Лекция №1 Тақырып: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде


Қоғамның саяси жүйесінің құрылымы мен элементтері, функциялары



бет10/11
Дата10.04.2023
өлшемі51,59 Kb.
#81269
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
1.2.3 лекц

2. Қоғамның саяси жүйесінің құрылымы мен элементтері, функциялары.
Зерттеушілер саяси жүйенің мынадай негізгі төрт бөлігін атайды:
1) саяси институттар;
2) саяси қатынастар;
3)саяси ережелер;
4) саяси мәдениет. Соларға қысқаша сипаттама берелік.
Саяси институттарға (ұйымдар, мекемелер) мемлекет, саяси партиялар, кәсіподақтар, кооперативтік, жастар, әйелдер, т.б. ұйымдар мен бірлестіктер жатады. Бұл ұйымдардың барлығы таптық, топтық, ұлттық, жыныстық, кәсіби, жас мөлшеріне қарай және т.с.с. байланысты пайда болатын көптеген әлеуметтік мақсат-мүдделерді білдіріп, қорғау үшін құрылады.
Солардың ішіндегі ең негізгісі – мемлекет. Ол қоғамда белгілі бір тәртіпті орнатады, оны басқарады, экономикалық және әлеуметтік құрылымын қоғайды. Ол үшін мемлекеттің арнайы аппараты, еріксіз көндіретін күштеу, зорлау органдары (әскер, сот, полиция, милиция және т.б) болады. Солардың көмегімен ол адамдардың жүріс-тұрыс, іс-әрекетін реттейді. Мемлекет қоғам атынан оның ішкі және сыртқы саясатын атқара алады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың арасында қазіргі қоғамның саяси өмірінде ең үлкен рөл атқаратындар – саяси партиялар. Олар мемлекеттік билікті жүзеге асыруға, саяси жүйені,идеологиялар мен доктриналарды, қоғамдық пікірді, саяси сана мен мәдениетті қалыптастыруға ат салысады.
Қоғамның ең бұқаралық ұйымына кәсіптік одақтар жатады. Олардың ықпалы әр елде әр түрлі. Біздің елімізде олар халық шаруашылығын өркендетудің маңызды міндеттерін шешуге қатысады. Еңбекшілердің заңды талаптарын қорғайды, еңбек заңдарының қатаң сақталуын қадағалайды. Олардың денсаулығын сақтауға, мәдени-тұрмыстық қажетін өтеуге қамқорлық жасайды. Тұрғын үйлерді бөлу, балабақшасына орналастыру, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жұмытарын басқарады. Қазір оның ықпалы төмендеп кетті.
Қоғамның саяси жүйесіне діни ұйымдар да кіреді. Олардың рөлі, әсіресе, феодалдық қоғамда зор болды. Ол кезде олар ақсүйектер билігін де өздеріне қаратқысы келді. Сондықтан олар мемлекеттік билікпен қатар өздерінің заң шығарушы, атқарушы, сот билігін де құрды. Олардың ішіндегі ең озбыры католик шіркеуінің ХІІІ ғасырда өздеріне қарсыларды ерекше қатал қудалаған сот, полиция ұйымы – инквизиция еді. Олар 5 миллионға жуық адамды қуғын-сүргінге салып, біразын тірідей отқа жағып жіберді. Капитализм кезінде дін орындарының әсері әлдеқайда бәсеңдеді, бірақ саяси өмірде ықпалын тоқтатқан жоқ. Бұрынғы Кеңестер Одағы кезінде олар қатты қудаланған болатын. Қазіргі кезде жағдай өзгерді. Қайткен күнде де соңында миллиондаған дінге сенушілері бар ұйыммен санаспауға болмайды.
Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың ішінде мемлекет пен саяси партиялардың саяси жүйеге тікелей қатынасы бар. Кәсіподақтар мен шіркеудің тура болмағанмен жанама қатынасын байқаймыз. Олардың қатарына жастар одағын, еңбек ұжымдарын, кооперативтерді жатқызуға болады. Солармен қатар биліктен алшақ, дегенмен, белгілі бір жағдайларда оған ықпал да жасай алатын ұйымдар бар. Оларға жазушылар, суретшілер, композиторлар одағы, ғылыми-техникалық қоғамдар, көптеген ерікті, спорт, мәдени және т.б. ұйымдар жатады.
Саяси жүйенің үшінші бөлігі болып саяси ережелер (нормалар) есептеледі. Олар саяси институттардың өзара бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз етеді және саяси жүйенің ережелік негізін құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысына Конституция және соған сүйенетін заңдар мен басқа нормативтік актілер жатады. Оларға белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін мемлекет тарапынан шаралар қолданылады. Сонымен қатар саяси қызметті атқару үшін қоғамдық ұйымдар жасаған және солардың ішіндегі қатынастарды реттеуге арналған ережелердің де маңызы зор. Оларға ең алдымен сол ұйымдардың жарғылық ережелері жатады.
Саяси жүйенің төртінші белгісі – саяси мәдениет. Ол саяси сана мен іс-әрекетте, саяси көзқарастарда, идеяларда, теорияларда, саяси тұғырнамаларда, бағдарламаларда, шешімдерде, саяси ережелерге қатынаста көрініс табады. Саяси мәдениеттің реттеушілік қызметі адамдардың іс-әрекетіне және олардың ұйымдарына ететін әсерінен білінеді. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі саяси жүйе және оның элементтеріне, саяси қызметкерлер, басқару аппаратының лауазымды адамдарына, саяси-басқару шешімдерін дайындау және қабылдау процесіне және т.б. ықпал етуінен де байқалады.
Саяси жүйенің көрсетілген бұл төрт бөлігі үздіксіз дамып отырады. Олар өздеріне тән арнайы әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, белгілі бір мақсаттар мен қызметтерді атқарады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады.
Саяси жүйенің басты қызметі – қазына, байлықты бөлу саласына бақылау жасау. Олардың дұрыс бөлінбеуі ел ішінде әр түрлі әлеуметтік топтар арасында алакөздік, дау-дамай тудыруы мүмкін. Саяси жүйе оған жібермей, қайшылықтарды қиюластырып, келістіріп, шиеленістерді өршітпей, өрбітпей, жан-жақты бітістіріп отырғанда ғана өз рөлін ойдағыдай атқарады.
Саяси жүйе қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуына бағыт беріп, ықпал етеді, оларды басқарады. Қоғам дамуының мақсатын айқындайды. Мақсатына байланысты саясат экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық, ішкі сыртқы болып бөлінеді. Әдетте, мақсаттарды саяси партиялар зерттеп дайындайды. Парламенттік сайлауда жеңген партияның саяси бағыты мемлекеттің еріксіз мәжбүр ететін күштеріне (әскери, милиция) сүйеніп жалпыға міндетті мемлекеттік жарлық сипатын алады. Мемлекеттік басқару органдары қоғамды қабылдаған шешімдерді орындауға жұмылдырады, қоғамдық процестерге әсер ететін негізгі тетікке айналады.
Біз осыған дейін мемлекеттің ішіндегі саяси жүйе туралы сөз еттік. Сонымен қатар саяси жүйе дүниежүзілік (БҰҰ), аймақтық (Еуропалық одақ, НАТО және т.б.) екі жақты (Шығыс пен Батыс қатынастары) болуы да мүмкін.
Саяси жүйе төмендегідей қызметтерді атқарады:
1. Белгілі бір әлеуметтік топтың немесе көпшілік халықтың саяси билігін қамтамасыз ету. Ол биліктің тәртіпке келтірілген, ережелерде, қалыптарда бекітілген, яғни институционалданған түрі. Сондықтан ол конституцияға негізделген жалпыға міндетті заңдар шығарады. Сол арқылы қоғамда тәртіп орнайды. Егер оны бұзушылар болса, оларға тиісті шара қолданылады.
2. Саяси жүйе қоғамдық қатынастарды реттейді, жекелеген әлеуметтік топтар немесе көпшілік халықтың мақсат-мүддесіне сәйкес адамдардың тіршілік әрекетінің әр түрлі салаларын басқарады. Ол әлеуметтік инститтур қызметінің мақсаттарын айқындайды, солардың негізінде оларды орындаудың саяси жобаларын жасайды.
3. Саяси жүйе қоғамда жинақтаушылық, топтастырушылық қызметті атқарады. Ол ортақ әлеуметтік-саяси мақсаттар мен құндылықтардың айналасында барлық әлеуметтік топтар, таптар, жіктердің белгілі бір бірлестігін қамтамасыз етеді.
4. Экономиканың қалыпты жұмыс істеп, прогресті дамуына қажетті саяси жағдай жасау. Мысалы, саяси жүйе өндіріс құралдарына меншік түрлерін құқықтық тұрғыдан бекітеді, қаржы жүйесін реттейді, салық саясатын жүргізеді.
5. Қоғамды, оның мүшелерін ішкі және сыртқы бүліндіргіш әрекеттерден қорғау. Мысалы, ұйымдасқан қылмыс, сыртқы агрессиядан (әскери, экономикалық, информациялық) және т.с.с.
Сонымен, қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтін ұйымдар мен мекемелердің жиынтығын айтады. Бұл жүйе саяси деп аталады. Себебі мемлекеттік істер алға қойған мақсатты, амал-әдістерді, оларға жету жолдарын қамтитын арнайы жете зерттелген шаралар, саяси бағыт арқылы жүзеге асырады. Сонымен қатар оны жүйе дейді. Өйткені оған мемлекеттен басқа мемлекеттік билікке ықпал ету үшін басқалармен бәсекеге түсетін, одақтарға кіретін, мәмілеге келетін мемлекеттік емес көптеген ұйымдар да кіреді. Бұл саяси қатынастардың күрделі көрінісі жүйелілікті, тұтастықты білдіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет