Корей әдебиетіндегі жаңдану кезеңінің тарихтағы орны.
Қалыптасу кезеңі қамтыған өзгерістерге тоқталыңыз.
1945-1950 жылдар аралығындағы корей әдебиеті көтерген тақырыбы.
Модернисттік ағымның корей әдебиетіндегі бөлінуі, жазушылардың ұстанымдары.
Корей поэзиясының жаңашылдығы.
Лекция № 1
Қытай әдебиеті III-XIII ғ. аралығын қамтитын уақыт кезеңіне көршілес жатқан Қытай, Корей, Жапон, Вьетнам сияқты Шығыс Азия халықтары арасындағы мәдени, нақтырақ айтсақ, әдеби байланыстар тән. Батыс елдерінің тарихында грек және рим мәдениеті қаншалықты маңызға ие болса, корей, жапон, вьетнам халықтарының өмірінде де ежелгі қытай мәдениеті соншалықты маңызға ие. Қытай тарихы мен поэзиясы Шығыс елдеріндегі осы халықтардың ортақ мақтанышы мен жетістігіне айналады. Бұл халықтардың мәдениетін Қытайдан осы елдерге әр түрлі уақыт аралығында келген иероглифтік жазу біріктіреді. Мысалы, Кореяға б.з. І ғ. бастап келген Хамнун, б.з. Y ғ. корей халқы арқылы Жапонияға келген камбун, Х ғ. бастау алған әлемге танымал вьетнам поэзиясын атап өтсек болады. Бұл халықтардың тарих және поэзия саласындағы алғашқы жазу ескерткіштері де иероглифпен жазылған деп есептелінеді. Осылайша, хамнун, камбун, ханван жазуларын белгілі бір дәуірдегі ұлттық мәдениеттің органикалық бөлігі ретінде қарастыру дұрыс.
Ортағасырлық Шығыс халықтары бір-бірімен үздіксіз байланыста болған. Бұл елдердің сауда және мәдени қатынастары тек Шығыс Азиямен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар Үндістан мен Батыста, ал Тан әулеті кезінде тіпті Византияда да өз бастауын тапқан. YII ғ. 30 жылдарында Қытайға бұған дейін Үндістанмен байланыс орнатқан Тибеттен елшілік келеді. Оңтүстік Қытайдағы Гуанжоу қаласында араб саудагерлерінің колониясы болған. X-XIII ғ. қытай халқы елуге жуық елмен сауда байланыстарын орнатады. Тіпті елдің солтүстік және батыс шекарасында түріктермен болып жатқан үздіксіз соғыстардың нәтижесінде қытайлар түркі мәдениеті, салт-дәстүрімен танысады.
ІІІ ғ. құлиеленушілік құрылыстағы Хань елінің құлауы кезінде қытай қоғамының тарихында ортағасырлық дәуір бастау алады. Соңғы шегі ХYІІ- ХYІІІ ғ. сәйкес келетін Қытай орта ғасырдағы әлі көптеген зерттеулер мен жаңалықтарды қажет ететін алып мәдениеттерді қамтыған.
Мыңдаған жылдар бойы халықтар арасында соғыстар болғанымен, Қытай халқы өз мәдениетін сақтап қалады. XIX ғ. дейін Қытайды жаулап алушы халықтар оның мәдениетіне таңырқай қарап, сол халықпен сіңісіп, бірге өмір сүреді. Олардың барлығы Қытайды жаулай отырып, қытай мәдениетін толығымен үйрене бастайды.
Осы мәдениет пен Қытай мемлекетінің негізінде өзін «Алтын ғасырлар» дәуіріндегі дәстүрлердің жалғастырушысы деп жариялаған Конфуций ілімінің идеялары жатыр. Конфуций ілімі сол кезде халықтың санасына сай келіп, адамға өмірдің ең дұрыс жолын (Дао) сілтеді. Конфуцийдің түсінігі бойынша, адам өзін биік дәрежеге көтеру үшін, белгіленген міндеттерге сүйену керек, ол міндеттер білімділікке, парасаттылыққа, кішіпейілділікке және де әділ болуға жетелейді. Конфуций ілімі халықтың өміріне, ойлау қабілетіне, қытай халқының мәдениетіне, ал I-IІ ғ. бастап ресми мемлекеттік дініне айналады. Ол алдағы тарихи кезеңдерде көптеген өзгерістерге ұшырап отырған.
Конфуций ілімі адамгершілік негіздегі рухани оқу ретінде буддизм мен даосизмнен тыс жеке өмір сүрмеген. Конфуций ілімін ұстанған адам бір мезгілде буддизм немесе даосизм заңдылықтарын да ұстана алатын. Осы «үш оқу» негізінде қалыптасқан орта ғасырдағы адамның дүниетанымы, ең алдымен, қытай, кейін корей, жапон және вьетнам әдебиеттерінде толығымен көрініс табады.
Жалпы, қытай халқы ерте дәуірдің әдебиетін қадір тұтқан. Ерте дәуірдегі Қытайдың атақты ақындарының бірі Тао Юань-мин. Оның ІІІ ғ. Цао Чжи, Жуань Цзи, Цзо Сы сияқты замандастары қытай поэзиясының дамуына өз үлестерін қосқан. Халық әндерінен бастау алып, ортағасырлық қытай поэзиясынан орын алған бес сөзді өлеңді әлемнің жаңа көркем көрінісі ретінде поэзияның өмірге келуі, бір сөзбен, қоғамдық дамудың белгісі ретінде қарастырған жөн.
Конфуций ілімі дидактизм ежелгі дәуірдің ортағасырлық қытай поэзиясының адамгершілік қасиеттері мен оның авторының адамгершілік бейнесімен ұдайы араласуын негізгі шарт етіп қойған. Конфуций өз замандастарын ежелгі дәуірдің әдеби мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа еш өзгертусіз жеткізуді үйретеді. Яғни, әрбір жеткізуші нақты жылдар мен оқиға болған жерді, оған қатысушылардың есімдерін дәл айту арқылы өзіне дейін жеткен мәліметтерді ойдан шығармай, нақты дәлелдермен айтып отырғанына сенімді болады. Осы жерден ақын пен қоғамның күнделікті өмірдегі шынайы жағдайларымен тығыз байланысты қытай поэзиясының өмірбаяндық және «күнделік» жанрлары қалыптасады.
Тіпті YІ ғ. өзінде-ақ Қытайда әлемді қабылдауға байланысты кең ауқымды әрі тамыры терең жайылған поэзия мен оған түсінік беретін трактаттар да болған. Цао Пи (ІІ-ІІІ ғ.) ақынның еншісіне кіретін осындай шығармалардың алғашқыларында жазба өнерінің өміршеңдігі туралы айтылған.
Келесі ғасырларда Қытайдың орта ғасырлар тарихында Тан және Сун әулеттері білімге баса назар аударады. Тан әулеті кезінде ақындардың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық орны арта түседі. Ақындардың өздеріне аударған назарлары жалпы адамзаттың тағдырына және елде болып жатқан күйзеліске деген үн қату болатын. Олардың бірі ретінде көтерілісші Ань Лу-шаньды атап өтсе болады. 755 ж. әскери наменгер Ань Лу-шань көтеріліс ашып, елге сансыз бақытсыздық пен қайғы-қасірет әкелген соң ғана, 763 ж. жатжерлік әскердің көмегімен басылады. Бұл көтеріліс Ли Бо, Ду Фу мен Ван Вэй секілді ұлы ақындардың тағдырларына әсер етіп, поэзияда азаматтық тақырыптың күшеюіне өз ықпалын тигізеді.
Қытай тарихында YІІІ ғ. 80 жылдар жазда және қыста жиналатын екі еселенген салық арқылы есте қалған. Шаруалардың кедейлене бастауы мен жердің көп бөлігінің феодалдар қолына өтуі Бу Цзюй, Хало Юя және Лю Цзун-Юань сияқты ақындардың шығармаларында айқын көрініс тапқан. Осылайша, поэзия бұқара халықтың қорғаушысына айналып, ортағасырлық Қытайда поэзияның адам өміріне жақын болғандығының дәлелі болады.
874 ж. бастап 901 ж. дейін жалғасқан Хуан Чао бастаған көтерілістен, шаруалар соғысынан кейін 907 ж. Тан әулеті ыдырайды. Қытай алдағы 300 жыл бойы Сун әулетіне бағынады. Сун әулеті кезінде көптеген шаруалардың ірі жер иеленушілерге тәуелдігі артуымен қатар қоғамдағы зиялы қауымның да маңызы арта түседі. 1127 ж. елдің үштен бір бөлігінен көбін жаулап алып, оларды оңтүстікке қарай ығыстырған чжурчжэндер арқылы Сун әулетіндегі тыныштық өмір мен бейбітшілік бұзылады. Елде болған жағымсыз жағдайлар мен қасіреттер халықтың рухани өмірін түбегейлі өзгертпей, тек басқа арнаға бұрады. Әдебиетте басты маңыздылыққа Отан тақырыбы ие болады. Өзінің көлемі бойынша ауқымды болып келетін Сун поэзиясы адам өмірінің барлық қырын сипаттайды. Осы уақытта қытай поэзиясы жоғары сатыға көтеріледі. Шығармаларда адам тақырыбы мен тұтас қоғам туралы жиі айтылады.