Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
4. Асан қайғы атына байланысты аңыздар және олардың ерекшеліктері. Асан қайғының өмірі жайында, оның қазақ даласының әрбір өлкесіне қатысты айтты деген сөздері бүкіл қазаққа белгілі болып, кең тараған. Асан жайындағы аңыздардың бір алуаны – оның қалайша “қайғы” атануына, тапқырлығына, жерұйықты іздеуіне байланысты болып сақталып жеткен. Асан атына байланысты туған қолдағы бар аңыз, әңгімелерді өзінің тақырып-мазмұны жағынан: Асан өмірін әкесі Сәбиттің ерлік істерімен жалғастыра баяндайтын; бірыңғай Асан қайғының өз өмірін қамтитын; Асанның ұлы Әбет, қызы Жұпардың тапқырлық істерін әңгімелейтін аңыздар деп үш топқа бөліп қарастыруға болар еді дейді ғалымдар.
Асан қайғы жайындағы аңыздардың бір алуаны оның аңшылық, саятшылығы туралы болып келеді. Осы аңшылық жолы оның өзіне лайықты жар табуына да, кейінірек ел-жұрты үшін жайлы қоныс, құтты мекен іздеуіне де себеп болады.
Асанның жастық шағын бейнелейтін әңгімелерде ол әкесінен жастай жетім қалып, әкесі Сәбит секілді аңшы, саятшы, құсбегі, тіпті, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болып ер жетеді. Жас Асан әкесінің аңшылық кәсібін шешесі Салихадан естиді де, Бұлғар тауында баласына әкесі мұра етіп қалдырған тұлпар мен бүркітті, жүйрік тазыны тауып алып, сол мекенде көп жылдар аңшылықпен күн кешеді. Өлерде әкесінің: «Болашақта балам Бұлғар тауының басына шықпасын, егер шықса, өмірі азаппен өтеді. Сол тауда бұлғын деген аң бар, оны қумасын, қуса аты да, өзі де зорығып өледі» деген ақырғы өсиетін естен шығарып, сол тауда кез болған бір бұлғынды қуып, өмірі құлақ естіп, көз көрмеген бір жат елге асып кетеді. Аты болдырып, өзі шаршап әбден қалжыраған Асан бір ауылға келсе, бір бойжеткен қыз бұлардың сырт көрінісінен адамның сұлтаны мен иттің сырттанының, аттың тұлпары мен құстың сұңқарының бас қосқанын ақылмен танып, бұларды үйге түсіріп, бәрін бәйек болып күтеді. Асанды жеке бөлмеге жатқызып тынықтырып, құсын бөлеп тастап, атын қаңтарып таң асырған қыз ертеңіне жігіт аттанар алдында саптыаяқпен оған сусын ұсынады. Асан қызды сынау үшін қыз ұсынған саптыаяқтың шетінің кетігін мін етіп тағып: «Без қайынның безі екен, нағыз бездің өзі екен, ішінде құйғаны шекер екен, әйтсе де мына бір жері бекер екен», – депті. Сонда қыз іле: «Без қайыңның безі болса, нағыз бездің өзі болса, ішіне құйғаны шекер болса, ол жерін кемітпей-ақ іше беріңіз», – дегенде, Асан аталы сөзге уәж таба алмай қалып, аттана берген екен. Сонда қыз тағы да: «Сенің атың қазір Асан ғой, көп ұзамай Асан қайғы аталарсың... Үш жыл күтем, ендігісін өзің біл», – деген екен.
Ендігі бір топ әңгімелерде оның «Асан қайғы» аталу себебі қаршадайынан әке-шешеден бірдей айрылып, жетімдіктің тақсыретін көп тартуынан деп те түсіндіріледі. Асан да әкесі секілді жер кезіп, аңшылықты кәсіп етеді. Ел кезіп, жер шолады. Жұрт қамын ойлап, өткен мен алдағы өмірді болжап әр алуан толғау-жыр айтатын болады. Алдағы болатын құрғақшылық пен жұтты жұртқа күні бұрын хабарлап отыру да оның әдетіне айналады. Жастай көрген уайым-қайғы мен ел қамын сарыла ойлаудан Асан аты біртіндеп өзгеріп, «Асан қайғы» атала бастайды. Гүлжазирадан туған жалғыз ұлы Әбет (Абат) те ел болашағын ойлайтын азамат болып ер жетеді.
