Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы


XIV-XV ғғ. Ортағасырлық мемлекеттер. Ақ Орда (XIII ғ. соңы – XVғ. басы)



бет14/47
Дата27.02.2023
өлшемі460,42 Kb.
#70402
түріЛекция
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47
2. XIV-XV ғғ. Ортағасырлық мемлекеттер. Ақ Орда (XIII ғ. соңы – XVғ. басы).
Шаруашылықтың жаңғыруы, феодалдық қатынастардың нығаюы жағдайында жергілікті түрік және түріктеніп кеткен феодалдық үстем таптың жағдайы күшейе түсті. ХIV ғасырдың басында Жошы ұрпақтары иеліктерінің Еділ бойындағы даланы, Еділдің батыс жағындағы жерлерді, Қырымды, Солтүстік Кавказды және Хорезмнің солтүстік бөлігін қамтыған батыс бөлігі (оң қанат) бұрынғысынша Алтын Орданы құрады; Жошы ұлысының қазіргі Қазақстанның (Жетісуды қоспағанда) Жайық өзенінің шығыс жағындағы және Арал теңізі мен Сырдарияның солтүстік жағындағы кеңбайтақ аумақты қамтыған шығыс бөлігі (сол қанат) Ақ Ордада Орда Еженнің ұрпақтары билік құрды. Ұлыстың екі бөлігінде де Жошының 13-шы ұлы Тоқа Темірдің ұрпақтары билік етті.
Орда Еженның иеліктері мен Алтын Орданың арасында орналасқан Қазақстан аумағы Шайбани ұрпақтарына бағынышты болды. ХIV – ХV ғасырдың басында бұл аумақты шығыс авторлары бірде Ақ Орда, бірде Көк Орда деп атайды.
Ақ Орда – монғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған тұнғыш ірі мемлекеттік құрылым. Оны осы жерлерде ежелден мекендеп келе жатқан және монғолдардың жаулап алуынан көп бұрын-ақ қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген, сондай-ақ Шыңғыс-ханның шапқыншылығы кезінде Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аудандары мен Алтайдан қоныс аударған түрлі тайпалар мекендейтін еді. Онда қыпшақтармен қатар қоңыраттар, наймандар, қарлұқтар, маңғыттар, үйсіндер, керейіттер (керейлер) және басқалар болды.
Мұсылман әулеттерінің хронологиялық кестелерінде Ақ Орда хандарының есімдері мынадай ретпен келтіріледі: Орда-Ежен, Сартақ, Қоныша, Байан, Сасы-Бұға, Ерзен, Мүбәрек, Шымтай, Ұрұс хан, Қойыршақ және Барақ.
ХIV ғасырдың бас кезінен Орда-Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күресі жүргізілді. Сонымен бірге далалық аудандардың көшпелілері мен жартылай көшпелілерінің және Сыр өңірі жазирасының отырықшы аудандарының халқы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды қалпына келтіру күшейді. Ақ Орда билеушілерінің әкімшілік орталығын өз иеліктерінің оңтүстік шет жағына, яғни Сығанақ қаласына көшіруі кездейсоқ емес.
Ақ Орда хандары Ертістен Сырдарияға, Алтайдан Ұлытау мен Аралға дейінгі кең далада экстенсивті мал шаруашылығын сақтап, ұстана отырып және дәстүр бойынша жазғы және қысқы жайылымдарға көшіп-қонудың қалыптасқан тәртібін орнықтырып, Сырдарияның орта ағысының, Таластың, Шудың отырықшы-егіншілік жазиралары мен Ұлытау даласында шаруашылық және мәдени өмірді қалпына келтіруге қадамдар жасады. Мүъин ад-дин Натанзи Ақ Орда хандарының бірі Ерзеннің Сығанақты көркейтіп, Отырарда, Сауранда, Жентте, Баршыкентте біраз үйлер салдырғанын хабарлайды. ХIV ғасырда Ақ Орда хандары теңгелерді енді тек өз атынан соқтырды.
Оңтүстік Қазақстанағы астанасы Сығанақты Ақ Орданың орталығына айналдыру Орта Азия мен Хорезмнің отырықшы аудандарымен байланыстардың кеңеюіне жәрдемдесті. Бұл байланыстарға Алтын Орданың орталығы – Еділ бойында қала өмірінің тіршілігін тоқтатуы мен сауда жолдарының өзгеруі едәуір әсер етті.
Түрік және түріктеніп кеткен жергілікті феодалдық үстем таптың экономикалық және саяси жағдайының нығаюы негізінде Ақ Орда билеушілері Мүбарак Қожа ханнан (1320-1344) бастап, Алтын Ордадан біршама болса да тәуелсіз бола бастады.
Жәнібек хан (1342-1357) қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада кезекті аласапыран кезең мен сарай төңкерістері басталды, олардың әрқайсысы өз теңгелерін соқтырды. Бытыраңқылық сарыны күшейіп, тәуелсіз иеліктер құрыла бастады, оларды өз билеушілері басқарды. Алтын Орда мемлекетіндегі жоғарғы билік жолындағы күреске сол қанаттың феодалдары белсене қатысты және Қызыр ханнан (1359-1361) бастап, Алтын Орда тағына бірінен кейін бірі, ал кейде бір мезгілде Жошы ұрпақтарының шығыс тармақтарының өкілдері, атап айтқанда, Темір – Қожа, Орда-Шейх, Мүрид және басқалар көтерілді. Ақ Орданің үстем табы Алтын Ордада қалыптасқан жағдайды пайдаланып, Жошы ұлысының екі бөлігін де саяси жағынан тұтас етіп біріктіргісі келді. Бердібек хан өлгеннен кейін Сарай тағына отыруға Ақ Орда ханы Шымтай (1344-1361) ресми тұрде шақырылды, ол шақыруды қабылдамады, бірақ оның балалары, әсіресе Ұрұс хан Алтын Орда тағы ұшін кұреске белсене қатысты.
Ұрұс 1368 жылы Ақ Орда ханы болды. Қадыр-Әли Жалаири, Муъин ад-дин Натанзи оны батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші деп сипаттайды. Шығыс Дешті Қыпшақта жергілікті мемлекеттік әсіресе Ұрұс хан кезінде нығайды. Ұрұс хан, одан кейін Ақ Орда (Өзбек ұлысы) тағына Әмір Темір отырғызған Тоқтамыс та Алтын Орданы қалпына келтіруге тырысты, бірақ соншалықты табысқа жете алмады; бұл жаулап алынған көптеген елдер мен халықтардың орасан зор бірлестігінің заманы ХV ғасырдың бірінші жартысында біржола күйреп тынды. Шығыс Дешти Қыпшақта дербес, берік этникалық негіздегі мемлекет күш ала берді, дегенмен онда да әулеттер алмасты: билік Орда – Еженнің ұрпақтарынан Тоқа-Темірдің ұрпақтарына (Тоқтамысқа) көшті; сонан соң қайтадан Ұрұсханның мұрагерлері қайтарып алды, Шайбани ұрпақтарына ауысты. Негізінен Шайбани ұрпақтары дәріптелетін деректемелерде Ұрұс хан мен оның ең жақын бабалары Жошының 13-шы ұлы Тоқа – Темірден тараған деп көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет