Терминологиялық сөздіктер. Белгілі бір тілдегі ғылым мен техника саласындағы арнаулы атаулардың сөздігін терминологиялық сөздік деп атайды. Терминдер топталып бір сөздік түрінде де, белгілі бір ғылым саласына байланысты жеке-жеке кітап болып та шыға береді. Мысалы: «Атаулар сөздігі» (1931), «Қазақ тілінің терминдері »(1936), «Терминология сөздігі»(1948,1950) ғылым мен техниканың жеке бір саласына ғана арналмаған сөздіктер еді. Елуінші жылдардан бергі кездеңде экономика мен мәдениеттің, техникамен ғылымның дамуына байланысты әрбір ғылым, техника саласының терминдерін өз алдына жеке сөздік етіп басып шығару мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осындай мақсаттың жаршысы ретінде С.Арзымбетовтың «Орысшы-қазақша ауыл шаруашылық терминдерінің сөздігі» (1952,1955) жарық көрді. Сонан бергі кезеңде ғылымның өзге салаларының терминдері де кезекпе-кезек басылып шыға бастады. Қазір отызға жуық осындай үлкенділі-кішілі терминологиялық сөздіктер жарық көріп отыр.
Орфографиялық сөздіктер.Емле «орфография» бір тілдегі сөздердің дұрыс жазу нормаоарын белгілейді. Ал дұрыс жазудағы негізгі мақсат – ойды жазба түрде айқын етіп, дәл жеткізу. Сол үшін емле ережелері де жалпыға бірдей әрі тұрақты, анық болуға тиіс. Сондқтан емле ережелерін тұрақтандыру – сауатты жазудың бірден-бір кепілі деп саналады. Қазақ тілінің емле ережелері революциядан бергі кезеңде туып қалыптасты. Олар дүркін-дүркін өзгеріп, жаңарып отырды. Алғашқы сөздіктер мектеп көлемінен аса алмады. Неғұрлым көлемді «қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» 1963 жылы жарық көрді.
1960 жылы Г.Жәркешеваның «біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі»басылып шықты. Бұл еңбектің кіріспе бөлімінде бірге жазылатын сөздер мен бөлек жазылатын сөздердің емле ережелері берілген. Кейбір кіріккен сөздердің түп-төркіні ашылған. Мұнда 5000-ға жуық біріккен және күрделі сөздеодің тізімі көрсетілген. Р.Сыздықованың «қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш » 1960,1974жж. Екі рет басылды. Бұл еңбектің баспа қызметкерлері мен мұғалімдер үшін елеулі мәні болды.