Әліпбидің жазбаша әдеби тілді қалыптастырудағы рөлі
Ф.ғ.к., доцент Исхан Б.Ж.
Жазу (графика) қай елдің әліпбиіне (алфавитіне) негізделсе, сол елдің ғылым сөзі (термин) азды-көпті жұғысты келетіні шындық. Қай ұлт, мейлі, кімнің әліпбиін қабылдаса да, өзінің мыңдаған жыл бойы қалыптасқан тілдік зандылықтары бойынша төл дыбыстарын, дыбыс тіркесімдерін (сөздерін) таңбалау, жазу, оқу, айту үшін алады. Бұл да заңдылық. Осыны дер көзінде терең пайымдаған А.Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «Дұрыс еміле (графика мағынасында –И.Б.Ж.) мен қате емілені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар: тіл табиғатына қарай емілені ыңғайлау ма? Жоқ еміле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, еміле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емілеге ыңғайлау емес, емілені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емілеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» [1, 395]. Қытай әйелдерінде аяғым кішкентай болса, ақсүйектілікті білдіреді деген түсінік бар екен. Соған байланысты қытайдың қыздары сәби шақтан бастап тар аяқ киім киіп, өзін-өзі ұзақ уақыт жүре алмайтын кемтарлыққа ұшыратады екен. А.Байтұрсынұлы соны меңзеген.
Әдетте, қандай тілге болсын жат дыбыстар өз бетімен жеке-дара кіре алмайды. Олар тек бөтен сөздер арқылы сол сөздердің түпкі иесі қалай айтып-жазса, сол қалпында екінші тілде де солай болуы талап етілген жағдайда ғана орныға алады. Осыны әріден ойлаған орыс «оқымыстылары» және олардың өзіміздің ішімізден дайындаған «орысшыл мамандары» қазақ қоғамына сан ғасырлар бойы өз дәрежесінде мүлтіксіз қызмет етіп келген, кейінгі ғасырда А.Байтұрсынұлының қолымен жетілдірілген, қазақ тілінің төл дыбыстарын ғана қамтыған араб әріптері негізіндегі жазуымызды латыншаға ауыстыруға мәжбүр етті. Орыс әліпбиіне ұқсайтын латынша әріптерге қазақтардың көзі үйренді-ау, енді әліпби ауыстырсақ, қатты бұлқына қоймас (қарсы шығып, бұлқынатындардың барлығы – А.Байтұрсынұлынан бастап ол уақытта репрессияға ұшырап, атылып та кеткен еді) деген қорытындыға келген кездерінде «Кеңестер Одағындағы мемлекеттік тіл – орыс тілі» дегенді желеу етіп, бірден оны кириллицаға ауыстыра салды.
Жазуымыз латыншаға негізделген уақытта там-тұмдап өз дыбыс-әріптерін енгізіп, тілімізді бұзудың алғы шартын жасап, тіпті өзімізге жасатып алған олар тек қазақ тілі дыбыстарының таңбасын (әліпбиін) кириллицаға көшіріп қана қоймай, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілдерден енген сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай болуы керек деген талап қойып, өз тіліне тән, ал қазақ тілінің табиғи бітім-болмысына мүлдем жат дыбыстарды және солардың таңбалық әріптерін қазақ тілі әліпбиіне тоғытты да жіберді.
Біреу айтар, «Олар бізге жамандық ойлаймыз деп «халықаралық термин» сөздерді тілімізге өзгертпей енгізіп, еуропалық мәдениетке бір қадам болсын жақындаттып, жақсылық жасады. Сөйтіп, тілімізді өзгеше дыбыс, тосын дыбыс тіркесімдерімен байытты. Соның арқасында қазір біздің тіліміз шетелдік небір қиын сөздерді айтуға икемделді, біздің тілдік дыбыстарды жасап шығару мүшелеріміз (артикуляционный аппарат) жетіліп, орыс, ағылшын, неміс т.б. тілдерді оңай үйреніп алуға зор мүмкіншілік алдық» деп. Бір қарағанда бұл дұрыс пайымдау секілді көрінетіні рас. Бірақ соның бәріне өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді (базамызды) сақтай отырып та жетуге әбден болатын еді.
Басқа жұрт солай етті (армиян, грузин т.б. тілдер), әлі де сол ұста-нымдарынан (позиция) таймай, дамып, өркендеп келе жатыр. Tiпті, орыс тілінің өзі де сонау М.Ломоносовтың заманынан бері осы үрдістен әсте жаңылған жоқ. Себебі орыс ғылымының атасы саналатын ол, кез келген шетелдік сөзге орысша балама табуымыз керек, егер ондай мүкіншілік тілімізде болмай жатса, онда оларды, демек кірме сөздерді орыс тілінің дыбыстық (фонетикалық), кұрылымдық (грамматикалық) жағына барынша икемдеп қабылдауымыз керек [2,160] деген еді.
Осыны олар күні бүгінге дейін басшылыққа алып, қатаң қағидат ретінде ұстанып келеді. Осы айтқанымыз күдік-күман тудыратын болса, орыс тілінің кез келген оқулығына немесе орыс тіліне енген барлық кірме сөздердің түпнұсқасына қараңыз. Латынша, грекше, ағылшынша, немісше, тіпті қазақша түпнұсқасынан (очак – ошақ, отец – от иесі, солдат – салт атты, кинжал – қанжар, арык – арық, туман – тұман, камыш – қамыс, денги – теңге, кумс – қымыз, саксаул – сексеуіл, тоболга – тобылғы т.б.) орысшасы өзгеше. Себебі олар түпнұсқадағыдай етіп айтып-жазуды қажет етпегендіктен, бөтен тілдің дыбыстарын өз тілдеріне жолатқан жоқ. Сөйтіп, ұлы орыс тілінің табиғи қалпын, өзіндік бітім-болмысын сақтап қалды.
Демек, оларда тіл арқылы көрінетін ұлттық ерекшелік, ұлттық тұтастық, ұлттық ой-сана, ұлттық рухани тәуелсіздік т.б. жақтары бізге қарағанда әлдеқайда берікірек деуді сеніммен айтуға болады. Олар өздерінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, басқа тілдердің сөздері есебінен (орысша өң беріліп) байып, жетіліп келе жатқан тілі тұрғанда тілінің табиғатын бұзатын басқа жұрттың тілдік ерекшеліктерін қабылдауға тіптен бармаған. Ал кейбір жат тілдік элементтер тілдің дамуы үшін қажет болса, табиғи жолмен-ақ, өз ретімен енеді, сіңісіп кетеді. Міне, осыны олар терең түсінген.
Ал бізде ше? Бар-жоғы жетпіс-сексен жылдың ішінде жасалған шұғыл өзгерістер тілімізді әбден бүлдіріп бітті. Енді бүгін сол реформалар «Тіліміз бұрын қандай еді, қазір ше, ол байыды ма, әлде кері кетті ме?» – деген дау-дамайға қалдырып отыр. Тіпті, көпшілігіміздің санамыздың әбден уланып қалғаны соншалық – еш өзгеріссіз енген «халықаралық» деген жалған атауды жамылған терминдерге мүлдем бауыр басып кеттік. Қазір оларға: «Ондай сөздердің ыңғайға келіп тұрғандарын қазақшалайық, ал енді біразына қазақша балама іздемей-ақ, тіліміздегі төл дыбыстарымызбен қазақшалап жазып-оқиық, қазақша айтылыммен (ақцентпен) айтайық» десеңіз бітті, тек өзінің таным-түсінігінің безбеніне салып өлшеп, төрелік айтып: «Бұл дегеніңіз кері кету ғой, қазір бүкіл қазақ ол сөздерді еш мүдіріссіз, қатесіз дәл орыстардай жазып-айта алады, күллі қазаққа шетел сөздері құрамындағы ц, ч, ё, ю, я, в, ф, х, һ, ь, ъ дыбыс-әріптері мен кл, кр, ск, см, сп, пр, ст, пл, тр сияқты т.б толып жатқан дыбыс тіркесімдері бөтен емес» деп, осы дыбыс-әріптер, дыбыс тіркесімдер қазақ әліпбиі мен сөздік құрамында болмаса, қазақ өркениеті кері кететіндей-ақ, аса бір қарсылық көрсетіп бағады.
Арамызда осындай пікірдегілердің тым көптігі де шындық. Олардың өздері, ең құрығанда, қазақша мәтін жазып, сол сөздерді (түр-тұрпаты өзгеше сөздерді) сол қалпында пайдаланып, ел құлағына сіңісті етіп жүрсе, бір сірә ғой! Өйтіп те жүрген жоқ. Дегенмен бірен-саран қазақ ғалымдары тілімізге зиянды қағиданың шылауында қаншалықты болса да, өз ұлтына ғылым ұрығын сепкісі келген игі ниетпен олардың, яғни орыс ғалымдарының орысша жазғандарын қазақшалап, сол еңбектерінде орысша сөздерді еріксізден-еріксіз еш өзгеріссіз қолданып, күллі елге кең таралуына себепкер болып жүр. Басқадай таралу өрісі жоқ.
Ал қазақ ғалымдарының басым көпшілігі өз еңбектерін орыс тілінде (мөлшері 90 пайыздай) жазып, орыс тілінің ғылыми стилін дамытуға зор үлес қосып жүр. Керісінше, қазақша ғылыми еңбектер жазып, тіліміздің ғылыми стилін дамытуға ат салысып жүргендер шамалы. Тіпті саусақпен санарлық десек те болады. Сондықтан, олардың, демек кірме сөздердің (бұл сөз шартты түрде алынып отыр, кірме сөз болуы үшін «бөтелке, бөрене, қамыт, доға, орыс, ағылшын, неміс, кәріс, сыған, шешен, жөйіт» т.б. сөздер сияқты қазақша айтылып-жазылуы қажет) тілімізде орнығып, оны байытып жатпағандығы мәлім. Осындай жағдайдан кейін олардың бары не, жоғы не деген ойға қаласыз.
Мәселен, әріге бармай-ақ ғылыми терминдер емес сөздерден құралған мына сөйлемге көңіл аударайықшы: «Медицина университетінің фармацевтика факультетінің үшінші курс студентімін». Жеті сөзінің біреуі (үшінші) ғана қазақша. Қалғандары қазақша қосымша қабылдап қана осы сөйлемді қазқша дегізсе, ал олардың қосымшалары «сиырға ер салғандай» ерсі көрініп, «кентавр» сөз сияқты болып тұр. Осы сөйлемнің өзі-ақ, еш өзгеріссіз енген кірме сөздердің тілімізге қаншалықты көрік беріп, байытып тұрғандығын керсетіп тұр емес пе!?
Әрине, осындай сөйлемдері мол қазақша, көпшілігі аударма ғылыми мәтіндерді оқыған кез келген адамның қазақ тілінің сөздік қоры мен құрамы, қоғамдық қызметі туралы әртүрлі ойға келіп, қазақ тіліне менсінбеушілік немесе кемсітушілік ниетпен қарайтыны анық. Яғни, «Он сөзден тұратын сөйлемінің бес сөзі орыс тілінікі, демек қазақ тілінде ғылыми еңбек жазбақ түгілі, саяси, ресми тақырыпта қарым-қатынас жасап, пікірлесу де мүмкін емес. Қалайша, осындай тіл мемлекеттік тіл бола алады» [3], – деп жаман ойға тек өзге тілді ұлт өкілдерін ғана емес, орыстанып кеткен өз қандастарымызды да сендіріп бағады.
Ал біз болсақ, орыс тілінің сөздік қорындағы сөздерді қарадай өзіміздікіне санап, байдың қорасындағы малды өзімдікі деп иемденіп жүретін байқұс кедей құсап күні-бүгінге шейін малданып келеміз. Тіліміздің ендігі өркендеп дамуы тек ауызекі тіл мен көркем әдебиет, баспасөз, ресми кеңсе ісқағаздар тілі арқылы ғана емес, ғылым тілі арқылы да болатынына жіті мән бермей жүрміз. Бұрын, ғылым мен техника әлі қарыштап дамымай тұрған заманда тіліміз табиғи қажеттілік жолымен тұрмыстық сөздер есебінен толығып, толысып отырған шығар, қазір де сол қалыппен даму үстінде болар, бірақ бүгінгі заман басқа, қазіргі дамыған ғылым мен техника және тұрмыс-тіршіліктің қажеттілігі, сондай-ақ бүкіләлемдік қарым-қатынас, ақпараттық байланыс, ғаламтор тілімізге күніне жүздеген сөздер енгізіп жатыр. Демек, қазақ тілінің болашағы ғылым мен техника сөздерінің оған қазақша өң алып енуімен өте тығыз байланысты.
Орыстарға тәуелді болғанға дейін қазақ тіліне ғылым-білімге қатысты сөздер, негізінен, араб-парсы тілдерінен енді. Олардың сөздері қазақ тілінің табиғи бітім-болмысына, заңына сәйкес қабылданып, сөздік қорына бөтендігі мүлдем білінбей сіңісіп кетті. Оған қазір біз қазақтың төл сөзі деп жүрген ғалым, ғылым, ілім, қағаз, қалам, кітап, дәптер, мұғалім, ұстаз, шәкірт сияқты т.б. мыңдаған кірме сөздерді (міне, нағыз кірме сөздер – осындайлар) дәлел ретінде мысалға келтіруге болады.
Ал қазір ше? Олай емес. Бұның екі түрлі себебі бар. Біріншісі – біз біраз сөз еткен түрлі ғылым саласы сөздерінің тілімізге орысшаланып енуі болса, екіншісі – тіл-әдебиет, тарих, философиядан басқа ғылымдар бойынша ғылыми еңбектердің қазақша жазылмауы немесе жазылса да өте аз жазылуы себеп болды. Әсіресе дүниежүзіне ортақ ғылым деген жалған атты жамылған медицина, математика, физика, химия, биология, география сияқты т.б. ғылымдар бойынша қазақ тілінде жазылған ғылыми мақалалар, диссертациялар, монографиялар, оқулық, оқу құралдары, тіпті осы пәндердің қазақ тіліне аударылған дүниелерінің тым мардымсыздығы қырсығын тигізді.
Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін осы бағыттағы ғылыми еңбектердің дені орыс тілінде жазылып келеді, яғни қазақтан шыққан ғалымдар өз бойындағы білімі мен біліктілігін, небір ғылыми ой-тұжырымдарын ең әуелі өз ана тілінде өз қандастарына берудің орнына өзге тілде жазып (орысша жазып орыс көркем әдебиетінің тілін дамытып жүрген кейбір орыстілді қазақ ақын-жазушылары сияқты), орыс ғылымының тілін өркендетіп дамытуға арнап жүр.
Әлбетте, бұны жақсы түсінетін олар (орыстар) тегін еңбек қылатын «рухани құлдарынан» оңайлықпен қалайша айырылсын. Барынша «бүкіл әлемдік ортақ ғылым»деп уағыз айтып немесе өз тіліне өзгеріп енген өзгетілдік (грек, латын, ағылшын т.б.) сөздерді «халықаралық термин сөздер» деген жалған пікір қалыптастырып, орыстанып бара жатқан олардың (орыстілді қазақтардың) саналарын одан сайын улап, орысша оқытуға, тіпті болмаса тілімізге ендіріп жіберген өз сөздері арқылы орысша ойлантуға, өз тілінен біртіндеп жеріндіруге, сөйтіп, өз ана тілінде ғылыми ойды шорқақ айтқызуға, жазғызуға тырысып бағады. Осы мақсатты көздеп, бүкіл ғылыми терминдердің барынша орысша болуын қалайды.
Сондықтан да біз осы бір құйтырқы саясаттың мәнісін терең түсініп, оған аса мән беріп, бүкіл ғылыми терминдердің барлығына (қазақтың төл сөздері саналып жүрген сөздер он бес томдық түсіндірме сөздігімізде жетпіс мыңдай, ал сөздік құрамымызда еш өзгеріссіз қолданыста жүрген ғылыми, саяси, қоғамдық т.б. сөздер екі жүз мыңдай) қазақша балама сөздер таппасақ та (тіпті іздеп, ойдан сөз жасап қиналудың қажеті жоқ-ау, оған уақыт та, тіліміздің мүмкіншілігі де, олардың барлығын жас ұрпаққа оқып-үйренетін елдің шамасы да жоқ), соларды – қазіргі жазуымызды латыншаға көшу арқылы қазақшаландыру, тіпті болмаса, қазақтың төл дыбыстарын ғана қамтитын жаңа әліпбиге (алфавит) көшу арқылы қазақшалап жазып, пайдалансақ, «халықаралық», «орыстікі» деп жүрген сөздердің барлығы өзіміздікі болып шыға келері сөзсіз.
Сосын бүгінгі тілдері қатып, қаламдары тек орысша жазуға ғана төселіп кеткен ғалымдарымыз енді өздері қазақша жаза алмай жатса, онда ғалымдыққа тәрбиелеп жатқан шәкірттерін қазақша жазуға баулып, қазақ ғылымының тілін дамытуға бағыттаса, «Бақа сисе де, көлге сеп» дегендей, оң қадам болар еді. Әйтпесе, тілімізді дамытамыз деп неше түрлі қаулы-қарарлар қабылдап, бұйрықтар, заңдар шығарсақ та, ісіміздің алға басар түрі жоқ.
Осы мәселені қаперде ұстап, дұрыс жолға салмасақ, бірнеше ондаған жылдардан соң тіліміздің бүгінгі жай-күйінің өзіне де зар боп қалуымыз ықтимал-ау! Сондай-ақ тілімізді байыту мен өркендету – тек ғылыми терминдерді қазақшалау арқылы ғана емес, соларды (терминдерді) ғылыми мәтінде қолданып, ғылыми айналысқа түсіріп, тың қолданыстар мен жаңа сөз тұлғалар (словоформа), жаңа сөз тіркестер мен өзгеше құрылған сөйлемдер және күрделі ғылыми ой-тұжырымдар, оралымдар ендірумен де болатынын мықтап есте ұстау керек сияқты. Соны жүзеге асырамыз десек, бүкіл қазақ ғалымдары өз еңбектерін қолдан келсе, тек қазақ тілінде жазуға бет бұрулары жөн шығар.
Қазақ тілінде жазсам, менің еңбегімді ешкім оқымайды, бүкіл әлемге танылмай қаламын деген бейұлттық санадан немесе даңғойлық ниеттен де арылғандығымыз абзал болар. Егер сол қазақша жазылған еңбектеріміз, ең әуелі, өзімізге қызмет етіп, игілігімізге жарап жатса, сөйтіп бір біз де ұшпаққа жетіп, бақ пен абройға кенеліп, қуанып жатсақ, «Ау! мына қазақты мәз-мәйрам етіп, қарық қылған бұл неткен керемет дүние» деп, ең алдымен орыстардың өздері-ақ әдемілеп өз тіліне аударып алары сөзсіз. Абай атамыз айтқандай «Ақымақ өзін мақтап былжырайды, Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрыйды, Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайдының» кебін келтірмей, барлық ұлттық мүмкіншілігімізді, әлеуетімізді (потенциал) алдымен өзімізге арнайық, сосын барып басқа жұртқа да қарасайық.
Сондай-ақ көркем прозамыз бен поэзиямыздың озық үлгілерін орыс қажетсіне ме, жоқ па, соған қарамастан, жалпаңдап, бүкіл әлемге орыс тілі арқылы әйгілі болуға соншалықты қатты құмартып, өзіміз аударып беруді де тоқтатқан жөн сияқты. Мәселен, біздің қажетімізге жарасын, осыларды оқып, ой-өрісін кеңейіп, адам болсын деп өздерінің қай асыл дүниесін кім бізге қашан аударып беріпті!! Ұлтқа қажеттілігін біліп, Пушкин мен Лермонтовтың, Толстой мен Достоевскийдің т.б. әлемдік классиктердің құнды дүниелерін ұлы Абай бастаған өз қандастарымыз қазақшалады емес пе? Сондықтан соңғы жылдары бұрқыратып дайындаған екі тілдік сөздіктерімізді іске жаратып, әрі солардағы «аса қиналып тудырған» жаңа сөздерімізді игеріп, толық айналысқа түсіріп, игілігімізге айналдырғымыз келсе, ғылыми, қоғамдық-саяси әдебиеттер мен көркем шығармаларды басқа тілдерден, әсіресе орыс тілінен көптеп аударуды дұрыс жолға қою керек-ақ.
Қазатың ғылым тіліне «халықаралық терминдер» деген желеумен еніп, оның табиғи бітім-болмысының біртіндеп бұзылуын туындатып жатқан сөздер туралы айтқанда олардан да тілбұзарлық жағы өте күшті қоғамдық-саяси сөздер туралы айтпай кетуге болмайды. Енді осындай тұрпаттағы сөздер туралы өз пайымдауымызды ортаға сала кетейік.
Қоғамдық-саяси лексиканың өзіндік ерекшелігі, басқа сөздерден айырым белгілері, олардың семантикалық топтары деген сияқты т.б. мәселелерге тілші ғалымдардың көзқарастары ортақ. Әдетте олар ондай сөздерге мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесіне және оның жүргізіп отырған саяси-экономикалық саясатына, қоғамдық-әлеуметтік даму үдерісіне қатысты сөздерді жатқызады, оған беретін анықтамалары да бір-бірінен аса алшақ кетпейді.
Б.Момынова өзінің «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика» деген еңбегінде Р.Барлыбаев, Ю.А.Бельчиков [4] және Ю.Д.Дешериев пен И.Ф.Протченколардың [5] қоғамдық-саяси лексикаға туралы ой-тұжырымдарын талдай келе, «Қазақ» газеті материалдары бойынша қоғамдық-саяси лексиканы мынадай топтарға бөліп қарастырады:
1) әлеуметтік-тарихи категориялар мен ұғымдарды білдіретін атаулар;
2) мемлекеттік құрылысты білдіретін атаулар;
3) әкімшілік жүйеге қатысты атаулар;
4) заң, сот жүйесіне байланысты атаулар;
5) саясатқа байланысты атаулар;
6) соғыс, әскери қимылдар мен қару-жараққа қатысты атаулар;
7) оқу-білім, мәдени салаға байланысты атаулар;
8) дін ұғымына қатысты атаулар [3, 29-30].
Қоғамдық-саяси сөздердің сөздік құрамдағы өзге сөздерден ерекшелейтін өзіндік сапа-белгілері бар. Олар бір қарағанда терминдерге ұқсас болып көрінгенімен, олардан қолданылу аясы, ауқымы, қызметі және жалпыхалықтық сипаты жағынан өзгешеленеді. Олардың терминдерден ажырататын басты белгілері мынада: термин дегеніміз белгілі бір ғылым мен оның пәніне ғана қатысты болып, солардың ғалымдары мен мамандарының барлығына бірдей түсінікті, бірақ жалпы халыққа түсініксіз сөздер болып келсе, қоғамдық-саяси лексиканы барлық жұрт пайдаланады.
Ал терминдерге ұқсайтын жағы, көбінесе, өзге тілдерден дыбыстық-құрылымдық жақтан игерілмей, еш өзгеріссіз ауысып келуінде жатыр. Өзге тілдік сөздер екенін олардың түр-тұрпаты нақты аңғартып тұрады. Осы белгісі оны термин сөздерге ұқсатып-жақындатып, кейбір адамдарды, тіпті қайсыбір тілші-ғалымдардың өзін де шатастырып жатады. Әлбетте, қоғамдық-саяси лексиканы да экономика, саясаттану, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих сияқты т.б. гуманитарлық бір ғылымға теліп, шартты түрде соларға қатысты терминдер ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ қоғамдық-саяси лексика белгілі бір саяси-әлеуметтік кезеңде (мысалы: кеңестік билік кезіндегі «колхоздастыру», «қызыл отау», «электірлендіру», «индустрияландыру», «қайта құру», «жеделдету» т.б.) пайда болып, сол кезеңнің дәуірлеп тұрған уақытында кең қолданылып, оның уақыты өткен шағында қолданыстан шығып қалуына орай, «тарихи сөздер (историзмдер)» деген атау алса, керісінше жаңа заманның жаңа лебімен пайда болып жататындары «жаңа сөздер (неологизмдер)» деп те танылады.
Енді қоғамдық-саяси лексиканың қолданылу аясы мен ауқымына келсек, бұл сөздерді тілді тұтынушылардың белгілі бір тобы ғана емес, қоғам мүшелерінің барлығы – өздерінің қажетіне және мүмкіншілігіне (білім-біліктілігіне) қарай тұрмыс-тіршіліктің сан алуан саласында жаппай пайдаланады. Оның жалпы халықтық тілдегі белсенді қолданысын қалыптастырып, тілде орнығуына жағдай жасайтын салалардың (ғылым, білім беру т.б.) ішіндегі ең негізгісі – бұқаралық ақпарат құралдары. Қоғамда болып жататын сан алуан өзгерістер мен жаңалықтар жаңа ұғым, құбылыс, заттардың атаулары ретінде кез келген тілдің сөздік құрамына, көбінесе, мерзімді баспасөз тілі арқылы енеді. Қоғамдық-саяси сөздер арқылы мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен экономикалық бағыт-бағдары айқындалады. Сол себептен саясаттанушы ғалымдар қоғамдық-саяси сөздерді мемлекет пен қоғамның саяси-экономикалық бейнесін сипаттайтын сөздер деп қарастырса, тілші ғалымдар оларды көсемсөз (публицистика) тілі деп танып, тілдің қоғамдық қызметіне қатысты өз зерттеулерінде басты нысан етіп алады.
Өзгетілдік қоғамдық-саяси лексиканың осындай қолданыс аясы мен ауқымының кеңдігі, осыған орай, қолданысының аса белсенділігі оларды жат тілдік термин сөздерден түбегейлі ажыратады. Және олардың осы сапа-қасиеті тілді бүлдіруде термидерден әлдеқайда күшті болып келеді. Сондықтан да Халел Досмұхамедұлының: «Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурапа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурапа тілдері бізге орыс тілі арқылы жалғасады. Аурапа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек» [7, 151], – деп сонау заманда өзтілдік қоғамдық-саяси сөздердің (ол заманда өзге тілдік терминдер мен қоғамдық-саяси сөздердің тілімізге кіру қарқыны бәсең болатын) сыр-сипаты мен тілге әкелер залалын дөп басып айтқан еді.
Демек, дыбыстық-құрылымдық тұрғыдан игерілмей, қазақ тілінің табиғатына бейімделмей алынып, тіліміздің «саясат», «қоғам», «мемлекет», «үкімет», «өкімет», «ояз», «болыс», «уәкіл», «өкіл» сияқты т. б. толып жатқан кірме сөздеріндей бола алмай жүрген өзгетілдік сөздердің қазақша баламаларын дер шағында тауып атау қою немесе қазақы түр-сипат беріп қазақшалау тіліміздің келешегі үшін бүгінде де аса маңызды.
Қоғамдық-саяси лексика – әдеби тіл сөздік құрамының қомақты бөлігін құрай отырып, оның мүмкіншілігін кеңейтеді және сол арқылы оның жан-жақты қызметін қамтамасыз етеді. Оның қалыптасып дамуы тарихи-саяси кезеңдермен, түрлі экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен, жазба әдебиеттің, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуымен тығыз байланысты. Әсіресе жазба әдебиет қалыптасып, БАҚ дамып өркендеген кезеңде қоғамдық-саяси лексиканың жалпыхалықтақ қолданысы кеңея түсіп, қоғамдық қызметі артады. Қоғамдық дамудың әрбір сатысы тіл тарихына өз ізін қалдырып отырады. Белгілі бір саяси-экономикалық кезеңде (формацияда) тілде пайда болған сөздердің кейбірінің өміршеңдігі қысқа мерзімді ғана қамтыса (историзмдер), енді біреулері ұзақ мерзім бойы қолданыста болады. Ондай сөздердің жалпыхалықтық тілдегі қолданысы аса белсенді болып, күнделікті сөйлеу тілінің лексикасына айналады. Арнайы мән беріп қарамағанда олардың жалпыхалықтық сөздерден айырмашылығын ажырату қиын. Әлбетте, бұндай сөздер тіліміздің төл сөзжасам жүйесі (хан, қараша, қағанат, ұлыс, тайпа, ру, бай, кедей, шаруа, шаруашылық т.б.) бойынша қалыптасады немесе сан ғасырлай бойы ауызша қалыптасқан әдеби тіліміздің дыбыстық-құрылымдық жүйесінің өзіндік ерекшелігіне, табиғи заңдылығына бейімделіп қабылданған кірме сөздер (қоғам, саясат, патша, сұлтан, мырза, болыс, ояз, пошта, поштабай, әкім, әкімшілік, мекеме, кеңсе, қызмет, мәртебе, дәреже т.б.) болып келеді. Бұндай сөздердің кірме сөздер екенін кейде арнайы үңіліп зерттеген адамның да аңғармай қалуы әбден мүмкін. Мысалы, кезінде «Белгілі есімнің белгісіз сыры» деген айдармен кейбір кісі есімдеріне түсініктеме беріп жүрген «Алаш айнасы» газеті «жомарт» деген сөзге: «Жомарт – таза қазақы есім. Қазақ тілінде оған «қолы ашық», «мәрт», «жүрегі кең» деген сөз балама бола алады» [8] деп анықтама берген. Бір қарағанда шынында да өз сөзіміз сияқты. Алайда Л.З.Рүстемовтің зерттеу еңбегіне сүйенсек, парсының «джәван» (молодой) және «мәрд» (смелый, храбрый) сөздерінің бірігуінен жасалған екен [9, 113-190-191].
Осы орайда ф.ғ.д., профессор Б.Момынованың қоғамдық-саяси лексика туралы: «Құрамындағы компоненттерінің таза қазақ сөздерімен келуі арқылы жасалатын атаулық тіркестер: ұлт кеңесі, билік дәлізі, билік тұтқасы, жоғары билік т.б. Бір компоненті кірме, өзге компоненттері қазақтың төл сөзі болуы арқылы жасалатын атаулық тіркестер: саяси лидер, саяси күш, діни конфессия, билік Олимпі, саяси баспана, тіл саясаты, саяси шешім т.б. Екі немесе барлық сыңарлары кірме сөзден құралуы арқылы жасалған атаулық тіркестер: саяси реформа т.б.» [10, 83],– деген жіктемесіне тоқтала кету жөн сияқты. Мәселен, оның таза қазақ сөздерімен жасалып тұрған атаулық тіркестер дегеніндегі «дәліз» сөзі парсының «даһлизі», ал «саяси», «діни», «саясат» дегендері араб-парсынікі.
VІІІ ғасырдан бастап қазақ жеріне араб үстемдігі орныға бастағаны, соған орай, араб жазуы енгені тарихтан белгілі. Араб жазуы арқылы қазақ қоғамына білім, ғылым, дүниетаным, мемлекеттік-әкімшілік т.б. сөздер еніп тарады. ХV ғасырдан бастап түркілік арабша жазудың жаңа дәуірі басталады. Өйткені түркітілдес ру-тайпалық одақтар мен бірлестіктер жекелеген мемлекеттерге айналумен қатар өз алдына ұлт болып та қалыптаса бастаған еді. Аталған ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейін қазақ жұрты араб жазуына негізделген жалпы түркілік кітаби тілді (шағатай тілі немесе ескі өзбек тілі) пайдаланды.
1870-1910 жылдар аралығында Петербург, Қазан баспаханаларынан кітаби тіл арқылы дін-ислам қағидаларын уағыздайтын мұсылманша кітаптар, арабтық «Мың бір түн» кітабының оқиғаларына құрылған ғашықтық қисса-дастандар, қазақтың эпостық, лиро-эпостық жырлары мен тарихи жырлары жеке кітап болып шығып, кең тарады. А.В.Васильев: «Далаға сапар шеге жүріп, кітабы жоқ киіз үйді сирек кездестіресің. Кітапқа деген сұраныстың күштілігін бір қазақ тіліндегі кітаптың әлденеше мың данамен оншақты рет басылғанын көресің [11, 176-177], – деп жазады.
Қазақ халқы орыс боданына айналғанға дейінгі хандық-әкімшілік басқару жүйесінің жазбаша құжаттарының тілі де осы дәуірдің жазуын еркін пайдаланды. Түрлі жазба әдебиеттер арқылы енген араб-парсылық қоғамдық-саяси сөздер қазақтың сөздік құрамын толықтырып байыта түсті. Қолданыс тілінің түріне (жазу) қарай олардың көпшілігі араб-парсылық сипатта (милләт, жамиғиат, қизмат, хукмет, ғаскер, маһкама т.б.) болғанымен, жалпыхалықтық ауызша тілде де белсенді қолданысқа түскендері қазақы (қоғам, нәсіл, бодан, болыс, ояз, сот, заң т.б.) өң-түр алып, оның төл сөздеріндей болып кетті.
Кейінірек «Түркістан уәляті» (1870-1883 жж.) мен «Дала уәләяты» (1888-1902 жж.) сияқты қазақша алғашқы газеттер шыға бастауымен кітаби тілдегі араб-парсылық түпнұсқа бойынша жазылатын сөздер де тілдік тұрғыдан игеріліп, қазақ тілі табиғатына бейімделіп жазылып-айтылатын дәрежеге жетті. Қоғамда болып жататын саяси-әлеуметтік мәні бар өзгерістер мен жаңалықтар өзімен бірге талай ұғым мен түсініктерді ала келеді.
Жазу мәдениеті белгілі бір дәрежеде жоғары қалыптасқан ұлт жаңа ұғым-түсініктерге дер шағында өз тілінде атау қояды немесе оларды өз тілінің табиғи бітім-болмысына сәйкестендіріп өзгертіп алады. Ал өзінің төл әліпбиі мен емле ережелері, нормалары қалыптаса қоймаған ұлттың уақытша пайдаланып отырған әліпбиі арқылы хатқа түскен өзгетілдік сөздер онша өзгеріске ұшырамай қолданыла береді. Сол себептен ұғым-түсініктердің атаулары алғашында қай тілден келсе, сол тілдік үлгіде жазылып-айтылатыны – төл әліпбиі мен емлесі қалыптаспаған қай тілге болсын тән.
Әйтсе де өзгетілдік сөздердің түр-тұлғасының өзгешелігіне байланысты бөтендігі әрдайым сезіліп тұрады. Өйткені өзіндік жазу дәстүрі әлі қалыптаса қоймаған тілдің де мыңдаған жыл бойы ауызша қалыптасқан әдеби тілінің нормалары, табиғи бітім-болмысы өзгетілдік дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерінен тұратын сөздерді сол қалпында жазып-айтуды әрдайым жатырқап тұрады. Әрине, тілдегі бұл үрдіс қазіргі қазақ тіліндей емес, оның сөздік құрамы өзгетілдік сөздермен әлі толықтай бүліне қоймаған кезде байқалады.
«Қазақ тілі негізінен ауызша дамыды: қазақтың қанына ананың ақ сүтімен еніп, жан-жүрегін ананың үнімен тербетті, ауыл арасанда ер жетті, аттың жалы, түйенің қомында жетілді, жыр боп шалқып, нұр боп қалықтады» [12, 7]. Сондықтан да өзгетілдік сөздерді қазақ тілі Ресейдің боданында қалып, орыстандыру саясатына душар болғанға дейін өмір бақи өгейсіп, өз сөзіне айналдырумен жетіліп келген еді.
Өзгетілдік сөздер еш өзгеріссіз жат елдің әліпби-емлемен оқып-жаза алатындардың ұлттық тілде жазған мәтіндерінен көрініс табады. Олар өзі жазып отырған тілге сәйкес келмейтін әліпбиді пайдаланып жазған соң, өзгетілдік ұғым атауларын сол қалпынша жазады, оқығанда немесе айтқанда да солай қолданып, ел-жұртқа кең таратуға себепкер болады. Бұны Х.Досмұхамедұлы дер шағында атап көрсеткен болатын [7, 91].
Жаңа сөздерді, ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары таратады. Олардың кең қолданысқа ие болып, жалпыхалықтық сипат алуы мерзімді баспасөз түрлерінің дамуымен тығыз байланысты.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласында «Дала уәләяті», «Түркістан уәләяті», «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» т.б. қазақ газеттері мен «Айқап», «Шора», «Таң», «Шолпан» секілді т.б. журналдарының жарық көріп, қазақ баспасөзінің қалыптасып өркендей бастаған кезеңі еді. Бастапқы кезде көпшілікке арналған қазақ газет-журналдарының тілі де «шағатай» тілінен онша алыс кете қойған жоқ. Дегенмен сол кезеңнің барлық баспасөзінің алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі – қазақ сөздерін барынша қазақша жазып, халыққа жеткізу болды. Осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары аянбай еңбек етті.
Мәселен, өзінің алға қойған мақсаты жөнінде Ахмет Байтұрсыұлы: «Әдеби тілді сүйетін бауырларыма газетті қазақтың қара тілімен жазғанымыз ұнамсыз көрінсе, ол кемшілігімізге кешу өтінеміз. Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс» [13],– деп жазады. Алаш арыстарының басым көпшілігі осы ұстанымда болды. Әсіресе, араб әліпбиін қазақтың төл жазуына айналдырып, халық игілігіне жаратуда А.Байтұрсынұлының еңбегі ерекше болды. Ол өзіне дейінгі қазақ жұртының пайдаланып келген араб жазуының қазақ тілі үшін ендігі уақытта тіптен қолайсыз екенін жақсы түсініп, қазақ баспасөзі беттерінде «Жазу тәртібі» [14], «Жазу мәселесі» [15], «Дыбыстарды жіктеу туралы» [16], «Емле туралы» [17], «Жоқшыға дерек» [18] сияқты көптеген мақала жариялап, өз ой-тұжырымын дәлелдеп, жазуды жетілдіре түсті. Оның «Оқу құралы» деп аталатын алғашқы әліппесі 1912 жылы жарық көрді [19].
А.Байтұрсынұлы қазақтың ежелден ауызша қалыптасқан дыбыстық жүйесін негізге ала отырып, бұрынғы жазуды түбегейлі өзгерту арқылы жаңа әліпби құрастырып, араб әріп-таңбалармен жазылып келген түркілік сөз үлгілері мен қалың жұртшылыққа түсініксіз араб-парсы сөздерінің бұрынғыша жазылуына тосқауыл қойды. Оның жаңа әліпбиі сол кездегі мамандардың көпшілігінің көңілінен шығып, ықыласына бөленді. «А.Байтұрсыновтың араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір дау-дамайсыз қабылдады. Себебі, Байтұрсыновтың алфавитке жасаған реформасы әрі қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, әрі ғылыми негізде жасалған болатын» [20, 9].
Оның төте жазуын тек қазақ зиялылары ғана емес, әлемдік тіл білімі ғылымының көрнекті өкілдері де мойындап, жоғары бағалады [21, 32]. А.Байтұрсынұлының зор еңбегінің арқасында дүниеге келген қазақтың төл әліпбиі мен емлесі (жазу) 1929 жылға дейін толық қолданыста болды. Тіпті 1929 жылы қабылданған қазақтың латынша жазуымен қатарласып, 1940 жылға дейін жарыса қолданылды. Қазақ қоғамындағы өміршеңдігін бертінге дейін сақтай алды. Мәселен, заманымыздың заңғар жазушылары М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов қазақтың латынша, кирилше жазуларын оқып-үйренсе де, өмірлерінің соңына дейін өз қолжазбаларының басым көпшілігін А.Байтұрсынұлының «төте жазуымен» жазып өткен екен.
Бұл жазу қазір де өзінің сол қызметін жоғалта қойған жоқ. ҚХР-да тұратын миллионнан астам қандастарымыз осы жазуды күні бүгінге дейін әр салада кең пайдаланып келеді.
ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы саяси науқанның себеп-салдарына байланысты 1928-29 жылдары қазақ жазуы латыншаға негізделіп, 29 әріптен тұратын жазуға көшірілді. Тіліміздің осы әліпбиі мен емле ережелерін зерттеп-зерделесек, сол уақыттағы «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», «Лениншіл жас», «Тілші» сияқты т.б. газеттер мен тарихи түрлі құжаттар беттерінде «сатсыйализм», «сатсыйалист», «кәмүніс», «балшабек», «репорма», «сәбет», «пебырал», «сабнарком», «пұртакол» сияқты т.б. толып жатқан өзгетілдік сөздер қазақша жазылғанын байқаймыз. Өйткені Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығының тілдік саясатында ұлттық тілдерді дамытуға деген жылы шырай болған еді. Алайда бұл – кеңес үкіметінің КСРО халықтарының барлығының көңілінен шығу үшін жасаған алғашқы кездегі саяси ұстанымы болатын. Ол ұзаққа бармады.
«Тап жаулары», «КСРО-ны күйреткісі келетін шет елдердің шпионы» деген желеумен ұлт зиялыларын құртқан кеңестік саясат өз күшіне ене келе, бұрынғы ресейлік орыстандыру саясатын қайтадан қолға алды. Тіпті 1926-1927 жылдардағы А.Байтұрсынұлының арабшаға негізделген жаңа әліпбиін сол қалпында қалдыру керек пе, әлде латынға көшірген тиімді ме деген талас-тартыстың да астарында орыстандыру саясаты жатты. Себебі кеңестік тілдік саясат орыс тілін барлық одақтас республикаларға ортақ мемлекеттік тіл етіп, болашақта коммунизмге бір тіл, бір мәдениетпен жетеміз деген ұстанымда болды.
Орыс жазуының өзі латын (грек) әліпбиі негізінде қалыптасқандықтан, латыншаға көшірілген қазақ жазуын кейінірек орыс жазуымен алмастыра салу оңай еді. Қалай дегенмен 1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген латынша әліпбиімізнің емле ережесі А.Байтұрсынұлының әліпбиінен алшақ кеткен жоқ [22, 190]. Бұның себебі – ол кезде ұлтық болмыс пен ұлттық тілдің қадір-қасиетін жақсы түсінетін Алаш арыстарының көзі тірі еді. Олар орыс сөздерін өзгертпей жазып-айтуға мәжбүрлейтін бөтен дыбыстарды латынша түр алған «төл» әліпбиге енгізуге қатта қарсылық көрсетуі мүмкін болатын.
Ал олар репрессияға ұшырап, атылып кеткен соң қазақтың осы латынша әліпбиінің 1938 жылғы толықтырылып қабылданған емле ережесі орыстандыру саясатын ашық түрде жүргізіп, «бұрынғы әліппемізде жоқтықтан тіліміздегі түрі бұзылып келген дыбысы бар сөздер, енді дұрысталып естілген жерлерінде х, ф, в дауыссыз дыбыстардың әріптерімен жазылады. Мысалы, хат, хан, химиа, фазыл, вагон, совет түрінде жазылады. Қазақ әдебиет тілінің әліппесінде 32 әріп қолданылады» [22, 196-197], – деген сияқты бірнеше шешім қабылдады. Бұл болса, өзгетілдік сөздердің тіліміздің дыбыстық жүйесінің заңдылықтарына бағындырылмай қабылданылуына кең жол ашып қана қоймай, оның табиғи дамуына да кері әсерін тигізіп, өзгетілдік сөздерді өз сөзіне айналдырып, сөздік құрамын толықтыра түсуіне зор кедергі келтірген еді.
1940 жылы қараша айынан бастап латын негізді қазақ жазуы 41 әріптен тұратын осы күнгі орыс жазуына көшіріліп, өзгетілдік сөздерді еш өзгеріссіз жазудың емле ережелері одан әрі жетілдіріле түсті. Ақыр аяғында орыс сөздері мен орысшаланған өзге де шетел сөздерін қаз-қалпында жазылуын талап ететін, біздің тілімізде жоқ, бірақ орыс тіліне тән барлық дыбыс-әріптер қабылданып, қазақ әліпбиіндегі әріптер саны 42-ге жетті.
Содан бері қазақ қоғамының осы жазуға әбден бауыр басып, дағдыланып кеткендігі соншалық – өз тіліміз өзімізге өгей болып көрінетін дәрежеге жеттік. «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржолата жойылды» [23, 222], «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» [24, 10; 22, 5] деген ой-тұжырым тілші ғалымдар тарапынан да айтылатын болды. Дегенмен қазіргі саяси-экономикалық жағдай халқымыздың әлеуметтік дамуына ерекше әсер ете бастады. Соған орай, тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларында небір өзгерістер бой көрсетіп, тіліміздің де дамуына өзгеше бағыт-бағдар қалыптастырып отыр. Олай болса, қазіргі қазақ әліпбиі мен емлесі ұлттық бағыт алып, қазақ тілінің ендігі қабылданатын латынша әліпбиі ұлттық дыбыстық жүйеге ғана негізделуі керек. Қазақ тілі дыбыстары латын әріптерімен қалай таңбаланса да, А. Байтұрсынұлы түгендеп беріп кеткен қазақ тілі дыбыстары санынан (28) артық та, кем де болмауы қажет. Сонда ғана біз Елбасы атап көрсеткен ұлттық жаңғыруды жүзеге асыра аламыз.
Әр ұлттың өзіндік ерекшелігін танытып тұратын тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі тілінде сақталады. Ол ұзақ дамуды өткеріп, басқа тілдерден бөлектеніп, өзінше болып қалыптасады.
Осыдан болар, оның әбден қалыптасып, шыңдалған тілдік жүйесіне жат тілдік материалдар табиғи емес жолмен еніп, сіңісіп кетуі – сирек құбылыс. Егер олар белгілі бір заманның саяси ықпалымен жасалған ереже-қағидалар негізінде тілге зорлықпен енетін болса, тілдің табиғи жүйесіне сәйкес келмейтіндігінен, бәрібір олардың бөтендігі әрқашан сезіліп тұрады. Керісінше, халық өз еркімен қабылдап, айтып-жазса, онда олардың бөгделігін арнайы үңіліп зерттеген маман адам болмаса, кез келген жан аңғара бермейді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін өткен ғасырларда араб-парсы тілдерінен еніп, қазір қазақтың төл сөздері болып кеткен тек медицинаға ғана қатысты мына сөздерді мысалға келтірейік: «Ағза, қолқа, алқым, шипа, жарақат, ажал, ауру, дауа, зәйтүн, нәжіс, қаза, зағип, тәуіп, тағам, мерез, запыран, жыныс т.б.» [25]. Міне, осы сөздерді кім басқа тілден келген кірме сөздер деп айта алады? Себебі бұлар жалпыхалықтық тілдің дыбыстық (фонетикалық), құрылымдық (грамматикалық) жүйесіне, яғни тіліміздің айтылу-жазылу нормала-рына сәйкес қабылданып, бөтендігі білінбей кеткен.
Ендеше, біз орыс тілінен енген сөздерді орыс грамматикасы бойынша бұлжытпай айтуымыз, жазуымыз қазақ тіліне жасалған зорлық, қиянат емес пе?
Қоғамдық қарым-қатынас пен түрлі мәдени-әдеби байланыстың ықпалымен жоғарыда мысалға келтірген сөздердей, өзге тілден, оның ішінде орыс тілінен қазақшаланып енген сөздерді қазіргі тіліміздің барлық саласынан көптеп кездестіруге болады және олар тілімізді байытып, шырайын келтіріп тұр. Ал қазіргі сөздік құрамымызға ХХ ғасырдың екінші ширегінен бастап орыс тілінен және сол тіл арқылы басқа да шетел тілдерінен орысшаланып, түк өзгеріссіз енген сөздер ше? Жоқ, оларға басқаша қарау керек. Себебі олар тілімізге тіліміздің заңдылықтарына бағынбай, түр-тұлғасын еш өзгертпей енген. Сондықтан оларды нағыз қазаққа айту да, жазу да қиын.
Мәселен, орыстың белгілі ғалымдарының бірі А.И. Ефимов өзінің «М.В. Ломоносов и русский язык» деген еңбегінде М.В. Ломоносовтың орыс терминологиясын дамытудағы орасан зор еңбегін жан-жақты баяндай келе, былай деп жазады: «Ломоносову заложить правильные основания технической и научной терминологии. Эти основные положения, которых держался он, а затем после него и другие русские ученые таковы: а) чужестранные, научные слова и термины надо пероводить на русский язык; б) оставлять непере-веденными слова лишь в случае невозможности подыскать вполне равнозначное русское слово или когда иностранное слово получило всеобщее распространение; в) в этом случае придавать иностран-ному слову форму, наиболее близкую к родному русскому языку» [26, 160].
Бұдан біз орыс тілі де қазақ тілінің қазіргі жағдайындай қысылтаяң кезеңнен ұлыларының айтқандарын елеп-ескере отырып, дұрыс жол тауып шығып кеткенін көреміз.
Әр адам – жаратылысынан жалғыз. Қазіргі кездегі «адамды клондап шығару» дегенді ескермесек, ол – дүниеге екінші рет келмейді. Демек, әр адам бір тілдің сөздік құрамындағы барлық сөзді және сол тілдің тілдік жүйесін шама-шарқынша толық меңгере отырып, оны өзінше пайдаланады. Өзіндік жеке қолданыс арқылы жаңа сөз, сөз тіркес, сөйлемдер жасап, тілді байытуға атсалысады. Осыған қазір не кедергі болып жүр?
Әлбетте, ең әуелі, кез келген ойды тыңдарман мен оқырманға барынша түсінікті, жетімді етіп беру үшін, ұлттық тілдің сөздік құрамының байлығы және тілдік қарым-қатынас жасасу үшін соны тұтынушы ұлт өкілдерінің (адамдардың) көп болуы керек-ақ. Атам заманнан келе жатқан күнделікті сан салалы тірлігіміз бен кәсібімізге, қарым-қатынасқа, тілдік байланысқа, сондай-ақ көркем де бейнелі ойды суреттеп беруге қажетті сөздер тілімізде өте мол. Оған қазіргі тіліміздің шамасы, әлеуеті (потенциалы) жетіп-артылады. Сол себептен де қазіргі қазақ тілінің сөйлеу, көркем әдебиет, көсемсөз (публицистика), ресми және кеңсе ісқағаздар тілі деген сықылды стильдері толық қалыптасқан. Бізде оны сол бағытта (мақсатта) тиімді пайдаланушылар да көп. Бірақ тілімізді одан әрі әрлендіріп, өрісін кеңейтіп, шырайын келтіріп, жетілдіре, байыта түсетін тағы бір стилі – ғылым тілі әлі де болсын аяғынан тік тұрып кете қойған жоқ. Бұның бірден-бір себебі – қыруар ғылыми ұғымдар мен құбылыстардың шетелдік атауларының уақытында қазақшаланбауында немесе қазір біразы қазақшаланса да, олардың кең қолданысқа түспеуінде жатыр. Ең бастысы, бізде ұзақ жылдар бойы ғылыми еңбектер орыс тілінде жазылып, қорғалуы, керісінше, қазақша сирек жазылуы, сөйтіп, ғылыми ойды баяндайтын тілдік жүйенің қалыптаспауы кедергі болуда. Оның жүйеленіп, қалыптасуы ғылыми еңбектердің қазақша көптеп жазылуымен тікелей байланысты еді.
Осы себептен болар, шәкірттеріне ғылыми-зерттеу тақырып ұсынатын орыстілді қазіргі ғылыми жетекшілер (қазақтар) оны қазақша бергісі келмейді, сылтаулары – қазақша материал аз. Ал оны жазатын ізденуші жас ғалымдар болса, ғылыми жетекшісінің сөзінен аса алмай, өз беттерімен қазақша жазып-қорғауға дәті бара бермейді. Сондықтан да күні бүгінге дейін техника, медицина, нақты және жаратылыстану ғылымдары бойынша қазақша қорғалған диссертациялар бізде саусақпен санарлықтай.
Ғылыми еңбектер жазылып, ғылым тілі дамуы үшін, ең әуелі, оның атауларын (терминдерін) қалыптастыру қажет-ақ. Бұған еш дау жоқ. Ғылыми атауларсыз толық мәнді, арнайы бір білім-ғылым жолына түскен адамдардың бәріне бірдей түсінікті ғылыми пікір айту да қиын. Осыны ескерген салалық ғылымдардың көптеген мамандары қазіргі кезде өз пәні мен ғылымының сөздерін түгендеп, оларға қазақша атау беріп, сөздік құрастырып, үлкен еңбек етуде. Бірақ олардың сол еңбектері алдағы уақытта кәдеге аспаса, қазір оншалықты пайдалы болмай тұр. Себебі оларды (сөздік ретінде қатталған) пайдаланып, ғылыми мақала, диссертация, монография жазып жүргендер сирек. Қазақша атауы табылған жаңа сөздер әйтеуір бір еңбекте қолданылып, оны біреу оқып, өз еңбегінде одан әрі дамытып, айналысқа түсірмеген соң, қалың жұртқа танылып, мойындалмайтыны ақиқат.
Бұрын қазақша айтылмай, жазылмай келген шетелдік сөздерге қазақша жаппай атау беру ушығып кеткен қазіргі заманда ғылыми, ғылыми-көпшілік кітаптар мен сөздіктердің таралымының өте аздығына байланысты әрі олардың ғылыми еңбек жазатын барлық адамның қол астынан табыла бермейтінін ескерсең, бұл қалпымызбен қазақша ғылыми стильді қалыптастыру мәселесі әлі де бірталай жылға созылатын сияқты болып көрінеді.
Жаңа сөз ұсынушылардың ниеті дұрыс. Шетелдік барлық сөз қазақша болса екен дейді. Бірақ қазіргі сөздік құрамымыздағы таза қазақша сөздерден бірнеше есе көп шетелдік атаулардың бәріне бірдей балама табу мүмкін болғанмен, солардың бәрін игеру немесе жастарға қысқа уақыттың ішінде соларды игерту мүмкін нәрсе ме? Бір тілдегі барлық сөзге (лексикалық құрамға) тура соның көлеміндей, тіпті одан да көп сөзді тоғыта салу дұрыс па? Бұл – жаңадан тіл жасаушылық емес пе екен?
Даму заңдылықтары бойынша бүкіл тілдердің баюы мен дамуы табиғи жолмен баяу өтеді. Өзінде бұрын болмаған зат пен ұғымға, құбылысқа басқа жұрттың қойған атауын (сөзін) қабылдаушы тіл өзінің сөзжасам мүмкіншілігіне сүйене отырып, дер шағында оларға өзінше ат қояды. Ұғым мен заттың және құбылыстың атаулары тілге елеусіз еніп кетіп, сонан соң оларға өзінің ат қою мүмкіншілігі болмай қалса, жат жұрттық сол сөздерді қабылдаушы тіл оларды бөтен жұрт қалай атаса, солай атайды, бірақ өзінің дыбыстық (фонетикалық) және құрылымдық (грамматикалық) жүйесіне сәйкестендіріп алады. Бұл – тіл білімінде бөтен тілдік атауларды дыбыстық, құрылымдық жақтан игеру арқылы өз сөзіне айналдырып, сөздік құрамын байытудың бір жолы деп аталады.
Бұл мәселе туралы алаш арыстарының бірі – Халел Досмұхамедұлы: «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде былай деген екен: «Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін, денеге «өзілік» болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ сіңбейді. Денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер-дүниеде тіл жоқ деп айтса болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұра-ғандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да – бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адам денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады» [27, 145-148].
Сонау қилы заманның өзінде қазақ тілінің қамын жеген Х.Дос-мұхамедұлының осы бір өзекжарды пікірі уақытында әдейі жасалған саясаттың кесірінен ұзақ жылдар бойы ескерусіз келді. Енді, міне, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, өз тізгінімізді өзіміз алған кезде де еленбей жатыр. Біз тілімізге сан мыңдаған сөзді еш өзгеріссіз, еш шектеусіз кіргізіп алып, енді оларды қалай тез қазақшалаймыз деп әуре болып жүрміз. Бұның ең оңай жолын ХХ ғасырдың басында-ақ ұлыларымыз көрсетіп кеткенін қаперге де алғымыз келмейді, тіпті көпшілігіміз олардың сол бір ұлы істерімен таныс та емеспіз-ау!
Қалай дегенмен өз сөздерімізді өзімізше айтуға не кедергі боп жүр дегенге қайтадан оралуға мәжбүрміз. Өйткені осы күнге дейін қазақша баламасы табылмай жүрген немесе табылса да, жалпы жұрт жатырқап қабылдамаған, онша сіңісті бола қоймаған сөздерді әуелгі қалпында қалдырып, қазақшалап айтып-жазуға қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, психологиялық кедергілерді айтпағанның өзінде, тілдік жүйеміздің өзінде де үлкен кедергі, ақылға сыймайтын кереғарлық бар. Ол – кезінде Кеңес Одағының орыстандыру саясаты негізінде жасалған тіліміздің әліпбиі (алфавит) мен жазуының (графика) ережелері мен қағидалары болып тұр. Себебі әліпбиімізде тілімізге еш қатысы жоқ, орыс сөзі мен орыстанған латын, грек т.б тілдердің атау сөздерін сол қалпында айтып-жазуға мәжбүрлейтін бөтен дыбыстар мен солардың әріптері бар. Осы дыбыс-әріптер қазақша баламасы табылмаған кейбір сөздерді қазақшалап айтып-жазбауға түрткі (мотив) әрі үлкен психологиялық кедергі болып жүр. Сондықтан біздің әліпби орыс тіліне тән дыбыс-әріптерден бүгін-ертең құтылмайынша, әлгінде айтқан тәсіл арқылы бөтен тілдік сөздерді өзіміздікі қылып игеруіміз мүмкін емес. Ал бұл болса, тіліміздің кірме сөздер арқылы баюына жол бермей келеді.
Расында да, солай. Біз көп жағдайда, бір-екі дыбысын ғана өзгертіп, оп-оңай қазақшалай салуға болатын сөздердің өзіне ми қатырып, жаңа атау іздеп, әуре боламыз. Мысалы, баяғыдан бері бүкіл қазақ айтатын сәлеркі (солярка), бензін (бензин), деректір (директор), міністір (министр), кәресін (керосин), пәдез (подъез), тәбілеткі (таблетка), маз (мазь), пылаш// даждауық (плащь, дождовик) сияқты т.б. толып жатқан осындай сөздерге қазақша балама іздеудің қаншалықты қажеттілігі бар? Біз жалпыхалықтық кең қолданыстағы қарапайым сөздерді әдейі мысалға келтіріп отырмыз. Жаңағылар сияқты оп-оңай қазақшалана салатын сөздер салалық ғылымдар тілінде де, қоғамдық-саяси қолданыста да ұшан-теңіз. Бірақ әлгінде ғана айтқанымыздай етіп жазып-айтуға әліпбиіміздің құрамындағы бөтен дыбыс-әріптер жол бермейді. Бала кезінен бөтен сөздердің қалай айтылып-жазылуын жаттап өскен «сәбіременій» қазекең, сол сөздерді қазақшалап айтып, жазсаң-ақ болды, сені түзеп: «Ол – олай айтылмайды, бұлай жазылмайды», – деп өзінің керемет сауаттылығын көрсетіп шыға келеді. Сондықтан «Қисық ағаштың көлеңкесін түзеуден бұрын, өзін түзеп алу керек» деп М.Әуезов айтқандай, бөтен сөздерді қазақшалап жазудан бұрын, қазақтың төл әліпбиін латыншаға көшу арқылы жасап алу – тіліміздің қазақы қалпын сақтап қалу үшін аса маңызды.
Тіпті бұл – орыстанып кеткен қазақтар үшін емес, тіліміздің табиғи қалпын сақтап, сөйлеп-жазып жүрген нағыз қазақтар үшін керек. Себебі орыстілді қазақтар қазақша ғылыми еңбектер жазбақ түгіл, қазақша жазылған ең шағын қарапайым мәтіннің өзін де оқымайды. Демек, қазақтың әдеби тілі мен ғылыми тілін дамытуға олардың титтей де жәрдемі жоқ. Байқасаңыздар, қазақша телерадио мен газет-журнал тіліндегі тілдік әдеби нормаға сәйкес келмейтін небір «тың қолданыстар» екі тілді бірдей меңгергендердің немесе екеуінің біреуін ғана орташа деңгейде білетіндердің аузынан шығып, қаламымен жазылып, бүкіл қоғам мүшелеріне кең тарап жатыр. Себебі олар өзі білетін тілдің өзіне бір табан жақынында (орысша) ғана ойлап, сол ойын екінші тілге аударып, соны ауызша немесе жазбаша түрде жолма-жол жеткіземін деп, қателіктерге ұрынады. «Мейлі, дұрыс болмаса қойсын, әйтеуір, ойын бірдеңе етіп жеткізсе болды ғой!» деген көзқарас та дұрыс емес, ол – тілдің табиғи қалпының біртіндеп бұзылуына апаратын қатерлі бағыт.
Бөгде сөздерді игеруде болатын екінші бір кедергі ретінде қазіргі қазақ жазуын (графика) айттық. Енді осыған байланысты бірер мәселені атап көрсете кетейік.
Кезінде, яғни 1913 жылы қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының атасы А.Байтұрсынов «Шора» журналындағы «Қазақша сөз жазушыларға» деген мақаласында айтылған сөз бен оның жазылуының арақатынасы туралы «тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деп атап көрсекен еді.
Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай осы пікірді орыс жазуы (кириллица) негізінде қазақ әліпбиі мен жазуын қалыптастырушы кейінгі тілші ғалымдар қалай түсінген, қалай орындаған? Олар тіл табиғатын бұзатын бөтен тілдік дыбыстардың әріптерін әліпбиімізге енгізіп қана қоймай, өзіміздің төл дыбыстарымызбен айтылған сөздердің де дәл таңбалауына да үлкен қиянат жасаған.
Сәл көңіл қойсаңыз, расында да, жазу ауыздан шыққан сөзді дәл таңбалау үшін керек екеніне көзіңіз жете түседі. Мәселен, үн жазу құралы (магнитофон) біздің айтқанымызды тура сол қалпында жазбаса, оны қайта тыңдаған кезде дұрыс түсінбес едік қой! Жазу да сол сияқты қызмет атқарады, яғни біздің аузымыздан шыққан әрбір сөздің әрбір дыбысын барынша дәл таңбалауы қажет. Сонда ғана жазу тіл үшін толықтай қызмет ете алады.
Ал «қазырғы» (немесе кәзіргі, бірақ қазіргі емес) жазуымызда осы заңдылық толық сақталған ба? Жоқ деп бірден кесіп айта аламыз. Бұл пікірімізді дәлелдейтін «қазырғы» жазуымызда бірнеше кереғарлық бар.
Солардың бірі – төл дыбыстарымыздың сөз құрамында қалай жазылуы. Сенбесеңіз, күллі қазақ тілі оқулықтары мен емле (орфография) ережелеріне қайта бір үңіліп қараңыз. Олардың бәрінде ә, ө әріптері жалаң сөздердің бірінші буынында жазылады. Мысалы: ән, дәлел, дәрігер, өлең, көлем, ұлы, құлын, үндеу деп жазады да, ескерту жасап, сірә, кінә, күнә, мағлұм, мақұл, мәжбүр, әңгүдік, дүлдүл деген сөздердің екінші буындарында да жазыла-тынын айтады.
Оқулықтар, сөздіктер көрсеткендей, бұл дыбыстар санаулы ғана сөздердің ғана екінші, үшінші буындарында айтылып-жазылып қоймайды, ондай сөздер қазақ тілінде аса көп. Біз емленің шылауына еріп кетіп, «қазыр» оларды жазбақ түгіл, сөйлеу тілімізден де шығарып тастадық. «Қата» (қате емес) емленің қырсығынан өз ана тіліміздің табиғи қалпынан айырыла бастадық. Кітәп, мұғалым, ділдә, ләзәт, Күләш, Жәмилә, тілмәш, ділмәр, кәусәр секілді т.б. қыруар сөздерді кітап, мұғалім, ділда, ләззат, Күлаш, Жәмила, тілмаш, ділмар, кәусар деп жазып-оқитын, сөйлегенде солай айтатын болдық.
Достарыңызбен бөлісу: |