйікті Суомиіміздің өркендеуі мен дамуына арнадым. Менімен өткізген бір сағат сіздер үшін және Отанымыз үшін бірнеше жылдық пайдалы кеңестер алуыңызға үлесін қосады деп үміттенемін».

Шынымды айтсам, бұған дейін мен біраз конференцияларға қатысқан болатынмын. Бірақ, ешбіріне көңілім толған емес. Себебі, мен барған конференцияларда көпшіліктің алдына шығатын адамдар (менің ойымша) мінберге шығуға лайық еместей көрінетін. Себебі, бұлардың біріншісі, аузында бір тісі қалмаған, айтқандарын өзінен басқа ешкім түсінбейтін дін өкілі болса, екіншісі, бұдан да сорақы. Олар жиналған көпшілік алдына шығып алып, өздерінше қызықтырамыз деп, халыққа арзанқол әңгімелер айтып, өздерін –өздері сайқымазаққа айналдырған жастар. Үшінші топ болса, білім министрлігінің қызметкерлері. Олардың көздегені - қарабастың пайдасы. Ел арасына келіп, жиын өткізгендері үшін алатын іссапар ақысы үшін келіп кететіндей көрінетін де тұратын. Ондайлардың айтқан сөздері де тұшымсыз шығатын.

Бұл жолғы конференцияның жарнамасы тек мені ғана емес, біраз адамның көңілін елеңдеткені рас. Соның дәлелі болса керек, межеленген уақытта жиынға келген адам залды лық толтырды. Мен де жиналған көпшіліктің қатарында едім. Бұл конференция менің рухымды тербеп, көңіл көзімді ашты. Өмірдің шын мәніндегі мақсаты мен мағынасын түсіндіріп берді. Конференцияны үйымдастырып, ел алдына мінберге шыққан адам Робинзон Крузоны мысалға ала отырып, сөзін кеңінен сабақтады. Оның сөзлері Сократтың пәлсапасына ұқсап кетті. Мінберде тұрған от ауызды, орақ тілді бұл адамның пәлсапалық ой-толғамдары жиылған қауымды еріксіз өзіне баурады. Себебі, ол терең мағыналы пәлсапалық ойды үлкендер түгілі, балалардың өзі түсіне алатын қарапайым әрі көркем, айшықты тілмен баяндап берді:

«Адамзат қауымы үлкен бала секілді. Адамдар өз араларында туындаған дау-дамайды ұрыс – керіспен, айқаймен шешеді. Осылайшы өмірдің құндылықтарын арзандатып алып жатады. Робинзон жайлы шығарманы білетін боларсыздар? Тым құрығанда, оқымасаңыз да, есіткен шығарсыздар? Оқығандарыңыз қашан оқығандарыңызды естеріңізге түсіріңіздер. Бала кездеріңізде оқыдыңыздыр. Солай ғой,иә?

Көбінесе Робинзон хикаясын балаларға арналған шығарма деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Менің ойымша, бұл кітап - болашақта өзін мойындатқысы келетін, дамудың даңғыл жолын таңдап алған әрбір жас мемлекет үшін жол көрсететін пәлсапа кітабы. Робинзон әлемдегі қаһармандардың ішіндегі ең үлкені, ең мықтысы. Керек десеңіз, оның қаһармандығы Цезарь мен Наполеоннан да асып түспесе, кем емес. Себебі, ол - мәдениет қаһарманы. Ерекше төзім мен сабырдың шынайы да жанды символы.

Робинзон Крузо - адамдарға Англия мен Солтүстік Американың күш-қуатының сырын түсіндіретін кілт.

Робинзон - жер бетіндегі қуаныш пен бақыттың өкілі. Оның пәлсапасы Шопенгауерден жүз есе жоғары. Ол - адамзат қауымының жоғары мәдениетке қол жеткізу жолында болған рухани соғысының жеңімпазы.

Бұл әлемнің иесі адамзат баласы екенін Робинзоннан үйренуге болады. Ол бізге құр сөзбен емес, жанды мысалдар арқылы, өз іс-әрекеті арқылы үлгі бола білді. Ол адамның ақыл-ойы, сана-сезімі, күшті ерік-жігері табиғаттағы қараңғылық атаулыға қарсы тұра алатынын, рухани сырқатқа душар болған сана-сезімдердің сандырақтарына мойынсұнбау қажеттігін айтады. Бір сәтке Робинзонның басына келген жайтты ойлап көрейік:

Алапат теңіз толқындары кемені парша-парша қылып, бөлшектеп жатыр. Жан-жақта өмір сүруге мүкіндік беретін бір уыс топырақ та көрінбейді! Айнала ұшы-қиыры жоқ, телегей теңіз. Кеменің барлық жолаушылары теңіздің тұңғиығына батып, жоқ болған. Тек жалғыз жас бала ғана кемеден қалған ағашқа жабысып, жан сауғалап, аман қалған. Толқын оны аш, жалаңаш күйі адам баласы аяқ баспаған аралға шығарып тастаған.

Робинзон қиналғанына қарамастан, үмітсіздікке салынбай, кеменің қалдықтарын аралға сүйреп әкеліп, ағаштан өзіне үйшік жасайды. Бидай егеді. Жабайы ешкілерді қолға үйретеді. Аралға келген сол жердің жабайы адамдарын ұстап алып, онымен достасып, оларды өзіне көмекші қылады. Қысқасы, адам аяғы тимеген бос аралда адамға тән тіршілікпен күн кешеді.

Жалғыз өзі... Жап-жас, балаң жігіт... Айдалада аралда....

Құрметті мұғалімдер, поптар, әкімдер, инженерлер, адвокаттар, жас Суомидің кішкентай балалары, ертеңіміздің бәйшешектері! Сіздер де өз ұлтыңыздың бір-бір Робинзоны болғыңыз келмей ме? Ол айдаладағы аралдың қақ ортасында адам етін жейтін жабайлардың өзін тәрбиелеп, оны өзіне дос қыла білген. Ал сіздер болсаңыздар, үлкен қалаларда, жоғары мектептердің, баспасөздердің, театр мен мұражай сынды мәдени ошақтардың түбінде тұрып, ұлтымыздың мыңдаған тұлғалары туралы : «Олар надан, жабайы, маскүнем!» - деп шағымданасыздар.

Бір сәт Робинзонның орнына өздеріңізді қойып көріңіздер!» - деп, жалынды сөздерімен бәрімізді терең ойға батырды.

Ярвинен еш тоқтамастан сөзін жалғастырды:

«Бұл конференция менің көзімді ашты. Қиялыма қанат бітірді. Жан-дүнием алай-дүлей күй кешіп, ішімде үлкен адам болуға деген құштарлық оянды. Біздің кішкентай Суоми үшін мен де бір пайдалы іс жасайын деген ой келді.

Бірақ, мен жалғыз өзім не істей аламын? Бар - жоғы нан сатушымын. Мен сияқты тоқаш сататын жас жігіттің қолынан не келеді?

Өзіммен бірге жиынға үш досымды ерте барғанмын. Өз ойымды сол достарыма айттым. Алғашында олар маған қарсы шығып, пәлендей қолдау көрсете қоймады. Олардың бірі терімен айналысса, бірі темір ұстасы, үшінші досым жұмыртқа сататын. Конференциядан қайтар жолда олар:

«Әрқайсысымыз бір-бір қаһарман емеспіз бе? Біреуміз жұмыртқа сатамыз, енді біріміз терімен айналысамыз. Сен болсаң, балаларға тәтті тоқаш сатасың. Біз қалай Робинзон болмақшымыз?» - деп сөздерінің соңын күлкіге айналдырып жіберді.

