ІІІ тип: ықтималпринциптер Латын графемасы негізіндегі әліпбиге басқа гомогенді графикадағы әріптік таңбаларды пайдалану ықтималдығы принципі. Мысалы, қазақ және украин кирил әліпбиінде латыннан алынған <і> әріптік таңба қолданылады. Қазіргі әзербайжанның латын әліпбиінде түркіленген кирилше<ә> әріптік таңбасы қолданылады.
Үш түрлі фонеманы таңбалайтын әртүрлі қосымша элементтері бар бір тірек графеманың үш түрлілігін пайдалану ықтималдығы принципі. Мысалы, |u| графеманың берілген үш нұсқасы |u|, |?|, |ű| үш түрлі фонеманы таныту үшін қолданылуы мүмкін. Олар: <у> (дауыссыз, үнді, еріндік, ызың дыбыс), <ұ> (дауысты, жуан, қысаң, еріндік дыбыс), <ү> (дауысты, жіңішке, қысаң, еріндік дыбыс).
Ғылыми-терминологиялық аппарат Әліпби – таңбалардың стандартты жиынтығына негізделген жазу формасы, әріптер тізбесі, жазу жүйесінің таңбалары. Әліпбиде таңбалар – әріптер тілдің фонемасын білдіреді, бірақ «дыбыс ↔ әріп» сәйкестігінің толық сақталуы сирек байқалады және ауызша тілдің даму үдерісіне қарай жазу да қарапайым сипатқа ие бола алады. Әліпби пиктографиялық (идеографиялық) жазудан ерекшеленеді. Себебі пиктографиялық жазуда таңбалар ұғымды (шумерлік клинопись) білдіреді. Ал морфемді және логографиялық жазуда жеке морфеманы (қытай жазуы) немесе сөзді білдіретін таңбалар болады.
Әріп – жазудағы фонеманы білдіру үшін қолданылатын графикалық таңба немесе оның басқа таңбалармен тіркескен түрі.
Фонема варианты – белгілі бір позицияда (шепте) белгіленген фонеманың түрленуі (яғни оның фонологиялық шепте көрінуіне қарай әр алуан болуы), белгілі бір фонемамен артикуляциялық, акустикалық сапасына қарай үйлесуі.
Мысалы, ақ сөзінің соңында келетін <қ> фонема нұсқасының [аға-еке] тіркесуіндегі [ғ] «ағеке» сөзіндегі [ғ] фонемасының басқа инвариантымен сәйкес келуі. Осылайша, фонема нұсқасы сигнификативті әлсіз шепте көрініп, «аллофон» терминімен де қолданылуы мүмкін.
Фонема вариациясы – сигнификативті тұрғыдан күшті, перцептивтік тұрғыдан әлсіз фонологиялық шепте көрініп, фонеманы жүзеге асыратын дыбыс (басқаша айтқанда, аллофон). Осылайша фонемалық қарама-қарсылықты (оппозицияны) тудырады. Мысалы, ызың, қатаң дауыссыз [с] дыбысы шұғыл қатаң [т] дауыссыз дыбысының алдында тұрса, аффрикат [ц] (айтса) дыбысына түрленеді. Вариациялар графикада таңбаланбайды.
Графема – жазудың өте ұсақ мағына ажыратқыш бірлігі, тіл бірлігінің оның графикалық бейнесіне (тұрпат межесіне) сәйкес қатынасын білдіретін жазу жүйесіндегі минималды таңба: фонеманың әліпбилік фонографиялық жазудағы әріпке сәйкестігі, буынның буындағы графикалық символдарға сәйкестігі, сөз-ұғымдардың логографиялық жазудағы иероглифке сәйкестігі. Ал қазақ жазуы – фонографиялық жазу.
Графика – жазудағы барлық құралдардың жиынтығы, жазу әріптері мен тіл дыбыстары (фонема) арасындағы қатынастар жүйесі. Қазіргі қазақ графикасының негізгі құрамдас бірліктері – әріптер мен тыныс белгілері.
Диграф – нақты, дербес мағыналы екі әріп, екі әріптен тұратын құрамды жазу таңбасы. Диграф жазудағы фонемалардың және олардың варианттарын таңбалау үшін қолданылады. Ағылшын тілінде th, ch, sh т.б. диграфтар қолданылады.
Фонеманың айырым белгісі – белгілі бір фонеманы басқа фонемалармен қарама-қарсы қою арқылы анықталған белгі, оның мағына ажыратқыш белгісі (вокалды – вокалды емес, консонантты – консонантты емес, дауысты – дауыссыз, еріндік – езулік т.б.).
Тіл дыбыстары – фонемалар.
Фонема инварианты – дыбыстың нақты жүзеге асырылуындағы барлық негізгі қасиеттерін бойына жинайтын бірлік. Белгілі бір болмыстың нақты түрленімдерінен тыс дерексіз белгіленуі. Варианттарды тудыратын жалпы қасиеттер мен белгілер жиынтығының көрінісі және ол қасиеттердің әрбір вариантқа тән белгіленуі. Инвариант жеке объект ретінде қалыптаспайды, сондай-ақ «негізгі вариант» ретінде де бола алмайды (мысалы, фонема – түрлі функционалды белгілердің бірігіуінен өзінің нақты қасиетіне орай жүзеге асқан инвариант, бірақ фонеманың өзі айтылмайды). Инвариант ұғымы – тілдік материалды таптастырудың, жіктеп, реттеудің құралы. Вариант пен инвариант бір-біріне қарама-қарсы қойылады.