Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
2. Би-шешендершығармашылығының ерекшелігі, олардың зерттелуі, танылуы, жариялану жайы. XVIII ғасырдағы қазақ хандығының саяси өмірінде көрнекті би-шешен үлкен роль атқарды. Олардың шешендік сөздері терең мәнділігімен қатар, көркемдік ерекшелігімен де әдебиетіміздің тарихынан өзіндік орнын алуға тиісті болатын. Олардың көркем сөз үлгілері өзінің танымдық-тәрбиелік мәнінің құндылығын әлі де жоя қойған жоқ
Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің бірі — шешендік өнер. Осынау қасиетті өнердің туын асқақтата желбіреткен көсем ойлы, тапқыр тілді, сұңқар үнді ділмар шешен-билер қазақ сахарасындағы демократияның жандануына, темірдей берік тәртіптің, имандылықтың, ізгіліктің қанат жаюына әсер етті. Толқынды топтың алдында аса еркін, асқан мәнерлі, құйқылжыта (А.Байтұрсыновтың тұжырымдауынша, сөздің ауызша айтылуы) айтылған парасатты, кесімді, шешен сөз халық, санасында өшпес өнеге, қасиетті кие ретінде қабылданып, ұлттық, сөз өнерімізің айдынына құйылған нағыз кәусәр бұлақ еді.
Ұлтының ұлы мұраттары мен ұлылығы, ірілігі мен бірлігі, саналылығы мен пәктігі, есендігі мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, ел тәуелсіздігін қорғау, тұтастығын сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту жолында күш-қуатын, білім-білігін пайдаланған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сол бір заманның жарқырап туған жарық жұлдыздары, мемлекет мәмілегерлері Үйсін Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің тұжырымды билік кесімдері, терең тебіреніспен айтылған айшықты да асыл ойлары халық санасында ұзақ жылдар, ғасырлар бойы ұмытылмай сақталып келді.
Кеңес дәуірінде шешен-билердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері халық ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде, кейінірек көркем сөз ретінде ғана қарастырылып, олардың қоғамдық қызметіне жете мән берілмей кешгені жасырын емес. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекет көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, кызметімен тамырлас. Ол – тәртіптің тұтқасын ұстаушы, ұлтының салт-дәстурін, рухани болмысының касиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ереже-қағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйрейтін, қызғыштай қорғайтын, жақсылықа үндейтін үлгілі ұйымдастырушылар еді.
Сандаған ғасырлар мен замандарды шолар болсақ, сонау Шыңғыс хан тұсында жасаған Майқы би Төбейұлынан (1105—1225 жылдар шамасы) бастап, ойымызға Аяз би Жаманұлы (XI—XII ғғ.), Мөңке би (1207—1259), Едіге би (1354—1419), Бәйдібек би (1356—1419 жылдар шамасы), Әз-Жәнібек (1406—1473), Жиренше шешен, Шоған би (1584—1642), Әнет би (1626 — 1723), Қадырғали би (1530—1605), Досай, Ескелді, Балпык, Есей, Бекболат, Тайжан, Ток,сан, Жанкісі, Ақтайлак, Бөлтірік, Сары, Қарауыл Қанай би, Мәтжан, Бапан, Шоң, Байдалы, Қараменде, Зілғара, Алшынбай, Жанқұтты, Байкөкше, Ноғайбай, Бөгембай батырдың ұрпақтары Бапан сияқты «талғанда тіреу, сасқанда сүйеу» болған шешен-билер есімдері оралады. Олар қазак, жерінде әділдіктің салтанат құруына, зұлымдықтың арам шөптей қаптап кетуіне қарсы ұшан-теңіз қажыр-қайрат жұмсаған. Кемеңгерлікке, кісілікке құрылған билік шешімдері ел жадында.
Алдымен, «би» деген ұғымның мән-мағынасын, тек-төркінін анықтап алған жөн. Нығмет Мыңжанның зерттеуіндегі пікірлерге ден қойсақ, Үйсін мемлекетінің ең басты мәртебелі билеушісі — Күнби деп аталған. Он екі ғасырлық Үйсін мемлекеті тарихында (б. з. д. III ғасыр мен б. з. X ғасырының аралығы) Күнбилер әулетінің он ұрпағы жөнінде мәліметтер сақталған. Қазақ елі тайпа жетекшілеріне «би» деген құрметті атақ берген. Қазақ қоғамының басқару жүйесінде де биге айрықша мән берілген. Би-шешендерден қалған шешендік сөз үлгілері аз емес.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов шешен сөзді мынандай түрлерге жіктеп сара-лаған екен: 1) саясат шешен сөзі; 2) билік шешен сөзі; 3) қошемет шешен сөзі; 4) бітімір шешен сөзі: 5) дін турасында ой қозғаған ғұламалар мен діндарлар сөзі (уағыз).