Дәл осы сәтте мен шабыттанып:

«Сендер не деп тұрсыңдар? Мен тоқаш сатып, өз ісімнің бір Робинзоны неге болмасқа? Тек тәтті нанды сатумен ғана шектелмей, елімізде бал арасын бағуды қолға аламын. Сонан соң, уақыт өте келе жай ғана тәтті тоқаш емес, балдан жасалған тоқаштарды сата бастаймын. Осылайша, тәтті тоқаштарды тек бақуатты адамдар ғана емес, барлық қарапайым отбасының адамдары да күнделікті дастархандарында көретін дәрежеге жеткіземін. Достар, мен шешімімді қабылдадым. Болашақта осы елдің «Тәтті патшасы» боламын!»

Менің бұл сөздерімді естіген достарым, күліп:

«Сен сондай болсаң, біз кім боламыз?» - деді.

«Сендердің біреуің «Аяқкиім патшасы», екіншің «Жұмыртқа патшасы» болуларыңа болады» - дедім.

Біз бірігіп, жоспар жасай бастадық. Үйге келген соң да, таң атқанша, көз ілмей, осы тақырыптарды талдаумен болдық.

«Мұнан кейін не болды?» - деген сұрақ көкейлеріңізде тұрған болар.

Не болсын? Көп уақыт өтпей –ақ, бар ынта –жігерімізбен дамылсыз еңбектеніп, арманымыздың шындыққа айналғанын көрдік.

Тері илейтін досым ақшасын жинап, Парижге барып, өз кәсібі бойынша біліктілігін жетілдіріп келді. Ол жақта әлемге аты шыққан маркалы аяқкиімдер тігетін жерде үш жыл жұмыс істеп, өз ісінің нығыз шебері болып оралды.

Қазір екі ұлымен бірге жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Екі ұлы да жоғары білімді. Бірі химия саласы бойынша маманданып, қазір Финляндиядағы ең үлкен тері фабрикасының директоры қызметін атқаруда.

«Окунен және ұлдары» деп аталатын фирма қазіргі таңда барша Еуропаға танымал болды. Окунен тері илейтін орындары Финляндиямен қатар, Еуропаның Окуненнің аяқкиім магазиндерінен көруге болады. Бұл магазиндерді Окуненнің кіші ұлы басқарады. Ол Германияда жоғарғы білім алған. Жергілікті париждіктер сияқты французша анық әрі сауатты сөйлейді. Әлемдік сән үлгісінің маманы ағылшын Велиахт Эдвард Окуненнің аяқкиімдерін арнайы сұраныспен алдырып киеді. Ол Окуненнің баласын әріптесі ретінде көріп, «Біз екеуміз бір – бір патшалықтың Велиахтысымыз. Мен ағылшын патшайымының ұлы болсам, Сіз аяқкиім патшасының ұлысыз» - деп әзілдейтін көрінеді.

«Окунен және ұлдары» деген фирма жыл сайын Финляндияда білім алған оншақты жасты таңдап, оларды жоғары білім алуы үшін Германияның Вирчхов зертханасына, Француздардың Пастор институтына, Америкада Эдисонның жанына жібереді.

Окуненнің осындай жетістікке жетуі, сөз жоқ, бір кездегі Робинзон туралы семинардың берген нәтижесі дер едім.

Базарда себетімен жұмыртқа сататын досым - Томас Гульбе де шын мәнінде «Жұмыртқа патшасы» атанды. Ол өз елімізден басқа, Англияға, Франция мен Германияға да танымал кәсіпкер болды.

Томас Гульбе, алғашында кәсібін ауыл-ауылды аралап, жұмыртқа жинаудан бастады. Әрбір ауыл мен қыстақ үйлерінің есігін қағып, әр үйден екі-үштен жұмыртқа сатып алып, оның орнына ауыл адамдарына кәделеріне жарайтын және оларға ұнайтын ұсақ-түйек заттар беріп, жинаған мыңдаған жұмыртқаларды шетелдерге сатылымға шығаратын.

Гульбе ең балғын жұмыртқаларды таңдап, оның сапасына ерекше мән беретін. Үш күннен көп тұрған жұмыртқаны қатайып кеткен деп, алмайтын. Әрбір жұмыртқада «T.G», яғни «Томас Гульбе» деген марканың мөрі басылатын.

Бір жылдан соң, Лондон, Париж және Берлиннің ең үлкен мейрамханалары «T.G» маркалы жұмыртқаларға сұраныс бере бастады.

Жол шығыны тым көп болғандықтан, Томас Гульбе Финляндияның жер-жеріне бара алмайтын. Әйткенмен, ол бұл кедергінің де шешімін тапты. Финляндиядағы бастауыш мектеп мұғалімдерімен хат арқылы тілдесіп, ел арасында мұғалімдердің көмегімен байланыс орнатты. Бұл өте кең ауқымды, бірақ өте қарапайым ғана іс болатын. Гульбе алдымен Суомиді бірнеше аймақтарға бөліп алды. Әрбір аймақты Рим санымен номерлеп шықты. Әр аудандағы хат алысатын мұғалімдердің аттарын осы Рим санының қатарына тіркеді. Мұнан соң жұмыртқаны өткізген отбасының тегінің бас әрпін белгілей бастады.

Оқушылар күн сайын сабаққа келгенде, өздерінің немесе көршілерінің үйіндегі тауықтардың балғын жұмыртқаларын сабаққа ала келіп, мұғалімдеріне өткізетін болды.

Мұғалім күнделікті жинаған жүздеген жұмыртақаларға қажетті белгілерді қойған соң, Томас Гульбенің жұмыртқа деполары орналасқан Або қаласына жолдап отыратын болды. Ол жерден жұмыртқалар бірден арнайы қалыптарға салынып, кемемен діттеген жерге жіберілетін. Осындай қолға алынған жүйелі шараның арқасында, Париж, Лондон, Бреслав, Анверс, Берлин мейрамханаларында келген тұтынушыларға «TG» маркалы, екі-үш күндік балғын жұмыртқа берілетін болды.

Бұл жұмыртқалардың арасынан біреуі талапқа сай болмай қаған жағдайда, «15 сәуір,ҮІІ,15,М. белгісіндегі жұмыртқа бұзылған» деп жазылып, Гульбеге хат жолданатын.

Гульбе бұл хатты алысымен, өзінің тіркеуіндегі мәліметтерді тексеріп, ҮІІ номерлі Куопио қыстағынан, 15-ші номерлі мұғалімнің М. ханымнан алған жұмыртқасы бұзыландығына көз жеткізетін. Монан соң, дереу мұғалімге болған жайтты ескертіп, хат жазатын. Хатта ол: «15 сәуір күні Макинен ханымнан алған жұмыртқа ескіріп кеткен. Егер осындай жағдай екінші рет қайталанатын болса, біз оның жұмыртқаларын алмайтын боламыз» - деп ескертуін талап ететін.

Арада он жыл өткен соң, Томас Гульбе Финляндияның «Жұмыртқа патшасы» атанды. Оның Лондон, Гамбург және Финсингенде жұмыртқаларды сақтауға арналған жазда суық, қыста жылы температурамен қамтамасыз ететін арнайы деполары пайда болды.

Финляндияның барлық аудан орталықтарында тауық өсіретін фермалар салып, ауыл адамдарына тауықтарды арзан бағамен сата бастады.

Томас Гульбе жұмыртқа саудасымен қатар, аң аулайтын құстар мен иттерді де бағып, оларды сатумен айналысты. Ол миллионер атанғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Бұны айтып отырған себебім, ол байыған сайын, жыл сайын табыс көзінен мемлекетке де миллиондаған қаражат бөледі.

Ол жылда ауыл мектептерінің кабинеттеріне жүз мың марк, ең ақылды, зейінді ауыл балаларының егіншілікті зерттеу үшін Норвегия, Дания және Швеция сынды өлкелерге барып, білімдерін арттыру үшін жүз мың марк, фин халқынан шыққан атақты ақын-жазушылар мен өнер адамдарының шетелдерде зерттеу жұмыстарын жасау үшін де жүз мың марк қаражат бөліп отырады.

Бүгінге дейін оның мемлекетке қайырымдылық қорына бөлген қаражаты екі жарым миллион маркты құрады. Бұл Гульбенің бар байлығының болар – болмас бөлшегі ғана. Сіздерді мезі қылмай тұрғанда, Гульбе жайлы хикаяны бітріп, өз хикаяма көшейін:

Менің хикаям кішкентай тоқаш сататын баланың өсе келе, қалай «Тосап патшасы» атанғаны туралы болмақ.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Робинзон жайында конференциядан соң, мен өз кәсібімнің Наполеоны болуды ұйғардым. Алдымен Финляндия , сосын Еуропа менің сауда императорлығыма айналады деп шештім. Бұл - анау айтқандай сауатым да жоқ, мен сияқты фин баласының асқақ арманы болатын. Бірақ, мен қалай да діттеген мақсатыма жетуге бел сыбана кірістім.

Әуелі кішкентай шырын фабрикасын аштым. Бұл фабрика әлі күнге дейін жұмысын тоқтатқан емес. Банк директорына барып:

«Мен бүкіл Финляндияны мойындататын «Тәтті патшасы» болғым келеді» - дедім де, өз ойларыммен бөлістім.

Банк бастығы менің сөзімді мұқият тыңдап болған соң:

« Ойға алған жоспарыңызды жүзеге асыру үшін тырысып көріңіз. Біз де сізге көмек ретінде біршама ақша бөліп, тәуекел етейік» - деді.

Кәсібімнің бастамасы жаман болған жоқ. Фабрикамызда дайындалған шырын таза, қою әрі дәмі тіл үйіретін. Анау-мынау шекерден әлдеқайда дәмді еді. Бұрындары ауыл-ауылды аралап, шырынды өткізіп, картопқа айырбас жасайтынмын да, жиналған картоптан қайта шырын өндіретінмін. Арада екі жыл өткен кезде Финляндияда бес фабрикам іске қосылды. Мұнан соң тағы бір жаңа кәсіпті қолға алдым. Біздің өлкеміздің ормандарында құлпынай көп өседі. Қыста ауылдарды аралап жүріп, адамдарға мыңдаған литр шырынды қарызға таратып шықтым. Ауыл адамдары болса, жаз шығысымен, қарыздарын өтеу үшін, құлпынай жинап өткізетін болды. Жазда бала-шаға , үлкен-кіші демей, барлығы орманға құлпынай теруге шығып, жинаған жемістерін маған әкеліп өткізе бастады. Бұл құлпынайлар мен үшін сатып алғаннан гөрі, кәдімгідей арзанға түсті.

Бірте –бірте Финляндияның ауыл адамдары мен жұмысшылары тосапты нанға жағып жейтін халге жетті. Тосап жағылған нан тілімі көптеген отбасының түскі және кешкі ас мәзірінің айырылмас бөлшегіне айналды. Себебі, менің фабрикамнан шыққан тосап тәтті, әрі бағасы да қолжетімді болатын. Келесі жылы Финляндияның орманынан жиналған құлпынайлар тосап жасауға аздық ете бастады. Ресей мен Германияға арнайы сұраныстар жібердім. Ресейден Владимировский деп аталатын танымал шие сорттары келе бастады. Ирландиядан құрамында қанты көп болатын картоп түрін алдырдым.

Ауыл – ауылды аралап, тұрғындарға жидек пен күнделікті ішіп-жемге қажетті картоптың тұқымын таратып, оларды егіп, күтіп – баптаудың әдістерін үйреттім. Осылайша бірте-бірте Финляндияның барлық жері менің егістік алқабыма айналды.

Кәсібімнің осыншалық деңгейде дамығанын көрген сайын кеудемді қуаныш сезімі билейтін. Тосап пен тәттіге құмар ақын-жазушылар мен өнер адамдары да маған қол ұшын берді. Олар менің әрбір жаңалығым мен қуанышыма ортақ болатын. Күндіз-түні Ярвинен тосаптарын мейлінше сапалы әрі арзан, халыққа қолжетімді қылуды ойладым.

Өзенде жұмыс істейтін қайықшылар, таулардағы кеншілер де менің тосаптарыммен қоректенетін. Бірде Финляндияға жолы түскен бір ағылшын орманшысы қарамағындағы жұмысшылардың Ярвинен тосабын жегендерін көріп, өзі де дәмін татып :

«Бұл тосаптар жұмысшылардан гөрі, патшалардың салтанатты сарайларында дастарханның сәні болатындай тәтті екен. Осыншалық сапалы әрі дәмді бола тұра, арзанға сатылуының сырын түсінбедім. Сіз маған осы бағамен 50.000 құтысын бересіз бе?» - деді.

Мен оған:

«Әлбетте, берем. Тіпті 50.000 құтысын бірден алғаныңыз үшін сізге екі пайыз жеңілдік жасаймын» - дедім.

Осылайша «Ярвинен» тосаптары Англияға жол тартты. Ағылшындардан кейін Дания, Голландия, Бельгия, Германия, Франция тіпті, Америкада да сатыла бастады.

Тосап өндірісі бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің жүзеге асуын химия мамандары, сол істің шеберлері қадағалайды. Бұл мамандар жүйелі түрде түрлі аймақтарда болып, халықпен кездесіп, оларға картоптың, шиенің және құлпынайдың сорттарын қалай өсіріп, күтіп – баптау керектігі жайында ақыл-кеңестерімен бөлісіп отыратын.

Қазір жаз мезгілінде суық, қыста жылы температурамен қамтамассыз ететін арнайы вагондарымыз бар. Жыл сайын Месина теңіз портынан бір кеме апельсин мен Сингапурдан лимон және бір кеме күріш сатып аламыз. Менің шырын, тосап және мармеладқа арналған құтыларым бүгінде ром, ликёр және коньяк құтыларының басты бәсекелесіне айналды.

Ярвинен мемлекеттік университеттің профессорларына:

«Сіздер менен де жақсы білесіздер ғой, қант ағзаға қажетті дәрумендерге бай, денсаулыққа пайдалы қорек түрі. Жақсы әрі сапалы тағаммен қоректенген халық өкілдері ішкілікке де әуес болмайды. Ащы тәттінің, тәтті де ащының қас жауы болып саналады. Маскүнем адамдар тәттіге құмартпайды. Ал тәттіқұмарлар болса, керісінше, алкогольдік ішімдікке ден қоюы екіталай.

Міне, осы себепті халық «Ярвинен» тосаптарының құтыларын «Ішкілік құтыларының басты қарсыласы» деп атайды. Себебі, ішкіліктің құтысы босаған үйден жанжал арылмаса, әрбір тосап құтысы ауылдағы жұмысшының үйіне , керісінше, жақсылықтың жаршысы, жаңа өмірдің бастауындай болып кіреді. Бұл құтыны көрген баланың жүзі бал-бұл жанып, көңілінде қуаныш ұялайды. Отағасының бір күндік еңбекақысының ішкілікке кеткенінен әбден зәрезап болған отанасы да тосап құтысын көріп, жүзі жайнап сала береді.

Мен теңіз портында «Ярвинен» маркалы мыңдаған тосап жәшіктерінің тиелгенін көріп, жүрегім қуаныштан жарылып кетердей бақытты күй кешемін. Әрбір тосап құтысын өзімнің әскерлерім сынды көремін. Олар халықтың бақыты мен тыныштығы үшін алыс сапарға аттананып бара жатқандай.

Мен қиялымда оларды қасиетті мекенге орналастырып қойғанмын. Мен үшін әрбір тосап құтысы өзінше құнды, өзінше бағалы. Себебі, олар жай ғана тосап құтылары емес, сонымен қатар Финляндияда, қажет болса, әлемнің басқа өлкелерінде де адамзаттың тату-тәтті өмір сүруі үшін талпынған менің арманым мен мақсат –мүддемді жүзеге асырушы бірден – бір құралым.

Осы күнге жетуіме, кеудемдегі жастық жалынды үрлеп, сол арқылы адамзат қауымына пайдалы болуыма жол ашқан Робинзон сынды қаһарманның өмірін баяндаған кітаптың авторына да қарыздармын.

Сонан соң, халыққа білім мен жарық шашқан сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Сіздер менің жүрегімнің шырағына май құйдыңыздар. Сіздерге рахмет! Үлкен рахмет!

Жасап жатқан үлкен істеріңіздің өтеуі жай ғана рахмет айтумен қайтпайды, әрине. Сіздердің осы жолда еш мойымастан ұлы істерде үлкен жетістіктерге жете берулеріңізді тілеймін.

Жалпы тарихты оқыдым. Көптеген ғылым адамдарымен де пікірлес болып, терең ойға шомдым. Әлі де сол ойдан арыла қойған жоқпын. Менің ойымша, көптеген ұлыстар әлі күнге дейін жабайылықтан арыла алмай келеді. Бірақ, қазіргі жабайылық бұрынғы жабайылық сияқты емес, өзгеше.

Тарихта басқалардың жерін зорлықпен тартып алған қолбасшыларға неліктен соншалықты ерекше құрмет көрсетілетінін әлі күнге түсіне алмаймын. Александр Македонский, Цезарь, Наполеон және осылар сияқты мыңдаған қолбасшылар өзгелердің жерін ту – талапай еткеннен басқа не істеді?

Бұл шайқастардың нәтижесінде алып мемлекеттер пайда болғанымен, бұқара халыққа қаншалықты тиімді болды? Олар керек десеңіз, әлі күнге дейін мұқтаждық пен аштықтың азабын тартып, өмірлерімен хош айтысуда. Мыңдаған адамдар болса, білім-ғылымнан мақрұм қалып, надандықтың бешпетін жамылуда. Барлық жерде ішімдік, ұрлық, арзан көңіл көтеруге деген құштарлық пен ұрыс-керіс, жек көру, кек сақтау... Адамдар сыйластықтың ауылынан алыстап барады.

Тарих қаншама рет осы іспеттес ғибрат боларлық жайттардан дәріс берді?... Қаншама рет олардың қателерін беттеріне басты?...

Бірақ, бұлардың ешбірі адамдарға ғибрат дәрісі бола алмады. Саясаткерлер әлі күнге дейін жағымпаздық пен жалтақтық ойынын жалғастыруда. Олардың бар білері - мемлекеттің шекарасын кеңейту, бірақ сол кеңейткен шекараның ішіндегі сана – сезім мен ождандарды жоғарылату туралы ойланып жатқандар кемде – кем. Оған бас қатырғылары келмейді.

Біздің кішкентай Суомиіміз жер көлемі жағынан үлкен емес. Өз басым еліміздің жер көлемінің кеңейгенін емес, отандастарымыздың санының күн өткен сайын арта түскенін қалаймын. Олар еліміздің жарқын болашағының негізін қалаушылары болса екен деп тілеймін».

Ярвинен көпшілік арасынан мұғалімдерге ерекше ілтипатпен басын иіп, сөзін тәмамдады.

Ярвиненнің жалынды сөздерінен соң, Торстен Форстен атты ауылдың ақсақалы орнынан тұрып:

«Амин!» - деді.

Мұнан кейін барлық жиналған көпшілік те бірауыздан ақсақалдың айтқанын қайталады.

«Амин! Амин!»

Торстен Форстеннің үш ұлы бірдей Хельсинки университетінің профессоры. Өзі болса, қарапайым ауыл тұрғыны.

Министр мырза жиналысты қорытындылап, былай деді:

«Ярвиненнің мынадай ақылды әрі сезімге толы шынайы сөздеріне алып-қосар ешнәрсе қалған жоқ. Ярвиненнің әрбір сөзінде халықтың талап – тілегі жатыр. Оның сөздерінен халықтың: «Біздің жанымызға келіп, бізге жол көрсетіңдер!» - деген жанайқайын естуге болады!»

Ертесіне барлық фин баспасөздері осы жиын жайлы жарыса жазды. Ярвиненнің де сөйлеген сөзі сол қалпында газеттерге жарияланды.

Ярвиненнің бұл баяндамасы Финляндияда халық тарапынан ерекше ілтипатқа ие болып, біраз уақыт талқыланып, халықтың сауатын ашып, көкірек көздерін оятуға құлшына кіріскен еріктілердің саны да арта түсті.

Қаланың бай саудагерлері болса, Халық университеті үшін ғимараттар сыйға тартып, жаңадан бой көтеретін сәулет құрылыс нысандарына қомақты қаражат бөлді.

Көптеген мұғалімдер, әкімдер, адвокаттар мен дәрігерлер күн сайын кешкісін шайханаларда бас қосып карта мен домино ойнаудан, ішкілік ішуден саналы түрде бас тартып, қолдарына кітап ала бастады. Халықтың көзін ашу үшін алдымен өздері білім көкжиектерін кеңейтіп алғанды жөн санады. Осылайша халықты жақсылыққа үндейтін сауатты семинар беруші азаматтар жер-жерде көбейе бастады.

Барлық жиналыстар мен сауық кештерінен, мейрамханалардан түскен қаражатқа халыққа пайдалы кітаптар алынып, ауыл-аймақтарға таратыла бастады. Белгілі бір тақырыптардың тізімі жасалып, осы тақырыптар аясында көркем шығармаларға бәйге жарияланып, ең жақсы жазылған шығарманың авторлары ерекше марапатқа ие болды. Жазушылардың кітаптарының баспадан шығуына қаржылай демеушілік жасалды. Бұл кітаптардың арасында қарапайым халыққа көбірек пайдасы тиетін шығармалар арзан бағамен сатылып, халыққа қолжетімді болуы қадағаланды.

Өмірінің соңғы жылдарында Снелман достарымен әңгіме-дүкен құрып отырып:



«Қазіргі Финляндия мен балалық шағымның Финляндиясын салыстырсам, көз алдыма мынадай көрініс елестейді:

Барлық терезелерін қымтап, жауып тастаған, иесіз қалған үй. Мұндай үйді көрген адамның көңілі құлазып, айдалада қалған жандай жетімсіреген күй кешеді.Іші тастай қараңғы, ауасы тар, қабырғалары көгеріп, дымқылдана бастаған бұл үй баспанадан гөрі мазарды еске түсіреді.

Енді бір сәтке осы үйдің жанынан бір топ батыл, қайратты жастар келе жатқанын елестетіңіз. Олардың барлығы көңілді. Жастар әлгі үйге кірісімен, перделердің бәрін алып тастап, терезелерді айқара ашады. Сол –ақ екен, үйдің іші күн сәулесімен нұрланып, таза ауа кіріп, аңқыған гүлдің иісі бөлмелерге тарайды. Үйдің ішіндегі зат атаулыға жан біткендей. Ғимараттың қабырғалары кеңейіп, әсемденіп, жайнап, жасарып сала береді. Бөгде адамдар болса, көз алдарында әп-сәтте құлпырып шыға келген үй ғимаратына алыстан тамсанып, таңдана қарайды.

Міне, мысалдағы үй сияқты, рухани қамауда қалған қоғамның аудан орталықтары мен ауыл-аймақтарында да ұмыт қалған қалтарыстарға оң өзгертер енгізуге болады. Тек ол үшін рухтары ояу және төл мәдениетінің дамуы үшін қажыр-қайратын, аямай, еңбектенетін, төзімді, шын мәнінде қаһарман адамдар қажет!» - деді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет