Жетісу және Торғай облыстарындағы көтерілістер. Көтерілістің болған аудандарының бірі Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы июльдің алғашқы күндерінде Жаркент-Тараншы болысының Городское селосындағы тылдағы жұмыстарға «реквизицияланатындардың» тізімдерін жасауға қарсылық көрсеткен қазақтардың бас көтеруімен басталды. Осы уақыттан бастап барлық болыстардан Жетісу облысының әскери-губернаторының атына қазақтардың патша укзын орындаудан бас тартқаны туралы мәлімдемелер түсіп жатты.
Қазақтардың, ұйғырлар мен дүнгендердің кедей бөлігі «реквизициялау» туралы указға бағынудан бас тартты. 11 шілде Жаркент уезіндегі Иванов болысының тұрғындары болысты және басқа қызмет адамдарын ұстап алды. Дәл сол күні Нарынкөл учаскелік бастығы үйінің алдына бір мыңға тарта қазақтар жинаып, олардың өкілдері мобилизацияға адам бермейміз, адам жинауға көмектесіп жүргендердің бәрін өлтіре отырып, бір адам қалғанша өлуге әзірміз деп мәлімдеді.
1916 жылғы 7 және 8 шілдеде Верныйдан шамамен 40 километрдей Үшқоныр деген жерде төңіректегі болыстардағы қазақ халқының өкілдері сьезге жиналып, онда «реквизицияға» көзқарас туралы мәселе қаралды. Жігіттер әскерге берілмесін, жұрт таудан төмен тұспесін, әкімшілік тарапынан күштеу шаралары қолданылған ретте телеграф бұзылсын, »реквизицияланатын» адамдардың тізімдері жойылсын деген шешім қабылданды. Көтеріліс болған жағдайда сьезге қатысушыларға бақандарын әзір ұстап, әрбір киіз үй босағасында шешім «бата» оқумен бекітілді.
10 шілдеде Ұзынағаш болысының Үлкенсаз деген жерінде де дәл осындай, бірақ құрамы жөнінен көп адам қатысқан сьезд болып, оған Жетісудың он бір болысынан 5 мыңнан астам адам қатынасты.сьезге қатысушылар да «оқтың астына барғанша осында өлген артық»деген қаулы қабылдады.
Бұл кезде Верный және Жаркент уездерінің көптеген болыстарында жаппай бас көтерулер болды; Лепсі уезінің солтүстік және шығыс болыстарында, Қапал уезінің болыстарында 30 мыңға тарта жігіт жиналды.
1916 жылғы 7 тамызда Верный уезіндегі Ботпай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты және Тайторы болыстары қазақтарының Самса станциясы маңында біріккен бас көтеру басталды. Көтеріліс бұл жерден Тоқмақ маңына ауысты. Верный – Қордай жолының бойындағы барлық почта станциялары өртелді.
Жетісудағы көтеріліс басшыларының бірі қазақтың демократияшыл интеллегенциясының өкілі Тоқаш Бокин болды. Ол қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар, дүнгендер арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті; соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді,ұстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерлеп,патша указын орындамауға шақырды. Ол халықтың қарулы күресін езгіден азаттық алудың бірден – бір жолы деп есептеді.
1916 жылғы тамыз айының бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан революциясының жеңісіне дейін отырды.
Көтерілісшілерге қарсы артиллериямен, пулеметтермен жарақтандырылып, арнайы жасақталған жазалаушы әскерлер жіберілді. Көпірлер мен темір жолдарды күзету күшейтілді, әскери–далалық соттар ұйымдастырылды. Түркістан өлкесінің басқа облыстарынан Жетісу облысына ұш әскери жасақ, жеті атқыштар ротасы, қазақтардың бес жүздігі және екі пулемет командасы бар екі қазақ полкі жіберілді.
Көтерілісшілерге қарсы әскерлер жіберілгеніне, ауылдар мен қалаларда «күдіктілердің» бәрін жаппай тұтқынға алуға, ал әскери- дала соттарының өлім жазасына кескен үкімдер шығырғанына қарамастан,патша әкімшілігі көтерілісшілердің жауынгерлік рухын жасыта алмады. Көтерілісшілер қорғанып қана қоймай, шабуылға да шығып жүрді. Алайда олар саны көп және техникалық жағынан басым қарсыласын жеңе алмады.
Көтеріліс басшыларының кейбіреулері ғана жасырынып қала алды. Неғұрлым табанды қарсылық көрсеткен ауылдар күйзелді, олардың малын айдап әкетіп, мүлкін талан-таражға салды.
Достарыңызбен бөлісу: |