Асанның өзіне лайықты жар іздеп табуын баяндайтын аңыздарда таңғажайып оқиғаларға толы ертегілік, аңыздық сипат басым болып отырады. Бірде ол салған қармағына іліккен су патшасының қызына үйленсе де, одан қыз қойған шарттарды орындай алмай айырылып қалады. Содан перінің қызы Асанды біржола тастап кеткен соң, ол қайғы-құсадан «Асан қайғы» деген атқа ие болады.
Ендігі бір алуан әңгімелер Асанның өз басының алғырлық-тапқырлығы мен білгір-шешендігін баяндауға құрылған. Бұларда да Асан қайғының әуелгі аты Хасен екен, сол Хасен жас талап жігіт күнінде Шүршіт елінің Ежен ханы (енді бірде Бұхардың ханы, тағы бірде Қызылбас елінің ханы) қазақ халқына «айғырын кісінетпесін, соның даусынан қорадағы биелерім исініп құлын тастайды» деп жарлық шығарғанын естіп, мұның бір амалын табуға талаптанады. Қатыгез ханның бұл әділетсіз зорлығын сезген халық та тығырыққа тығылғандай болып дағдарып, өзара кеңеседі. Сонда жас та болса Хасен жұртты бұл бәледен құтқару үшін, қасына 40 мергенді ертіп алып, хан тұрған қалаға беттейді де, жол-жөнекей кездескен иттерді шетінен атып қыра береді. Бұл хабар ханға жетіп, оларды жедел шақыртып алыпты. Істің мәнін сұраған ханға Хасен: «Жас кезімде далада қой бағып жүргенімде, бірде қойға қасқыр шапқан соң, ойдың да, қырдың да, қаланың да, даланың да иттерін дауыстап көмекке шақырып едім, ешқайсысы жәрдемге келмеді, сонда бұл опасыз иттердің бірін де қалдырмай қырамын деп ант етіп едім. Енді сол ойымды іске асырып келемін», – депті. Мұны естіген хан: «Сен екі аяқтының ақымағы екенсің, сенің дауысыңды қаланың иті қалай естиді?» – дегенде, ол: «Айғырдың дауысы жеткен жерге адамның дауысы жетпейді ме?» – депті. Сөзден тосылған хан: «Айғыр туралы айтқан сөзім ағаттық екен, өз еріктеріңді өздеріңе бердім, сен өз еліңе хан бол», – депті.
Осы іспеттес аңыздың Я.Лютшь хрестоматиясына енген өзге бір үлгісінде әлгіндей жарлықты Бұхар әмірі шығарған екен деседі. Дарақы да жауыз ханның қанқұйлы жарлығын естіп, қатты дағдарған елді бұл азап-қиыншылықтан құтқару үшін Асан қайғы желмаяға мініп, жеті жыл жер қарап, қоныс іздепті. Ол сол сапарында Көндүрік-Қобан, Қызылжар, Үш Алматы деген жерлерді ұнатып қайтыпты делінеді.
Асан қайғының алдын болжағыш, көрегендігін баяндайтын аңыздардан Жәнібек ханның жасаған үш тойы туралы айтқан сын - шешімі ел ішіне мейлінше кең тараған. Мұның бір тобы тек қара сөз күйінде келіп, енді бір алуаны өлеңімен қара сөзі аралас болып баяндалса да, бұлардың мазмұнында пәлендей айырмашылық жоқ. Асан қайғы Жәнібек ханға: «Ең алдымен, көлге шекер төктіріп, құс жаманы құладынға құс төресі аққуды ілдіруің жақсы ырым емес, екіншіден, қарындасың Қаныбет сұлуды Айсылдың ару Әметі тұрғанда, қарадан шыққан Мұғалы байдың баласы жаман Тастемірге беруің лайық емес», – деп айып тағады. Дәл осы аңызға үндес бір әңгіме ноғай әдебиетінде де бар екен. Бұл үлгі бірыңғай қара сөзбен баяндалады. Айырмасы: мұнда Жәнібек хан Темірге қарындасы Қаныбетті емес, қызы Секербикені бермек болып той жасайды. Бұған шақырылған Хасан (біздегі Асан) әдейі келмей қалады. «Неге келмедің?» – деген хан сұрағына Хасан: «Қызыңызды ару Әметтен қалдырып Темірге бергеніңізге ел де, мен де разы болмадық. Бұқаңды баққан құлыңа қызыңды берем дегенің, нәсіл тіркемей, мал тіркеу болды, құл да, би де бірдей заман болар деп келмедім», – деп жауап береді. Бұдан соң хан: «Құладынға қу ілдірдім, оған неге келмедің?» – дегенде, Хасан: «Құс жаманы –құладын, құс мырзасы - ақ тауыт, түбі мырза мен құл тең болар деп келмедім», – деп жауап беріпті.
