Байланысты: Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар 2022-2023жж docx
Қоғамдық құрылымымен рухани мәдениеті Қола дәуірінде мал шаруашылығы мен металлургияның жедел дамуы ерлердің еңбегін көп қажет еткендіктен қоғамда ер адамдар рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады, аналық ру орнына аталық ру келді. Андроновтықтар қоғамында барлық істі халық жиналысы шешіп отырды: ру басшыларын сайлау, айыптыларды ел алдында жазалау және т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен үйде үлкен отбасылық қауым болып өмір сүрген және бірге тұрып, бәріне ортақ шаруаны ағайын-туыстардың бірнеше буыны бірлесіп атқарған. Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі әлеуметтік және мүліктік теңсіздік байқалмайды, алайда қорымдарды зерттеу ісі адамның байлық дәрежесі мен қоғамдағы мәртебесінің айырмашылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дәуірінің өзінде көптеген біркелкі молалар ішінен өзгелерге қарағанда қабірі үлкенірек те тереңірек, ағаш мазарының құрылысы да күрделі, мола ішіне қойылған құмыралары мен тағамы да мол зират ерекше назар аудартқан. Мұндай қабірлерден сондай-ақ соғыс арбасының жұрнағы мен аттардың сүйектері, мәйіт басынан қола қанжарлар, жебелер табылған. Орта және кейінгі қола дәуірлерінде де тап осындай жәйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі тастардан екі немесе үш қабат қоршауы бар бірнеше аса үлкен оба не мазарлар көзге түседі. Обалар салып, қабірлер қазу ісімен, онда қойылатын заттар арасындағы елеулі айырмашылықтарға жүгінсек, андронов қоғамы біртекті болмаған. Үлкен қорымдарда сол кезде қоғамда айрықша топқа бөлінген жауынгерлер қойылған. Қоғамның жіктелуі басталған – оның қатардағы қалың мүшелері арасынан бөлініп «патшалар» – билеушілер, жауынгерлер – кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары дәрежеге ие болған. Үнді-иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғары бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дәстүр мен білімдерді сақтаушылар болды. Олардың өзгелерден айрықша бір белгісі – ағаш табақ пен ерекше бас киімі (бөркі).
Қола дәуірінде еңбек құралдарының жетілдірілуіне және шаруашы-лықтың дамуына байланысты азық-түлік молайып, артық қор құрылды. Қоғамда біреулер байып, басқаның еңбегін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондықтан тұтқындарды өлтірмей, оларды құлға айналдырды. Рулық ұжымдық меншіктің орнына жеке меншік орнап, еңбекті қанау пайда болды. Бұл мүлік теңсіздігінің шығуына алып келді. Сөйтіп, қола дәуірінде рулық қауым ыдырап, шағын отбасылардың рөлі күшейіп, патриархалдық-рулық қатынастарды сақтаған көршілік қауым өркендеді. Кейінгі қола кезеңіне қарай отбасылық қауымдар бөлшектеніп, нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылыс ыдырай бастады.
Қола дәуірінің тайпалары табиғат күштеріне табынған. Жерленген адамның басы батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып, қол-аяғы бүгіп жатқызылған. Бұл жер-ана құшағына барған сәби қалпындағы адам түсінігін берген. Өлікті матаушы ажал құдайы Ямаға сыйынған. Ерте қола дәуірінде жерлеу салтында кремация, яғни мәйітті өртеу басым болған. Бұдан андроновтықтардың отқа табынғанын байқаймыз. Кейінгі қола дәуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі болған. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Құрбандыққа сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Сүт ішіліп, ет желініп болғасын, құмыралар мен сүйектер болашақ үйдің ошағының басына, оның табалдырығының астына көмілген. Үйдің ошағы отбасының киелі орны есебінде қатты құрметтелген. От пен күлге байланысты жөн-жоралғылардың бәрі құдайдың рақым-шапағатымен денсаулық, отбасының амандығын, құт-береке болса деген тілекпен жасалған. Мәйітті көкке әкететін от құдайы – Агнияға арнап құрбандыққа ешкі сойған. Қола дәуірінің соңына қарай күнге, айға және жұлдыздарға табынған. Ата-баба аруағына сиыну және о дүниеге сену кең тарады.
Қола дәуірінің жартастар бетіне салынған суреттерінің өзіндік ерекшеліктері бар, ертедегі адамдар жартастардың тегіс бетіне қатты да үшкір тас сынықтарымен жануарлар, Күн бейнелі адамдар суретін, соғыс арбалары мен шайқас көріністерін салған. Бұл – адамның рухани мәдениеті және оның дүниетанымы жөніндегі аса бағалы хабарлар бастауы болып табылады. Қазақстан – жартастағы суреттер-петроглиф-тердің саны мен әралуандығы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі. Осындай суреттер көп табылған Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау аймақтары дүниежүзілік мәдениеттің қорына қосылады. Қола дәуірінің адамдары ойлаудың мифологиялық сатысында болған. Жартастардағы салынған суреттер – андроновшы-лардың өздерін қоршаған дүние жайлы түсініктерінің көрінісі еді. Суреттерде жиі кездесетін бейне – мүйізін алға кезеп, шоқтығы күдірейіп, алып денесі шиыршық атып, аяқтарымен жер тіреп тұрған турдың – жабайы бұқаның суреті. Әлемді жарату жөніндегі мифтерде дүние – Күн құдайы Митра құрбандыққа шалған бұқаның мүшелерінен жасалған делінеді. Сонда Митра бұқамен қатар қойылып, бірдей саналады. Ешкіөлмес тауындағы суреттердің бірінде Митра, басы күн шұғыласымен қоршаулы адам бейнелес секілденіп, бұқа үстінде түрегеп тұрған күйде бейнеленген. Бірқатар киелі орындарда ертедегі адамдардың басы күн шұғылалы Митраға тағзым етіп, табынып жатқан кездегі көрінісі салынған. Таңбалы шатқалында күн басты бір кісінің маңында айнала билеп жүрген кішкентай адамдар, парласып және жеке өзі билеп жүрген адамдар бейнеленген. Бұқа бейнесі молшылық, құдіреттілік пен күшті білдіреді. Жартас көркем өнеріндегі жиі кездесетін суреттердің бірі – қос өркешті бактриян түйесінің бейнесі. Ол ирандықтарда күн күркіреу құдайы – Веретрагна, үнділіктерде – Индра бейнесі болып есептеледі. Қола дәуірі петроглифтерінің арасында соғыс арбасын бейнелеу де кеңінен тараған. Қаратау тастарындағы суреттерде соғыс арбасы 49 жерде кездеседі, олар Таңбалыда да, Ешкіөлместе де бар. Олардың көпшілігінде екі доңғалақты аңшы және соғыс арбалары бейнеленген. Ат пен арба жайлы ирандықтар арасында көктегі күн күймесі жөнінде әпсана-аңыз бар. Олар жоғарғы құдайлардың бәрі аспанда пырақ жегілген күймелермен заулап жүреді деп есептеген. Тастағы суреттердің ішінде жер жырту көріністері де кездесіп қалады, оларда соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер бейнеленеді. Соқа басында адам болады. Бұл көріністер жаңа жылды мейрамдауға, күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жаңару мейрамына, құнарлылыққа байланысты болса керек. Бұл мерекенің ең бір маңызды бөлегі – түрен тарту болып табылады. Бірінші түрен тарту құқы, яғни алғашқы соқа салу құрметі патшаға берілген.
Қола дәуірі мәдениетінің гүлденуі Жерорта теңізі және Кіші Азия мәдениеті мен экономикалық қатынастың нәтижесі болды.
Сонымен, қорыта келгенде, Қазақстандағы қола дәуірінің өзіндік мәдениеті болғандығын, олар өз ерекшеліктерін сақтай отырып, Қазақстан аумағында таралып, белгілі-бір даму сатыларынан өткенін байқаймыз. Осы дәуірде аридтық табиғи-географиялық жағдай көшпелі тұрмыс пен көшпелі мал шаруашылығына өтуге өз әсерін тигізді.