Латынша қазақ әліпбиі: талдау, таңдау, даралау Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жшс «Мемлекеттік тілді дамыту институты»І БӨЛІМ. ЖАЗУДЫҢ ХАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ
treatise110635
АЛҒЫ СӨЗ Жер беті аймақтарының бір бөлігін ұзақ жылдар бойы мекен еткен адамдардың тұрмыс-тіршілігінің, кәсібінің, өмір сүру салтының ортақтығына, ортақ мақсат-мүдделеріне байланысты және сан алуан тарихи жағдайларға орай, өзіндік тілі мен ділі, мінез-құлқы деген сияқты т.б. өзгешеліктері айқындалып, белгілі бір ұлттың қалыптасатыны белгілі. Осы қағидаға сүйенсек, қазақ ұлтын басқалардан өзгешелендіріп тұратын өзіндік этностық белгілері, яғни ұлттық тілі мен ділі, таным-түсінігі, ұлттық ой-санасы мен салт-дәстүрі, ұлттық әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігі сияқты т.б. белгілері мыңдаған жылдар бойы қалыптасқаны даусыз. Ал этностық белгілердің ішінен кез келген ұлтты басқалардан ерекшелейтін басты белгі ұлттық тіл болып саналады. Алайда қалыптасу бастауын сонау түркілік дәуірден, тіпті одан да арғы замандардан алуы ықтимал қазақ әдеби тілі өзінің табиғи бітім-болмысын мыңдаған жылдар бойы жоғалтпай келсе де, патшалық Ресейдің, содан соң Кеңес өкіметінің орыстандыру саясатына душар болып, қиын жағдайда қалғаны мәлім. Осы тұста қазақ ұлтының басына төніп келе жатқан зор нәубеттің бірі – ұлттық тілдің құрып кету екенін жақсы түсінген Алаш азаматтары соған өре қарсы тұрып, ерен еңбек еткен болатын. Оның басы-қасында Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы жүрді. Ол: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [1],– деп қазақ тілін табиғи таза қалпында сақтап қалуға аса мән берді. Өзінің қазақ тіл біліміне арналған еңбектерін, соның ішінде қазақ әліпбиіне қатысты еңбектерін осы мақсат-мүддеге орай жазған еді. «Менің әліпбиім қазақ қалай айтса, соған негізделіп жасалған» дегені соның нақты дәлелі. Ахаңның түгендеп, түзіп беріп кеткен қазақтың 28 төл дыбысын ғана таңбалайтын араб әріптеріне негізделген әліпбиі кезінде кең қолданыста болды. Сол әліпбидегі дыбыстардың саны мен сапасы қазақ қоғамы тарапынан ешқандай дау тудырмаған болатын. Тіпті 1926-1927 жылдардағы қазақ жазуын латын әріптеріне көшіруге байланысты туындаған дау-дамай кезінде де қазақ тілі дыбыстарының сапасы мен саны туралы үлкен әңгіме бола қойған жоқ. Тек оны сол арабша қалпында қалдыру керек пе, әлде латынға көшірген тиімді ме деген мәселе ғана көтерілген еді. Мәселен, 1926 жылы А.Байтұрсынұлының бүкілодақтық түркітанушылардың І құрылтайда араб әліпбиін жақтап жасаған баяндамасы мен сол құрылтайдың жұмысы туралы мақаласын зейін қойып оқысақ, қазақ тілі дыбыстарының саны туралы ешқандай сөз болмағанын, тек оны латыншаға ауыстыру мәселесі еш қажеттіліктен туындап отырмағанын пайымдаймыз [1,399-425]. Демек, А.Байтұрсынұлының қазақ тілі дыбыстық жүйесін әбден зерттеп-зерделеп барып құрастырған әліпбиі сол кезде толық мойындалған болатын. Кеңес Одағы құрамындағы түркі тілдес халықтардың латынша жазуға көшкені дұрыс деп саналып, үстем ұстанымға айналған соң, 1928 жылы Бакуде өткен құрылтайда олардың әліпби жобалары сарапталып, әр елдің латын графикасына негізделген әліпби жобалары таныстырады. Біздің ел тарапынан 28 әріптен тұратын жобаны О.