Лекция №6 Тақырыбы: Қабылдау Жоспары



бет2/5
Дата23.10.2023
өлшемі31,41 Kb.
#120877
түріЛекция
1   2   3   4   5
Кеңістік нысандарын қабылдау – күрделі процес. Дүниедегі заттардың барлығы кеңістікте орналасқан. Олардың әрқайсысының белгілі түр-тұрпаты бар: ұзын-қысқа, енді-енсіз, биік-аласа, үлкен-кіші, т.б. Олар бізден түрлі қашықтықта орналасқан. Кеңістіктегі заттардың көлемін бір көзбсн монокулярлық көру нәрселердің тереңдігі жөнінде дәл мағлұмат бере алмайды. Бинокулярлық көруде екі көзге түсетін кескін қосылып, нәрсенің бедері айқын сезіліп, бір кескінге айналады. Осылайша көріп, қабылдауда заттар тұтасып, олардың қашықтығы, қоршауы, шамасы, түр-түсі, рельеф-бедері әр тарапты байқалып, анық та нақты бейнеге түседі.
Қашықтық пен заттар көлемін қабылдауда көздің конвергенциясы, яғни екі көзбен көретін затқа бір көздей болып әрекет етіп, жақын жердегі нәрселерді ажыратудан байқалады. Ал алыстағы нәрселерге қарауда олардың екі бөлініп кетуі дивергенция делінеді. Көздің түрліше қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілеті аккомодация (көз үйрену) деп аталынады. Қашықтықтағы нәрселерді қабылдау адамның өмір тәжірибесімен байланысты. Кеңістікті қабылдау жас кезден басталады. Бұл ретте, орман ішінде өскен бала мен кең далада өскен баланың кеңістікті қабылдауы түрліше болып келеді.
Заттың бағытын қабылдау көздің торлы қабығындағы сәулеленумен қатар дене қозғалысының жағдайына да байланысты. Адам заттардың бағытын тік тұрып, не отырып, көлбеу жағдайда ғана дұрыс қабылдайды. Кеңістікті дұрыс қабылдаудың көлік жүргізушілер, ұшқыштар мен ғарышкерлер, суретшілер мен әскери қызметкерлер, дәлдік аппарат жасайтын мамандар үшін маңызы зор.
Уақыт – материя өмір сүруінің объективті формасы. Дүниедегі материя мен заттардың бәрі де кеңістік пен уақыт ішінде қозғалыста болып, оларда қабылдау бірнеше құрылым бірліктері арқылы құбылыстың белгілі бір ырғағымен өтеді, қарқын дәрежесімен өлшенеді. Қарқын – уақыттың бірізді тездігінің не баяулығының көрсеткіші.
Уақытты қабылдауда субъективті мезеттер ерекше орын алады. Өткен шақ жылдам, қысқа мерзімде өткен сияқты. Оны дәуір, кезең, ғасыр, жылдармен өлшейді. Соған орай өткен уақиғалар көмескі болып қабылданады. Осы шақ та ғасыр, жыл, ай, күн, сағатпен өлшенеді. Бұл нақтылы ізбен қабылданады. Өткен шақтың тез өтуі, келер шақтың ұзақ болып көрінуі субъектив жағдайларға байланысты. Уақыт қызықты болса, тез өтеді, қызықсыз болса, ұзаққа созылады.
Қабылдау ниеттелмеген(ырықсыз) және ниеттелген(ырықты) болып екіге бөлінеді. Ниеттелмеген қабылдауда алдын ала белгіленген мақсат не міндетті көздемейміз, ол сыртқы орта ықпалынан туындайды. Ал ниеттелген қабылдау, керісінше, әуел бастан алға қойылған міндетпен реттеліп, қажетті зат немесе құбылысқа назар аудару мақсаты қойылады. Ниетті қабылдау қандай да іс-әрекетке қосылып, оның орындалу барысында жүзеге асады. Бірақ кейде қабылдау өз бетінше біршама дербес әрекет сипатына да ие болуы мүмкін.
