Снелман:
«Мысалы, біздер – фин халқы мәдениеттің ең дамыған сатысына қол жеткізетінімізге кәміл сенеміз. Сол үшін тынбай еңбектеніп жатырмыз. Финляндияда болашақта білім ошағы салынбаған бірде – бір елдімекен қалмайды. Қажет болса, балықшының күркесін де білім нұрымен айдындатамыз. Сөйтіп, бүгінгі бөбектерімізден ертеңгі күні білімді, рухты, көзі ашық жалындаған жастарымыз өсіп шығатын болады. Егер туған халқың надан, мәдениетсіз болса, оны сынап-мінеудің орнына, мәдениет пен өркениетке баулып, халқыңа адал қызмет қылу керек.» -деді.
Алғашында Снелманның сөздерін амалсыздан тыңдап отырған жазушымыз, бірте –бірте оның айтқандарынан қатты әсерленіп, қоштасарда: «Мен сізбен өте кеш танысқаныма өкінемін» -деп, қолын қысты.
Снелман Суомиге оралған соң, арада жиырма шақты күн өткенде хат алады. Хатта:
« Сенің сөздерің маған қатты әсер етті. Рухымды тербеді. Осы күнге дейін жасап келген істерімнің дұрыс болмағанына көзім жетті. Енді бұлай өмір сүре алар емеспін. Өзімнен қатты жиіркенем. Ождан азабына шыдай алар емеспін. Жанымды қоярға жер таппай, өмірмен қош айтысуға бел будым.» - деп жазылған. Снелман хатты жазған адамның қолтаңбасын тани алмады, оның үстіне аты-жөнін де жазбапты.
Арада бір ай өткен соң, Снелман Виана газетіндегі хабарды көзі шалып қалады. Онда атақты жазушының өмірден озғаны туралы жазылыпты. Осы хабарды оқыған сәтте ғана Снелман өзіне келген хатты кімнің жазғанын түсінді.
Арада біраз уақыт өткен кезде, дәрігерлер, мұғалімдер мен дін қызметкерлері халықпен етене араласып, алған әсерлерін, ой-толғамдарын баспасөздерге жариялай бастады. Кейбірі кішігірім кітап қылып басып шығарды. Осындай шығармалардың арасында « Ауыл дәрігерінің естеліктері» және «Ауылдағы поптың естеліктері» деген кітаптар халықтың назарына ілікті.
Бұл екі кітап қоғамда түрлі қарама-қайшы пікірлер туғызып, елді елең еткізген ерекше құбылыс болды. Біреулер: « Туған халқы үшін жүрегі сыздап, оның болашағына үлес қосқысы келген барлық адамның жастанып жүріп оқитын кітаптары!» - десе, енді біреулер: «Бұл кітаптарда жазылғандар қып-қызыл өтірік. Бұл - Фин ұлтына жабылған жала!» - деп, кітаптарды да, оның авторларын да жерден алып, жерге салды.
Шын мәнінде, бұл екі кітап та финдерге қалың ұйқының құрсауынан шығып, сілкініп, рухани ояну қажеттігін айтып, жар салды. Себебі, бұл екі кітап та халықтың мүшкіл жағдайын боямасыз суреттей отырып, тез арада шара қолданбаса, бүкіл бір ұлттың жоғалып кету қаупі барын ескертеді.
Кітапты оқығандар:
«Бір миллион бауырымыз мынадай адам төзгісіз өмір сүріп жатқанда, қол қусырып қалу жарамайды.» - десе, енді бірі:
«Құлайым –ау, мына кітаптарда жазылғандар рас болса, отандастарымыз адам төзгісіз өмірге қалай шыдап келген?! Екі аяқты жануар сияқты күн кешіп жатқандар бар екен ғой. Олардың өмірі Дантенің суреттеген тозағынан да бетер ғой. Жарайды, Дантенің шығармасындағы адамдар осы өмірде жасаған күнәларының өтеуі ретінде тозаққа түседі. Біздің отандастарымызды мына жарық дүниеде жүріп, тозаққа түсетіндей не істеп қойды? Олардың күнәсі не? Ол аз десеңіз, Дантенің шығармасындағы тозақта күн кешетін адамдар жай ғана автордың ойынан шығарылған кейіпкерлер ғой. Ал, біздің отандастарымыз және олармен болып жатқан жайттар – ащы да болса шындық!
Халық дәрігері
«Бір ауыл дәрігерінің естеліктері» деп аталатын шығарманың авторы алғаш қызметін бастаған күннен бастап күнделік жазады. Күнделігінде медицина университетін қалай бітіргені, қызмет орнына қандай дайындықпен барғаны жайында баяндайды.
Дәрігердің балалық пен жастық шағы кедейлікпен өткен. Ол аздай, қызметті бастаған алғашқы күннен-ақ, өзі куәгер болған жағымсыз жайттардан шоши бастайды. Алғашында ол көргендерін түс деп ойлап, өмірдің ащы шындығын мойындағысы келмейді. Қызмет бабында көрген жайттар оған бірнеше мың жыл бұрынғы ескі заманды есіне түсіреді.
« Бәлкім, бұл жер еліміздің ең артта қалған қыстағы шығар?» -деп ойлап, өз-өзін сабырға шақырады. Бірақ, басқа аудандарға барып, ол жерлерде де жағдайдың мәз емес екенін, тіпті кейбір жерлерде өзі жұмыс істейтін жерден де сорақы жайттар орын алып жатқанын көріп, көңілі құлазиды.
Ол барған жерлердің тұрғындары іргетасы тастан жасалған, қалай болса, солай салынған баспаналарын паналайды екен. Бұл үйсымақтардың есіктері өте төмен, терезелері жоқ. Есіктердің арасы дұрыс жабылмағандықтан, сырттан уілдей соққан жел де, борай жауған қар да үйге кіріп, онсыз да суық үйді одан сайын суыта түседі. Жаңбыр жауа қалса, төбелерінен шөлмектеп су ағады.
Бұл жерлерде әйнек оңайлықпен табылмайтындықтан, терезенің орнына қалдырған тесікке майлы қағаз жабыстырылады немесе ақ шүберекті шегемен керіп, қағып тастайды екен. Табылып жатса, шүберектің орнына тері қағады. Ешнәрсе қағылмаған, ашық терезелер де кездеседі. Бөлменің бір бұрышында тас пен топырақтан жасалған пеш орын тепкен. Пешке от жағылған кезде бөлменің іші көк түтінге толып, қолқаны удай ашытып, көзден жас сорғалайды. Түтін үйдің төбесіндегі болар-болмас тесіктен шығып, тазарғанша, үйдегілердің үсті –басы күйелеш болады.
Ауыл адамдары бір киіммен жұмыс істеп, тамақ ішіп, күн батқанда, сол киіммен ұйқыға жатады. Айлап, жылдап монша көрмейді. Кір-қоңдарын да жууды әдетке айналдырмаған. Үсті-бастарының бәрі биттеп, бүргелеп кеткен.
Ауыл адамдары көбінесе тыныс жолдары ауруларымен ауырады. Мезгілінде емделмеген соң, ауру асқынып, өкпе ауруына шалдығады. (туберкулез) Су ішетін құдықтары әжетханамен қатар орналасқандықтан, ауызсуда түрлі жұқпалы дерттердің ошағы өріп жүреді. Әсіресе, іш сүзегінен көз жұмғандар көп.
Балалар арасында қызылша, желшешек сияқты жұқпалы індеттер өршіп тұр. Мыңдаған бала осы аурулардың салдарынан, өмірге келмей жатып, қош айтысады. Халықтың күнделікті тамағы да мәз емес, өте нашар, қуатсыз. Финдер алаңсыз ішкілікке салынып кеткен. Ел арасында саңырау, мылқау, зағип жандар мен жарымжан туылған, ақылынан адасқан адамдар өте көп.
Өзі куәгер болған осы жайттарды дәрігер күнделігінде былайша сипаттайды:
«Ауылға кірген сәтте бойыңды қорқыныш билейді. Адамдардың төмен тұрмысын көріп, өзіңнен, қоршаған ортадан, қоғамнан,өз –өзіңнен қуыстанып. ұялып, кірерге жер таппайсың. Бұл жерден алыста театр, концерт, жазушы, өнер адамы, парламент, Білім Академиясы т.б бар дегенге сенгің келмейді. Себебі, бұл жерде мыңдаған адам тозақта өмір сүріп, дүниеден өтіп жатыр.
Мәселен, ауылдың бір ғана үйінің көрінісін алайық: Ыза тепкен топырақтың үстінде қызылшаға шалдыққан үш бала қызулары көтеріліп, қиналып жатыр. Бөлменің бір бұрышында осы балалардың аналары толғақ қысып, дүниеге тағы бір нәресте әкелгелі жатыр. Ол бейбақтың ауырып жатқан үш баласына қарауға шамасы қайдан келсін?! Енді бір бұрышта болса, осы үйдің отағасы, балалардың әкелері араққа сылқия тойып, өлердей мас болып, езіліп жатыр.
Маскүнем әкеге:
«Ұялмайсың ба, намысың қайда? Отбасыңда осыншама дерт пен азап қатар келіп жатқанда, мына түрің не?» - десең,
«Мықты болсаң, сен де менімен бірге осы жерде тұрып көр. Біздің өміріміз өмір емес. Бұл жерде арақ ішпей, сау жүріп күнелту мүмкін емес. Сол үшін ішемін» - деп жауап қайтарады.
Келесі үйшікте бұдан да өткен сорақы көрініске тап боласыз:
Аналарының ауруы әбден асқынып кеткен. Туберкулезден қан құсып, өлім аузында жатыр. Басын жастықтан көтеруге шамасы жоқ. Әкелері іш сүзегіне шалдыққан. Ыстығы көтерілгендігі соншалық, сандырақтап жатыр. Үйдің іші сұп-суық. Жылытқыш деген атымен жоқ. Әкесі мен шешелерінің ортасында біреуі бір жаста, екіншісі екі жасар бала жатыр. Екеуі де тамақтанбағандықтан, сүйектері ғана қалған, анда –санда әлсіз ғана қимылдайды, құдды тірі өлік дерсің...
Көршілердің ешқайсысының бұлармен ісі жоқ, көмек қолын созуға ниеттері де жоқ. Әркім өз үйінде өз дертімен әуре.
Мемлекет іш сүзегі, қызылша сияқты жұқпалы дерттер күрт көбейген кезде ғана ауыл адамдарына екпе егу үшін бір-екі дәрігер жібереді.
Халық оларға:
«Бұл екпелерді балаларға неге салып жатырсыңдар? Балаларды емдегенше, үлкендерді емдеңіздер» -дейді. Себебі, отбасының күнелтуі үшін үлкендердің аман қалғаны дұрыс деп ойлайды.
Ауыл адамдарының барлығы түрлі ауруларға шалдыққан. Бірінің көздері іріңдеп кеткен, енді бірі қатерлі ісікпен ауырады.
Осы көріністерді көріп тұрып, өмірден түңіліп кете жаздайсың. Ақыр соңында әбден сілелеп шаршаған кезде, әлгі маскүнем еркектің айтқанындай: «мынаның бәрін көрмес үшін иә араққа сылқия тойып мас болғың келеді немесе тұншығып өлгің келеді».
Осы естеліктерді жазған дәрігер қалада тұратын адамдарға, саясаткерлерге, білім мен өнер адамдарына, баспасөз қызметкерлеріне үндеу жолдайды:
«Мырзалар! Қашанға дейін халықпен тығылмақ ойнайсыздар? Әрдайым отансүйгіштік ұлтқа қызмет ету, ұлт махаббаты, мәдениетке қызмет ету турасында сөз қозғайсыздар. Бірақ, ұлт үшін, Отан үшін, мәдениеттің өркендеуі үшін не істеп жатырсыздар? Кейбірі миллиондарды жымқырып, Отанымыздың қазынасына қол салып жатыр. Енді бірі баспасөздерде, мектептерде, университеттерде қызмет жасап жүр. Ал, еліміздің шалғай жерлерінде болса, миллиондаған адам іріп-шіріп, маскүнемге айналып жатыр. Солармен бірге ұлтымыздың іргетасы да шіріп жатыр.
Әлі де уақыт барда туған өлкеміз бен туған халқымызды құтқарайық! Халықпен етене байланысқа шығып, олардың арасына кіріп, сырқаттарынан сауықтырайық! Балалардың сауатын ашып, дұрыс тәрбие берейік!
Оларға үйді қалай салу керектігін және оны қалай таза ұстау керектігін үйретейік! Халықтың денсаулығын қадағалап, оларды құрғақ және жылы баспанамен қамтамассыз етейік! Оларға адам сияқты өмір сүруді үйретіп, көмек қолын созайық!».
Дәрігер күнделігін соңында:
«Мемлекет - үлкен бір отбасы. Оның әрбір мүшесі біздің бауырларымыз. Төменгі топ өкілдерінің үлкен қателері бір кездері жіберген жоғарғы топ өкілдерінің болмашы қателерінің нәтижесі» - деп, өз ойын қорытындылаған.
Дәрігердің күнделік стилінде жазылған, шынайы өмірді бейнелеген бұл кітабы әдеби орталарда түрлі пікірлер туғызғанымен, кітап көпшіліктің ықыласына бөленіп, мақсатына жетті. Финляндияның медицина саласының барлық ұжымдарында бұл кітап ерекше талқыланатын болды.
Әкімшілік қызметкерлері болса, кітаптағы айтылған мәселелерді зерттеп, бір кездері жіберген қателіктерін жөндеу үшін, түрлі шараларды қолға ала бастады. Бұрындары бейхабар болған қарапайым халықтың мүшкіл халімен етене танысып, оларға түсіністік пен қолдау көрсетті. Олар партия жиналыстары мен жеке бастың дау-дамайларын бір шетке ысырып қойып, ұлттың денсаулығын шыңдаудың жолын іздестіре бастады.
Мемлекет бойынша туберкулезге шалдыққандардың және аурудың осы түрінен көз жұмған адамдардың саны анықталды. Бір жылдың ішінде іш сүзегін жұқтырғандар, ауыр тұрмыстың салдарынан аштықтан өлген балалардың саны, тіс ауруынан зардап шеккендер мен мүгедектердің нақты саны анықталды.
Бұдан басқа да алкогольдік ішімдік алуға кеткен ақшаның көлемі есептелді. Маскүнемдіктің кесірінен болған ұрыс-керіс, төбелес, адам өлтіру, өрт, ұрлық жасау фактілері де анықталды.
Зерттеу нәтижесінде жинақталған көрсеткіштер адамдардың төбе шашын тік тұрғызды. Себебі, бұл көрсеткіштер ащы да болса, шындықтың бетін ашып, әр адамның бойында бұл жағдайға қарсы күресу қажеттілігін ояндырды.
Мемлекет аудан және облыс орталықтарынан дәрігерлерден арнайы топ құрды. Тіс дәрігері, педиатрлар мен гинекологтар бірігіп, барлық шалғай аудандарды аралады. Олар барған жерлерінде науқастарды емдеп, жазып, халыққа жеке бас гигиенасы мен ана мен бала денсаулығын күтудің жолдарын үйретті.
Арада бірнеше жыл өткен соң, ауыл тұрғындарының тұрмыстары жақсарып, бұрынғы әдеттерінен айығып, шын мәнінде адами өмір сүрудің салтын меңгерді. Ертедегі мал қораға ұқсайтын үйшіктердің орнына жылы да жайлы баспаналар салынды.
Олар таза, жылы киім кие бастады. Мемлекеттің қолдауымен, адамдарды сапалы киіммен қамтамасыз ету үшін жер-жерде киім – кешек, қыстық пальто, ішкиімдер шығаратын фабрикалар іске қосылды. Бұл киімдердің барлығы тек сапалы өнімнен тігіліп, халықтың мүмкіндігіне қарай арзан әрі қолжетімді бағада сатыла бастады.
Ауылдарда бұл киімдерді кигендер бір мерекеге келгендей көпшіліктің назарын өзіне аударатын. Осылай бірте-бірте жазда киімсіз, жалаңаш жүрген адам көрінбейтін болды. Жөтел, бронхит, суық тию сияқты сырқаттар азайып, біртіндеп жоғалды. Туберкулезден өлген адамдардың саны екі есе азайды. Балалар өлімі тоқтады. Көптеген жұқпалы дерттерден халық сауығып, уақыт өте келе ондай ауру түрін ұмыта бастады. Әйел-аналардың денсаулықтары да жақсарып, дүниеге бала әкелу көрсеткіші жоғарылап, дені сау нәрестелер туа бастады. Жұмыс істейтіндер саны артып, халықтың тұрмысы түзелді.
Осылайша Финляндия қарқынды дами бастаған тұста, мемлекеттің медицина саласына өлшеусіз үлес қосқан дәрігер дүниеден озды. Туған ұлтының денсаулығы үшін жанын салып күрескен дәрігердің қазасы күллі фин халқы үшін ауыр соққы болды. Сүйікті дәрігерлерімен соңғы рет қоштасу үшін, алыстағы ауыл –аймақтардан жүздеген өкілдер келіп, жаназаға қатысты.
Ауыл тұрғындары жаназаға баратын өкілді жастардың арасынан таңдады. Бұл жас жігіттер Ұлт дәрігерінің табытын жоғары көтеріп, қаланың барлық көшелерімен жүріп өтті.
Жерлеу рәсімінде ауыл жастарынан бірі көпшіліктің алдына шығып тебіреніп тұрып, былай деді:
«Біз сені мәңгілік мекеніңе шығарып салу үшін алыс ауылдар мен ормандарды артқа тастап келіп тұрмыз. Бірақ, саған жаназаларда қалыптасқандай гүл шоқтарын әкелмедік. Есесіне ауыл адамдары өз қолыңмен баптап кеткен хас бақшаң – Суомидің гүлдерін – бізді таңдап, басқаларға үлгі болсын деп, осында жіберді. Сен біз үшін - Ұлтымыздың ең үлкен бағбанысың, біз - сол бақта өсіп шыққан гүлміз.
Саған айтарымыз: Артыңа алаңдамай, соңғы аялдамаңда деміңді ал! Біз сенің жасап кеткен еңбегіңді аяқсыз қалдырмайыз. Сен - туған халқыңның нағыз дәрігері бола білдің. Жүздеген ауыл адамдарының дертіне дауа іздеп, сырқаттарынан айықтырдың. Ұлтымыздың бойына жан бітіріп, қайта тірілтіп, күш-қуат бердің. Туған өлкеміздің келешегіне қалтқысыз қызмет ететін қаһармандарды шығардың. Бізге өмір сүрудің жолын көрсеттің!
Туған халқың саған арнап еңселі ескерткіш орнататын болады. Сен мұндай құрметке шын мәнінде лайықсың. Бірақ саған қойылған нағыз ескерткіш ол – мына біздерміз! Біз – ұлттың жаңа өмірге басқан қадамының көрінісі әрі осы жаңашыл өмірдің жаршысымыз. Ер демей, әйел демей – бәріміз де фин халқының арда туған азаматтарының Отанға адал қызмет ету жолындағы бір-бір жанды ескерткіштеріміз. Уақыт өткен сайын тұрмысы түзелген туған халқыңның жүрегінде сенің атың алтын әріптермен жазылатын болады.
Сен Цезарь да, Наполеон да емессің. Ешкімнің жеріне көз тіккен жоқсың. Бір тамшы қан тамызбай, Отанымызға мыңдаған жаңа, қуатты және еңбекқор күшті сыйлап кеттің.
Туған ұлтының денсаулығы мен жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен қаһарман ұлдың аты мәңгілікке өшпеуі тиіс!»
Достарыңызбен бөлісу: |