Ө, ұ, үдыбыс-әріптері де осындай шетқақпайды көріп, солардың кебін киіп, өгейсіп қалды. Жасанды ережеге қор болды. Өлөң, көмүр, тұқұм, түлкү, бұуұн т.б. сөздердің екінші буынына қысаң е, і, ы дауысты дыбыстарының әрпін жазып, өлең, көмір, тұқым, түлкі, буын деп оқитын, айтатын болдық. Бұл аздай-ақ, қазақ тілінің орыс тілімен салыстырғандағы ең басты ерекшеліктерінің бірі болып саналатын қысаң ы, і дауысты дыбыстарына да үлкен қысым жасадық. Мәселен, бүгін біз аузымыздан шыққан сөздің құрамында бар, құлаққа анық естілетін сол дыбыстарды р мен л-дың және й-дың алдына жазбаймыз. Сосын барып, айтылуы ылақ, ырас, ійне т.б. болатын сөздерді лақ, рас, ине деп жазамыз, оқимыз, айтамыз. Әсіресе осы дыбыстардың й-дың алдында айтылса да, жазылмауы тілімізді барған сайын бүлдіріп бара жатыр. Қазіргі жастар ми, би, жи сияқты сөздерді мый/мій, бый/бій, жый/жій деп түрліше оқып-айтатын «қалға» (халге емес) жетті.
Қысаң ы/і дауысты дыбысының дауыссыз үнді й-дің алдында жазылмауынан болар, ій – согни етістігі бірде-бір сөздікке енбей қалған. Егер оны сөздік құрастырушылар сөздікте берер болса, онда оны қазіргі жазуымыздың ережесіне сәйкес, міндетті түрде и немесе й әрпімен таңбалап, ал ійуү (согнуть) етістігі иу немесе ю деп берер едік-ау! Иу деп таңбаланса ол сөз ійүу немесе ыйұу болып оқылар еді, ал ю әрпімен таңбалауға мүлдем келмеген. Өйткені ол (ю) – орыс тіліндегі екі дыбыстың (дифтонг) үнді дауыссыз ймен дауысты у-дың қосындысын білдіретін әріп. Оның қазақтың і+й+ү+унемесе ы+й+ұ+у деген дыбыс тіркесімін білдіретін қабілеті жоқ.
Сондай-ақ біз қазақ тілінде еріндік дауыстылардың үндестігі жоқ деп, бар болса да, әлсіз деген жасанды ереже шығарып алдық та, ү, ұ, ө дыбыстарының сөздің екінші, үшінші буындарында айтылып-жазылатынын мүлдем жоғалтып алдық және ұ мен ү – у дауыссыз дыбысының алдында да, соңында да айтылып-естілсе де, (бұу, сұу, көрүу, бөлүу, оқұу т.б.) жазбайтын, демек, айтпайтын болдық.
Сонымен, жасанды ережелердің «ылаңының» (лаң емес) кесірінен тілдің дамуымен қатар біртіндеп жойылатын (орыс тілі ғалымдары солай дейді), әлде біртіндеп айқындалып, нақтыланатын дыбыстар ма екен, кім білсін (арнайы зерттеуді қажет етеді), әйтеуір, қазырғы қазақ тіліндегі сөз мағынасын ажыратуда өзіндік рөлі зор ә, ы, і, ұ, ү, ө секілді төл дауысты дыбыстарымыздың сөздің әр түрлі орнында (позициясында) қолданылуын мүшкіл халге жеткіздік. Әрине, бұл – ұлттық тілдің орыс тіліне мүлде ұқсамайтын өзіндік «қадыр» (қадір емес)-қасиетін ақырындап жою арқылы түбірімен өзгертуге бағытталған жымысқы саясаттың жемісі екені рас. Түпкі мақсатын орыстандыру деп түсіну керек. Әйтпесе, ғалымдардың айтуынша, қазақтың төл сөздерінің 30 пайызының басында және өте көп сөздің құрамында кездесетін, аса белсенді (актив) қолданылатын қ даыссыз дыбысының ықпалын әлсірету үшін, тіліміздегі сөз мағынасын өзгертуге еш әсері жоқ һ дыбыс-әрпі мен қазақ сөздерінде ах, ух деген секілді бірен-саран одағайларда ғана айтылатын х дыбыс-әрпін әліпбиімізге, яғни «қ»-ға қосамжарлап енгізудің қаншалықты қажеті бар еді? Атам қазақ бұрын өз тілінде хат, халық, хабар, шаһар, қаһар, гауһар т.б. деп айтпаған, «қ» дыбысымен айтқан. «Қазыр» да ауызекі тілде, демек, «жанды» тілде мысалға келтірілген сөздер «х», «һ» дыбыстарымен соншалықты айтыла бермейді.
Бұдан да басқа «қазырғы» емлеміздің «кінәрәтті» (кіна емес) жақтары көп-ақ. Мәселен, оған екі түбір сөздің бірігуі арқылы жасалған сөздер мен аралас буынды сөздердің қалай жазылуын және рақмет, құрмет, мемлекет, ислам, медресе, сахна, мақрұм, ресми, тіпті емле секілді т.б сөздердің құрамындағы қм, рм, сл, мл, см, др, хн, қр дыбыс тіркесімдерінің ара-жігіндегі ы/і дауысты дыбыстарының жазылмай жүргенін, ләззәт, махаббат, күллі сияқты т.б. сөздеріндегі қос дауыссыздардың (зз, бб, лл) біреуінің артық жазылып тұрғанын да айтуға болады.