Байланысты: Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы-emirsaba.org
5. Ноғай ордасы. Аумағы және этникалық құрамы. Алтын Орданың ыдырауы және Ақ Орданың әлсіреуі барысында Қазақстан аумағында пайда болған ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі Ноғай Ордасы болды.
Ноғай Ордасы ХIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл процесс ХIV ғасырда әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұр ад-диннің (1426-1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болды. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» деген терминдер әдебиетте алғаш рет тек ХVI ғасырдың басында ғана пайда болды, ноғайлар өздерін маңғыт деп, ал өз ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Оларды көрші халықтар осы атпен білген.
Тарихшылар ноғайлардың монғол-қыпшақтардан тарағандығын, олардың Ноғай Ордасы негізгі тұрғындарының шығу тегін Жошы руынан шыққан Алтын Орда түмені, ХIII ғасырда Ноғай әскерінің құрамына кірген тайпалармен байланыстырады.
Ноғай Ордасының негізгі аумағы Еділ мен Жайықтың арасындағы далада, оның орталығы Еділдің төменгі бойында немесе, Сарайшық (Жайық) ауданында болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді, олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік – шығысында Батыс – Сібір ойпатына дейін, солтүстік – батысында Қазанға дейін, оңтүстік – батысында Арал өңірі мен Каспий оңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жететін.
ХҮ ғасырдың ортасында ноғайлар (маңғыттар) кей кезде Сырдарияның орта ағысына дейін жетіп, Сырдариядағы бекініс – қалаларды жаулап алды. 1446 жылы, мысалы, маңғыт Уақас би Үзкент қаласына билік етті.
Ноғай Ордасының құрамына маңғыттармен бірге қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаш, тама және басқа рулар енді. Олардың басшылары арасында билік пен көшіп-қонатын жер үшін үнемі күрес жүріп жатты. Алтын Орданың қираған тамтығынан құрылған басқа бірлестіктер сияқты, Ноғай Ордасы да этникалық құрылым емес, негізінен саяси құрылым болды. Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқы қалыптасуының күрделі этникалық процесіне тікелей қатысты.
Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы халықтарының жақын туысқандығы туралы Ш.Ш. Уәлиханов айтқан болатын. Ол алғашқы қазақ ханы Жанібек тұсында достық қатынаста өмір сүрген ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан орда» деп атаған. Мұндай қатынастар кейін де, мәселен, деректемелерде «қазақтар мен ноғайлардың ханы» аталатын Хақназар хан тұсында ХҮ1 ғасырдың ортасында да сақталды. Қазақ аңыздарында осы уақыт туралы естеліктер сақталған.