Жандосов, Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, І.Қабылұлы, І.Жансүгірұлы, Ш.Тоқжігіттер бірлесіп дайындап ұсынды. Бұл жоба А.Байтұрсынұлының әліпбиіне негізделген болатын. Оның дыбыстық құрамын қазақ тілі дыбыстық жүйесінің қазіргі белді мамандары да мойындайды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2013 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» [2],– деген сөзінен кейін қазақтілді қоғам арасында қазақ жазуын латыншаға көшіру мәселесі қызу талқылана бастады. Латыншаға көшудi біреулер дұрыс десе, енді біреулер оған қарсы болды. Дегенмен латыншаға көшуді жақтаушылардың басымдық танытуы – болашақта жазуымыз латынша болатынын айқындады. Сол себептен, біздің ойымызша, қазіргі таңда «латыншаға нелiктен көшемiз, оның қандай артықшылықтары бар?» деген мәселеден гөрi «әліпбиімізді латыншаға көшірген жағдайда оның дыбыстық құрамы (саны мен сапасы) қандай болады, өзгетілдік дыбыстарға одан орын беріле ме?» деген мәселе маңызды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан бастап бүгінге дейін латыншаға негізделген небір әліпби нұсқалары жасалып, қоғам талқылауына ұсынылды. Солардың ішіндегі қазақ тiлiнің табиғи дыбыстық жүйесіне сәйкес келетiндері де, мүлдем басқа бағыт ұстанып кеткендері де болды. Біздің пайымдауымызша, солардың дұрыстауы – ф.ғ.д. профессор Әлімхан Жүнісбектікі еді. Ә.Жүнісбек қазақ тілі дыбыстық жүйесінің білгір маманы болған соң А.Байтұрсынұлы негізін қалаған қағиданы ұстанып, өз нұсқасын дайындаған. Төл дыбыстарымызды ғана қамтитын бұл әліпбидің, егер бір кемшілігі бар болса, ол – ағылшын әріптеріне негізделген компьютердің қазіргі пернетақтасындағы (клавиатура) 26 әріптен тыс бір-екі дыбыстың өзгеше таңбалануы ғана деп санаймыз. Ал басқадай жобалардың көпшілігі – тіліміздің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарға да латынша таңба береміз деп, өте қатерлі жолға түсіп кеткен. Бұл орайда Ә Жүнісбектің: «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» орыс тілінен, орыс тілі арқылы енген сөздерге қосымша былай қосылады деген нұсқаулар болғанымен, оның бәрі көп жағдайда ыңғайға келе бермейді. Мұның өзі мыңдаған жылдар бойы тілдің дамуы барысында қалыптасып қалған заңдылықты бірнеше ереже шығару арқылы өзгерте саламыз деу мүмкін емес екенін көрсетіп тұр. Бұл қиындықтан шығудың бірден-бір жолы – әліпби ауыстыру. Әліпби ауыстырғанда тіліміздің табиғатына сай келмейтін в, ф, ц, ч, ь, ъ, һ, х, и, у, э сияқты дыбыс-әріптерді алып баратын болсақ, онда әліпби ауыстырудың түкке де қажеті жоқ» [3, 12],– деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Тіліміздің емле тарихына назар аударсақ, оның табиғи қалпын бұзу – латынша жазуға көшіп, өзгетілдік сөздерді қазақша жазуды енді-енді дәстүрге айналдыра бастағанымызда «орыс сөздерін немесе орысшаланып енген шетел сөздерін жазуда бірізділік жоқ» дегенді желеу етіп, 1939 жылы емле ережелерін өзгертуден басталған екен. Сол жылдары шетел сөздерін дұрыс жазу үшін делініп «в, ф, х» дыбыстары әліпбиімізге зорлықпен енгізіліп, соған сәйкес емле ережелері қабылданыпты. Бұл ережелер 1940 жылы кирилге көшу кезінде тілімізде жоқ, бірақ орыс тіліне тән барлық дыбыс-әріптердің енгізілуіне байланысты толықтырылды. 