Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы


Лекция №3 Атқа міну мәдениетінің генезисі



бет5/33
Дата14.02.2023
өлшемі0,74 Mb.
#67986
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
ҚТ лекциялар 2022-2023жж docx (1)

Лекция №3
Атқа міну мәдениетінің генезисі
1.Көшпелілер тарихын кезеңдеу.Көшпеліліктің қалыптасуының алғышарттары.
2.Ерте темір тайпаларының этносаяси және әлеуметтік тарихы.Сақтар.Массагеттер.Савроматтармен сарматтар.
3. Ғұндардың (сюнну) империясының саяси тарихы.
4. Жетісу және Тянь-Шандағы үйсіндердің этносаяси бірлестіктері.
5. Қаңлылардың шығу тегі және этностық тарихы.

Ежелгі Қазақстан аумағындағы адамзаттың даму тарихында өзіндік орын алатын қола дәуірін ауыстырып, үлкен де күрделі өзгерістер әкелген кезең б.з.д. І мыңжылдықтың басы мен біздің заманымыздың басы болып табылады. Бұл кезең Қазақстан аумағын мекендеген адамдардың өз өндірісінде темірді пайдалануы және көшпелі шаруашылықтың дамуымен ерекшеленеді.


Б.з.д. І мыңжылдықта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орта Азия және Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтитын кең – байтақ аумақта «сақ» деген атпен белгілі тайпалар мекендеген. Геродот (б.з.д. V ғ.) және басқа ертедегі тарихшылар оларды “азиялық скифтер” деп атаған. Сақ бірлестігі туралы мәліметтер кездесетін негізгі жазба деректер екі топтан тұрады: 1) антик дәуірінің авторлары (гректер) – Геродот, Страбон, Ксенофонт, Птоломей және т.б.; 2) Ахеменидтер әулетінен (көне парсы) қалған сына жазулар (Бехистун сына жазуы, т.б.). Парсы жазбалары «сақ» атауын қолданса, грек деректері бұл тайпаларды «Азия скифтері» деп атайды.
Сақ тайпалары Солтүстік Қара теңіз жағалауын, Днепр өзені бойын мекендеген скифтердің және төменгі Еділ өзенінің төменгі ағысы мен Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтардың, Кир мен І Дарий тұсындағы парсылардың және Александр Македонский дәуіріндегі гректердің замандастары болған. Олар ежелгі парсылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, б.з.д. VІ - V ғасырларда Ахеминидтер империясының құрамына да кірген. Ахеменидтердің сына жазбаларында сақтар туралы аз болса да анық деректер келтірілген. Оларда сақтардың үш тобы: хаомаварга-сақтары (хаома сусынын даярлайтын сақтар), тиграхауда-сақтары (шошақ бөрікті сақтар), парадарайа-сақтары (теңіздің арғы жағындағы сақтар) туралы баяндалады. Алғашқы екі тобын Герадот “амюргия-сақтар” және “ортокарибантия-сақтар” деп атаған.
Ғылымда сақтардың бұл топтарының Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғандығы туралы түрлі болжамдар бар. Олардың біреуіне сәйкес Шаш (Ташкент ауданы), Солтүстік Қырғызстан аумағында және Қазақстанның оңтүстігінде тиграхауда-сақтары мекендеген, бұл сақ тайпаларының этникалық аумағы кеңірек болған, оған Оңтүстік Орал өңірі мен Таулы Алтай да енген.
Парсы сына жазбаларында хаомаварга-сақтары ең ірі тайпа немесе тайпалар тобы деп айтылған, олар грек деректерінде амюргий-сақтары деп аталды. Бұл сақтар Ежелгі Бактрия және Маргиана аумағында (Әмудария мен Мұрғаб өзендерінің жағалауында) орналасқан. Ертедегі парсылардың танысқан сақтары осылар еді.
Лингвистикалық зерттеулердің мәліметіне қарағанда сақтардың Орталық Азияның көне иран тұрақтарынан б.з.д. І мыңжылдықта бөлектеніп шыққан ирандық, нақтырақ шығыс ирандық тайпалар тобына жататындығы байқалады.
