ХХ ғасырдың басында қазақ халқының өзіндік сана сезімі биік деңгейде көрініс тапты. Ұлт мүддесі жолында қазақтың оқыған, ұлтжанды патриоттары алға шықты. ХХ ғасырдағы ұлы реформаторлар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дұлатұлы ұлтты азаттыққа бастады. Осы қозғалыстың басты және түпкі мақсаты ұлтты азат жолға апару, қазақтың тапталған намысын қорғау болатын.
Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың ұлттық сана-сезімі елеулі түрде өсті. Неғұрлым алыстан болжап, көре білетін қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін болды. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастары елеулі бөлігінің заң факультеттерін таңдауы тіпті де тегін емес болатын.
ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында тек Қазақ қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан мал-дәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбул және Варшава университеттерінде оқыды. Мәселен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін М.Шоқай мен А.Тұрлыбаев алтын медальмен бітіріп шықты. Ал Ә.Бөкейханов Санкт-Петербург Орман институтын, С.Асфендияров Санкт-Петербург әскери медицина факультетін, А.Сейітов Томск университетінің медицина факультетін, Ж.Досмұхамедов Тарту университетінің заң факультетін, М.Ғабдолғазизов Каир университетін, О.Тұрмағамбетов Бомбей университетін, Х.Нұржанов Киев университетінің заң факультетін бітірді. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.
Қарқаралыда туып-өскен Дінмұхамед Сұлтанғазин өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол Томска университетінің медицина факультетін, Санкт-Петербург университетінің шығыстану және заң факультетін бітіріп шықты. Петербург әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім, одан кейін Асфендиярова Мәриям бітірді.
Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысының күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жеткізді.
Достарыңызбен бөлісу: |