Әдебиеттер: 1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы 1973 ж.
2. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. Алматы 1975ж.
3.Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы 1997ж.
4.Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикасы. Алматы. 1988ж.
5.Айғабылов А. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 1996ж.
6.Аханов К. Қазақ тілінің лексикологиясының мәселелері. Алматы. 1956ж.
Лекция №2.7 Лекцияның тақырыбы: Тұрақты сөз тіркесі Жоспар: 1.Фразеологияның зерттеу нысаны,мақсаты.
2.Фразеологизмдердің түрлері
Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда
қолданылады. Екіншісі бір тілдегі фразеолгизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді.
Белгілі бір ұғымды бір сөзбен де, екі немесе одан көп сөздердің жымдасып келіп, жанама мағынада айтылуы арқылы да білдіруге болады.
Фразеологияны зерттеліп біткен ғылым деп айтуға болмайды. Мұның шешілмеген даулы мәселелері өте көп. Сондықтан да соңғы жылдарға дейін мұны жеке пән ретінде арнайы зерттеушілер тым аз болды.
Орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н.М.Шанский фразеологиялық оралым тілде жеке сөздің қызметін атқарады дейді. Тұрақты тіркестерге тән ортақ қасиет бұлардың құрамындағы сөздер дараланбай, мағынаның тұтастығы мен бірлігіне бағынышты, әрі тәуелді болады да, бір сөздің орнына жүреді. Мысалы: араға от жақты деген идиомның мағынасы араздастыру, жауластыру деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым ондағы жеке сөздерден туып тұрған жоқ, сондағы үш сөздің жалпы жиынтығынан шығып тұр. Олай болса, әрбір тұрақты тіркес белгілі бір сөз табына бағынышты, телінді болады деген сөз. Мысалы: күлі көкке ұшты деген күйреді деген сөздің орнына жүреді. Бұл идиом лексика-грамматикалық мағынасы жағынан етістікке ұқсайды. Сол себептен бұл сөйлем ішінде баяндауыштың қызметін атқарады. Тайға таңба басқандай деген фразаның мағынасы айқын, анық деген сындық ұғымды білдіреді. Сондықтан бұл сөйлемде анықтауыштың қызметін атқарады. Көзді ашып жұмғанша дегеннен тез, жылдам деген мағынаны түсінеміз. Бұл мағына үстеуге қатысты болғандықтан, сөйлемде пысықтауыштың қызметін атқарады. Көбінесе лексикалық қор ретінде сөз байлығы деген топқа жатқызып, лексиканың көлемінде тексерумен шектеліп келгендігі мәлім. Соңғы 30-40 жыл көлемінде түркі тілдерінде фразеология мәселелері әжептәуір зерттеліп, бірқатар еңбектер жарық көрді. Әсіресе, академик І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты көлемді еңбегін тек қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркітануға қосылған елеулі үлес деп қарауға болады. Автор аталған сөздіктің «Қазақ тілінің фразеологизмдері» туралы бөлімінде қазақ тіліндегі фразеологизмдердің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастырып, біраз ілгері дамытқан.
Фразеология өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш түрлі басты белгісі бар: 1) даяр қалпында жұмсалуы
2) мағына тұтастығы
3) тіркес тиянақтылығы
Фразеологизмдердің даяр қалпында жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады. Мысалы: Дәурен қалаға жүрейін деп отыр, Дәурен қалаға жүрмекші т.б. «төбесі көкке жетті» дегенді төбесі көкке жетейін деп тұр деп өзгертуге болмайды.
Фразеологизмдердің өзіндік екінші белгісі – мағына тұтастығы. Фразеологизм біткеннің бәрінде де белгілі бір меншікті мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына сәйкеспейді, оларға тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді. Мысалы: «жерден жеті қоян тапқандай» дегеннен қатты қуанды, шаттанды дегенді түсінеміз. Фразеологизмдер бір бүтін единица ретінде қолданылып қана қоймайды, мағыналық жағынан да біртұтас единица ретінде көрінеді. Мысалы: кір жуып, кіндік кескен жер (туған жер), шаш етектен (көп, мол) т.б.
Фразеологизмнің бәріне тән басты белгі – туынды мағынады жұмсалып, әрдайым бейнелі мән тудырады. Фразеологизмдердің мағынасында жағымды немесе жағымсыз бір экспрессивті реңк болады.
2. Фразеологизмдерге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді. Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы, біреуінен ап-айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншілерінен өте солғындау болып кездеседі. Сондықтан фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдер фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып 3 топқа жіктеледі.