Сақ тайпалар одағына массагеттер, дайлар, исседондар, аримаспылар, қаспилер, аргипейлер және т.б. сияқты ондаған тайпалар кіреді. Олар ежелгі грек авторларының еңбектерінде аталады. Зерттеушілердің болжамдары бойынша олар Қазақстан аумағында былайша орналасқан делінеді: массагеттер – Сырдарияның төменгі бойы мен Арал теңізінің оңтүстік және солтүстік-шығыс өңірінде, дайлар – Сырдарияның төменгі жағын, Арал теңізінің жағалауын, исседондар – Іле мен Шу өзендерінің бойын, оның шығыс жағындағы Тарбағатай тауына дейінгі алқапты, ал кейбір зерттеушілер, соның ішінде, М.Қ.Қадырбаев оларды Орталық Қазақстан кеңістігіне орналастырады, аримаспылар – Шығыс Қазақстан аумағын, қаспилер – Каспий теңізінің шығыс жағалауын, аргипейлер – Қазақстанның солтүстік аймағын мекендеген.
Деректерге сүйенсек, сақтар мал шаруашылығымен айналысып, жылқы, ірі қара, қой өсірген. Мал шаруашылығының үш түрі болды: көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы мал шаруашылығы. Сақтарда түйе өсіру Батыс және Оңтүстік Қазақстан аймақтарында өркен жайды. Олар атқа керемет мініп, садақ атуды өте жақсы меңгерген.
Б.з.д. VІІІ –VІІ ғасырларда Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген тайпалардың Ассирия және Мидиямен, ал б.з.д. VІ ғасырдың ортасынан бастап құрылған Ахеменидтер тұсында Персиямен қарым-қатынас жасаған және сол кезеңдегі көптеген тарихи оқиғаларға араласып отырған.
Жазбаша және археологиялық деректер б.з.б. VІІІ-VІІ ғғ. Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген тайпалар ежелгі дүние өркениеті – Ассириямен және Мидиямен, ал б.з.б. VІ ғасырдың ортасында Ахеменидтер мемлекеті құрылған уақыттан бастап Персиямен байланысты болғанын көрсетеді. Сақтар сол кездегі көптеген тарихи оқиғаларға қатысты. Мәселен, Кир сақтармен одақ жасап, Мидия патшасы Крезбен соғысуы кезінде олардан көмек алады. Кейінірек Кир сақтар мен массагеттерді бағындырмақшы болып жорыққа аттанады. Бірақ, оның жорығы қатты қарсылыққа кездесіп, соңында Кир бастаған парсылар сәтсіздікке ұшырап, әскерлері талқандалып, өзі қаза табады. Герадот мынадай аңыздық мәліметтерді келтіреді: парсыларды жеңгеннен кейін сақтардың патшайымы Тұмар (Томирис) торсыққа қанды толтыра құйғызып, «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!» деп оған Кирдің басын салдырған.
Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықтарын І Дарий (б.з.д. 521-486) жалғастырды. Б.з.б. 518 жылы І Дарий массагет-сақтарға қарсы жорық бастап, бірақ ол да жеңіліске ұшырады. Грек тарихшысы Полиэн массагет-сақтардың парсыларға қарсы ерлікпен күрескендігі жайлы мына бір оқиғаны келтіреді. Шырақ есімді бір сақ жауынгері өзінің денесін пышақпен тілгілейді де, парсыларға барып өзін сақ көсемдерінен зардап шеккен адам сипатында көрсетеді. Одан соң өзінің тайпаластарынан кек қайтарғысы келетінін мәлімдеген Шырақ жауларын, яғни парсыларды сусыз шөл далаға апарып адастырады. Ал, ол жерде парсылардың көбі шөлге шыдамай қырылады. Өз жерін жат жерлік басқыншылардан қорғау мақсатында сақ жауынгері Шырақ осындай ерен ерлік жасады.
Дегенмен І Дарий аз уақыт болса да жекелеген сақ тайпаларын, соның ішінде хаомаварга-сақтарын және басқа да кейбір тайпаларды бағындырады. Бұл тайпалар Ахеменидтердің ХV сатрапиясының (салық аймағының) құрамына кіріп, алым-салық төлеуге тиіс болды, бірақ ол өз уақытында төленіп тұрмады және көбіне сыйлықтар сипатында болды. Сақтар болса Ахеменидтердің әскерінде қызмет атқарды. Тіпті, олардың біразы парсы патшасының «өлмейтін он мың» деп аталатын жеке әскери құрамасының қатарына да кірді.