Адамдардың барлығы біркелкі қабылдай бермейді. Мұнда топ адамға тән типтік өзгешеліктерде болады. Кейбір адамдар қабылдау кезінде заттың өзіне, жеке тұрқына, сырт көрінісіне көңіл аударуға бейім болады, олар көргенін баяндауды ғана мақсат етеді. Енді біреулер сол заттың мән-мағынасына көз жібереді, қабылдағанын жан-жақты түсіндіріп беруді қажетсінеді. Осы айтылғанға орай бірінші топтағы адамдарды қабылдаудың баяндаушы типіне, ал екіншілерін түсіндірууші типке жатқызуға болады.
Қабылдау саласында адамдар объективтік және субъективтік типтер болып та бөлінеді. Бірінші типтің өкілдері заттар мен құбылыстарды дәл, айқын, ешбір қоспасыз, сол қалпында қабылдайды, өз жанынан еш нәрсе қоспайды. Ал субъективтік типтегі адамдардың қабылдауында долбарлау, қиялдап жаңа образдар қосу жағы басым болады. Мұндайда қабылданатын заттан гөрі адамның сезім күйлері (үміт, үрей, елжіреу, алдану, т.б.) ерекше әсер ететін болады. Субъективтік типті кейде қабылдаудың эмоциялық типі деп те атайды. Қабылдау синтездік (сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын үнемі тұтастай қабылдап, бірақ оның ұсақ-түйегіне жөнді мән бермейтіндер), анализдік (мұндайлар керісінше заттардың ұсақ-түйектерінен шыға алмағандықтан, оны тұтастай қабылдауға шорқақ болады) типтер де кездеседі. Халық осылардың біріншісін «Көрмес түйені де көрмес» десе, екіншісін «Түймедейді түйедейет етіндер» дейді. Қабылдаудың өмірге өте икемді типі — анализдік-синтездік тип. Қабылдау саласындағы типтік ерекшеліктер бұл айтылғандармен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, бұлардың қай-қайсысы да тұрақты, өзгермейтіні қажет емес. Тұрмыс, дағды-әдет, іс-әрекеттің мақсаты мен мазмұны, адамның жас және дара ерекшеліктері, т.б. белгілі жағдайларда қабылдау саласындағы типтік ерекшеліктерді өзгеріске түсіріп отырады.
Балаларда қабылдаудың дамуы түйсік, ойлау процестерінің дамуымен бірге жүріп отырады. Қабылдаудың дамуында тілдің шығуының маңызы зор. Өйткені қабылдаған нәрсенің аты-жөнін атап отыру — оның мағынасын ұғынуға жәрдем етеді. Мағынасын ұғыну арқылы ғана затты жақсы қабылдауға болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, түйсіктер қарапайым бейнелеудің жеке формаларының шеңберінен шыға алмайды. Ал сыртқы дүниені бейнелеудің шындықты процесі бұл формалардан анағұрлым бай келеді. Адам бірінен бірі бөлектеніп, дербес оқшауланған түр не түс, дыбыс не иіс сезімдерімен шектелмей, заттар мен формалар, күрделі кұрылымдар мен жағдайлар әлемінде жасайды, субъекті нендей затты қабылдамасын, оны түйсіктер жиынтығы демей, тұтас бейне деп таниды. Бұл бейнелерді қабылдауда адам бөлектенген түйсіктер шегінен асып, сезім мүшелерінің бірлікті қызметіне арқа сүйеумен біртұтас күрделі жүйеге өтеді. Біріктірудің мұндай түрі бір сезімдік қызмет аймағында да (суретке қарай, біз әр түрлі көру әсерлерін бір, бүтін бейнеге біріктіреміз, сондай-ақ бірнеше ссзімдік қызмет ауқымымен (апельсинді тану үшін біз көру, сипай сезу, дәм, бұларға қоса жеміс жөніндегі білімдерімізді байланыстырамыз) орындалуы мүмкін. Осындай психикалық біріктірудің нөтижесінде ғана дербес түйсіктер біртұтас қабылдауға айналып, дара белгілер мен қасиеттерді бейнелеуден тұтас заттар мен жағдаяттарды тануға ойысамыз.
Бұрыннан белгілі заттарды (кітап, үй) танудың ешбір қиындығы жоқ – қажетті пікірге келу үшін адам қабылданатын объектінің бір-екі белгісін біріктірсе, жетіп жатыр. Ал жаңа немесе бейтаныс заттардың қабылданып, танылуы әлдеқайда күрделірек әрі көптеген формалардың бір-біріне қатынасын ұғу негізінде орындалады. Мұндай заттардың толық қабылдануы олардың мәнді тараптарын айыра білу, онша қажетті болмаған белгілерін елемеу арқылы түсінікті болған бөлшектерін біртұтас заттық мағынаға келтіру сияқты күрделі талдау-біріктіру жұмыстың нәтижесінде іске асады.
Қабылдау – аса көп талдап, біріктіру қызметін керек ететін құрылымды әрі белсенді психикалық әрскет. Бұл күрделілік пен белсенділік келесі жәйттерден көрінеді. Ең алдымен, ақпарат ағымы – бұл сезім мүшелері жәй тітіркенуінің нәтижесінде қозулардың шеткі қабылдаушы мүшелерден миға жетуі ғана емес. Қабылдау қызметіне қозғалыс әрекеттері де қосылады (мәнді тетіктерін байқастыру үшін заттарды түртіп көру мен көзбен шолып шығу; дауыс ағымындағы мәнді ерекшеліктерді анықтау мақсатында тиісті дыбыстарды әуендеп не күбірлей кайталау). Сондыктан да, психикалық қабылдау процесін субъектінің затты тануға бағытталған тікелей іс-әрекеті деп қарастырған жөн.
Сонымен бірге, қабылдау өткен тәжірибе іздерін жаңғыртуға да байланысты. Осыған орай субъекті өзіне келіп жеткен ақпаратты бұрыннан бар біліктерімен салыстырады, мәнді белгілерін айырады, жаңа ақпараттың болар маңызы жөнінде болжам жасайды; қабылданған затты тиісті категориялар тобына жатқызу жөнінде ұйғарым қабылдайды. Былайша айтқанда, субъектінің танымдық іс-әрекеті көрнекілік пен ойластыру негізінде өтіп, қабылданатын объекті неғұрлым бейтаныс әрі күрделі болса, ондағы көрнекілік басымдау келеді.
Міне сондықтан да қабылдау барысындағы іс-әрекет ешқашан да бір сезім қызметінің аймағымен шектелмей, бірнеше сезім мүшелерінің жұмысы нәтижесінде қалыптасады. Және бір, маңызды жағдаят: заттың санада қабылдануы еш уақытта қарапайым, жәй деңгейде орындалуы мүмкін емес, ол психикалык іс-әрекеттің ең жоғары сатысы – тілмен тікелей байланысты. Адам затқа жай назар аударып, оның қасиеттерін енжар танып қоймастан, олар ішіндегі мәнді деп есептегендерін айыра талдай және біріктіре, заттық бейнеге келтіріп, оны сөзбен баламаластырады, соның арқасында заттың қасиеттері мен сапаларын тереңдете тани отырып, белгілі категориялар тобына қосады. Мысалы, адам уақыт корсететін механизмді қабылдай, танып, оны «сағат»сөзімен атайды, әрі осы механизм үшін онша қажетті маңызға ие болмаған сағаттың түрі, түсі, көлемі сияқты белгілерге мән берместен, оның негізгі қызметтік қасиеті – уақыт көрсетуге айыра зейін аударады. Сонымен қатар, бір сәтте адам қабылданып жатқан затын белгілі категорияға жатқызып, сырттай ұқсас болған басқа категория заттарынан (барометр, компас) айырады. Осының бәрі субъектінің қабылдау іс-әрекеті өзінің психологиялық құрылымы бойынша бейнелі ой ісіне жақын екендігін дәлелдейді. Сонымен, қабылдау – бұл заттар мен құбылыстардың өз қасиеттері және бөлшектерімен біріге, сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінің нәтижесінде тұтас түрде бейнеленуі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет