бөл: бөлім, бөлме, бөліс, бөлін, бөлдір, бөлгіз;
көр: көрім, көрме, көріс, көрін, көргіз; өр: өрім, өрме, өріс, өріл, өргіз; қой: қойма, қойын, қойыл, қойыс, қойдыр, қойғыз. Бұл мысалдар 4 сөзжасамдық ұядағы 4 түрлі түбірлес туынды түбір сөздерден келтірілді. Осы мысалдарда –ім, -ма, -іс, -ін, -дір, -ігіз жұрнақтарының 4 сөзжасамдық ұяда да қолданылып тұрғанын көруге болады.
Тілдің сөздік қорында негізгі түбір сөздерден туынды түбір сөздер әлдеқайда көп. Тілде туынды түбір сөз түбір сөз+ сөзжасамдық жұрнақ үлгісі бойынша жасалады. Сөзжасамдық ұядағы туынды түбір сөздер де осы заңдылыққа бағынады. Сондықтан олар да негізгі түбірлер сынды лексикалық бірлік құқында басқа туынды сөздің жасалуына негіз бола алады. Осыдан бір сөзжасамдық ұяда негізгі түбірден жасалған туынды сөздерден туынды түбірлерден тараған туынды түбірлер көп болып шығады. Мысалы, жол негізгі түбірінен жасалған туынды түбірлер мыналар: жола, жолай, жолақ, жолдас, жолды, жолдық, жолсыз, жолшы, жолшыл, жолық – барлығы 11 туынды сөз. Осы ұядағы туынды түбірлерден жасалған туынды түбірлерді келтірейік: жолат, жолатқыз, жолаттыр, жолаушы, жолаушыла, жолаушылат, жолаушылық, жолдас(ортақ етіс), жолдат, жолдаушы, жолдассыз, жолдассыздық, жолдассын, жолдастық, жолдасша, жолдасшыл, жолдасшылдық, жолсыздық, жолшыбай, жолшыбайғы, жолшылдық, жолығыс, жолыққыз, жолықтыр, жолықтырыл, жолай, жолайғы, жолақ, жолақты, жолақсыз, жолақта, жолақтан, жолаң, жолаңдық, жолдағыш, жолдама, жолдамалы, жолдамасыз, жолдап – барлығы 39 туынды сөз. Сонда негізгі сөзден тараған туынды түбірлерден тараған туынды түбірлер үш есе артып тұр. Бұл, әрине, барлық сөзжасамдық ұяда олардың арақатынасы дәл осылай болады дегенді білдірмейді, ол бірде асып, бірде кем болуы мүмкін. Бірақ анық нәрсе негізгі түбірден тікелей жасалған туынды түбірлерден ұяда туынды түбірлерден жасалған түбірлес туынды түбірлер әлдеқайда көп.
Сөзжасамдық ұяның көлемі, аумағына қарай оларды өте өнімді, өнімді және өнімсіз сөзжасамдық ұялар деп бөлуге болады. Өте өнімді сөзжасамдық ұялардың құрамы 60 туындыдан 100 және одан да астам туынды түбірлерден құралады. Өнімді сөзжасамдық ұялар 10-нан басталып 59-ға дейін, өнімсіз ұялар 2 туынды түбірден бастап, 9-ға дейінгі туынды түбірлерден құралады. Бірақ бұл шартты топтастыру екенін ескерген жөн.
Сөзжасамдық ұяның өзіндік құрылымы бар, өте жүйелі құбылыс. Бұл құрылым сөзжасамдық ұя атаулының бәріне ортақ, оны өзгерту немесе басқаша құру мүмкін емес.