1957 жылы қайтадан өңделіп қабылданды. 1978 жылы толықтырылып, түзетіліп тағы да қолданысқа енді. 1987 жылыдың 6 наурызында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесі республикада қазақ тілі мен орыс тілін оқып-үйретуді жақсарту туралы қаулылар қабылдады [4,3]. Сәйкесінше қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілді [4,7]. Осы нұсқа негізге алынып, аздаған өзгешелікпен 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комиссиясы бекіуімен «Орфографиялық сөздік» жаңартылып жарық көрді. Осы басылым аздаған толықтырулармен 2013 жылы 4000 таралымды (тиражды) құрап қайтадан жарық көрді. (Орфографиялық сөздік/ Алтыншы басылым. Құраст. Н.Уәли, Қ.Күдеринова, А.Фзылжанова, Ж.Исаева, Н.Әміржанова, А.Әмірбекова. – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. -720 бет.) Қарап отырсақ, аталған емле ережелері мен соған сәйкес құрастырылған сөздіктердің негізгі қағидалары өзгетілдік сөздерді орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазуға мәжбүрлеп келген. Оған себеп – орыс тіліндегі барлық дыбыс-әріптердің қазақ әліпбиіне біртіндеп ендірілуі екені кімге де болсын түсінікті. Қазіргі қазақ әліпбиі мен емле ережелерін басшылыққа алып, тәрбиеленіп өскен ұрпақтың санасынан өзгетілдік дыбыстарды өшіру қиын болып кетті. Қарапайым қазақ түгілі, қазақ тілінің майталман маманы дейтіндердің өзі соларға бауыр басып кеткені соншалық – қазақ тілінің латыншаға негізделетін болашақ жаңа әліпбінің құрамында өзгетілдік дыбыс-әріптер болуын талап етеді. Әіресе «в», «ф», «х» дыбыстары тілімізге орныққан, оларды айтуға тіліміз келеді, сондықтан да олар жаңа әліпбидің құрамында болу керек деушілер тым көп-ақ! Сондықтан ең әуелі ұлттық-лингвистикалық мәселелерді реттеуге аса мән бере отырып, осы бағытта мандытып жұмыс істеуіміз қажет сияқты. Ал латынша жазуға көшсек, компьютерде жұмыс істеу оңай болады, ғаламторды жетік игереміз, ағылшын тілін тез үйренеміз, шетелдердегі қандастарымызбен және түркітілдес бауырларымызбен тығыз байланыс орнатамыз деу құр желеу ғана болар. Мәселен, қазақ тілі әліпбиін өзгерту, осы, кімге керек? Шетелдегі, оның өзінде Еуропадағы ағылшын, француз, неміс, түрік болып кеткен аздаған қазақтар үшін бе, әлде қазақстандық қазақтілді қазақтар үшін бе? Ғаламторда қазақша жұмыс істеу қазаққа ма, әлде басқаға да керек пе? Ғаламтордың қазақша сайтына кімдер кіреді? Ондағы қандай да болсын бір қаріппен (араб, латын, кирилл, руна, қытай, үнді, жапон т.б.) қазақша жазылған ақпарат кімдерді қызықтырады? Оның қандай таңбада (әріпте, пошымда) болғандығы кімге қажет? Айналып келгенде, қазақ пен қазақ қана, оның өзінде қазақтілді қазақтар ғана бір-бірімен «қат-қабарды» қазақша алысады емес пе? Біздің ойымызша, бұның жалғыз жауабы – қазақ тілі қазақша сөйлеп-жаза алатындарға ғана керек. Сондықтан алдағы уақытта біз бір шешімге келіп, латыншаға көшетіндей болып жатсақ, қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінің ұлттық табиғи бітім-болмысын қатаң елеп-ескереуіміз қажет. жүктеу/скачать 2,53 Mb. Достарыңызбен бөлісу: |