Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
2. Бұқар жырау шығармашылығының зерттелуі. Бұқар жырау Қалқаманұлының өмірі жайлы қағаз бетіне түскен нақты тарихи деректер айтарлықтай көп емес. “Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен», - деп жазады Мәшһүр Жүсіп. .
Бұқардың мұсылманша оқығандығы, сауаттылығы күмән туғызбайды. Алайда, көбіне-ақ экспромтпен айтылған толғауларын жырау артынан қағазға түсіреді ме, жоқ па, ол арасы белгісіз. Бұқардың бізге жеткен шығармалары ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде ел аузынан жазылып алынған.
Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені - 1300 жол шамасындағы өлең-толғаулары. Бұл жырау туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана болуы әбден мүмкін. Олай детініміз Мәшһүр Жүсіп ол жөнінде: “Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры... Аплатонның ақылы керек”, - деп жазған екен.
Жыраудың біздің заманымызға жетпеген кейбір жырлары жайындағы қолда бар деректерге тоқтала кетейік. Бұқар мұрасын XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап ел аузынан жазып алған Шоқан өзінің “XVIII ғасыр батырлары жайында тарихи әңгімелер” деген мақаласында Бұқарға қатысты біраз мәліметтер береді. Жыраудың Абылай алдында айтылған екі өлеңінің жолма-жол аудармасын жасайды. Бұл Бұқардың орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырылуы еді. Енді бір топ өлеңін Г.Потанин жыраудың өз елінен Имантай Сәтпаевқа жинатып алады.
Бұхар өлеңінің мәніне Абайға дейін сын көзімен қараған ақын әзірге бізге мәлім емес. Жырау шығармаларының ХХ ғасыр басындағы зерттелу жайына келер болсақ, бұл ретте Мәшһүр Жүсіп жазбаларына тоқталмай өте алмаймыз. Ол Бұқардың өмірі мен қоғамдағы атқарған істері, шығармаларының туу тарихына қатысты көптеген аңыздық, тарихи нақты деректер мен шығармаларын хатқа түсірген. Мәшhүр Бұқар жырларын екі дана етіп көшірген екен. Ғалымдар Бұқардың шығармаларының түпнұсқасы ретінде Мәшhүр Жүсіп қолжазбалары алынуға тиіс деген пікір айтады. Бұқардың кейбір туындылары Құрбанғалидың “Тауарих хамсасында”, ал енді біраз шығармалары 1925 жылы “Таң” журналында басылған.
Кеңес дәуірінде жыраудың шығармаларын алғаш әдебиет оқулығына енгізгендер М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Әлібек Қоңыратбаевтар болған еді. Одан кейінгі кезеңде көп уақыт жырау шығармалары әр түрлі бағалап келді. Бұқардың есімі халық поэзиясында Абылаймен қатар айтылатындықтан оны бір кездері “сарай ақыны” деушілер де болды.
Жырау мұрасының алғаш рет біршама толық басылуы - 1962 жылы жарық көрген “XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары” атты жинақта жариялануы. Бұдан кейін “Бес ғасыр жырлайды”, «Ай, заман-ай, заман-ай», «Жеті ғасыр жырлайды», т.б. сол сияқты көптеген жинақтарға еніп келеді. Жеке зерттеушілер тарапынан сөз болған шығармалары да аз емес.
Бұқардың Қытай мемлекеті архивінен табылған 36 дастан, толғауы "Ана тілі" газетінің 1990 жылғы 17-18 сандарында жарияланды. Бұл жалпы көлемі 940 жолдық 36 толғау Бұқар жараудың мұрасы деп танылды. Осы деректерді іздеп тапқан Қытай елінде тұратын қазақ азаматы Мұхтархан Оразбайұлы мен т.б. зерттеуші ғалымдар қолжазба Бұқар жыраудікі екеніне ешбір шүбә келтірмейді. Бұл нұсқаның жариялануы Бұқар шығармаларының мазмұны мен сырын терең тану түсуде үлкен мәнге ие болды. Аталған бұл нұсқа кезінде саясат пен т.б. әр түрлі жағдайларға байланысты бұрмаланып, немесе толық танылмай келген Бұқар жырау шығармаларын жете зерттеуде, мәтінінтануда маңызды еңбек болып саналады