Бұрыннан халықтың дәстүрлі өнерінен саналып, ерекше өріс алған би-шешендердің астарлы асыл тұспалдары мен терме-толғаулары кейінгі қоғам өмірінің ең керек тәлім-тәрбие құралы, келешек ұрпақтың көркем де ойлы сөз сабақтарына таптырмас өнер мектебі саналады. Ел-жұртты өз уысында ұстаған хан-сұлтантандардан бастап, қаһарлы қалың қол бастаған батырлар да шешендердің тауып айтқан бірауыз сөзінен асып кетпеген. Асыл сөз қадірін еш аяқасты етпеген. Ол сөзді ақсақал абыз айтсын, мейлі кемеліне толмаған жас өспірім „бала би" айтсын, құлақ сала тыңдап, сөз жүйесіне жүгінген. Ел мен елдер арасындағы келісімін таппаған даулар, өзара жіктер мен топтардың шытырман шатақтары, құн алу, жер, жесір бітімдерін тек қана шешен билер шешкен. Қазақтың ұлы билері ел басқаруда зор рөл атқарған. Әсіресе, жоңғарлар шапқыншылығы тұсында қазақтың атышулы зерделі зерек адамдары хан мен батырлар кеңестерін басқарып, оңды шешімдер қабылдап отырған. Би-шешендер өз беттерімен ел тағдырын шешетін дәрежелерге де жеткен. Өздері елшілікке барып, келіссөз жүргізіп, апаттан ел-жұртын сақтап қалған тұстары көп болған. Би-шешендер өнерінің ең дәуірлеген кезеңі – Қазақ хандығы дәуірі. Қазақ халқының басына өте қатерлі зобалаң туған шақта, жоңғар шапқыншылығы тұсында еліне пана болған, босқын азабын шеккен халық арасында жүріп, тығырықтан құтылар жол сілтеп, жарғақ құлақтары жастық көрмеген қажырлы көсемдерден саналған да осы ақыл дариялары, алғыр ойшыл шешен билер. Олар сыртқы жауларды бөгеп, олармен тіл табысып қоймай, өз елі ішіндегі алауыздықтарда да бір жеңнен қол шығаруға жетеледі. Халық арасындағы бас бұзар бұзақы, ұры-қары, барымташы, қыңыр-қисықтарды да өз алдарына жүгіндіріп, оларға тиым салып, ел берекесін сақтауға бар күштерін жұмсаған жайсаң жандар болды.
Шапқыншы шет жаулардан, отаршылар ойранынан туған өлкесін сақтап қалу мақсатында жан аямай күрес жүргізген адал азамат, ел тағдырын уыстарынан шығармай жанталасқан от ауызды, орақ тілді шешен билерді халық ұмытпақ емес. Олар қалдырған көркем туындылар қазір ұқыпты жинаушылары мен зерттеушілерінің назарында. Би-шешендерден жеткен ойлы, сырлы дүниелер қазақ көркем сөз өнерінің қорына қосылды. Олар халқымыздың ұлттық әдебиетінің өзіндік бетін танытатын, өзге елдер өнерінен өзгешелейтін таза, төл туындылар.
Бұл тұста біз қазақ би-шешендерін түгел қарастырып, олардан қалған әдеби мұраларды түгел қарастырып, талдауды мақсат етпейміз. Олар жөнінде келешекте арнайы зерттеу жұмыстары жолға қойылып, қазақ шешендері мен билері өнерінің тарихы арнайы зерттеліп, ғылыми дәрежеде танытуды қажет етеді.
ХVIII ғасыр әдебиетінің Оқу бағдарламасына сәйкес сол үлкен де мол топтың ішінен ХҮШ ғасыр оқиғасын бастарынан кешіп, сол дәуір сөз өнеріне үлес қосқан, есімдері ел есінде сақталып, кеңіен танымал болған, кемеңгер: Төле би, Қазыбек, Әйтеке сияқты қазақ елінің үш арысы туралы сөз етпекпіз. Бұл үш би ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ хандығына жоңғар-қалмақ хандықтары оқтын-оқтын қарақшылық шабуыл жасап тұрған ауыр да аума-төкпе заманда қоғамды басқару және басқыншыларға қарсы халық күресін ұйымдастыруда ерекше көзге түсіп, халық жадында өшпестей сақталған еді.