Асан қайғы атымен байланысты туған аңыздардың ішінен оның құтты мекен, жайлы қоныс іздегенін баяндайтын әңгімелер үлкен орын алады. Мұндағы Асан ата армандаған қоныс жайы қандай десек: ол, ең алдымен, көшпелі өмірге орай малы екі рет төлдейтін ырыс-берекесі мол, шөбі шүйгін, қысы жұтсыз, жазы жайлы мекен болуы қажет. Мұны аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» қоныс, кейде «Жер-үйек», енді бірде «Жерұйық», немесе «Жиделібайсын» деп атаған.
Осындай қоныс қараған Асан жүрген-тұрған, басып өткен қоныс-жерлеріне аса білгірлікпен баға беріп отырады. Бір топ аңыздарға қарағанда, Асан қайғының халық үшін қоныс болуға лайық деп ұнатқан жерлері Жиделібайсын, Жуалы, Қызылжар, Үш Алматы, Көндүрік-Қобан деген жерлер екен делінеді. Жуалыны аралап көргенде, Асан ата: «Асылы екі елі бетінде екен, Шу мен Таластың арасы жортар атқа күндік жер екен, әттең, арасы тар жер екен, көп ел сыймайтұғын» десе, ал Үш Алматыны: «Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей» деп сипаттаса керек. Топырағын қазып орнына қайта салғанда, орнына сыймай қалған жақсы мекеннің бірі – Қызылшілік деген жер екен. Алайда, Асан қайғы бұл жерден екі үлкен мін тауып, былай деген екен: «Бұл жердің төрт есігі бар екен, екеуінен құт кірсе, екеуінен жұт кіреді екен. Елі бай да болмай, кедей де болмай, орташа ғана өмір кешеді екен. Екінші, Жамбас құрт деген бір жайсыз құрты бар екен, сондықтан адам бұл жерде ұзақ жасай алмайды».
Ал, Асан қайғы Балқаш көліне келгенде: «Балығы тайдай тулаған, құстары қойдай шулаған несібелі көл екен. Кедейін аш қылмайтын, балығы азық болғанымен, суы ащы, іргесі шөлге тиіп тұр екен, бораны көп болар. Қамысы боранға қалқа, малға азық, қысы болмаса жазы қапырық, ордалы елге орын болмас», – деген екен.
Асан қайғыға бірде жері ұнаса, елі ұнамайды, ал енді бірде елі ұнаса, жері ұнамайды. Ол жер-қонысқа сын айтқанда, оның тек малға оты жұғымды, шүйгіндігіне ғана мән беріп қоймай, сол қоныстың адамның мінез-құлқы мен болашақ өміріне тигізетін әсер-ықпалын да есепке алып отырған. Мәселен, Асан қайғы Шыңғыс тауына шығып тұрып: «Мына жердің шөп бітісі ерекше екен. Бұл шөпті жеген мал құтырар, малды жеген ел құтырар, малдың еті мен сүті қуатты болған соң», – десе, Көкше төңірегін көргенде: «Күні жауын, түні ашық жер сорлысы мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел сорлысы мұнда екен», – депті деседі (Кей аңыздарда бұл Қаратау өңіріне байланысты айтылған деп көрсетіледі).
Бір топ аңыздарда Асан қайғының сын-бағалары бір-бір ауыз ұтымды да ұтқыр сөзбен шектеліп, қоныстың тікелей өзіне арнап айтылса, енді бір алуаны болжамдық мәні бар ұйқасты өлең үлгісінде келеді. Айталық, Асан ата Қарқаралыны көргенде:
Қарқаралы қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау...
Бесқазылық, Ойтүңлік,
Маңырап тұрған қой түңлік,
Әттең, дариға-ай,
Мал исі шығып тұр екен! –
депті-мыс. Ал, Бетпақдалаға берген баға-сыны терең философиялық мәні бар толғау түрінде көрініс тапқан:
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан жүрер жер екен.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан жүрер жер екен.
Тас табаны төрт елі,
Атан жүрер жер екен!
Енді бір халық әңгімелерінде Асан қайғының қиялдаған арманын Жұпар деген ақылды қызы іске асырыпты деп те әңгімеленеді. Бұлардың ішінде «Жұпар қорығы» атты әңгіме өзінің Асан қайғы арманын іске асырған мән-мазмұнымен жеке-дара тұр деуге болады. Мазмұны мынадай: Асан қайғы желмаясымен жер қарап жүріп, Жиделібайсын деген жерді ұнатып келіп: «Құдайдың жаратқан жерінің оңдысы, адамы жүзге келмей өлмейтін, қойлары екі қоздайтын, жер шүйгіні сол екен», – дегенде, жұрт: «Оған қалай жетеміз?» – депті. Асан қайғы: «Малды үш жыл шелдендірсек, қойға қошқар, сиырға бұқа, биеге айғыр салмасақ, оп-оңай көшіп барамыз», – депті. Ел мұны қиынсынып көшпепті. Кесте тігіп отырған он бес жасар Асанның қызы Жұпар әке сөзін аяқсыз қалдырмай, түбі сол жерге көшіп баруға іштей бекінсе керек. Артынша Байшора байдың Ерназар деген баласына тұрмысқа шыққан қыз желекте отырып-ақ күйеуіне өзіндей тағы екі қыз айттырып алып береді. Бұлардың сол Ерназардан тараған ұл балаларының өзі біраз жылдан кейін қырықтан асады. Жұпар бәйбіше өзінен кейінгі әйелдердің балаларын бірыңғай киім-кешек, қару- жарақпен, ер-тұрман, азық-түлікпен жабдықтап, малды тулап шелдендіріп, Асан атасы айтқан Жиделібайсынға Сарыарқадан үдере көшеді. Жиделібайсын жеріндегі Ақша ханның «Хан қорығы» деп аталатын жеріне Жұпар рұқсатсыз қонып, сол қонысты ақыл-айла қолданып ханға берген тарту-таралғысымен де, бір жағы қара күш, айбатымен де еріксіз басып алады. Содан былай бұрынғы «Хан қорығы» енді «Жұпар қорығы» болып аталып кетеді. «Жұпар қорығы» деген жер Хафиз Таныш ибн Мир Мұхаммед ал-Бухаридің «Абдулланома» атты кітабы мен В.Л.Вяткиннің «Материалы к исторической топографии Самаркандского вилаята» деген еңбегінде де аталады. Бұл деректерде сол «Жұпар қорығының» қазіргі Өзбекстандағы Шолпанатаның батыс жақ баурайындағы Көнігүл мен Бөдене қорығының ортасына орналасқаны айтылады. Сөйтіп, Асан қайғы арманының іске асуын баяндайтын аңыз-әңгіме мен әлгі айтылған тарихи деректердің бір жерден табылып, өзара ұштасуының өзі елеуге тұрарлық жәйт. Дәл солай болмаған күннің өзінде бұл әңгімеден Асан армандаған ойды тікелей іске асырған халық қиялын көргендей боламыз.
Ел-жұрт «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы егіз қоздайтын» шұрайлы жер мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды арман еткенде де, соның бірден-бір жоқшысы деп Асан есімін атайды. Аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы жеті жыл желмаяға мініп жер шолып, кең сахараны шарқ ұрып шарлағанмен, елге дәл ойдағыдай іргелі қоныс таба алмайды. Өзі ұнатқан құт-ырысы мол Жиделібайсынға (халық қиялындағы аты – «Жерұйық») ел көшіремін деген ең соңғы үміті де өшіп, жігері құм болып, ақыры күші қайтып қартайған шағында ойлаған арманына жете алмай қаза табады.
Асан қайғының “желмаясына” мініп алып қазақтың бүкіл сақарасын, өзен-көлін, тау-тасын, құм-шөлін кезіп шығуы – ”Жайлы мекен, жақсы қоныс», халық қиялындағы аты – «Жерұйықты» іздеуі, “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” дәуірді аңсауы сол кездегі заман талабынан туған түйінді мәселе еді. Батыстан төнген зор қауіптің болар зардабын Асан қайғы болжап, терең түсінді. Жиделібайсынға көшу керек екенін тектен-текке айтпаса керек. Осыны ойламай, «ішкенге мас, жегенге тоқ» болған Жәнібек ханды жырау сынайды.
Белгілі ғалым С.Қасқабасов: «Осы жерде үлкен мәнісі бар бір нәрсені айту керек. Ол Асан қайғы іздейтін Жерұйықтың көне заманғы үш әлем (көкте, жерде, жер астында) туралы шамандық ұғыммен байланысы. Бұл түсінік бойынша, жер асты - өлілер патшалығы деп саналған. Осыған сәйкес өлген кісінің жаны сол жаққа барып, рахат табады деп есептелген. Өлілер әлемі бір жағынан - зұлымдық, зиянкестік мекені, екінші жағынан - өлген адамның жаны жай табатын жер деп қабылданған. Сондықтан Қорқытттың жаны су сағасы - өлілер тұрағына (жер астына) кеткен. Кейінгі замандарда ежелгі үш әлем, оның ішінде жер асты жұмаққа айналып, оған басқа сипат берілген. Мұсылман мифологиясында жұмақтың сипаты фольклордағы Жерұйық немесе бақытты арал сияқты. Бірақ қоғам мен сана дамып, өмірдің қиындығы өскен сайын адам баласы сол жұмақты енді жер бетінен іздей бастайды, ол рақат өмірді өлгеннен кейін емес, тірі кезінде көргісі келеді, сөйтіп алуан түрлі аңыздар, әңгімелер ойлап шығарады. Егер бұрын мифте шаман зиянкес жындармен соғысып үш әлемді шарласа немесе өлімнен қашып дүниенің төрт бұрышын кезсе, кейіннен (ол көбінесе тарихи адам) жұмақты, құтты мекенді Жерұйықты іздеп, жиһан кезеді. Егер мифте шаман ажал келмейтін жер таба алмай, жердің кіндігі – өз отанына оралса, енді әпсананың кейіпкері де іздеген құтты қонысын таба алмай, өз мекеніне қайтып келеді“.
„Жерұйық туралы әпсананың сюжеті ерте заманда туған және көне мифпен сабақтас деп айтуға негіз бар. Ол сюжеттің Асанға таңылуы – бертіндегі дәуірдің жемісі. Дәл осы тұста, мүмкін одан да бұрын “ыдық” сөзі “ұйық” болып қалыптасқан да, оған қазақтың “ұйықтану” (“тыныш табу”), “ұйысу” (“бірігу”), “ұйытқы”, “ұйып тыңдау” секілді сөздеріндегі “ұй-а” (“ұя”) түбіріне “жер” сөзін қосу арқылы жасалған. Онда “Жерұйық” деген сөз “ұя жер”, “қасиетті жер-су”), “ата-мекен”, “шыққан жер”, сондай-ақ “елді біріктіретін ұйытқы жер” деген мағына беруі ғажап емес. Олай болса, қазақтар армандаған жерін “Жерұйық” деп атап, оған өздерінің сондай болса екен деген тілектерін сыйдырған», - деген пікір айтадығалым С.Қасқабасов.
Асан қайғыға қатысты айтылатын аңыз-әңгімелер мен олардың мәні жөніндегі ой-пікірлер бұл жоғарыдағы айтылғандармен шектеліп қалмаса керек. Алдағы кезде жүргізілетін тиянақты ғылыми зерттеулердің тарихи шындық пен көркемдік таным арақатынастарын айқындай түсері анық.