1. Лекция тақырыбы: Қобылан ақынның шығармашылығы.
2. Лекция жоспары: 1. Қобылан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер. 2. Қобылан ақын шығармашылығының зерттелуі, жариялануы. 3. Ақын өлеңдерінің тақырыптары, идеялық-көркемдік ерекшеліктері.
3. Лекция мақсаты: Қобылан ақын Бәрібайұлының өмірі мен шығармашылығынан деректер бере отырып, оның танылуымен, шығармаларының зерттелуімен, жариялануымен таныстыру, шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктерін игерту.
4. Лекцияның мазмұны: 1. Қобылан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер Қобылан Орталық Қазақстанда өмір сүрген, өз заманында Арқа еліне кеңінен танымал, әйгілі болған ақын. Баянауыл ауданында Бөрібай ақынның отбасында дүниеге келеді. Ғалым Х.Сүйіншәлиевтің көрсетуінше 1760-1840 жылдары өмір сүрген. Әкесі Бәрібай да кезінде Арқадағы әрісі – Арғын, берісі – Сүйіндік – Ақбура еліне кеңінен танымал, сыйлы ақындардың бірі болған деседі. Ол кісі 90 жас жасап, 1770 жылы қайтыс болған екен. Бәрібай ақынның өлеңдерінің де кейбір үлгілері сақталып жеткен. Оның қартайған шағында айтқан «Сатыпалдыға айтқаны» деген өлеңінен ақындық өнерінің қандай дәрежеде болғандығын шамалауға болғандай. Ақын:
Қара жорға атанған қайран күнім,
Қанша жорға болсам да шықты мінім.
Бала ер жетіп аяқтан алғаннан соң,
Аяғында кететін болды-ау пұлым... –
деп өткен күндерін еске алып, қазіргі күйінен сыр шертеді. Бәрібай ақынның бұдан басқа да қыздарға өзін таныстыру мақсатында айтқан өлеңі де сақталып жеткен.
Деректерге қарағанда Қобыланның ақындық өнері ерте танылады. Ол әкесінің ықпалымен ақындық өнермен жастайынан шұғылданған. Жас кезіндегі ақындық өнері жөнінде Х.Сүйіншәлиев мынандай деректер келтіреді. Әкесі Бәрібай Қобыланның ақындық талантын ерте байқап, 90-ға келіп қартайып отырған шағында оған: «Сені жұрт ақын дейді. Ақын болсаң менің осы жердегі отырысымды жырлап берші» дегенде Қобылан іркілмей:
Кәрілікті отырсың уайымдап,
Беті-қолды құман ап жуайын деп.
Бесін уақыт, бес намаз, қылып дәрет,
«Қандай күйге саласың, Құдайым?» деп –
деп әкесінің жайын бір шумақ өлеңмен сипаттап айтып берген екен.
Қобылан ақын әсіресе, Бұқар жыраудың жолын, Шал ақынның ақындық дәстүрін қадір тұтқан. Сегіз қырлы, бір сырлы ақын, әншілік өнерімен де әйгіленеді. Қобыланның ақындық өнерінің қандай дәрежеде болғандынан оның «Өлеңді жүйрік аттай желіп айтам» деген өлеңінен шамалауға да болғандай.
Жасы сексенге таянғанша үкілі домбырасын қолынан тастамай, ел біткенді аузына қаратып, бүкіл өмірін өнер жолына қалтқысыз арнаған Қобыланның әдебиетіміздің тарихында алатын өзіндік лайықты орны бар.