Б.з.б. VІ ғасырдың аяғымен V ғасырдың басында ежелгі Шығыста грек-парсы соғыстарының басталуына байланысты ірі-ірі саяси оқиғалардың болғаны белгілі. Сол тұста кейбір сақ тайпалары бұл соғыстарға одақтастар мен жалдамалылар ретінде парсылар жағында қатысып отырған. Мысалы, Гавгамелы маңындағы шайқасқа сақтардың жеңіл атты әскері қатысқан.
Грек-парсы соғыстары (б.з.б. 500-449 жылдары) парсылардың жеңілуімен аяқталды. Ал, бұл кезде Грекияда экономикалық және саяси дағдарыс шиеленісе түседі, құл иеленушілер болса, бұдан шығудың жолдары шығысқа басқыншылық жорықтар ұйымдастыру деп түсінеді. Б.з.б. ІV ғасырдың 30-жылдарында македондық-гректер Александр Македонскийдің басшылығымен соңғы Ахеменидтік ІІІ Дарий Кодоманның армиясын талқандап, Орта Азияға басып кіреді. Маракандты (Самаркандты) алып, олар Сырдарияға қарай бет алады. Гректердің баса-көктеп енуіне Орта Азия халықтары табан тіресе ерлікпен қарсыласты. Александр Македонскийдің әскерлеріне қарсы күресте сол кезде Қазақстанның оңтүстік аудандарын мекендеушілер, оның ішінде массагеттер белсене қатысты. Александр Македонский әскерлерімен Сырдариядан өтпек болған кезінде сақ жебесі тиіп, жараланды. Македондық-гректер Сырдария бойындағы қалаларды қоршаған кезде олардың тылында көтеріліс шығып, оны Спитамен басқарды. Спитамен массагет-сақтардың қолдауына сүйене отырып, сол кезде жеңілмейтін деп саналған македондық-грек әскерлерін бірнеше дүркін талқандаған болатын. Үш жыл бойғы кескілескен соғыстан кейін ғана македондық-гректер Орта Азияның кейбір тайпалары мен халықтарын уақытша бағындырды. Сырдарияның арғы жағасындағы сақ тайпалары өздерінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Александр Македонский өлгеннен кейін оның ұлан-байтақ империясы тығыз экономикалық және саяси байланыстары жоқ тайпалар мен халықтардан біріктірілгендіктен дағдарысқа ұшырап ыдырады.
Б.з.б. І мыңжылдықта Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан тиграхауда-сақтарға кіретін сақ тайпаларының үлкен тобы қоныстанған Орта Азия мен Қазақстанның этно-мәдени сақ қауымының өзіндік жарқын мәдениетінің ірі ошағы болды. Сақ мәдениеті - Орталық және Алдыңғы Азияның мәдениеті мен өнері жетістіктерінің бірі болды. Ол заманға қатысты қорымдардың көп болуы ерте кезден-ақ Қазақстан аумағының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінің толық игерілгенін байқатады. Сырдария, Іле, Талас, Лепсі, Есік, Шелек, Шарын, Кеген өзендері мен т.б. өзендердің аңғарларында көптеген тас және топырақ обалар шоғырланған. Мысалы, Жуантөбе қорымы (Іле өзенінің сол жақ жағалауы) – 300 обадан, Берікқара қорымы (Талас өзенінің аңғары) 500 обадан, Кетпен – Төбе алқабында (Солтүстік Қырғызстан) 700 обадан тұратын қорымдар табылған. Оларда адамдар әр түрлі уақыттарда жерленіп, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан.
Биіктігі 20 метрге дейін жететін «патша» обалары саналатын обалардың көп табылуы жағынан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға тең келетін Орта Азия мен Қазақстанның басқа аудандары жоқ. Осындай археологиялық ескерткіштердің мол табылуына байланысты А.Н.Бернштам «патша сақтары мен үйсіндер» Жетісуды мекендеген деп қорытынды жасайды.
Б.з.б. V ғасырға жататын Бесшатыр қорымының тянь-шань қарағайлары бөренелерінен тұрғызылған ірі жерлеу құрлыстары тамаша сақталған күйінде табылды, олар Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жер бетіне ағаштан салынған ең ежелгі сәулет өнерінің бірегей ескерткіштері.
Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі үлкен қорымға енетін «Есік» обасындағы ақсүйек сақтың қабірі жерлеу ғұрпының байлығымен қайран қалдырады. Оның басынан аяғына дейінгі киімдері алтыннан жасалған 4000-ға жуық қаптырма мен қалақша арқылы әшекейленген, олардың көпшілігі скиф-сақ кезіндегі «аң» стилінде жасалған. Есік қабірінен табылған күміс тостағанның маңызы ерекше, оның түбіндегі 26 таңбадан тұратын жазу, тегінде, әліпбилік жазба болуы ықтимал.
Б.з.д. І мыңжылдықтың басы сақ қоғамындағы рулық қауымның ыдырап, әлеуметтік құрылымның қалыптасу үрдісінің жаңа сипатымен ерекшеленеді. Археологиялық деректер жекеменшік, ал кейіннен отбасылық меншік түрінің шыққанын айқын байқатады. Сақ заманының қоғамдық құрылымын: шағын туыс отбасылар тобы (патронимия) – яғни, көшпелі қауым-тайпалар одағы деп атауға болады. Бұл құрылымның патронимия деп аталған төменгі ұясы өрбіген үлкен патриархаттық-рулық әлеуеттің үлкейіп, табиғи бөлшектенуі нәтижесінде құрылды. Ол бөліністер әулет басшысының есімімен аталды. Ал қоғамның жіктеліп, байлар мен кедейлерге бөлінуі сақ қоғамында мүлік теңсіздігінің, яғни, әлеуметтік теңсіздіктің болғанының дәлелі болып табылады.
Сақ қоғамында халықтың үш тобы болған. Олар: жауынгерлер, абыздар, қауымшыл сақтар. Осы жіктердің әрқайсысының өзіне тән дәстүрлі түсі болған. Жауынгерлерге – қызыл және сары-қызыл, абыздарға – ақ, қауымшыл сақтарға – сары мен көк түстер тән еді. Сонымен қатар, абыздардың белгісі - құрбан табақ пен айрықша бас киім болды. Сақ көсемдері мен патшалары жауынгерлер тобынан сайланған. Патшалардың белгісі жебелі садақ болды. Сақ әйелдері қоғамдық өмірдің барлық салаларына, тіпті соғыс шайқастарына да ерлермен бірдей қатынасып, ерлік көрсетіп отырған.
Б.з.д. VІ-V ғасырлардың өзінде-ақ сақтардың қоғамдық құрылысының сол заманғы прогрестің неғұрлым жоғарғы сатысына көтерілгендігін, оған экономикалық және саяси алғышарттардың болғандығын көрсетеді.
Ғұндардың (сюнну) империясының саяси тарихы.
Б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Монғолияның оңтүстігіндегі Ордостан Каспийге дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін шығу тегі мен этникалық құрамы жағынан әр түрлі тайпалардың мекендегені белгілі. Шаруашылықтың біртіндеп даму барысы, тұрмыстың біршама ортақ болуы, этникалық жақындық пен түрлі саяси фактордың әсері Орталық Азияда ертедегі ірі тайпалық бірлестіктердің құрылуына негіз болды. Олардың уақыты жағынан алғашқылары саналатыны хунну (ғұндар) еді. Б.з.д. ІІІ ғасырдың аяғында қытай деректерінде кездесетін сюнну немесе хунну (ғұндар) әр түрлі тайпаларды біріктірген. Ғұндар туралы мәліметтерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Олар Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытай, Алтай мен Жетісуға дейінгі аумақта, ал кейіннен одан әрі батысқа да таралып отырған саяси құрылым болып табылады. Ғұндар 24 руға бөлінген. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды.
Ғұндардың жоғарғы билеушілері қытай деректерінде “шаньюй” деп аталған. Б.з.д. ІІІ ғасырдың соңына қарай ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Оларды бір одаққа біріктіру әйгілі Мөде шаньюйдің есімімен байланысты. Ғұндар қытайлармен көп соғысты. Б.з.д. 3 ғасырда ғұндар шабуылының күшейгені соншалық, қытай императорын Ұлы қорғанды тұрғызуға мәжбүр етті. Б.з.д. 209 жылы ғұн тайпаларын Мөде шаньюй басқарып, ол билік құрған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде бастаған ғұндар өздерінен әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін ғұндардың Ордостағы көшіп-қонатын жерлеріне көз тігуінен бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу Мөде шаньюйдың алдында бас иіп, онымен “өзара тыныштық және туыстық туралы шартқа” қол қояды. Бұл шарт бойынша Хань императоры шаньюйге өзінің ханшасын әйелдікке беріп және жыл сайын салық төлеп тұруға міндеттеледі.
Мөде бастаған ғұндар кейін шығыстағы “шығыс ху” тайпаларын бағындырады, ал оның құрамына Керулен және Онон өзенінің алқаптарында мекендеген сяньби және ухуань тайпалары кіретін еді. Одан соң ғұндар батыстағы юечжи тайпаларына жорықтар жасайды. Бұл кезеңде қазіргі Кореядан Тибетке және Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі кең аумақ ғұндардың қол астына өтеді, ал солтүстікте ғұн конфедерациясына кірген тайпалардың мекені Байкалға дейінгі аумақты алып жатқан еді.
Ертедегі деректерге қарағанда ғұндар Саян-Алтай тайпаларына жорықтар жасаған. Б.з.д. 201 жылы сюннулердің солтүстік және солтүстік-батысқа қарай жорықтарын жалғастырып, Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли елдерін бағындырған. Олардың аумағы батысында Кем (Енисей) өзенінен Іле өзенінің алқабына дейінгі жерлерді алып жатты.
Б. з. д. 201 жылғы жорықта ғұндар Алтай өңірін мекендеген тайпаларды түгелдей дерлік бағындырды. Одан кейінгі жылдарда олар батыста да белсенді әрекет жасайды. Б. з. б. 177 жылы Мөде шаньюй көршілеріне қарсы әрекет жасамақ болды деген сылтаумен өзінің батыстағы иеліктерінің билеушілерін юечжилерге қарсы жорыққа аттандырады. Ғұндардың атты әскерлері Чжанье-Ганбчжоу ауданы маңында юечжилерді жеңіп, қалып-тасып жатқан бірлестігінің төңірегіндегі бірнеше иелікті бағындырады. Бұл жөнінде шаньюй былай дейді: “Аспанның рахымымен жауынгерлер аман, ал аттар мықты шықты: олар юечжилерді жойып, жуасытты; семсердің ұшына іліп немесе бағындырып, өз билігін нығайтты. Лоулань, Үйсін, Хуцзе және оларға шектес 36 иелік (князьдік) сюннулерге қаратылды. Олардың бәрі сюннулердің армиясына кіріп, бір әулетке айналды”.
Ғұндар бірлестігіне шығу тегі әр түрлі тайпалар мен этникалық-саяси құрылымдар кірген. Конфедерацияның қоғамдық-саяси өміріне бір орталықтандырылған билікке бағынғысы келмейтін күштер мен ұланғайыр аумақта орналасқан иеліктер арасында тығыз саяси және экономикалық байланыстардың болмауы қатты әсер етті.
Б. з. д. I ғасырдың ортасында ғұн қоғамы өзінің вассалдық иеліктерінен айрылумен қатар бұрынғы бірлестік құрамында болған ғұндар б.з.д. 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік бөлігін Хуханье шаньюй, солтүстік бөлігін Чжичжи шаньюй басқарды. Оңтүстіктегілер Ордос аумағында мекендеп қалды да, солтүстіктегілер өз тайпаларының қысымына шыдамай Саян мен Байкал өңіріне ығысып, яғни солтүстік пен батысқа қарай қоныс аударды.
Б. з. д. 49 жылы Чжичжи Хань империясының боданына айналған оңтүстік ғұндардың жерін басып алуға, сол арқылы бірлікті қайта орнатуға әрекет жасады. Бірақ оның бұл әрекетінен нәтиже шықпады. Өз күші жетпеген соң үйсін күнбиінен көмек сұрайды, бірақ үйсін күнбиі оған көмек беруден бас тартады. Осыдан кейін одақтассыз қалған солтүстік ғұндар оңтүстік ғұндардың жерінен кетуге мәжбүр болады.
Солтүстік ғұндардың билеушісі Чжичжи шаньюй солтүстік-батыс Моңғолиядағы Қырғыз-Нұр көліне таяу жерде өз ордасын орнатады. Осы арадан ол үйсіндердің көрші тайпаларына жорық жасап тұрады. Сөйтіп, б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи бастаған ғұндар Қазақстанның Жетісу аймағына алғаш рет көшіп келе бастады.
Ғұндардың батысқа қарай қоныс аударуының екінші толқыны б.з. 93 жылы басталады. Олар Сырдария бойы мен Арал өңіріне, Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарына барып енеді. Б.з. ІV ғасырында ғұндар Еуропаға дейін жетеді. Ғұндардың Батысқа жорығы Халықтар-дың ұлы қоныс аударуының басталуына түрткі болды. Олар Шығыс Рим империясының жерлеріне шапқыншылықтар жасайды. Әсіресе, V ғ. басында Ругила патшалық құрып тұрған кезде Рим мемлекетіне шабуылы күшейеді, Дунай жағалауындағы римнің иеліктерін жаулап алады. Паннония (қазіргі Венгрия аумағы) жерінде жаңа мемлекет – Батыс ғұн империясы құрылады. Ғұндар Рим империясына үлкен қауіп туғызады. 433 жылы Ругила қайтыс болғаннан кейін мемлекет билігі іс жүзінде Аттиланың (Еділ батыр) қолына көшеді. Ол 453 жылы қайтыс болғанға дейін Еуропаның көптеген халықтарын өзіне бағындырып, бүкіл Еуропаны дүр сілкіндірді. Бірақ Аттила өлгеннен кейін Батыс ғұн империясы ыдырап кетті.
Ғұндардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Жылқы өсіріп, ат баптауды жетік меңгерген. Ғұндардың ішінде отырықшы тұрмыс кешіп, егіншілікпен шұғылданғандары да болған. Дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Ғұндар өмірінде аңшылық та үлкен орын алған. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болды. Зергерлік өнердегі полихромдық стильді дүниеге әкелген. Көк тәңіріне табынып, ата-баба рухына сиынған. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған.
Ғұндар қоғамында патриархалды-рулық қарым-қатынастар күшті болған. Елді шексіз билік иесі – шаньюй басқарған, оның жақын туыстары түменбасы лауазымын иеленді. Деректер ғұндарда малға және жерге де жеке меншік болғанын білдіреді. Ер азаматтардың барлығы дерлік қатардағы жауынгер саналған. Ғұн әскерінің негізін атты әскер құрады. Олардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдырған. Сонымен, қорыта келгенде, ғұндар – бастапқы кезде Орталық Азияда пайда болған ежелгі дәуірдегі тайпалар одағы, түркі халықтарының арғы тегі. Бұл тайпалардың бір бөлігі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
Үйсін мемлекеті. Б.з.д. ІІ – б.з. VІ ғасырларда Қазақстан аумағында мекендеп мемлекеттік дәрежеге көтерілген көне тайпалық одақтардың бірі үйсіндер болып табылады. Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. ІІ ғасырдан бастап кездеседі. Жетісу үйсіндерінің шығу тегіне келетін болсақ кейбір ғалымдар үйсіндердің сақ заманындағы исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Белгілі антрополог О. Смағұлұлының дәлелдеуінше үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау орынды.
Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – VІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекет-тердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнама-ларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді.
Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы және Қытайдың Іле аймағы болды. Шекаралары батысында Шу мен Талас өзені, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі аумақты алып жатты. Үйсін мемлекеті батысында қаңлылармен, шығысында ғұндармен, ал оңтүстігінде Ферғанамен шектесіп жатты. Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласы болған. Ол Ыстық көлдің жағасында орналасқан.
Ғұндардың күшеюінен қорыққан қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды.
Үйсіндер мен Үйсін мемлекеті жайлы жазылған қытай деректеріндегі мәліметтерге қарағанда – үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың адамы, 188 мың 800 әскері болған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған. Үйсін елі құрылғаннан бастап, оның бүкіл елді басқаратын үкіметтік ұйымы болды. Әлеуметтік қатынастар заңдар арқылы реттелді, күшті, ұйымдасқан әскері болып, қытайлар үшін «Батыс өлкедегі ең күшті мемлекет» саналды.
Үйсін қоғамы біртекті болмаған, онда байлары – тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар және қатардағы бұқара – малшылар мен егіншілер болған. Үйсіндер қоғамында құлдар да болған, олар негізінен соғыс тұтқындарынан құралды және үй шаруашылығында пайдаланылды.
Үйсін қоғамында мүліктік және әлеуметтік теңсіздік, малға жеке меншік болды. Әрбір отбасы өздерінің малын ажырататын өз таңбаларын салды. Жер иеленуге де жеке меншік болғанын жазба деректер мәлімдейді. Үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанына археологиялық қазбалар дәлел. Жетісудың көптеген қорғандарының көлемі әртүрлі - үлкен, орташа және шағын болып келеді.
Үйсіндердің шаруашылығы мен мәдениеті жайындағы деректер археологиялық қазбалардан анықталып отыр. Қытай жазбаларында үйсіндерді көшпелілер ретінде сипаттайды. Б.з.б. 105 жылы үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен қаптаған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Үйсіндердің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Әсіресе, жылқы мен қой өсіру жақсы дамыды. Кейбір байлардың 4-5 мың жылқысы болған. Сонымен қатар егіншілік те дамыған, бау-бақша өсірілген, кейбір қожалықтар жартылай отырықшылық тіршілікке көшті. Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан суландыру жүйесінің іздері анықталды. Обалардан табылған мәдени мұралар қолөнер кәсібінің болғандығын да дәлелдейді.
Қарғалы үңгірінен табылған диадема (бас киім) б.з.д. ІІ – І ғғ. өмір сүрген үйсіндік зергер-ұстаның тамаша туындысы. Бұл ұзындығы 35 см., ені 5 см. диадемада аңдар, жануарлар, адамдар бейнеленген. Ол суреттер үйсіндердің наным-сенімдерін білдіреді. Мысалы, ондағы пырақты аттар күннің символы болып табылады. Үйсін шеберлері алтын әшекей бұйымдарды зерлеу тәсілімен жасады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған осындай және басқа да қолөнер заттары мен бұйымдары үйсін өнерінің жоғары даму деңгейін көрсетеді.
Үйсін мемлекетінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның көршілес елдер, тайпалармен (қытай, ғұн, қаңлы, ұйғыр, қырғыз және т.б.) саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуына мүмкіндік жасады. Бастапқыда Үйсін мемлекеті ғұндармен қалыпты қарым-қатынаста болды. Бірақ Хань патшалығының ғұндарды жеңіп, батысқа бет алу әрекеті үйсіндерді қытайлармен тығыз байланыс орнатуға мәжбүр етті. Қытайлар ғұндарға қарсы батыста жатқан елдерден одақтастар іздеуге кірісті. Қытай императоры Уди б.з.д. 138 жылы үйсін еліне Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді. Осыдан кейін екі жақты қарым-қатынастар етек алып, үйсіндер Қытаймен кең дипломатиялық және туыстық қатынаста болған. Қытайлар үйсіндермен құдаласып, күнбиге Хань патшалығының ханшасын әйелдікке береді. Әрине, бұл құдалық белгілі саяси мақсатты көздеп, хань әулеті үкіметі мен үйсіндер арасындағы одақтастық байланыстың негізін қалады. Өз кезегінде ғұндар да үйсіндермен құдаласып, күнбиге өздерінің қыздарын беріп отырған. Үйсін мемлекеті біртұтас ел ретінде б.з. ҮІ ғасырының ортасына дейін өмір сүріп, одан соң Түрік қағанатының құрамына енеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет