(проф. Н.Уәли, проф. М.Жүсіпов, проф. З.Базарбаева, ф.ғ.к. А.Фазылжанова)
Әліпби, графика және орфография– лингвистика ғылымының жеке салалары. Көп жағдайда әліпби құру, жазу теориясының, орфография ережелерін біріздендіру мәселелерінің шегі ажыратылмай, аралас қарастырылып жатады. Негізінде орфография қағидалары мен ережелері әліпби қалыптасқаннан кейін, яғни әріп инвентарі (құрамы) түгенделіп, тәртібі реттелгеннен кейін жасалады.
Қазақ ұлттық әліпбиін құрудың негізгі қағидаларын А.Байтұрсынұлы қалыптастырып, кейін оның дамуына латын және кирил графикасының негізінде қазақ әліпбилерін жасаған тілші-ғалымдар, сондай-ақ қазіргі қазақ фонетикасы, фонологиясы мен графикасы, тіл мәдениеті, орфография мен орфоэпиясы, жазу теориясы салаларын зерттеуші ғалымдар елеулі үлес қосты. Олардың тұжырымдары мен зерттеулері қазіргі латын графикасына негізделген ұлттық қазақ әліпбиін құрудың жаңа принциптерін ұсынуда негізге алынды.
Принциптердің негізгі типтері Бұл құжатта ұсынылған әліпби құру принциптерінің бір бөлігі тұрақты, өзгермейтін сипатқа ие. Мысалы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіндегі негізгі латын әріптерін сақтау принципі немесе әліпбиге диграф, полиграфтарды енгізбеу принципі осындай типке жатады. Демек, егер ұсынылған жобада осы принциптердің біреуі қалыс қалып немесе толықтай ескерілмеген болса, онда бұл жобаны жаңа әліпби құру принциптеріне сәйкес келмейді деп есептеу қажет.
Жаңа әліпби құру принциптерінің ішінде негізгі, яғни базалық болып саналатын типі кейбір ауытқуларға жол береді. Мысалы, «бір фонема – бір әріп» принципі әліпби құрылымында ескерілуі тиіс, бірақ бұл жағдайда оңтайлы дыбыстық-әріптік жазудың, жазу теориясының критерийлеріне сәйкес ол толық сақталмауы да мүмкін. Мысалы, әліпбидің жобасында бір негізгі дыбыс – фонеманың екі түрлі реңкіне – вариантына арнап екі әріпті алуға болады немесе керісінше екі фонеманы бір әріппен таңбалауға да жол берілуі мүмкін. Алайда екіден көп фонеманы бір әріппен таңбалау тиімсіз саналады.
Принциптердің үшінші типіне жаңа әліпби құрамын түзуде қолдануға мүмкіндік берілген, рұқсат етілген қағида түрлері жатады. Бұндай принциптің маңыздылығы құрастырушының қолдану мақсатын нақты дәйектейтін дәлелдерін талап етуімен ерекшеленеді. Егер қолданылып отырған принцип жобаның сапасын, тиімділігін, оңтайлылығын арттыратынын құрастырушы дәлелдей алса, бұл принципті қолдануын дұрыс әрі қажет деп санау керек. Мысалы, мұндай принциптерге латын қарпі негізіндегі әліпбиге басқа гомогенді графикадағы әріп таңбаларын пайдалану мүмкіндігі жатады.