Тарихтан - ғибрат
Бұдан бірнеше жыл бұрын Мәскеу Мемлекеттік театрының дуалы жарылып, сыр бере бастағаны аңғарылған. Театрдың іргетасынан шатырына дейін орын алған сызат келешекте ғимараттың қирауына әкеп соқтыруы мүмкін деген оймен, адамдар қауіптің алдын алуды ойластыра бастаған.
Сәулетшілер өз кезектерінде театрдың қабырғасында пайда болған сызаттың шығу себептерін іздестіре бастайды. Ғимараттың іргетасын бірнеше жерден қазып, ашқан кезде оның іргетасының ағаштан жасалғанына көз жеткізеді. Бұл іргетас әбден тозығы жетіп шіріп, соның салдарынан ғимарат шөге бастаған.
Кезінде ғимараттың негізін қалаған кезде, іргетастың мықты болуы үшін, жерге қалың қазықтар қағып, осы қазықтарға қалың тас қабырғалар өрілген екен.
Іргетастың бұл түрі сол замандағы талапқа толық жауап бере алатын болған және сол кездегі адамдардың түсінігі бойынша, нағыз мықты іргетас болып саналған. Шын мәнінде театр ғимараты ұзақ жылдар бойы сыр білдірмей, талай буын өкілдеріне қалтқысыз қызмет еткен. Әйтсе де, арада жылдар өткен сайын жер астында төселген ағаш шіріп, соның салдарынан іргетас жылжып, ғимарат қабырғаларында сызаттар пайда болған.
Бұл сызаттарды көрген сәулетшілер мүндай қауіпке қарсы қандай шара қолдану керектігін ойластыра бастайды. Олар тарихи маңызы бар ғимаратты құлатпай, бұрыш-бұрыштарын бағандармен ұстатып, іргетасты ашады. Сонан соң, шіріген ағаштың орнына граниттен жасалған мықты тастарды қойған. Сөйтіп, Мемлекеттік театрдың ескі ғимараты жаңадан орнатылған іргетастың үстінде қайта бой көтерген. Сәулетшілердің дер кезінде жасаған шараларының арқасында театр ғимараты әлі күнге дейін өз көркін жоғалтпай, қауіпсіз жағдайда халыққа қызмет көрсетуде.
Ұлыстар мен ұлттардың өмірі де құдды осы Мәскеудің Мемлекеттік театрының ғимаратына ұқсайды.
Мемлекет құрылымының ескі жүйесі мен ел басқарудың бұрынғы әдістері өз заманында қаншалықты жеткілікті көрінгенімен, уақыт өте келе заман талабына сай жауап бере алмауы әбден мүмкін.
Көпшілік арасында жиі айтылатын «әр буынның өзіне тән әуені болады» деген сөз бар. Күн өткен сайын адамзат қауымы жаңарып, жасарып отырады. Әр буын өкілі өзімен бірге заманына сай жаңалықтар мен өзгерістер ала келеді.
Жалындаған жас буын өкілін ескі тәсілмен басқару мүмкін емес. Жаңа ұрпаққа ақылға қонымды, әділетті, тамырын тереңге жіберген басқарудың жаңашыл түрі қажет. Парасат - пайымы жоғары басқарушылары бар мемлекеттерде сәтсіздіктер мен құлдырауларға жол берілмей, халықты басқарудың мейлінше әділетті жолдары қарастырылған. Кейбір елдерде болса, керісінше, мемлекет тізгінін ұстаған адамдар халықты дұрыс басқаруды және оның сауаттылығын арттыра түсу қажет екендігін түсінбейді немесе түсінгілері келмейді.
«Мезгілі келгенде мұз да ериді» демекші, уақыты келгенде, мықты мемлекеттердің де қабырғасы сөгіліп, сызат пайда болады. Бір өкініштісі, күн өткен сайын көлемі ұлғайып бара жатқан бұл сызатқа дер кезінде көңіл бөлінбейді.
Сондықтан, сырт көзге қуатты әрі күшті көрінген алпауыт мемлекеттердің шөгуі таңқаларлық оқиға болмаса керек. Бұрынғы Иран, Осман империясы, Австрия императорлығы да күйреді. Орыс патшалығы да жермен жексен болды. Бисмарк, Вильгельм сияқты әйгілі адамдарды дүниеге келтірген Германия мемлекеті де жеңілістің ащы дәмін татты.
Осы ретте қасиетті кітаптардың біріндегі мынадай тәмсілге назар аударсақ: Ерте заманда зұлымдықпен ел билеген патша болыпты. Оның салтанатты сарайының қабырғасында отпен жазылған мынадай сөздер бар екен: «Мане текел фарес!» Бұл сөздердің мағынасы жұртшылыққа түсініксіз болса керек. Ешбір адам түсіне алмаған бұл жұмбақ сөздердің сырын сол заманның данышпаны - Даниял былайша түсіндірген: «Бұл отпен жазылған жазулар жақсылықтың нышаны болмаса керек. Не де болса, ел басына күн туатын қиын-қыстау заманның келгендігінен хабар беріп тұр. Бір кездегі дәуірлеген бұл мемлекеттің де дәурені өтті. Бұл тығырықтан шығар жол жоқ.»
Ескі Рим императорлығы, ХV Луидің Франция дәурені, Романовтардың орыс патшалығы, Хохенцоллерндердің Германия мемлекеті, Хабсбургтардың Австриясы да тығырықтан жол таппай, құрдымға кеткен. Тарих бұл мемлекеттер үшін өз үкімін шығарды: «Мане текел фарес!»
Осының бәрін салиқалы ой таразысына салып, бір сәт ойланып көріңіз. Жұлдызқұрт тәрізді жеке бастың қажеттілігінен аспайтын күнделікті күйбең тірліктің құрдымына батып, саз балшыққа сүрінбейік. Керісінше, елдің ертеңіне елеңдейтін есті ұрпақ тәрбиелеу жолында не істеу керек? Соны ойланайық! Тарихқа көз жүгіртсек, онда тек императорлықтардың күйреуі ғана жазылмаған. Сонымен қатар, тығырықтан жол тауып, жарқын болашаққа талпынған ұлттар мен ұлыстардың тарихынан сыр шертетін шығармалардың дүниеге келгенін күтеді.
Тарих – адамзат қауымына құмырсқаның ұясы сияқты бір жерде тұрмай, өркениетпен өрілген әсем де, әдемі туындылар туғызатын мемлекеттердің мәртебесін жоғарылата отырып, халықты басқарудың жолын көрсететін ғажайып ғылым.
Достарыңызбен бөлісу: |